ОТАНЫҢА НЕ БЕРЕСIҢ, ОРАЛМАН?

ОТАНЫҢА НЕ БЕРЕСIҢ, ОРАЛМАН?

ОТАНЫҢА НЕ БЕРЕСIҢ, ОРАЛМАН?
ашық дереккөзі

Қазақстанға жыл сайын көптеп келiп жатқан оралмандардың рухани және экономикалық әлеуетiн қандай деңгейде пайдаланып жүрмiз? Олардың Қазақстан экономикасына берерi не?

Бұл мәселеге өткен аптада Мәдениет, ақпарат және спорт министрлiгiнiң Тiл комитетi Дүниежүзi қазақтары қауымдастығымен, Индустрия және сауда министрлiгiмен, «Шағын кәсiпкерлiктi дамыту қоры» акционерлiк қоғамымен бiрiгiп өткiзген «Шетелдегi отандас кәсiпкерлер және Қазақстан» атты дөңгелек үстелде жауап iздеуге тырысып көрдi.

Бiр қуантары, шетелден келiп жатқан қазақтар санының жыл өткен сайын артып отырғаны. Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiне қарасты Көшi-қон комитетiнiң төрағасы Жазбек Әбдиевтiң жиында келтiрген мәлiметтерiне сүйенсек, 1995-2005 жылдар аралығында 491 мың адам (128 мың отбасы) көшiп келген. Тек былтырғы жылдың өзiнде келген оралман отбасыларының саны 28200-ге жеткен. Оның 15 мыңы квотамен келсе, қалған 13 мыңы квотадан тыс келiп орналасқан екен. Бiр өкiнiштiсi, осы оралмандардың арасындағы мемлекетiмiздiң экономикасына қажеттi мамандарға деген сұраныс тым аз. Шетелден келген қазақтардың арасында өз мамандығымен қызмет iстеп жүргендерi саусақпен санарлықтай. Бiз жиын сайын, оралманға «Қазақстанға не бересiң?» деген сауалды жиi қоямыз. Бiрақ, соны қалай екшеудi өзiмiз әлi күнге дейiн ескермей келдiк. Көшi-қон комитетiнiң төрағасы Жазбек Әбдиевтен бiз осы мәселе туралы сұрағанымызда, берген жауабы: «Бiздiң комитеттiң бұл мәселемен айналысуға қауқары жоқ. Бұл Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң құзырында». Сондай-ақ, Жазбек Әбдиев мырзаның ресми мәлiмдемесiне қарағанда, Қазақстан шеттен жұмыс күшiн, қажеттi мамандықтарды алу мақсатында былтырғы жылы 24600 маманға квота бөлiнсе, биыл оның саны 44 мыңға жетiп отырған көрiнедi. Бiрақ олардың арасында қазақтар жоқ. Индустрия және сауда министрiнен келген өкiлдiң айтқанына қарағанда Қазақстанға қазiргi дiлгiр мамандардың көбi — құрылысшы, газ, мұнай саласының мамандары көрiнедi. Ал, бұл мамандардың шеттегi қазақтар арасында жоқ болуы күлкi тудыратын жағдай.

Жиынға келген шетелдiк қазақ кәсiпкерлерi Қазақстанда бизнес жасаудың қиын екендiгiн айтады. Мәселен, Парижден келген Мұстафа Зенгин перде шығарумен айналысады екен. Қазiр Алматыда «Bayzen textil» компаниясының филиалын ашу үстiнде көрiнедi.

— Бiрақ, мұндағы бiр проблема — отандық тауардың өзiндiк құнының шеттен келетiн тауарларға қарағанда тым қымбатқа түсетiндiгiнде, өйткенi, шеттен әкелiнетiн тауарлар, әсiресе, Қытайдан келетiн зат көбiнесе контрабандалық жолмен жететiндiктен ол арзанға түседi. Ал, Қазақстанда салық пен қосымша құн салығының жоғарылығы салдарынан, өндiрген тауардың өзiндiк құны тым жоғары болады. Сөйтiп, тұтынушы қымбат, бiрақ сапалы тауардан гөрi арзан қытайлық затқа қол созады. Мәселен, осыдан бiрнеше жыл бұрын Ираннан келген бауырымыз аяқ қиiм фабрикасын ашып, үйге киетiн тәпiшке өндiрудi қолға алған едi, 2 жылға жетпей жабылып қалыпты. «Неге?» десем, «өзiн-өзi ақтамады, менiң ең арзан тәпiшкем 130 теңге тұрады, Қытайдың тәпiшкесi 90 теңге. Тұтынушы қытайлық тауарды алады, менiкiн қымбатсынады» деген жауап алдым. Сондықтан, шетелдiк заңсыз тауарлардан iшкi рынокты қорғайтын механизм орнату керек, — дейдi ол.

Дөңгелек үстелге келген оралмандардың арасында Қазақстанда орта кәсiпкерлiктi дамытып жүрген iскер азаматтар да бар екен. Солардың бiр-екеуiне жолығып, «Қазақстанда бизнеспен айналысудың қиыншылығы неде?» деген сауал қойған едiк.

Қуанышбек Өнерханұлы,

«Отау» ЖШС-iнiң президентi:

— Менiң негiзгi кәсiбiм — «поролон» өндiру. Бастағанымызға бес жылдай уақыт болып қалды. Алғаш үш-төрт адаммен кiшкентай цех құрғанбыз. Қазiр шағын зауытымыз бар. Отызға жуық жұмысшымыз бар. Ең соңғы технологияны пайдаланып жатырмыз. Шикiзатты Германияның «Байыр» фирмасынан аламыз. Айына 60-70 тонна өнiм өндiремiз. Табысымыздың рентабельдiгi 6-7% маңайында.

Жалпы, кәсiпкер үшiн, ең басты проблема — жер мәселесi. Өнеркәсiп ашу үшiн ең аз дегенде 1-2 гектар жер керек. Оны жеңiлдiкпен ала алмаймыз. Жергiлiктi басшылыққа кiрудiң өзi мұң. Мемлекеттiң базар салуына, сауда орындарын ашуына жерi дайын. Ал, өнеркәсiп үшiн арнайы жер қарастырылмаған. Екiншiден, жер алғаннан кейiн жаңа заманның құрылысын салу үшiн ипотека бөлiнсе, ол ғимарат 1-2 миллион долларсыз тұрмайтындығы мәлiм. Азғантай қаржысы бар кәсiпкер өз iсiн бастау үшiн қаражатын осы орын-жайға жұмсай ма, әлдеқайда техника сатып ала ма?

Поролон бiзге Ресейден, Украинадан, Финляндиядан келiп жатыр. Халықтың сұранысы да жоғары, бәсекелестiк те қатаң. Қазiр бiздiң үкiмет шекарадан шығып жатқан кейбiр нәрселерге қатаң бақылау жасай алмай отыр. Сол себептi де контрабандалық жолмен келетiн тауарлар көп. Соның салдарынан, сапасы төмен поролондар өтiп кетедi. Олардың бағасы бiздiкiнен төмен болады. Дегенмен, бiздiң мемлекеттегi кәсiпкерлер алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалағанды үйренiп қалды. Бiздiң өзiмiздiң поролондарға сұраныс көбейе бастады.

Талғат Мамырұлы,

«Ерке-нұр» Co-Ltd компаниясының президентi:

— Бiз Қазақстанға келген жылдары тек оралмандар ғана емес, жалпы халық экономикалық дағдарысқа ұшыраған жылдар едi. Ауыртпалықты елмен бiрге көтердiк. Қиынына төздiк, ауырына көндiк дегендей. Қазiр, Құдайға тәуба, iсiмiз алға жылжып кеттi. Қазiр 100-ден астам адамға жұмыс берiп отырмыз. Негiзгi айналысатын iсiмiз — тiгiн. Ұлттық киiмдердi қайта жаңғырту үстiндемiз. Халықтың ұлттық киiмдерге деген сұранысы өте жоғары. Қазiр аяғымыздан тұрдық.

Бiрiншiден, бiзде салық өте ауыр. Оның үстiне қосымша құн салығы деген қазiр 15%. Бұл жұмысын ендi бастаған кәсiпкерлер үшiн ең үлкен кедергi. Кез келген кәсiпкер жұмысын бастамай жатып, тiркелген күннен сол салықты төлеуге мәжбүр. Сол себептi қосымша құн салығы басқа өркениеттi елдердегiдей бiраз төмендеуi қажет.

Есенгүл Кәпқызы