Орыс демократиясының “осалдығы” немесе 500 млн. рубль алаш жерінде қылаңытты

Орыс демократиясының “осалдығы” немесе 500 млн. рубль алаш жерінде қылаңытты

Орыс демократиясының “осалдығы” немесе 500 млн. рубль алаш жерінде қылаңытты
ашық дереккөзі

“Қасқырды қанша асырасаң да, орманға қарап ұлиды”. Бұл – кешелі-бүгін ғана айтылған ақиқат емес, әрбір сөз-сөйлемі мірдің оғындай алаш жұртының сандаған ғасырлар сарабынан, уақыттың қатал елегінен өткізілген мәңгілік ғибраты. Осы нақылдың мәңгі бақи өміршең екендігіне мейрбан жұртымыз кезекті рет амалсыз көз жеткізгендей болған. Ащы өкінішпен еріксіз куә болып, кейбір отандастарымыздың оспадар қылығынан біржола түңілген күйді бастан кешті. Жалпақ сөзбен айтқанда, мәселенің төркіні мынада. Жақында Қазақстан халықтары Ассамблеясының бір топ жетекшілері мен Орыс, славян, казак қауымдастығының өкілдері шұғыл мәжіліс өткізіп, әлгілер “Қазақстанда өзге ұлттарға, әсіресе орыс тіліне қатты қысым көрсетілуде” деген мәнзелде еш дәлелсіз мәлімдеме жасады. Бұл – іргелес алып держава Ресейге қаратып жасалған, ішкі саяси астары асқан қитұрқылыққа толы мәлімдеме болып отыр. Осынау көпе-көрнеу өтірік, аққа күйе жаққан нағыз жалаға осы алқалы отырысты ұйымдастыруға мұрындық болған экс-премьер С.Терещенко, Чесноков сынды мүттәйім мырзалар әдейі жол беріп, өзгелердің қолтығына дым бүріккен сияқтанады. Әйтеуір, әлгі мырзалар мен ханымдар осы өрескел әрекеттері арқылы Қазақстанның мемлекеттілігі мен Тәуелсіздігіміздің баяндылығына ішкі қарсылықтарын айқын танытып отырғандарына күмән жоқ. Өресі тайыздықтан жіберілген кемшілік, парықсыздықтан жазық жерде сүріну емес, өздерінің қарау әрекеттерінің “дұрыстығына” саналы түрде қапысыз сенуден туындаған жайт. Осылайша бейбастақ олар мемлекеттік, ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіріп отыр. Әлгілер өздеріне қолайлы мезгілді де дөп басқандарына иланатын сияқты. Өйткені, Дания газеттерінің бірі Мұхаммед Пайғамбардың суретін мазақтама етіп жариялап, мұның аяғы әлемдегі 1.5 млрд. мұсылмандардың заңды ашу-ызасын туғызған кейінгі күндерде қазақстандық мұсылмандар онша селт етіп, тұяқ серіпкен жоқ. Әдеттегідей көп ұлтты, сансыз діни конфессиялы, демократияшыл әрі шектен тыс зайырлы мемлекет екендігіміз “сыныққа–сылтау” болғанына күмән жоқ. Көптеген адамдардың инертті тобыр қалпында қалғаны, шынайы азаматтық позициясы айқындалар шешуші сәттерде солқылдақтық, табансыздық танытқаны байқалды. Мемлекеттік принципсіздігіміз бен ұлттық намыссыздығымыз да, өкінішке қарай, осыған жол бергені даусыз.

Бір мәселені айқын айтуға тиіспіз. Принципсіз мемлекетті ешкім, ешқашан сыйламайды. Ғасырлар бұрын да осылай болған, алда да бола береді. Қазір аралас-құралас болып жүрген, достық қарым-қатынастағы елдердің бәрі жеме-жемге келгенде сырт айналады. Қазақстан өзінің я батыстық, я шығыстық ұстанымдағы мемлекет екенін біржола мәлімдеп, айқын позиция ұстануға тиіс. Және ішкі, сондай-ақ, таяу жылдардағы сыртқы саясат осы позицияға сай жүргізілуі бүгінгі күннің ең сақталы сұранысы. Бұдан әрі тым кеш болуы кәдік! Қазір биік мінберлерден жиі мәлімделіп жүрген ешкімге ұқсамайтын Еуразиялық мемлекет туралы абстрактілі сөздердің ұлтымыздың болашағына тигізер зияны орасан екендігі мойындалуға тиіс. “Екі кеменің құйрығын ұстаған суға кететіні” рас болса, осы уақытқа дейінгі шөре-шөре жағдайымыз түптің түбінде сөзсіз опындырады.

Әлгіндей ұлы империяшыл, славянофил, шовинист мырзалар мен ханымдардың зымиян әрекеттерінің шыжымдалған ұшы басқа бір қиырға, іргелес жатқан алып Ресей державасында жүргізіліп отырған шетін саясатқа барып тірелетін секілді. Алып елдің бүгінгі билеушілері буынсыз тілмен қаншалықты бүркемелеп, тігісін жатқызса да, осы елдегі орысша демократияның дімкәстігі емсіз ауруға айналды. Ресейдегі жаппай соғыс психозының қалыптасуы, ксенофобия, күн өткен сайын жүгенсіздене түскен скинхедтер қозғалысы, жалаң патриотшылдық, айналадағы елдердің бәрін жат, жау санау соның айғағы. Әлемдік сарапшылар айтып жүргендей, авторитарлық жолға біржола бет бұрған Кремль билеушілерінің кейбір жөнсіз әрекеттерінің тасасынан ертеде қираған Карфаген сынды КСРО-ның сынықтарын қайта жинақтап, дәнекерлеуге күш салып жүргені аңғарылады. Қиранды қалдықтан берік қамал салмақ, өртеңге гүл екпек! Өткен жылдың соңына таман Ресей Федерациясының Думасы өзге елдердегі демократиялық реформаларды және “отандастарын” қолдауға бюджеттен 500 млн. рубль бөлген. Бұл турасында “Түркістан” газеті алаңдаушылыққа толы бірнеше мақалалар да жариялаған-ды. Ең әуелі Дума депутаттары осы шаралары арқылы маңайындағы көрші мемлекеттердің ішкі істеріне қол сұғуды, ТМД аумағында өз үстемдіктерін бұдан былай да жүргізе беруді мақсат тұтатындарын әйгіледі. Әйтпесе, өзге елдердің азаматтары қанша жерден орыстілді болғанмен ресейліктерге “отандастар” емес екендігін Дума депутаттары білмей отырған жоқ. Әбден жақсы біледі, бірақ өзгелерге қоқан-лоққы жасап, күштінің арты диірмен тартатынын кезекті рет дәлелдеп қоюдың қитұрқы әдеті қыр соңдарынан қалар емес.

2.5 млрд. теңгеден астам орасан зор қаржы қай елдерге бағытталуы мүмкін?! Балтық теңізі жағалауындағы елдер өздерінің ішкі жағдайын біржола түзеп алған. Енді олардың егемендігі мен біртұтастығына сырттан ешкім қол сұға алмайды. Атышулы 500 млн. рубль ресми түрде бөлінгені сол-ақ, Грузия мен Украинаға қарсы газ кикілжіңі күрт басталып, нәтижесі орыс ұлтшылдары күткендегідей болмай шықты. Таяуда ТМД елдері Қорғаныс министрлері кеңесінің мүшелігінен бас тартқан Грузия жақын жылдарда НАТО-ға мүше болатыны айқын. Тіпті, Ресей үкіметі Оңтүстік Осетияда заңсыз түрде зейнетақы таратып, қанша жанталасса да, грузиндердің керуені енді кері бұрылмайды. Ал әу бастан өз саясатын жүргізіп келе жатқан Украина газ тұрғысынан қанша қысым жасалса да мемлекеттік, ұлттық мүдделерін кейінгі қатарға сырғытпайды.

Ендігі тізімде көп жағдайда жалтақтық, табансыздықтарымен аты шығып жүрген Қазақстан мен Қырғызстан қалып отыр. Әрине, Қырғызстанның Ресеймен ортақ шекарасы жоқ, ішінара мұның өзі көзір қызметін атқаратыны даусыз. Ал Қазақстан?!.

Осы қауымдастықтың Қостанай облысындағы бөлімшесінің төрағасы Борис Рузанов мырза әлгі жиында мемлекеттік тілді білмейтіндер, үйренгісі келмейтіндер екінші сортты ма деген тұрғыдан сауал тастаған екен. Оу, бұл қандай қисын?! Мемлекеттік тілді білу – адамның қай сортқа жататынын анықтайтын көрсеткіш емес, әрбір азаматтың адал борышы ғой. Қазақстанда мемлекеттік тіл бағдарламасы бар, ал өзі азаматтығын мойындап отырған мемлекет заңдары мен ережелерін сақтау, бұлжытпай орындау қасиетті парыз емес пе? Әйтпесе, Қазақстанда орыстілділер қудаланып жатыр деу шектен шыққан арсыздық. Керісінше, қазіргі қоғамымызда мемлекеттік тіл – қазақ тілінің жағдайы аса мүшкіл, кісі жыларлықтай.

Тәуелсіз Қазақстанды орынсыз былапыттаған аталмыш қауымдастық мүшелері әлгі мәлімдемелерінде “Бұл елде біз кімбіз?” деп күйзеліс танытады. Яғни, әлемдегі жалғыз қазақ мемлекеттік жатсынып, іштей жаулық ниеттерін еріктен тыс аңғартып алады.

Сонау IХ-Х ғасырлардағы Каролингтер мемлекетінде “иммунитет” (латынның іmunіtas сөзі)–дербес праволық, кейбір ірі шонжарларға король заңы қолданылмайтын жағдайлар құқығы қалыптасқан болатын. Біздің елде де кейбір ұлттық қауымдардың шолақ белсенділері осындай иммунитет құқығын қайта орнатқысы келетін сыңайлы. Яғни, бірсыпырасы Ата заңымызда айқын белгіленген мемлкеттік тілді–қазақ тілін меңгеруді өздерінің дәрежесіне сай көрмейді. Әлгіндей иммунитет құқығы мемлекеттік заңдардан биік болғанын қалайды. Өйткені, ту сырттарында қит етсе орысша демократияны желеу ететін ормандай жұрт тұрғанына, сол арқылы принципсіз мемлекеттерге мәңгі бақи тізелерін аяусыз батыра беретіндеріне нық сенімді. Әттең, осындайларды да “отандастарымыз” деп үміттеніп жүрміз-ау.

Жаңабек ШАҒАТАЙ