«ЖЕТIМ ҚЫЗ БЕН ЖАҢА ЖЫЛ»

«ЖЕТIМ ҚЫЗ БЕН ЖАҢА ЖЫЛ»

«ЖЕТIМ ҚЫЗ БЕН ЖАҢА ЖЫЛ»
ашық дереккөзі

Түркiстан сазды-драма театрының репертуары тағы бiр қойылыммен толықты. Театрда тағы бiр спектакльдiң премьерасы өттi. Сая Қасымбектiң «Жетiм қыз бен жаңа жыл» атты музыкалы ертегiсiнiң желiсi бойынша қойылған спектакль атынан көрiнiп тұрғандай, ертегiге құрылған. Спектакльдiң режиссерi де автордың өзi. Музыкамен көркемдеген Қанат Жұмабаев.

Балаларға базарлық ретiнде ұсынылып отырған бұл қойылымның балғын көрермендер үшiн эстетикалық мәнi зор. Қойылымның басты кейiпкерi жетiм қыздың өгей шешеден қорлық көруi, оған итi Алапардың жанашырлық танытуы шынайы.

Қорғансыз жетiм қыз бен қауқарсыз әке, зұлым өгей шеше арасындағы қақтығыс балаларды ерiксiз егiлтiп, жүректерiне мұң ұялатқандай.

Жетiм қызға Алапар итi ғана емес, Тиiн де, Аяз атайдың да жаны ашып, қамқорлық жасап, оған жаңа жыл қарсаңында бақыт сыйлауы сәттi шыққан.

Ертегiнiң қорытынды ширегiнде Жетiм қыздың армандаған, қол созған бақытқа ойламаған жерден жетуi – оның көптен көрген азапты тiршiлiгiнiң өтеуi iспеттi. Қойылым балғын көрермендерге – түбiнде бәрiбiр әдiлдiктiң салтанат құратынын, жамандықты жақсылық жеңетiнiн ұғындырады.

Ертегiнi тамашалаған Ж.Едiлбаев атындағы орта мектептiң оқушылары мен ұстаздары өздерiнiң ертегiден алған әсерiмен бөлiскен едi.

Шәрмет Сырым, 3-сынып оқушысы:

– Маған ертегi ұнады. Ертегiдегi орман жануарлары Қасқыр, Түлкi, Тиiннiң ойыны ұнады. Олардың өлеңдерi мен билерi ұнады.

Еркiнбеков Бауыржан, 5-сынып оқушысы:

– Маған бұл ертегi қатты ұнады. Әсiресе Жетiм қыз бен Аяз атаның ойындары ұнайды. Жетiм қыз әдемi, әрi ақылды. Байдың қызы сияқты жалқау, ерке емес. Ол сосын әдептi, тәрбиелi.

Адиева Шәкизат, 5-сынып оқушысы:

– Мен бұл спектакльде Жетiм қыз өзiнiң ролiн жақсы ойнады деп ойлаймын. Ол әдемi де ақылды қыз. Аяз атай Жетiм қызға жаны ашып оған керемет сыйлық жасады. Сөйтiп қыз ақырында бақытты болды. Бiз бәрiмiз де соған қуандық.

Қожамжарова Гүлзира, Ж.Едiлбаев атындағы орта мектептiң оқытушысы:

– Ертегiнiң балалардың ой-өрiсiн, тiлiн дамытуға септiгi зор. Бiз көрiп тамашалаған ертегi балаларды достыққа, татулыққа, мейiрiмдiлiкке, адамгершiлiкке тәрбиелейдi. Соңғы кездерде қоғамды жайлаған түрлi ақпарат салдарынан (теледидар, компьютер т.б) балалар көркем әдебиет оқуға қызықпайтын болды. Балаларды тәрбиелеуде көркем әдебиеттiң маңызы зор. Бiрақ қазiргi бала шұқшиып көркем әдебиет оқып отырмайды. Ал қызықты ертегiнi көредi. Осы орайда театрдың осындай тәрбиелiк мәнi бар ертегiлер қойып, жас ұрпақты тәрбиелеуге атсалысуы қуанарлық та құптарлық жайт. Ұрпақ тәрбиесi тек бiлiм беру мекемелерiнiң мiндетi ғана емес, ол жалпы қоғамға ортақ парыз.

Түркiстан қаласы

Ә. Ержантегi