ҰЛТ ҰЛЫЛЫҒЫН ҰЛЫҚТАП

ҰЛТ ҰЛЫЛЫҒЫН ҰЛЫҚТАП

ҰЛТ ҰЛЫЛЫҒЫН ҰЛЫҚТАП
ашық дереккөзі

Мардан Байділдаевты мектеп қабырғасында оқып жүргенде, 1957 жылы алғаш көрдім. Осы жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына кандидат, жазушы Ғабит Мүсіреповтің сайлаушылармен кездесуінде Мәкең де онымен бірге болған. Сол күндері Жалағаш ауданының Жаңаталап ауылында Мардан есімі, арғы ата-бабалары хақында жылы-жылы әңгімелер айтылып жатқанын бала болсақ та естіп, білген едім. Міне, сол кездесуден бері жарты ғасыр уақыт өтті. Мардан Байділдаевтың тұлғасы мен үшін зорайып, үлкейе берді.

М.Байділдаев өнер мен білімнің ордасындай болған Алматы қаласындағы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында жарты ғасырдай еңбек етті. Еңбек етіп қана қоймай, әрбір сағатын, әрбір күнін тиімді пайдаланатын. Кейбір замандастарының «Мәкең өзі бір институттың жұмысын атқарды» деуі орынды тәрізді. 1961-1962, 1963-64 жылдардағы институттың ұйымдастырған Қызылорда облысы экспедициясы күндері 31679 жол өлең, 141 күй, 180 ән текстерін академияның қорына тапсырған және 1978-1979 жылдары Қарақалпақ Республикасы экспедициясының құрамында болып, ел ішіндегі қазақ ауыз әдебиетінің озық үлгілерін жинауға белсене араласты.

«Тегіне тартып ұл туар» демекші, Мардан ағамыздың арғы бабалары және өз әкесі Келдібай Шонымов елге басшы болған, елдің бірлігі мен тірлігіне араласқан абыройлы азамат. Келдібай би азан шақыртып баласына Шаһмардан деп ат қойыпты. Шаһмардан деген сөз парсыша «жігіттің сұлтаны, ержүрек» деген мағына береді.

Келдібай Шонымов – Жетіру тайпасына кіретін Керейт руының Бидас аталығынан шыққан, ескіше оқыған, әділдігімен аты шыққан би болған кісі. Ол 1882 жылы Қышбөгет (Қысбөгет) өңірінде туып, 1946 жылы осы жерде қайтыс болады. 1910-1914 жылдар арасында ауыл старшинасы, халық соты сияқты қызметтер тұтқасын ұстаған. Ел ішінде әділдігімен көрінген. Көрші елдер арасындағы орын алған дау-жанжалдарды дұрыс шешуге ұмтылып, елдің тыныштығын, береке-бірлікті ту етіпті. Оның айқын мысалы: 7-8 жылға созылған Кете Жүсіп пен Қаңлы Жүсіптің айтысы көрші жатқан елдерді де шарпып, елдің бірлігіне сызат түсіретіндей жағдайда тұрғанын сезінген бірсыпыра билер 1915 жылы екі Жүсіпті Ақмешітте татуластырған. «Елдестірмек – елшіден» дегендей екі ақынды татуластырғандар арасында Келдібай Шонымов та (Марданның әкесі) болған.

Ресей құжаттарының бірінде Келдібай Шонымов туралы оның 33 жаста, Керейт руынан, Қышбөгет болысы № 5 ауылының қазағы, үйленген, балалары жоқ екенінен хабардар еткен.

1915 жылдан Қышбөгет болысының міндетін атқарушы болып қызмет атқарған. Аяған ақын, Кете Жүсіп, Тұрмағамбет ақындар Келдібай Шонымовтың құрметтейтін сырластары еді.

К.Шонымов 1918 жылы Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында Қышбөгет болысы атқару комитетінің төрағалығына халық сайлаған. Осындай отбасыдан шыққан М.Байділдаев өнегелі де еңбеккер болып өсті.

Мәкеңнің өзінің айтуынша, 1938 жылы 4 сыныпта оқып жүргенде бидің баласы деп пионер қатарына қабылдамаған. Қудалаудан қорыққан Мәкең әкесінің туған бауыры Байділданың есімін алып содан бері Байділдаев болып келді.

Басқа ауыл балалары сияқты Мардан да алғашқы еңбек жолын туған ауылында (1941-1948 ж.ж.) бастап, кейіннен Ленинградта әскери борышын өтеді. Әскерден оралысымен М.Байділдаев 1951 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақтың Ұлттық Университетінің филология факультетін түсіп, оны бітірісімен 1956-58 жылдары «Жазушы» баспасында редактор болады. Сол 1958 жылдан 1986 жылдар аралығында Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер болып қызмет етті.

Мардан Байділдаев ХХ ғасырдың 50 жылдарының аяғына таман бұрын кітаби ақын аталып келген Сыр елі ақындарын зерттегендердің бірі. Мәкең республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің 1959 жылдың 18 маусымындағы санында «Тұрмағамбет ақынның әдеби мұрасы» атты көлемді мақаласын жариялайды, кейіннен оны кеңейтіп «Ақындар творчествосы» атты кітапшасын жазды. М.Байділдаев осы кітабында: «…Қазақ әдебиетінде бір олқы жатқан жер бар деп айтуға тұрарлық жай – ол «Сыр бойының ақындары» деп аталатын (кейде «Сырдың сүлейлері» деп те аталады) Сыр өлкесіндегі елден шыққан революцияға дейінгі мол ақындар тобы (Тұрмағамбет, Шораяқтың Омары, Қарасақал Ерімбет, Кете, Қаңлы Жүсіп, Даңмұрын т.б.) Сыр ақындарының бай әдеби нұсқалары, ғылыми зерттеу жұмысына алынбаған, жинақталып бір жүйеге түсірілмеген» деп қынжыла жазып және осы істің орындалуына белсене кіріскен-ді.

Мәкеңнің терең зерттеуінен кейін көптеген данғайыр ақын-жыраулар «қайта тіріліп» оқырмандарымен қауышты. Солардың басты-бастылары; «Үш ғасыр жырлайды» (1965), «Айтыс» кітабының II томы (1965), құрастырушысы, «Пернедегі термелердегі» (1965) кейбір ақын-жыраулардың өмір жолдарын дайындаған да М.Байділдаев.

Көрнекті жазушы, ғалым Мұхтар Мағауинмен бірге «Бес ғасыр жырлайды» (1985) кітабын құрастырып, М.Шолоховтың «Адам тағдыры», Аркадий Гайдардың «Алыстағы елдерін» аударған.

Әсіресе, М.Байділдаевтің есімін республикаға кеңінен танымал еткен М.Әуезовтің алғысөзімен шыққан «Рүстем дастан» (1961) кітабы. Атақты Фирдоусидің «Шахнамасын» Тұрмағамбет Iзтілеуов аударған қолжазбаларын талмай іздеп, тауып алып, оны баспаға әзірлеп, түсініктерін жазған. 1936 жылы шығыс әдебиеті мен тілін жетік білетін Тұрмағамбет ақынның аудармасымен дүниеге келген болатын. (Шахнаманы айтып отыр –Т.Д.). Бірақ түрлі себептердің салдарынан ақынның бұл қымбат қазынасы жарыққа шықпай, жалпы көлемі 40 мың өлең жолынан тұратын жалғыз дана қолжазбасы ұшты-күйлі жоқ болып кеткен еді. Алайда, Тұрмағамбетке дәлірек айтқанда, оның әдеби мұраларын тануға ыстық ықыласымен берілген шын жанашыр жандар біздің арамызда бар екен. Соның бірі бүгінгі әдебиетші-фольклоршы Мардан Байділдаев. Осы ғалымның көп жыл бойы ізіне түсіп, ыждаһатты іздеген азаматтық еңбегінің арқасында қолжазбаның қалған жері Қызылорда облысынан табылса, бұл төрт томдық қазына 1957 жылдың 15 декабрь күні М.Байділдаев сол орынын қазып алған болатын» – деп жазады Әуелбек Қоңыратбаев өзінің «Қазақ эпосы және түркология» атты еңбегінде.

Сондай-ақ Мәкең қаламынан «Ақын жыраулар» (1979) жинағы жарық көріп, қазақ жазушыларының 40-тай кітабының жарыққа шығуына тікелей араласты және 40-тан астам ғылыми-зерттеу мақалаларын жазды. Ел ішіндегі таланттарды тауып, елге танытты. Олардың бастауында Көшеней Рүстембеков (1946-1973), Алмас Алматов, Берік Жүсіповтер тұр.

Шетелдердегі қандастарымыз арасынан атақты жыршы А.Тасқынбаев, ақын-жыраулар И.Қайруллаев, А.Жалғасбаевтарды т.б. іздеп тауып, олардың еңбектерінің жарық көруіне бел шеше кірісті. Соның нәтижесінде А.Тасқынбаев жырлаған «Абат–Байтақ» жыры және сонау бағзы заманда өмір сүрген Қорқыт Ата күйлерін орындаушыларды іздеп тауып, оны алғаш болып, таспаға түсірген де М.Байділдаев еді.

Қорқыт күйлеріне арналып «Елім-ай» атты жинақ шықты. «1975 жылдың шілде айында, арада елу жыл өткеннен кейін, фольклоршы Мардан Байділдаев академик Әлкей Марғұланның жөн сілтеуімен Нышан ақсақалды іздеп тауып, күйші қазынасын алғаш рет магнитофонға жазып алды делінген.

М.Байділдаевтың өнерге деген құмарлығы, құштарлығы ерекше болды. Ауыз әдебиетін зерттеуге бар жан-тәнімен кіріскен екі адам болса, соның біреуі өзі еді. Оны Мардан ағамыздың «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген шағын қолжазбасынан аңғарамыз. «…Бір уақытта Көшенейді іздеп Лениннің туғанына 100 жыл толу мерекесіне Алматыға әкеліп, онан Мәскеуге оқуға себепші болғанмын. Алмас Алматовты да әдейі іздеп бардым, оған да қайырымдылығым осындай болды. 1986 жылы (қарашада) Асқар Тоқмағамбетовтың 80 жылдығы, өзімнің 60 жылдығыма байланысты Қызылордаға барғанымда өнерпаздарды іздедім. Өнер сайысында 10 сынып оқушысы Берік Жүсіповті кездестіргенмін. Нәзік гүлдей жаңадан бүрін жарған, жыраулыққа талпынған талантты дер кезінде танып ұстазы, қамқоршысы Алмас.

Рүстембек Көшенейге, Көшеней Алмасқа, Алмас Берікке әсер етті, үлгі болды. Еліктеушілер қаулап өсіп келеді. Міне, өнер жалғасы деген осы болар.

М.Байділдаев 1977 жылы Мәскеуде өткен халық шығармашылығының Бүкілодақтық фестивалінде жеңімпаз атанды. Мәкеңнің айлық алып жұмыс істейтін қызметінен гөрі қоғамдық жұмыстары өте көп болды. 1972 жылдан Қазақстан тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамы, республикалық «Білім» қоғамында, «Жер ұйық» тарихи-этнографиялық бірлестігінің, «Мемориал» Бүкілодақтық тарихи-ағарту қоғамы ұйымдастыру комитетінің мүшесі, «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары, Алматы қалалық қазақ әдебиеті мен өнері Халық университетінің проректоры, Адам құқын қорғау жөніндегі қоғамдық комитетінің мүшесі, Соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің , қалалық журналистер одағының мүшесі бола жүріп, тарихи, мәдени ескерткіштерді сақтауға, 1937-38 жылдардың құрбандарын ақтауға белсене араласты.

Республикамызда «Айтыс» өнері мен «Наурыз» мерекесінің кеңінен тойланып, өркендеп өсуіне М.Байділдаев жетекші роль атқарды. Көз көргендердің айтуынша Алматыда алғаш рет «Наурыз тойы» тойланғанда балаша қуанып, шаттанған. М.Байділдаев өнер десе ішкен асын жерге қоятын, өнер үшін жаратылған адам. Жамбыл Жабаевтың 125 жылдығы, Кенен Әзірбаевтің 90 жылдығы тойларының өткізілуінің басы-қасында жүрді. Қазақ өнерінің дамуы жолында шырылдап, алып-ұшып жүргені. Сүйегіне біткен қағылездігі, адалдығы әрдайым ол атқарған істерден көрініп-ақ тұратын.

М.Байділдаевтың туғанына 70 жыл толуына орай туған жеріндегі мектепке Мәкең есімі берілген еді. Бүгіндері Қызылорда облысы әкімнің шешіміне орай облыста Мардан Байділдаевтың туғанына 80 жыл толу мерекесі қарсаңында түрлі ұйымдастыру шаралары жүргізілуде.

Тынышбек Дайрабай