АҚШ пен ИРАН арасындағы кикiлжiң әлемдiк саясатқа қалай әсер етпек?

АҚШ пен ИРАН арасындағы кикiлжiң әлемдiк саясатқа қалай әсер етпек?

АҚШ пен ИРАН арасындағы кикiлжiң әлемдiк саясатқа қалай әсер етпек?
ашық дереккөзі

Ядролық бағдарламасын бейбiт мақсатта ғана қолданам деп алған бетiнен қайтпай отырған Тегеранның тегеурiнi шынымен-ақ мықты ма? Ал Делимен атом саласын дамытуға мүдделi АҚШ Ираннан неге сескенедi? Вашингтон мен Дели ядролық салада ынтымақтаса отырып, әрекет етуге құлшынуда. Сарапшылар қауымы: «Мұндай ынтымақтастық халықаралық ядролық қауiпсiздiкке қатер төндiредi» деп дабыл қағуда. Ал бiрнеше айдан берi саясаткерлерге азық болған ирандық ядролық бағдарлама мәселесi кеше Халықаралық атомдық энергия жөнiндегi агенттiктiң (ХАЭА) кезектi отырысында талқыланды. Кесiмдi пiкiр мен қорытынды шешiм әзiр айтылған жоқ. Есесiне, әлемге билiк жүргiзуден дәмелi Америка мен Израильдi жер бетiнен жойып жiберуден тайынбай отырған Иран арасындағы дауға төрелiк айтуға кәрi құрылық пен Кремль белсене кiрiстi.

ХАЭА — әлемдiк державалардың қолшоқпары ма?

Апта басында Венадағы Халықаралық орталықта ХАЭА Басқару кеңесi Иранның ядролық бағдарламасын талқылауға қатысты өз жұмысын бастады. Отырысқа қатысушылар ирандық құжаттың БҰҰ Қауiпсiздiк кеңесiнде талқылануы керек пе, жоқ па, деген сұраққа жауап iздемек. Иранның Ұлттық қауiпсiздiк жоғары кеңесiнiң хатшысы Әли Лариджани егер ирандық ядролық бағдарлама БҰҰ Қауiпсiздiк кеңесiнде қаралатын болса, Иран Халықаралық атомдық энергия жөнiндегi агенттiкпен ынтымақтастық әрекеттерiн шектеп, уранды байыту iсiне ден қоятынын тағы да мәлiмдедi. АҚШ пен Батыс, Кремльге «Егер орыстар мен еуропалықтар келiссөз жүргiзуде бастапқы бағыттарынан таймаса және АҚШ-тың Иранға қатысты ұстанып отырған саясатын қолдаса, бiз өз жолымызбен жүрмекпiз» деп доқ көрсеткен Лариджани Тегеранның тегеурiнiн байқатуға тырысқан. Ал АҚШ Иран тарапынан төнуi мүмкiн ядролық қауiпке қарсы тұратын қорғаныстық шараларға көштi. Бұл туралы апта басында Вашингтондағы жыл сайын ұйымдастырылатын Қоғамдық iстер жөнiндегi америкалық-израильдiк комитет (АIРАС) мәслихатында АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкiлi Джон Болтон мәлiмдедi. Қандай «қауiпсiздiк шараларының» қолданылатыны туралы тiс жармаған америкалық шенеунiк: «Халықаралық изоляция жолымен жүрудiң соңы опық жегiзетiнiн ирандық режимге түсiндiру керек» дедi. Ақ Үй осылайша ирандықтарға «түсiндiру» шараларын ұйымдастыруда белсендiлiк танытса, Тегеран «Егер ХАЭА әлемдiк державалардың ирандықтарға қарсы қолданатын қолшоқпарына айналатын болса, iсiмiз агенттiкпен болсын» деп отыр. Ислам Республикасының президентi Ахмаденижад «ХАЭА мен басқа да кiнәлiлер Иранның экономикасына, ғылыми-техникалық дамуына келтiрген зиянына өтемақы төлеуi тиiс» дей келе өз елiнiң өзге елдер құқығына қол сұқпайтынын және Иранның iшкi iсiне басқаларға қол сұқтырмайтынын жеткiздi. Арадағы ынтымақтастық қарым-қатынас кейде қатты ушығып кететiнiне қарамастан, Вашингтон мен Кремль тiл табысуға, бiр-бiрiнiң пiкiрлерiмен санасуға мәжбүр. Себебi, екеуi де әлемдiк деңгейдегi саяси ықпалын арттыруға мүдделi.

Ирандық газдың орнына америкалық шикiзат…

Осы аптада Үндiстан мен АҚШ ядролық салада ынтымақтастық туралы келiсiмге қол қоюды жоспарлады. Бұл Үндiстанның әскери ядролық бағдарламаны дамытудан бас тартпайтынына қарамастан, Вашингтон бейбiтшiлiк мақсаттағы атом саласында серiктестiк қатынастар орнатуға кетәрi еместiгiн аңғартады. Вашингтон Үндiстанды шикiзатпен қамтамасыз ете отырып, ядролық жаңа нысандар құрылысын салуда белсендiлiк танытқалы отыр. Ақ Үйдiң бұл ұсынысын АҚШ конгресi қолдамауы әбден мүмкiн. Өйткенi, 1974 жылы «Ядролық сынақтар жасайды» деген күдiктiң негiзiнде 1978 жылы қабылданған заңға қарама-қайшы келедi (аталған заң америкалық ядролық технологияның Үндiстанға тасымалдануына қатаң шектеу қояды). Бiрақ Буш әкiмшiлiгi «Үндiстандағы ядролық энергетиканы дамыту көмiрсуларды тұтыну деңгейiн төмендетуге жағдай жасауы америкалық конгрестiң Ақ Үй саясатын қолдауына мүмкiндiк бередi» деп үмiттенiп отыр. Көмiрсуларды тұтыну деңгейiн төмендету — әлемдiк нарықтағы мұнайға деген сұранысты азайтып, америкалық қоғамдағы жанар-жағар май бағасының арзандауына әсер ету. Әрине, Ақ Үй егер Дели елге тасымалданатын ирандық газдан бас тартса ғана атом электростансалары жүйесiн құруға көмектеседi (Иран, Пәкiстан мен Үндiстан арасында азиялық аймақты арзан ирандық газбен қамтамасыз етуге мүмкiндiк беретiн магистралдық газ құбыры құрылысын iске асыру жөнiндегi келiсiм бар). Әрине, «Вашингтонның Үндiстанға қатысты ұстанып отырған саясаты ядролық қаруды таратпау туралы халықаралық келiсiмдерге керi ықпал етедi» деп санайтындар да аз емес. Өйткенi, АҚШ-тың аталған мәселеде үндiлерге жеңiлдiк жасауға тырысуы ядролық саланы дамытуға мүдделi өзге мемлекеттердiң «түн ұйқысын төрт бөлерi» анық. Айтқандай, Делиден Исламабадқа ат басын тiреген Бушқа пәкiстандық билiк те емеурiнiн бiлдiрiп алды: «Ядролық салада бiз де серiктес болайық». Бұл ұсынысқа Ақ Үй қарсылық танытты. АҚШ Мемлекеттiк хатшысы Кондолиза Райстың пайымдауынша, ядролық салада «Пәкiстанмен келiсiм жасауға әлi ерте». Сарапшылар пiкiрiнше, үндiлiк-америкалық келiсiм Ядролық тасымалдаушылар клубын 1992 жылы енгiзiлген ядролық әрекетiн ХАЭА талаптарына сай жүргiзуге кепiлдiк бермеген мемлекеттерге, ядролық технологияларды экспорттауға, тыйым салу туралы құжатты қайта қарауға мәжбүрлемек. Ресейлiк саясаттанушылар: «Аталған тыйым алынып тасталса, орыстар мен үндiлердiң ядролық саладағы қарым-қатынасы дами түседi» деп алақандарын ысқылап отыр. Әрине, бұл саладағы орыстардың басты бәсекелесi америкалық компаниялар болмақ. Айтпақшы, Вашингтон мен Дели ядролық салада серiктестiк қатынастарға мүдделi болғанымен, әлемдегi уран қорының 40 пайызына ие Австралия Үндiстанға уран тасымалдауды әзiрге жоспарлап отырған жоқ. Осы елдiң премьер-министрi Джон Ховардтың айтуынша, ядролық қаруды таратпау туралы келiсiмге мүшелiкке өтпеген елдерге австралиялық уран сатылмайды.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ