АТАСУ-АЛАШАҢҚАЙ IСКЕ ҚОСЫЛДЫ АЛ, ОНЫ ҚАЙ МҰНАЙМЕН ТОЛТЫРАМЫЗ?

АТАСУ-АЛАШАҢҚАЙ IСКЕ ҚОСЫЛДЫ АЛ, ОНЫ ҚАЙ МҰНАЙМЕН ТОЛТЫРАМЫЗ?

АТАСУ-АЛАШАҢҚАЙ IСКЕ ҚОСЫЛДЫ АЛ, ОНЫ ҚАЙ МҰНАЙМЕН ТОЛТЫРАМЫЗ?
ашық дереккөзі

Ең алғаш, осыдан сегiз жыл бұрын, Қытайға бағытталатын мұнай құбырының құрылысы жайлы бастама көтерiлген сәтте оның тез арада жүзеге асатындығына ешкiм сене қоймаған. Ресейдiң алға тықпалаған жобасы КТК құбырының құрылысы ендi ғана аяқталып, ал АҚШ қамын күйттеген жоба — «Баку-Жейхан» құбыры төңiрегiне мол дақпыртты топтастырып отырған кезде, Қытайға бағытталатын мұнай құбырының құрылысына күмәнмен қарайтындар шоғыры көбiрек болған.

1997 жылдың көктемiнде Президент Назарбаев пен Қытайдың сол кездегi Мемлекеттiк Кеңесiнiң төрағасы Ли Пэннiң мұнай құбыры құрылысы жайлы келiсiмге қол қоюы АҚШ пен Ресейдiң Каспийге, қазақ мұнайына қатысты ұстанған саясатына жағымды әсер еткен жоқ.

Көршiмiз бен мұхиттың арғы жағындағы елдiң идеологиясын жанына медеу тұтатындар бұл құбырдың құрылысы жайлы бастама көтерiлмей жатып-ақ, оны архивке жiберiп қойған. Болашақ құбыр құрылысының аса қашықтығы, қымбаттығы экспортталатын қара алтынның өзiндiк құнын арттырып жiбередi дегендердiң дауыстары жиiрек әрi қаттырақ шыққан сол бiр кездерi…

АҚШ үлесi бар бiрiккен компаниялар мен акциялары тұтастай америкалық болып есептелiнетiн компаниялардың өкiлдерi бастаманың «утопиялық» екендiгiне баса назар аударып баққан.

Ресейлiк сарапшылар болса, «Қазақ мұнайы баруы тиiс аудан, яғни Қытайдың Синьцзян ауданында Тарым мен Қарамай секiлдi мұнай шығару, өңдеу объектiлерi бар. Халқы аса көп шоғырланбаған бұл ауданның мұнайға деген сұранысын сол объектiлердiң өздерi-ақ қанағаттандырады. Ал Қазақстаннан бастау алатын мұнай құбырының Қытайдың жұрт тығыз орналасқан iшкерi аудандарына дейiн жеткiзу үшiн тағы да екi мың шақырымдық құбыр салу керек. Ал ол кезде болса, мұнай құбыры өнiмiнiң өзiндiк құны шарықтап кетедi» деген пiкiрдi ұстанған.

Жобаның болашағына күмән келтiргендердiң мерейiн үстем етiп, бұл жоба 4- 5 жылдай архив түбiнде жатып та қалды. Тек 2003 жылы Назарбаев пен Ху Цзиньтаоның кездесуiнен кейiн ғана бұл жобаға қайтадан жан бiттi. Дәлiрегiнде, шикiзаты мол елге көз алартушылардың арасынан сытылып өтiп, қара алтынды Қытайға бағыттайтын бастаманы Қазақстанның әлемдiк державалардың айтқанымен жүруге ықылассыздығымен, яки державалардың таңатын жоспарынан тыс әрекет еткiсi келгендiгiмен байланыстыруға болар.

Қандай да бiр бастама көтерiлген кезде оның экономикалық тиiмдiлiгiне, қажеттiлiгiне аса маңыз бередi. КТК мен Баку-Жейхан мұнай құбырларының «артықшылықтарын» айтушылардан аяқ алып жүргiсiз болса, Қытайға бағытталатын құбырдың тиiмдiлiгi немесе артықшылығын тек шығыстағы көршiмiздiң экономикасының қарыштап өсе бастағандығымен, елдiң энергоресурстарға шөлдеп отырғандығымен байланыстырған.

Қазақстан-Қытай мұнай құбырының ең соңғы кезеңi — «Атасу-Алашаңқайдың» бойына мұнай жiберу салтанатын президент Назарбаев өзi басқарды.

«ҚазТрансОйлдың» Астанада орналасқан ғимаратындағы диспетчерлiк бөлiмнен басқарылатын тетiк арқылы құбырға мұнайдың айдалуы, ол процестiң әрi қарай карта арқылы өрбуi аса айрықша көрiнедi екен.

Сонымен, «Атасу-Алашаңқай» мұнай құбырының iс жүзiндегi қожайыны «Қазақстан Қытай Трубақұбыры» компаниясы. Бұл бiрлескен компанияның қақ жартысы «ҚазТрансОйлға» тиесiлi болса, қалған 50 пайыздық акциясына Қытайдың мұнай мен газды барлау және өндiру жөнiндегi ұлттық корпорациясы ие. Мұнай құбырының жылдық тасымалдық қуаты әзiрше 10 млн.тонна. Ал кейiннен 20 млн.тонна қара алтынды тасымалдайтын жоспарлар бар.

Бiр жыл екi айда құрылысы аяқталған «Атасу-Алашаңқайдың» ұзындығы 962 шаршы шақырым. Құны 806 млн. АҚШ долларын құрады.

Негiзi бұл құбыр жайлы бастама саяси тәуелдiлiктен шығар бiрден-бiр жол екендiгiн айттық. Бұл тұрғыда құбыр бастамасының кемi жоқ. Бiрақ, бiр ғана кемшiлiгi, бұл құбырды толтырар шикiзаттың бiзде жеткiлiксiздiгi. Өйткенi, Қазақстанның өндiрiп отырған мұнайы қазiргi күнi жылына 60 млн.тоннаға әрең жетедi. Оның өзiнде де өндiрiлетiн мұнай қорының басым бөлiгi шетелдiк инвесторлардың қол астында. Инвесторлардың өздерi резидент болып табылатын мемлекеттiң саясатынан шықпайтыны да мәлiм жайт. Ал олардың отандары Еуропа мен Америкада.

Әрине, Қазақстандағы Қытай компаниялары мұнай құбырын өз қарамағындағы кенiштердiң қуаты арқылы толтыруға дайын. Бiрақ, олардың қуаты жылына 20 млн. тонна өндiретiндей дәрежеде емес қой.

Гүлнәр Мұқанова