АЛМАТЫ МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛГЕ КӨШЕ МЕ?

АЛМАТЫ МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛГЕ КӨШЕ МЕ?

АЛМАТЫ МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛГЕ КӨШЕ МЕ?
ашық дереккөзі

«Алматы мемлекеттiк тiлге көшедi» деген сөз Қазақстандағы мүйiзi қарағайдай саяси қайраткерлердiң үрейiн ұшырмай қоймады. Бұны Мәжiлiс депутаты, «Асар» партиясының төрайымы Дариға Назарбаева да, iрi ақынымыз Олжас Сүлейменов те сынады. «Бұның астарында орыстiлдi майталман мамандарды елден кетiру мақсаты жатыр» деп Олжас Сүлейменов үрiксе, Дариға Назарбаева «Алматының мемлекеттiк тiлге көшуi мүмкiн емес» дегендi айтады.

Қалай дегенмен де қазақ тiлiнiң мемлекеттiк статус алғанына 16 жыл, қазақ елi тәуелсiздiкке қол жеткiзгелi 14 жыл өтсе де, тiлiмiз төрге озбай-ақ қойды. Ал, Иманғали Тасмағамбетов қандай iрi лауазымға қол жеткiзсе де, мемлекеттiк тiлдiң мерейiн өсiру үшiн игiлiктi iс атқарып жүредi. Мемлекеттiк хатшы болған кезiнде де Иманғали Нұрғалиұлы барлық деңгейдегi әкiмдер мен министрлердi, ведомство басшыларын жинап, iрi деңгейде мәжiлiс өткiзiп, мемлекеттiк тiлдi үйренушi мекемелердiң тiзiмiн жасауды Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Гүлжан Қарақұсоваға тапсырған едi. Бiрақ, Иманғали Тасмағамбетов бұл қызметiнен кеткеннен кейiн, жақсы iс аяқсыз қалды. Сөйтiп, тәуелсiз елдiң тiлi бодандықтан бұлқынып шыға алмады. Алматы секiлдi iрi мегаполистi басқаруға келген Иманғали Тасмағамбетов келесi жылдан бастап, әкiмшiлiктер мен департаменттердiң iс-қағаздарын тұтастай дерлiк мемлекеттiк тiлге көшiрудi қолға алып жатыр. «Егемен Қазақстан» газетiнiң 9-желтоқсандағы нөмiрiне берген сұхбатында Иманғали Нұрғалиұлы «Алматы қазақыланбай, Қазақстан қазақыланбайды» деген екен. Сейсенбi күнгi «31 канал» телеарнасының «Тұжырым» бағдарламасында қонақ болған Алматы қалалық Тiлдер басқармасының бастығы Кенжехан Матыжанов 1-қаңтардан қолға алынатын бұл шара кезең-кезеңмен жүрiлетiндiгiн айтады. Ал, Алматы қалалық «Қазақ тiлi» қоғамының төрағасы Эрнест Төрехан қаладағы аудан әкiмшiлiктерiне және құзырлы органдарға арнайы мониторинг жүргiзiп, мемлекеттiк тiлдiң қолданылу аясын зерттеген екен. Алайда, аудандық әкiмшiлiктердiң көбi бұл игi бастамаға дайын емес көрiнедi. Сондай-ақ, билiк мемлекеттiк тiлдi тегiн үйренуге мүмкiндiк жасамаған екен. Қалай дегенмен, мемлекеттiк тiлге қажеттiлiк тумай, оны жүзеге асыру мүмкiн болмасы анық. Осы орайда Алматы қаласы әкiмiнiң қолға алған iсi құптарлық.

Есенгүл Кәпқызы