CАЙЛАУДАН КЕЙIНГI САН СҰРАҚ…

CАЙЛАУДАН КЕЙIНГI САН СҰРАҚ…

CАЙЛАУДАН КЕЙIНГI САН СҰРАҚ…
ашық дереккөзі

Халықаралық сарапшылар сан-саққа жүгiрткен Қазақстандағы Президент сайлауы аяқталды. Ал, оппозиция осы күнге дейiн өзiнiң оңбай сүрiнгенiн мойындай алмай жүр.

Бiрiншiден, Қазақстандағы оппозиция тым әлсiз әрi соңынан ешкiмдi ерте алмайтындығын көрсеттi. Бұның өзi оппозиция iшiндегi ұйымдастыру шараларының төмендiгiн және бiрiккен оппозицияның лидерi Жармахан Тұяқбайдың халық былай тұрсын, оппозиция iшiнде де толықтай бедел жинай алмағанын танытты. Сайлау аяқталды. Алайда, оппозиция өкiлдерiнiң болжағанындай, сайлаудың нәтижелерiмен келiспей, көшеге шыққан ешкiм болмады. Тек оппозициялық үш журналист қарсылық акцияларын ұйымдастырғанымен, оны қолдап кеткен бұқара болған жоқ. Демек, қазақстандықтар бүгiнгi күнiне риза. Оларды қазiргi саяси режим мен әлеуметтiк ахуал қанағаттандырады. Сондай-ақ, Қазақстанда жаңа саяси режимдi қалаған қарсы электораттың көңiлiнен шығар оппозиция лидерi болмады. Оны өзге емес, оппозиционерлердiң өзi мойындап отыр. Бүгiнгi билiкпен келiспей, шетелге кеткен оппозиционерлердiң бiрi Лира Байсейiтова билiктiң жеңiсiн мойындап, оппозицияның лидерiне көңiлi толмайтындығын бiлдiрген. Әрi, Лира Байсейiтова Жармахан Тұяқбай мен он жыл бойы шетелде жүрген Әкежан Қажыгелдиннiң арасында да өзара ынтымақтың жоқ екендiгiн айтады. Демек, бiрiккен оппозициямыз деген "Әдiлеттi Қазақстан үшiн" қозғалысын оппозиционерлердiң өзi қолдамаған. Бұл елде iрi саяси күштiң қалыптаспағандығының салдары. Яғни, қазақстандық оппозиционерлердiң жұдырықтай жұмылуына не кедергi? Әрине, ортақ идеяның болмағаны кедергi. Оппозиционерлердiң қай-қайсысы да алдымен ұлттық электоратпен санаспай отыр. Олар ешуақытта жергiлiктi халықтың мүддесi тұрғысынан сөйлемейдi. Әрқайсысы өзiнiң саяси амбициясын тықпалауды жөн көредi. Саясаттанушы Сәбит Жүсiпов оппозицияның жеңiлiсi "орыстiлдi электоратты ескермегеннен болды деген" түйiн айтыпты. Ал, бұған Президенттiң кеңесшiсi Ермұхамет Ертiсбаев "Задолго до "великого открытия" Жусупова я отмечал, что команда Назарбаева интернациональна по составу, в то время как в оппозиции всего один видный функционер нетитульной национальности — Петр Своик. Оппозиция практически не апеллировала к славянскому контингенту и представителям 130 наций и народностей в Казахстане. Знали, что бесполезно. Знали, что абсолютное большинство этой части электората горой стоит за Назарбаева" (Обьектив.кз).

Бүгiн оппозиция өкiлдерi арасында тағы iру басталғандығы осыдан айқындалады. Сайлау өткенге дейiн "Әдiлеттi Қазақстан үшiн" қозғалысының мүшелерi де, "Ақ жол" партиясының лидерi де өздерiнiң сайлау үшiн ғана құрылмағандықтарын сан мәрте қайталаған едi. Алайда, өкiнiшке қарай, сайлаудан кейiнгi олардың қазiргi қарқынына қарап, мақсаттары тек сайлауға қатысу ғана болғандығын аңғару қиын емес. Ең алдымен бiзге жеткен әңгiмелерге қарағанда, "Ақ жол" партиясы тарамақ. Ал, "Әдiлеттi Қазақстан үшiн" қозғалысының да жұмысын әрi қарай жалғастыруы неғайбыл.

Бұның барлығы Қазақстан қоғамына жаңа оппозициясының және оған жаңа лидердiң керектiгiн танытса керек. Ғалымжан Жақияновтың түрмеден босауы осы бiр сұраныстың үдесiнен шығатындай. Бұған дейiн қазақстандық оппозиция Ғалымжан Жақияновтың атын жамылып келгенi белгiлi. Тiптi, соның мүддесiн қорғау үшiн өзара топтасқандығы да айқын. "Демократиялық таңдау" партиясының лидерi ретiнде Ғалымжан Жақиянов аталып келдi. Бүгiнде "Алға, ДВК" болып қайта құрылған бұл партияны "демократия үшiн, Қазақстанды бөлшектеуге әзiр" Асылбек Қожахметов басқарады. Сол себептен де оның халық арасында беделi жоқ. Тiптi, Мәжiлiс сайлауынан кейiн бұл партия арасында да өзара жiк болды. Ғалымжан Жақияновты қолдаушылар жеке кеттi, Асылбек Қожахметовтi жақтаушылар партияда қалды. Алайда, Асылбек Қожахметов өзiн Ғалымжан Жақияновтың iсiн жалғастырушы ретiнде танытқанынан таймады. Ендi, Асылбек Қожахметов партия тiзгiнiн Ғалымжан Жақияновқа беруi тиiс. Бiрақ, бостандыққа шыққан Ғалымжан Жақиянов саяси жолды таңдай ма, жоқ Мұхтар Әблязов сияқты бизнеске кете ме, о жағы айқын емес.

Демек, бүгiнгi оппозицияның басын қосатын бiр идея жоқ. Оппозиция басшыларының әрқайсысы тұлға болғысы келедi. Бұл тек оппозицияға ғана емес, сондай-ақ, ұлт-патриоттары қозғалыстарына да тән құбылыс.

Есенгүл Кәпқызы