ҚАЗАҚ ӘЙЕЛI ҚАЗАҚЫЛЫҚТАН НЕГЕ ҚАШАДЫ?

ҚАЗАҚ ӘЙЕЛI ҚАЗАҚЫЛЫҚТАН НЕГЕ ҚАШАДЫ?

ҚАЗАҚ ӘЙЕЛI ҚАЗАҚЫЛЫҚТАН НЕГЕ ҚАШАДЫ?
ашық дереккөзі

Бүгiнгi таңда Қазақстанда 7 миллион 800 мың әйелзаты бар екен. Статистикалық мәлiметтердiң астарына үңiлсек, бұл санаққа ақ жаулықты әжелер мен апалар, кербез бикештер мен инабатты келiндер, сұлу қыз-келiншектер мен балғын қыз балалар кiрерi сөзсiз. Елiмiзде «қазақстандық ұлттың» төбесi қылтиғаннан берi 7 миллион 800 мың қазақ әйелiн «еуразиялық әйелдер» деп атап жүр. Кезiнде «қазақстандық ұлт» идеясы ер-азаматтың аузынан шыққаны белгiлi. Бiрақ өз құқықтарын бүге-шiгесiне дейiн бiлетiн XXI ғасырдың феминист әйелдерi бұл идеяға «ләппайлап» көне қояр ма екен, екiншi жағынан шығыстық ұстанымдар мен қазақы тәрбиеден сусындаған әйелдер қауымы қазақ әйелi емес, «қазақстандық әйел» болуға дайын ба деген сауалдар ерiксiз көкейдi торлайды. Айтайын дегенiмiз, қазiр Қазақстанда әйелдер саясатпен емес, саясат әйелдермен айналысып жатқанға ұқсайды.

«Еуразиялық әйел» деген кiм?

Газетiмiздiң өткен санында Жаңабек Шағатайдың «Мамайды қайта өлтiру немесе «Еуразия еркектерi қандай болады?» атты мақаласы жарияланды. Әрiптесiмiзден гөрi ағамыз деп сыйлайтын Жаңабек Баққондыұлы өз мақаласында батысшыл «қазақстандық еркектiң» бет-әлпетiн барынша айқын көрсетуге тырысқан. Бiр қоғамда өмiр сүргеннен болар, «еуразиялық әйелдердiң» «қазақстандық еркектерден» айырмашылығы көп емес. Бiрақ еркектерге қарағанда, әйелдер әйел затына сай қасиеттердi бетке ұстап, «еуразиялық идеяның» сорпасы қайнаған қазанға түсiп, бiртiндеп «қазақстандық ұлтқа» айналып жатқандай. Оған төмендегiдей жәйттер куә.

Еуропалық әйелге айналу. Еуразиялық деген аты болмаса, бұл идеяның басты мақсаты – еуропалықтарға бiр табан жақын болу, ары кетсе еуропалықтардың өзi болып шыға келу. Қазiр Қазақстанда бiр қызық үрдiс байқалады. Пластикалық операция жасайтын отандық дәрiгерлердiң айтуынша, азиаттық бет-әлпеттi қазақ қыздары көз қиығын ұлғайту үшiн не қабағын үлкейту үшiн хирургиялық операцияларға көптеп жүгiне бастапты. Қазақ әйелiнiң өз нәсiлiнен жеруiне әкеп соққан қандай күш? Билiктi ұстап отырған ер азаматтардың «еуразиялық идеялары» ма, әлде теледидардан күнi-түнi көрсетiлетiн бразилиялық, мексикалық сериалдардың ықпалы ма?! Сөзсiз, қазiр Батыс елдерiнiң, яки еуропалық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың күллi әлемге ықпалы зор. Бiр жағынан, Батыстың ақпараттық экспансиясы, екiншi жағынан, билiктiң Еуропаға ұмтылысы мен қазақ еркектерiнiң ақ-сары шашты әйел көрсе, мойнын бұрып қарауы қазақ әйелдерiн хирургиялық операцияларға итермелеп жатқандай. Қазақ әйелi де қазiргi сән үлгiсiнен қалмай, әдемi де сұлу болғысы келедi. Ал, ендi қазiргi заманның сәнi – «еуропалық бет-әлпет» болса, оған әйел ұмтылмай қоймас.

Сонау 90- жылдардың орта шенiнде еуропалану үрдiсi Жапонияны да бiраз дүрлiктiрген. Жүздеген емес, мыңдаған жапон қыздары Голливудтың сұлу әртiстерiне елiктеп, көздерi мен ерiндерiне хирургиялық операциялар жасатқан. Бұл үрдiс жапон ерлерi: «Ойбай-оу, сендер онсыз да әдемiсiңдер! Джулия Робертс пен Памела Андерсон сендердiң қастарыңда – бет-аузы қалың бояуға малынған қуыршақтар ғана», – демегенше, жалғасқан көрiнедi. Ал, Үндiстанда жағдай қалай?! Үндi фильмдерiн байқап көрсеңiз, оларда көбiне көк көздi, аққұба келген аралас қанды қыздар фильмге түседi. Егер шынтуайтына келсек, үндi қыздары нәсiлi бойынша қараторы. Қараторы үндi қыздарының iшiнде небiр сұлулар бар?! Бiрақ үндi фильмiнiң атасы – Радж Капурдың заманынан берi ағылшын-үндi қаны аралас қыздар ғана фильмге түсiп, «жұлдыз» атану бақытына ие болып келедi. Бұл үрдiс те сол – «баяғы жартас – сол жартас» – Батыстан қалған. Колонизаторлар үндi елiнен кеткен кезде олардың қолында Iнжiл мен аққұба әйелдердi қараторы әйелдерден жоғары ұстау дәстүрi қалған iспеттi.

Ежелден еуропалықтар өздерiн «бiрiншi сорттағы» адамдар санайтыны белгiлi. Өз заманында колонизаторлық елдердiң әскерилерi Африка, Азия елдерiнде тұратын жергiлiктi әйелдердi «көзiң қисық, шашың сары емес» деген сияқты сөздермен кемсiткен көрiнедi. Қазiр бұл саясат Батыстың ақпараттық кеңiстiгiнен көрiнiс табуда. Ал, қазақ әйелдерi өздерiнiң табиғи сұлулығын елемей, кем дегенде 5-6 операциядан кейiн әдемi боп шыққан еуропалық әншi-әртiстерге елiктей бастаған. Ер азаматтар «әдемiсiңдер» дегендей жағымды сөздер айтуға да сараң боп қалғандай.

Шығыстық ұстанымдардан арылу. Батыстағыдай тәрбие мен дiнге немқұрайды қарайтын болыппыз. Шығыс әйелдерi ұстамды, салмақты, биязы келушi едi. Қазiр кейбiр батысшыл әйелдердiң қолында – темекi, аузында – былапыт сөз, жүрегiнде аналық сезiм кемшiн. Дiни сезiмдерi де таяздау. «Еуразиялық әйелдердiң» басты құқықтарының бiрi – қандай дiндi ұстанса да өз еркi. Осындай босаң саясаттың салдарынан талай қазақ әйелдерi секталардың арбауында жүр. Бiрақ амал нешiк, Қазақстанның «көп дiндiлiк саясаты» нәзiк жанды аруларды секталардың арбауынан қорғауға мүмкiндiк бермейдi.

Батысшылдықтың тағы бiр ықпалы – жасанды түсiк жасау. Батыста жасанды түсiк жасау – қалыпты жағдай. Шығыста әрбiр бала – Алланың бергенi. Өкiнiшке қарай, Қазақстанда жыл сайын мыңдаған әйелдер аборт жасайды. Тек қана 2002 жылы 124500 жасанды түсiк жасалынған. Бұл дегенiңiз, дүниеге шыр етiп келе алмаған 124500 ұл балалар мен балғын қыздар. Жағдай осылай боп тұрғанда, бiз Батысқа ұмтыламыз. Бiрақ Еуропаға ұмтылу арқылы бiз олардың жиiркенiштi моральдық ұстанымдары мен әдет-ғұрыптарын да бойымызға сiңiрiп жатқанымызды түсiнбеймiз. Бұл уақытта «еуразиялық әйел» – Азияда туылған, бiрақ бiр-екi операцияның арқасында еуропалық бет-әлпетке ие болған батысшыл, феминист әйелдер қауымы қалыптасып жатыр…

«Айттым сәлем… Медея»

Сенесiз бе, бiрақ қазақ әйелдерiне соңғы рет ән арнап кеткен ерлер – халық ақындары мен Абай, Шәмшi Қалдаяқовтар сияқты. Артқа қарап, қазақ әндерiнiң классикасына айналған «Айттым сәлем, Қаламқас», «Қарлығаш», «Майра», «Зәуреш», «Әлия», т.б. әндердi еске алсақ, олардың өз заманында сұлу да көркем, батыл да қайсар қазақ қыздарына арналғанын мақтанышпен айта аламыз. Ал, қазiргi әндер не интернационалист әйелдерге, не «еуразиялық әйелдерге» арналып жатқандай. Бүркiт деген әншiмiз «О, Медея» деп серенада айтып жүр, өзге әншiлер «Нигара», «Шизана» деп әндетiп жүр. Ау, сонда Қаламқастар мен Айгүлдерге кiм ән арнайды?! Бiрақ шоу-бизнес саласындағы осындай үрдiстiң өзi де «қазақстандық, еуразиялық ұлт» идеясынан бастау алғаны сөзсiз.

Рас, бүгiн кейбiр қазақ әйелдерi батысқа елiктеп, шаштарын ақ-сарыға бояп, көз қиығына операция жасатып жатыр. Бiрақ олар өз нәсiлi мен табиғатынан ешқашан да арыла алмайды. Алланың қазақ әйелiне берген бота көздерi мен қара қолаң шашы, сұңғақ бойы мен мейiрiмдi жаны тек қана қазақ әйелiне берiлген сый десе де болғандай. Бұны әйелдер де, ер азаматтар да түсiнуi керек.

Қазақ әйелi өзiнiң жан мен тән сұлулығын түсiнуi үшiн мемлекеттiк саясаттың да дұрыс болуы шарт. Мемлекеттiң Еуропаға ұмтылып, «қазақ» атынан да қашқақтауы нәзiк жанды арулардың да санасын улап келедi. Егер елiмiзде «қазақстандық» емес, қазақ саясаты дүрiлдегенде, тiптi, «Әлем Аруы» байқауына да тәуелсiздiк жылдарынан берi Қазақстан атынан орыс қыздары емес, қазақ қыздары аттанушы едi. Бiрақ күнi кешеге дейiн Қазақстан атынан сұлулық байқауларына кiмдердiң барғанын бiз бiлемiз. Жағдай соңғы кездерi ғана оңалып жатқандай. Масқара болғанда, «Әлем Аруы» байқауына екi елден – Ресей мен Қазақстаннан орыс қыздары талай рет жолдама алып жатты. Бұл да қазақ қызының дәрежесiн кемсiту емес пе? Осыдан бiрнеше жыл бұрын «Әлем Аруы» байқауында Қазақстанға төртiншi вице-мисс атағын алып берген Маргарита Кравцовадан кейiн кейбiр отандық модельерлер: «Бұл Қазақстанның сұлулық әлемiнде алған ең жоғарғы жетiстiгi» – деп жатты. Шынын айтсақ, Қазақстанның «Әлем Аруы» байқауында алар асулары әлi алда. Мұндай байқауларда Қазақстанды қазақ қызы танытуы керек. Бiр айта кетерлiгi, сонау 1987 жылы Лондонда өткен «Азия Аруы» байқауында қазақ қызы Салтанат Камалиева Бас жүлденi жеңiп алыпты. Сол кездегi саяси жағдайлардан болар, бұған көп мән берiлмеген. Бiрақ бүкiл азиялық елдердiң iшiнен қазақ қызының дара шығуы көп нәрсенi аңғартқандай. Ең бастысы, бұдан бұлай «Әлем Аруы» байқауына Қазақстан атынан қазақ қызы аттануы керек. Көп ұлтты Ресейдiң өзiнде «Әлем Аруы» байқауына татар қызы немесе чешен қызы аттанды дегендi естiп пе едiңдер?! Ресейдi – орыс, Италияны – итальян, Қытайды – қытай қызы танытып жатқандай, Қазақстанды – қазақ қызы әлемге паш етуi керек. Қазақ қызы арқылы бiз әлемге өз халқымыздың бет-келбетiн, бар болмыс-бiтiмiн көрсете аламыз.

Бұл әлемде әрбiр қыз баланың, келiннiң, ананың өз тiлек-армандары бар. Қазiргiдей буырқанған заманда қазақ әйелiнiң де тiлек-арманы өз жүрегiнде. Құпия етiп қайтейiк, бүгiнгi таңда қазақ әйелiнiң басты арманы – «қазақстандық» емес, қазақ әйелi болып қалу сияқты. Мейiрiмдi де әдемi, батыл да қайсар, арманшыл да иманды, бiр сөзбен айтсақ, қарапайым қазақ әйелi болып қалу…

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА