ҚАРА АЛТЫН ҚЫМБАТТАП БАРАДЫ...

ҚАРА АЛТЫН ҚЫМБАТТАП БАРАДЫ...

ҚАРА АЛТЫН ҚЫМБАТТАП БАРАДЫ...
ашық дереккөзі

Осыдан үш-төрт жыл бұрын АҚШ Таяу Шығысқа қарулы күш жiберетiндiгi жайлы ниетiн бiлдiргеннен кейiн-ақ, әлемдiк нарықтағы мұнай бағасының күрт құбылғаны есiмiзде. Сондықтан да трэйдерлер сыбысты рыноктi өзгертетiн негiзгi фактор ретiнде айтады.

Бұл жолы да Нью-Йорк биржасы сондай мәлiмдемеге тез реакция танытып үлгердi. АҚШ-тың энергетика министрлiгiнiң жақында жарыққа шығарған есебiнде « алдағы жиырма жылда мұнай бағасы 54 доллардан кем түспейдi» деген болжам бар екен. Соның iзiнше-ақ, Нью-Йорк биржасындағы қара алтын құны шарықтап кеткен немесе әлемдегi ең iрi биржада бiр баррель мұнай бағасы 62 долларға теңестi. Шетелдiк сарапшылар мұнай құнының бұлайша қымбаттауына газ нарығындағы өсiмнiң де әсерi болды дейдi. Бұған қоса, АҚШ-тың мұнай қоры жөнiндегi соңғы мәлiметтердiң жақын арада жарыққа шығатыны да өз ықпалын тигiзуi мүмкiн. Себебi, АҚШ жыл сайын өз аумағындағы мұнай қорының мәлiметiн таратуды дәстүрге айналдырған ел. Болжам бойынша, желтоқсанның ортаңғы шегiнде АҚШ-тың шикi мұнай қоры 0,9 миллион баррельге кемiген.

Әрi ОПЕК ұйымына мүше елдер Кувейтте өткен жиында мұнай өндiру көлемiн азайту жөнiнде шешiм қабылдапты. Мұнай өндiрiсi азаяды деген ақпараттың өзi-ақ бағаны арттырып жiберуге ықпал етедi.

Халықаралық Энергетикалық Агенттiк те келер жылғы мұнай сұранысына қатысты болжам жасапты. «Қара алтынға деген сұраныс қазiргiге қарағанда келер жылы 2,2 пайызға артады» дейдi агенттiк сарапшылары. Яғни, тәулiгiне 1,4 миллион баррель көбiрек тұтынылатын болады. Ал қара алтынды көбiрек тұтынатын аймақ ретiнде Азия, оның iшiнде Қытай аталып отыр.

Сонымен, әлемдiк «қара алтын» нарығының тамырын ұстайтын сарапшылар мұнай бағасы 59-61 баррель аралығында болады. Бұл сомадан төмен түспейдi деген болжам жасап отыр.

Ал бiздiң Қазақстанның бюджетiнде мұнай бағасы 35,3 АҚШ долларына теңестiрiлiп отыр. Арадағы әр баррельден түсетiн 20-25 доллар Ұлттық Қордың қанжығасын майлайды. Қазақстанның орташа есеппен 60 млн.тонна қара алтын өндiретiндiгiн ескерсек, ұлттық қор миллиондаған долларға толығатын болды.

Гүлнәр Мұқанова