Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Президенті: Бірлікті бағалаған ұлт - ұлы!

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Президенті: Бірлікті бағалаған ұлт - ұлы!

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Президенті:  Бірлікті бағалаған ұлт - ұлы!
ашық дереккөзі

Кеше Елбасы Астанада бастау алған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының V съезіне қатысты. Жаһандық рухани дипломатияның маңызды бөлшегіне айналған басқосу бұл жолы да тәжірибе мен тағылымға толы конфессияаралық сұхбаттың алаңы болды. 42 елден келген 80-нен астам делегация Қазақстанның әлемдік бірлік пен бейбітшілікке, дінаралық татулыққа қосқан үлесінің сүбелі екенін бірауыздан мойындады.

БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, сондай-ақ ЕҚЫҰ, ЮНЕСКО басшылары және әлемнің түкпір-түкпірінен келген мемлекет және қоғам қайраткерлері, саясаткерлер мен ғалымдар Елордамыз Астанада бас қосты. Олардың барлығын ортақ мақсат – ғаламшар тұрғындарының гүлденуі мен өркендеуі жолында қауіпсіз және үйлесімді әлем құру мақсаты біріктірді. Елбасының бастамасымен қолға алынған Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының алғашқы съезі 2003 жылы өткен болатын. Содан бері әр 3 жылда бір рет тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Астана дінаралық саммиті 12 жыл ішінде қазіргі заманның іргелі мәселелерін кеңінен және жан-жақты талқылайтын бірегей алаңға, адамзаттың тұрақты дамуының оңтайлы үлгісін қарастырудың тамаша мүмкіндігіне айналғаны талассыз. Осы ретте съезд бастамасын көтеріп, оның табысты қызметін қамтамасыз етуге жылдар бойы орасан зор қолдау көрсеткен ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі айрықша құрметке лайық. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының V съезінің ашылуына қатысып, сөз сөйлеген Елбасы әлем дамуына қауіп болып төнген жаһандық түйткілдер форумның мән-маңызын арттыра түскенін атап өтті.

 – Қоғамның кедейшілік, аштық, эпидемия мен жұмыссыздық, табиғат апаттары, техногендік катастрофалар секілді проблемаларын шешуде күш-жігерімізді біріктіру аса өзекті. Мұның барлығы бүгінгі әлем үшін жаңа қауіпсіздік архитектурасының бір бөлігіне айналуы шарт. Бүгінгі заманауи дәуірдегі оқиғалар Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін жаһандық рухани дипломатияның маңызды элементіне айналдырып отыр, –деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Елбасы делегациялар басшыларына өз діндерін ұстанушы барша қауымға конфессияаралық диалогты дамытуға үндеуге шақырды. «Мен барлық саясаткерлер мен қоғам қайраткерлеріне өздерінің күш-жігерлерін, мүмкіндіктерін соғыстар мен жанжалдарды тоқтатуға, жаһандық саясатта өзара сенімді қалпына келтіруге шақырамын. Съезд жұмысы мәдениеттер, діндер арасындағы диалог тәжірибесін байыта түсетініне сенімдімін», – деді Н. Назарбаев.

Жиын барысында әлемдік бірлік пен бейбітшілікке, дінаралық татулыққа Қазақстанның қосқан үлесіне айрықша назар аударылды. ҚР Президенті Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының V съезіне қатысушыларға еліміздің шақыруын қабыл алып келгендері үшін және білдірген жылы лебіздері үшін алғыс айтты. «Осы күндердің ішінде сіздердің тілектеріңіз, әр діндердің Қазақстанға айтып жатқан тілектері Алланың алдында қабыл болсын дейміз, көңілдеріңіз үшін де рахмет айтамыз. Біз жаңа мемлекет ретінде көп шаруаны бітіріп, ядролық қарудан азат мемлекет құрып, көпұлтты, көпдінді мемлекеттің басын құрап, жаңа қоғам құрып жатқан елміз», – дей келе, Елбасы бұл миссияны арқалау Қазақстан үшін жоғары мәртебе және делегациялардың елімізге айрықша сенім артуы қазақстандықтар үшін үлкен мәртебе екенін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының осыдан үш жыл бұрын, яғни 2012 жылғы басқосуынан соң әлемде діни айырмашылық арқылы адамдар арасына іріткі салудың жаңа түрлерімен бетпе-бет келгеніне назар аударды.

– Әскери және ішкі қақтығыстар көбейді, оған қатысушы тараптар адамдардың діни ұстанымын жіті пайдалануда. Бізді осындай қақтығыстардың бірі мұсылмандардың ең басты киесі, Ислам әлемінің бесігі – Мекке мен Мәдинеге жақын маңда – Иеменде тұтанғаны алаңдатпай тұра алмайды. Бірқатар экстремистік топтардың іс-қимылдары түрлі конфессияны ұстанушылардың арасында жаулық тудырып, Азия мен Африкадағы көп қоғамды жікке бөлуде. Украинаның шығысында қалалар мен селоларды атқылау кезінде храмдардың бүлінгені туралы хабарлар да алаңдатады, – деді Қазақстан Президенті.

Жаһандық лаңкестік аса қауіпті сатыға өтіп, «Ислам мемлекеті» атты жаңа формаға көшкені әлем тұтастығына қатер боп төнгені жасырын емес. Аты ат үркітетін лаңкестік топпен күрес соңғы жылдары жекелеген мемлекеттердің ғана емес, дүниежүзілік қауымдастықтың бас ауруына айналды. Нұрсұлтан Назарбаев содырлардың қатыгез қылықтарын ілгерілетуге ғаламтордың, әсіресе әлеуметтік желілердің ықпалы басым екеніне тоқталды: «Содырлар жалған діни көзқарас ықпалымен Ирак пен Сирияда мыңдаған жылдар бойғы өркениеттердің мәдени мұраларын әдейілеп қиратуда. Олар өзге дін ұстанушыларды, журналистер мен еріктілерді жария түрде өлім жазасына кесудің сұмдық шараларын ұйымдастырып, интернет арқылы таратуда». Осындай алмағайып уақытта әлемнің барлық діндері ұстамдылық пен төзімділікке, соғыстар мен қақтығыстарды тоқтатуға күш салуы керек екенін баса айтты:

– Әлемдік әлеуметтік желілер діндер мен дін қызметкерлеріне қарсы толассыз шабуылға толып кеткенін көрмей қалуға болмайды. Әлемдік діндердің барлығы да сабырлылыққа, шыдамдылық пен ұстамдылыққа шақыруда, адамдар арасында қақтығыстарды тоқтатып, бейбітшілік пен келісімге үндейді. Әлемнің басқа діндері секілді ең толерантты діннің бірі – ислам. Исламды экстремизм мен лаңкестіктің кез келген формасын ақтау үшін пайдалану көріністері де орын алып отыр. Бұл – күпірлік. Мен бүгінгідей күрделі заманда барлық дін қайраткерлерін өздерінің уағыздарында бейбітшілікке, толеранттылық пен кешірімге шақыруды еселеуге үндеймін, – деді Мемлекет басшысы.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде бірліктің ұлт болып ұйысудың негізгі факторы екеніне назар аударып, кез келген халық өз бірлігін бағалап, сақтай білгенде ғана тірі әрі ұлы болатынын атап көрсетті.

– Қазақстан халқы даналығы арқасында біртұтас болып отыр. Біздің халқымыздың даңқы да, қуаты да достықта, өзара түсіністікте, келісім мен бірлікте, толеранттылықта. Бұл – біздің ел де қатарына кіруге ұмтылып отырған озық отыз елдің ең биік құндылықтары. Осы ізгі мақсат үшін «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асырып, бес институционалдық реформаны іске асыруға кірістік. Ұлт жоспары – Қазақстанды жаңғыртудың 100 қадамы барлық қазақстандықтарға этникалық және діни айырмашылықтарына қарамастан лайықты тұрмыс жағдайын жасауға бағытталған, – деді Қазақстан Президенті.

Отырыс соңында форумға қатысушылардың жұмысына сәттілік тілеген Елбасы: «Кеңес адамзаттың ХХІ ғасырдағы рухани регенерациясы идеясының авторы әрі таратушысы бола алар еді деп санаймын. Діни экстремизм мен лаңкестікке қарсы іс-қимыл шараларына бастамашылық ету кеңес жұмысының өзекті бағыты бола алады. Кеңестің алдағы бесінші съезд тарапынан мақұлданған және қолдау тапқан ұсыныстары діни сенім мәселесінде адасып жүрген адамдардың теріс әрекеттерінен сақтануға көмектесер еді. Сіздердің шынайы діндар үшін жеккөрушілік, төзімсіздік, қатыгездік және жақынына әділетсіз қарым-қатынас мүлде жат қасиет екені туралы ортақ пікірлеріңіз кез келген ұрыс-керіс пен жанжалды тежеудің шешуші факторына айналуы мүмкін», – деп Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің идеялары мен шешімдерінің әлемдік оқиғалардың алдағы дамуына ықпалы зор болатынын атап көрсетті.

Басқосу барысында БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, Қасиетті Тақтың дінаралық диалог жөніндегі Папа кеңесінің президенті Жан-Луи Торан, Минский және Заславский митрополиті, күллі Белорусь Патриархтық Экзархы Павел, Дүниежүзілік Ислам мәсхабтарын жақындастыру ассамблеясының бас хатшысы Аятолла М.Араки, Дүниежүзілік Ислам Лигасының бас хатшысының орынбасары А.бен Абдалла әз-Зейд, Израильдің сефардтық бас равиині И.Йосиф сөз сөйледі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығын жеткізген БҰҰ Хатшысы Президенттің лидерлік көрегендігін жоғары бағалайтынын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан бастамашылық жасаған әлемнің саяси және діни лидерлері арасындағы мұндай диалогтың өзектілігі күн санап артып келеді. «Адамдар мен қоғамдастықтың араласып тұруы бұл әлемнің осынау бөлігіндегі ізгі іс қана емес, бұл Сіздердің тарихтарыңыздың бір бөлігі. Осы арқылы Қазақстан өңірде озық шығып, әлемді байытатын жетістікке жетті. Бұл құрғақ декларациялар шығаруға қарағанда әлдеқайда жақсы. Осынау шындықты қолға ала отырып, Сіздер мейлінше өзектіге терең үңіле бастадыңыздар. Бұл съезд бен басқа да күш-жігерлер арқылы Сіздер қоғамдағы үйлесімділіктің ешқашан өзінен-өзі пайда бола салмайтынын біліп отырсыздар. Оны күн сайын баптап, өсіру, қорғау керек. Осы тұрғыдан алғанда мен құрметті Нұрсұлтан Назарбаевқа жаһандық күн тәртібінде тұрған іргелі әлеуметтік қатерлерді шешуді қамтамасыз етіп жатқаны үшін алғыс айтқым келеді», – деді Пан Ги Мун.

Өз кезегінде дінаралық диалог жөніндегі Папа кеңесінің президенті Жан-Луи Торан Қазақстанда тұрақты түрде ұйымдастырылып жүрген Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының диалогы адамзат ынтымақтастығына қомақты үлес қосып жүргенін айтты. «Біз қазір сын-қатерлі кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан діндердің қарым-қатынасында кемеңгерлікті айрықша назарда ұстауымыз керек. Қоғамдағы әрбір адамның діни және мәдени ұстанымына қарамастан, сыйластықпен қарау керек. Бүгінгі отырыс бейбітшілік пен бауырластық жолындағы ниеттестігімізді білдіреді. Осы жылдары дамып келген біздің достық пен ынтымақтастық, сондай-ақ Астанада тұрақты өтіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының диалогы әралуандық адамзат қоғамының байлығы бола алатындығын көрсетіп отыр», – деді Жан-Луи Торан.

Саммитке қатысушылар Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының V съезінің декларациясын мақұлдады, сондай-ақ Діни көшбасшылар кеңесінің келесі үшінші отырысы және VI съезд 2018 жылы өтетінін нақтылады.