“АУЫЛ ЖЫЛЫ” АУЫЛҒА НЕ БЕРДI?

“АУЫЛ ЖЫЛЫ” АУЫЛҒА НЕ БЕРДI?

“АУЫЛ ЖЫЛЫ” АУЫЛҒА НЕ БЕРДI?
ашық дереккөзі
Ауыл — алтын бесiк. Ауыл дегенде, оның бұрқыраған жусаны мен кең жазық даласы ерiксiз ойға оралады. Бiрақ осындай теңеулерге лайық ауылымыз бiр жылдары жадау тартып, келбетi сұрқайланып кеттi. Халықтың әлеуметтiк тұрмысы нашарлап, жастар арасында жұмыссыздық белең алды. Жалпы, Елбасының арнайы бұл жылдарды “Ауыл жылы” деп жариялауында үлкен мән бар. Ондағы негiзгi мақсат, сонау 1995-1997 жылдары оңтайландыру, экономикалық тоқырау кездерде азып-тозуға шақ қалған ауылды көтеру. Ауыл мен ауыл шаруашылығы елiмiздiң экономикалық және әлеуметтiк өмiрiнде айрықша орын алатыны анық. Жалпы, бұл тек Қазақстанның ауыл шаруашылығын көтеру жылдары ғана емес, бұл — қазақтың ауылын қайта жандандыру, түрлендiру деген сөз. Сонымен әне-мiне дегенше, үш жылға жарияланған “Ауыл жылы” бағдарламасының соңғы жылының ақырғы күндерi аяқталуға таяу. Яғни, санаулы күндерден соң бағдарлама мерзiмi өз межесiне жетiп, келер жылға қандай жетiстiктермен аяқ басатынымызды айқындайды. Ауыл жылында нендей шаралар атқарылды немесе ауылға азық боларлықтай не бердi деген мәселелердi саралап көрелiк. Ауыл халқы — елiмiздiң қоғамдық-саяси тұрақтылығының да шешушi факторы болып есептеледi. Бүгiнде Республика халқының 60 пайыздан астамы ауылдық жерде тұрады. Осы орайда елiмiздегi экономикалық тұрғыда алғанда белсендi халықтың үштен бiрi ауыл шаруашылығы саласында қызмет етедi. Бұл деген 2 жарым миллионнан астам халық деген сөз. Негiзiнде ауыл шаруашылығындағы реформаның бастапқы кезеңiнде өнеркәсiп өнiмдерiне бағаның шектелуi айтарлықтай әсер еттi. Баға қайшылығы шаруашылықтың айналымдағы қаражатын желге ұшырумен пара-пар болды. Мұның өзi ысырапқа, егiн шығымдылығына, оның өнiмдiлiгiнiң төмендеуiне әкелдi. Осы уақытта кей ауданда астықтан басқа ауыл шаруашылық өнiмдерi тиiмдi болмаған едi. Мұнымен қоса, ауыл тұрғындары төрт түлiк малды алыс-берiс айырбасқа бере бастады. Мiне, осыдан “мал-жан аман ба?” дейтiн қазақтың малы едәуiр азайып кеттi. Сонымен қатар ауыл шаруашылығында техниканың болмауы, тұқымның жоқтығы, жанар-жағар майдың тапшылығы жағдайды шиеленiстiрдi. Бұрынғы шаруашылықтар жекешелендiрудiң салдарынан тоз-тозы шықты. Қалтасы қалың, қолында билiгi барлар керектiсiн басып алып, ал қой баққан қазақ алдындағы түлiгi бiткенше аңтарылып жүрiп қалды. Не десек те, осы кездегi ауыл жағдайы сын көтермейтiн едi. Осындай себептердiң реформаға кедергi болуы — бүгiнгi ауыл жағдайының басы едi. Нәтижесiнде ауыл екi қолға бiр жұмыс, бағарға мал таппай сенделiп қалды. Бiрiншiден, ауылда кең көлемде нарықтық реформалар жүрдi. Сол кездегi колхоздық-совхоздық жүйе әкiмшiлiк жолмен бұзылып, жекеменшiк сектор негiзiнен фермерлiк шаруашылық пен аграрлық шаруашылықтар пайда болды. Бiрақ сол реформа жасаудың барысында мал саны бiрден екi есеге кемiдi. Осыдан келiп, ауыл реформасы аяқталып, бәрi жекешелендiрiле бастады. Екiншiден, шаруа қожалықтарына үкiметтен ұзақ мерзiмге несиелер берiлдi. Үкiмет инфрақұрылымды қалпына келтiруге көмектестi. Осыған байланысты тағы бiр аса қиындық туғызып отырған мәселе — дүниежүзiлiк баға. Атап айтсақ, биыл мақта мен бидайдың бағасы едәуiр түсiп кеттi. Мысалы бидай бағасы бiр кезде 140 доллар болса, бүгiнде 80 доллар маңайында ғана болып отыр. Үшiншiден, ауыл мен селоларды дамытуға арналған аса маңызды мемлекеттiк бағдарламалар: азық-түлiк және ауылдық жерлердi дамыту бағдарламалары қабылданды. Оған 2003-2004 жылдары 90 млрд. теңге бөлiндi. Соларды жүзеге асыру барысында ауыл шаруашылығы бұрын-соңды болмаған тiкелей мемлекеттiк инвестициялар алып, ауылдың әлеуметтiк, көлiктiк және инженерлiк инфрақұрылымдарын қалпына келтiру жүзеге асырыла бастады. Демек, инвестицияның ауыл шаруашылығына көптеп бөлiнуi секiлдi жағдайлардың арқасында ауыл шаруашылығы бiршама көтерiлiп қалды. 2000-2004 жылдар аралығында ауыл шаруашылығындағы негiзгi капиталға түсетiн инвестицияның көлемi 600 миллион АҚШ долларына дейiн өскен. Сондай-ақ, бәрiмiзге белгiлi 2003 жылы жер туралы маңызды құжат — Жер кодексi қабылданды. Мұнымен қоса, мемлекет салық саласындағы бiрқатар заңдар өз күшiне енiп, патент немесе бiрыңғай жер салығы негiзiнде бюджеттiк төлемдердiң жеңiлдетiлген жолдарын қалыптастырды. Мұның бәрi экономиканың өзге саласындағы ең аз салық мөлшерiн айтпағанның өзiнде, ауыл шаруашылығы бизнесiн жүргiзуге өте қолайлы жағдай туғызғанын атап айтқан жөн. Президентiмiз бiр сөзiнде: “Бұл үш жыл — бiздiң алдағы iстейтiн үлкен жұмыстарымыздың басы. Кез келген жылды белгiлi бiр бағытқа арнап жатқан кезде ол сол бағыттағы жұмыстарға түрткi болу керек” деген. Демек, үш жылдың бiрдей ауыл жылына арналуы үлкен игi ниеттен туған. Ол үшiн арнайы бюджетте қаржы көзделiп, 25 млрд. теңгеден осы үш жылды қосып алғанда, шамамен 150 млрд. ақша бөлiндi. 2004-2005 жылдары бюджеттен денсаулық сақтау және сумен қамтамасыз ету саласындағы инвестицияға 15 млрд.теңгеден бөлу көзделдi. Сол секiлдi денсаулық сақтау саласына қосымша 30 млрд. теңге, ауылдарда бiлiм беру, мектеп салуға 17,2 млрд. теңге бөлiндi. Тек осы “ауыл жылдары” аясында негiзгi қорды қаржыландыруға 600 млрд. теңге жұмсалды. Бұл 2002 жылмен салыстырғанда 20 есе артық екен. Ал, осы қаражаттың барлығы қажеттi жерiне жұмсалды ма? Бұл қарапайым халыққа жұмбақ, әрине. Жақында Астанада өткен “Әлеуметтiк-экономикалық саясаттың бағыттары туралы” атты семинарда сөз алған Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрi Қайрат Келiмбетов 2006 жылы Ауыл шаруашылығы министрлiгiне республикалық бюджеттен 91 млрд. теңге бөлiнiп отырғандығынан хабардар еттi. Бұл қаржының 64 миллиарды агроөнеркәсiп кешенiн дамытуға жұмсалады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Астанада өткен агроөнеркәсiптiк кешен мәселелерi қаралған республикалық жиынға ауыл шаруашылығына қатысты барлық саланың өкiлдерi, мемлекеттiк органдардың басшылары және облыс, аудан, ауыл әкiмдерi қатысты. Бұл жиында Елбасы Алматы облысының фермерлерiне iрi мегополистердi, атыраулық агроөндiрiсшiлерге iрi мұнай компанияларын азық-түлiкпен қамтамасыз етудi тапсырса, жамбылдық шаруашылықтарға мал басын асылдандыруды, шымкенттiк мақташыларға тоқыма-тiгiн кластерiн дамытуды, ақтөбелiк агроөндiрiсшiлерге мал өнiмiн жаңа технологиямен өндiрудi мiндеттедi. Не дегенмен, ауыл жылдарындағы осындай тиянақты iстер ауыл әкiмдерiне тiкелей байланысты десек, артық айтқандық емес. Әрине, бұл уақытта ауыл бiткеннiң бәрi гүлдей құлпырып, әлеуметтiк мәселелерi түбегейлi шешiлдi дей алмаймыз. Бiрақ, белгiлi анық жәйт — ауылдық жерлерге қарағанда қалалық жерлерге жақын, барып-келiсi оңай аудандарда ауылдың жағдайы едәуiр жақсы. Әйткенмен, осы жылдардың ауылға соны серпiлiс әкелгенiн — ауыл адамдарының еңбекке деген ұмтылыстарынан, ертеңге деген көзқарастарынан анық байқауға болады. Алматы облысының Алакөл ауданына қарасты Қызыл қайың елдi-мекенiнiң тұрғыны Рая апа: “Мына үш жылға арналған “Ауыл жылы” бiздiң ауылға септiгiн тигiзiп отыр. Халықтың әл-ауқаты бiршама жақсарып, алдыңғы жылдардан көтерiлiп қалды. Жас отбасылар жәрдемақысын, мұғалiмдер, дәрiгерлер жалақысын уақытында алып тұрады. Бiздiң ауылда дәрiгерлiк пункт жұмыс iстеп тұр. Оған сырқаттар дер кезiнде қаралып, балалар екпесiн алып, ем алып тұрады. Дегенмен, ауыл жылдары мұнымен тоқтамай, жалғасын таба берсе деген ниетiмiз бар”, — дейдi. Бұл бiр ғана ауыл көрiнiсiнiң бет-бейнесi. Естуiмiзше, мұндай көмекке зәру болып отырған қаншама ауыл аймақтары бар көрiнедi. Агроөнеркәсiптiк кешен мәселелерi төңiрегiндегi басқосуда сөз алған ҚР премьер-министрiнiң бiрiншi орынбасары А.Есiмов “Осының бәрi сайып келгенде аграрлық саланың жанданып, ондағы өндiрiс қарқынының өсуiне, шаруашылықтардың өркендеуiне, ауылдың әлеуметтiк жағдайының жақсаруына мейлiнше ықпал еттi дегендi айтады. Осы жерде қарап қалмаған әкiмдер де өз ойларын бiлдiрiп жатты. Талғар ауданының әкiмi К.Омарбаев: “Үш жыл iшiнде бiздiң ауданға мемлекет тарапынан 350 миллион теңге тегiн көмек берiлдi. Егiн жинау мен оны егу кезiнде жанармай арзандатылып берiлдi” дегендi айтады. Ал, Сарқан ауданының әкiмi Талғат Өмiрәлиев болса, ауылдарда ауыз су мәселесi шешiлуде, мектептер күрделi жөндеуден өтуде, денсаулық саласына бөлiнетiн қаржы көлемi өсуде дей келе, бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса бередi деген үмiтiн бiлдiрдi. Бүгiнде елiмiз ДСҰ-на кiруге бел буып отыр. Оған мүше болу жолында агроөндiрiсшiлердiң жанын салып, аянбай iстейтiн жұмыстары аз емес. Олар — агроөндiрiс кешенiн техникалық, технологиялық тұрғыдан жаңашылық енгiзу, инфрақұрылымды дамыту үшiн халықаралық стандарттарды енгiзу, ауылшаруашылығын кластерлiк негiзде дамыту және елiмiздiң азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету болып табылады. Осы аталған мәселелер шешiмiн кешiкпей тауып жатса, ауыл қазiргiден де көркейетiнi анық. “Сенiң жырың жырлайтыным өмiрде, сенiң мұңың мұңдайтыным өмiрде” деп Б.Майлин айтқандай, ауыл тақырыбы мәңгi тақырып. Ауылға деген құрмет — мемлекеттiк идеологияның басты қазығына айналып, ауылды жерде қызмет iстейтiн бюджет қызметкерлерiне, ең әуелi мұғалiмдерге, дәрiгерлерге, әлеуметтiк саланың мамандарының жалақысын бiр жарым есе көбейту және арнайы жеңiлдiктер қарастыру қажет-ақ. Шындығында, ауыл — қазақ руханиятының, мәдениетiнiң, дәстүрлi шаруашылықтың қайнар көзi, қазақтың жаны мен жүрегi. Ендеше, ауылды түлету, ауыл шаруашылығын өркендету халқымыз бен Отанымызды көркейту деген сөз.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ