SOS! БЕТПАҚДАЛАДА БІР ДЕ БІР АҚБӨКЕН ЖОҚ

SOS! БЕТПАҚДАЛАДА БІР ДЕ БІР АҚБӨКЕН ЖОҚ

SOS! БЕТПАҚДАЛАДА БІР ДЕ БІР АҚБӨКЕН ЖОҚ
ашық дереккөзі

Табиғат қорғауға тікелей жауапты адамдар айтады: “Бүкіл Қазақстанда бүгінде ақбөкеннің саны екі мыңға жетер-жетпес” деп. Жабайы жануарлардың есебін алумен айналысатын ғылыми орталықтардың және басқа да бірқатар мекемелердің әр жылда екі рет жүргізетін санағы бойынша даланың сұлу ботакөзі аталатын киіктер барған сайын азайып жатқан көрінеді. Кейбір ғалым мамандар бұл ашатұяқты түз тағысының тұқымы айналасы бірер жылда еліміздің кең байтақ даласынан мүлде жойылып кету қаупі бар екенін де тұжырымдап отыр. Сондықтан, ақбөкен айрықша мемлекеттік қорғауға алынды. Сахараның антилопы саналған, өлке-өңірлердің сәнін келтіріп, үйірімен желіп жүрген ақбөкен де, міне, “Қызыл кітапқа” енгеніне де едәуір уақыт болды.

Бұдан 10-15 жыл бұрындары республикамыздың ұлан-асыр жазықтарын айтпағанда, мына өзіміздің Бетпақдаланың ұшы қиыры жоқ атырабында алыстан қарағанда теңіздей толқып жайыла жылжыған жезқанат, күміс бауыр киіктер қайда қазір? Аулауға қатаң тыйым салынған 1990 жылы ақбөкеннің саны республикада миллионнан асып жығылатын еді. Одан бертінде 1997-98 жылдары жүргізілген есеп бойынша бірнеше жүз мыңның басын құрады. Содан бүгінде елімізде киіктің бар-жоғы екі мыңы ғана қалғаны аянышты жағдай-ақ.

Кезінде Бетпақдаланың Еспе деген жерінде мыңғыған ақбөкенді кәсіптік мақсатта ет дайындау үшін бес облыстың аңшылар бригадалары жиналып, жұмыс істейтін үлкен бекет бар болатын. Киіктің жанға шипа дәру еті дүкендерде сатуға тау-тау болып үйіліп жататын еді. Ал бұл күнде сол аймақтағы аңшылық десе ішкен асын жерге қоя салып, шауып кететін бірді-екілі таныс саятшылардың өздері бұл жануардың ырымға болса да соңғы кезде көзге түспей жүргенін қапалана тілге тиек етеді. Тіршілік етуге табиғаты қолайлы, ежелден тұрақты мекеніне айналған Созақ өлкесінде мың–мыңдап көшіп жүретін ақбөкендер қайтып оралмастай басқа жаққа безіп кетті ме, әлде, шынымен мүлдем құрығаны ма? Көңілге қаяу түсірер осы күпті сауалдарға жауап іздедік.

Аңдарға жылына екі рет жүргізетін біздің есебімізде ақбөкеннің жоғы рас. Қанша іздесек те назарға ілікпей-ақ қойды. Бар болған жағдайда олардың жүретін жерлеріне тұз, жемшөп жеткізілуі тиіс. Есепте болмаған соң оларды қорғауға қаржы да бөлмей отыр-мыс, – деді табиғи ресурстар мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасы орман шаруашылығы және жануарлар әлемін қорғау бөлімінің бастығы Ақмырза Еркебаев.

– Біздің өңірде мекендейтін киіктер “Құралай салқыны” кезінде негізінен Жезқазған, Қызылорда, Қарағанды өңірлеріне қарай ауып, жазғасалым қайта оралар еді. Екі арада өздерінің биологиялық тіршілік ету ерекшеліктеріне орай көшіп-қонып жүре беретін-ді. Ал қазір бізде, жаңағы екі облыста да ақбөкен жоқ деген мәлімет бар. Бір кездесіп қалар деген дәмемен өткен және биылғы қыста Бетпақтың иен даласын қанша шарласақ та ізінің өзі көзге түспеді.

– Өзі өсімтал бола тұра әрі киелі саналатын қасиетті хайуанның біздің өңірден біржола жоғалғаны ма сонда?

– Солай болып тұр өкінішке орай. Шамалы ғана ақбөкен қазір Ақтөбе маңында, Маңғыстаудың Үстіртінде жүр деген дерек естиміз. Саны аз болған соң біздің жаққа өтуі де аса қиын.

– Бұрын көп деп жүрген киіктің санын белгілі дәрежеде сақтап қалуға болмады ма? Ерекше қорғалуға тиісті жабайы жануарды құтқаруға қатаң шаралар неге жасалынбады? SOS дабылы неге кеш қағылды?

– Мұның себептері көп. Біріншіден, еліміздің өтпелі кезеңінде браконьерлер киіктің мүйізіне бола оны қоғадай жапырып қырып жіберді. Мүйізін қырқып алып, өлі денесін айдалаға қан сасытып тастап кетіп отырды. Тегін ет деп оңай олжаға құныққандардың жауыздығы да бөкендердің күрт кеміп кетуіне әкеп соқты. Залал бөрілерден емес, “екі аяқты” қасқырлардан келді.

Екіншіден, табиғат қорғау саласында жүргізілген реформаның дұрыс болмағандығы салдарынан. Табиғатты қорғауға тікелей жауапты мекемелер әрбір екі–үш жылда бір өзгеріп тұрды. Соның ішінде жануарлар әлемін қорғау бірде орман шаруашылығының, енді бірде өсімдіктер дүниесін қадағалау басқармасының қарамағына берілді. Аңшылық шаруашылығының құзырына да өткізілген кез болды. Бұл тірлікті қабылдап алған мекеме өзіне етене таныс емес саланы игергенше, іске кіріскенше тиісті орындардың осы екі аралықтағы бос белбеулігін тез пайдаланған браконьерлер үйір-үйір ақбөкенді емін-еркін жайлап тастады. Жануарлар әлемін қорғау ісі әр мекемеге бір лақтырылып жатқан шақта “Охотзоопром” ет дайындауды желеу етіп, киікті есепсіз, жоспарсыз қырды. Нақты қожайыны анықталмай, болса көптігінен “мен салар да сен салар, атқа жемді кім салардың” салдарынан иен даладағы киіктерге қыста, көктемде тиісті жем-шөп, тұз, оларға қосылып берілетін дәрілер ұмыт қалды. Ал, бұл және басқа да хайуандарды қорғау ісі біздің мекемеге 2003 жылы өткен кезде жүргізген санақта ақбөкен кездеспеді. Міне, мәселенің жай-жапсары осы.

Бұл жөнінде қандай пікірі барын білмекке облыстық аңшылар және балықшылар қоғамы төрағасының міндетін атқарушы Дмитрий Иванович Коротковты әңгімеге тарттық. Құрамында 1600-ден астам мүшесі бар ұйымның саятшылары арасында, бәлкім, ақбөкенді көрген-білгендері шығып қалар деген ой болды бізде.

Дәл қазіргі уақытта киікті әуесқойлық аулауға рұқсат жоқ. Бағалы аң болғандықтан және саны азайып кеткендіктен мемлекеттік айрықша қорғауға алынған. Жалпы, бұл жабайы жануарды сақтаумен, қорғаумен, ойсырап кеміген орнын қалпына келтіру ісімен республикалық “Охотзоопром” шұғылданады. Нақты деректі оның облыстағы филиалынан ала аласыздар, – деді қоғамның басшысы.

Ол мекеменің жергілікті өкілдігімен де хабарласқанымызда ондағылар “Біз енді ғана қайта құрылып жатырмыз, ештеңе айта алмаймыз” деген соң, “Казохотзоопром” РМК-нің бас директорының орынбасары Вадим Федорович Чаның өзімен сөйлесуге тура келді.

– Шындығын айтқанда, сіздердің аймақта ақбөкен атымен жоқ. Көршілеріңіз Жамбыл облысында да есепке тіркелмей тұр. Бұрын Бетпақдалада көп болса бүгінде көзге түспеу себебі, оның саны Қазақстан бойынша күрт кеміп кету салдарынан екені ақиқат. Қазіргі басты мәселе – қашаннан қасиетті, құнды саналған бұл жануарды қалай да көбейту болып отыр. Сол үшін мемлекеттік арнайы бағдарламамен жұмыс жасаудамыз. Ал сіздер жаққа ақбөкен 3-4 жылдан кейін, мүмкін одан да көп уақыттан соң барып қалар, – деді ол.

Жеңіс Баһадүр