АЛМАТЫДА МЕКТЕП ЖЕТІСПЕЙДІ

АЛМАТЫДА МЕКТЕП ЖЕТІСПЕЙДІ

АЛМАТЫДА МЕКТЕП ЖЕТІСПЕЙДІ
ашық дереккөзі

Алматы қаласында оқушылар саны жылдан-жылға ұлғайып келеді. Оның үстіне демографиялық көрсеткіш бойынша алматылықтар бала туу саны жағынан Оңтүстік Қазақстан облысынан кейінгі екінші орында екен. Демографиялық өсімнің біршама көтерілуіне қарай мектептер мен балабақшаларда орын жетіспеушілігі анық байқалуда.

Бүгінде қаламызда жалпы білім беретін 238 мектеп бар. Оның шамамен 177-сі мемлекеттік оқу орындары санатында. Биылғы оқу жылында қала мектептерінде 168 мың 989 оқушы білім алып жатыр. Бұл көрсеткішті былтырғы жылмен салыстыратын болсақ, оқушылардың кәсіптік мектептер, лицейлер мен колледжге түсуіне байланысты бала саны 6 мың 318-ге азайған. Алматы қаласы Білім департаментінің директоры Гүлмира Есімбаева бүгінде қалада 176 мың 104 оқушы бар екенін және жылдан жылға мектепте орын жетіспей жатқандығын тілге тиек етті.

Сондай-ақ, қалада қазақ-орыс тілінде білім беретін 53 аралас мектепті бір тілде оқытатын мектепке айналдыру жұмыстары қарқын алып жатыр. Мәселен, № 72, 43, 93, 107 орта мектептері айналасы 1-2 жылдың көлемінде таза қазақ мектептеріне айналмақ деген жағымды жаңалықтың басын шығарды. Атап айтсақ, “Шаңырақ-1”, “Таугүл-3” шағын аудандарында 2005 жылдан басталған мектеп құрылыстары әлі аяқталмаған. “Құдай қаласа, келесі оқу жылында бұл жаңа мектептер таза мемлекеттік тілдегі білім ошағы болып есік ашады”, — дейді қалалық білім беру департаменті мамандары. Олар бүгінде қалада үш ауысыммен оқитын қазақ мектептері жоқ дегенді алға тартады. Ал “Орыстілді мектептерде қазақ тілі аптасына 3-ақ сағат өтеді екен…” деген сұрағымызға Гүлмира Есімбаева: “Қоғамдағы ортаның әлі де орыс тілінде көбірек сөйлейтіндігінен қала балаларының мемлекеттік тілді игерудегі қиындықтарын, ата-ана мен мұғалімдердің өтінішін ескере отырып, қала әкімі И.Тасмағамбетовтің шешімі негізінде 1993 жылдан бастап қазақтілді мектептерде, аралас мектептегі қазақ сыныптарында бала саны 25 не одан көп болған жағдайда 1-11 сыныптардағыдай қазақ тілі екі топқа бөлініп оқытылып келеді. Бұл үрдіс республика көлемі бойынша тек Алматы қаласында ғана іске асырылып жатыр. Қазақ тілін ары қарай оқытуды жетілдіруді қамтамасыз ету мақсатында 2005-2006 оқу жылында білім департаментінің бұйрығы негізінде оқу жоспарының факультативтік сағаттары есебінен 1-2 сыныпта аптасына 1 сағаттан, ал 3-11 сыныпта 2 сағаттан қосымша оқытылып жатыр. Демек, орыс тілінде оқытатын мектепте қазақ тілі 1-сыныпта аптасына 3 сағат, 3-11 сыныпта аптасына 5 сағаттан оқытылады” дегенді айтады. ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығы негізінде жылда орыс тілінде оқитын мектеп бітіруші (9 және 11-сынып түлегі) қазақ тілінен ауызша емтихан тапсырады екен. Қазақ тілін ұлттық бірыңғай тестіге енгізу қажеттілігі болса да, департамент оған әлі ерте, бұл істі біртіндеп жүргізу керектігін жеткізді.

Айта-айта жауыр болған тағы бір мәселе — мектеп оқушыларынан ақша жинау. Екі ата-ананың басы қосылғанда, олардың ашына айтқан әңгімесінің астарынан мұғалімнің балалардан жиі ақша талап ететіндігін байқауға болады. Айталық, әр бір ата-ана өзінің есептеуі бойынша, мектепке жылына шамамен 6 немесе 7 мың теңгенің көлемінде ақша құяды екен. Ары қарай өзіңіз есептей беріңіз. Міне, осы белең алған қоғамдық дертке байланысты 1996 жылы 18 қарашадағы №121, 1997 жылы 20 қыркүйектегі №151 және ағымдағы оқу жылының 12 қазанындағы № 338 бұйрықтары бекітілген. Аталмыш бұйрықтармен барлық мектеп басшысы, мұғалімі таныстырылып, мектепте ата-анадан ақша жинауға қатаң тыйым салынды.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ