ЖЕЛТОҚСАНШЫЛАРДЫҢ ҚАНЫМЕН КЕЛГЕН ТӘУЕЛСIЗДIК

ЖЕЛТОҚСАНШЫЛАРДЫҢ ҚАНЫМЕН КЕЛГЕН ТӘУЕЛСIЗДIК

ЖЕЛТОҚСАНШЫЛАРДЫҢ ҚАНЫМЕН КЕЛГЕН ТӘУЕЛСIЗДIК
ашық дереккөзі

Қалдыбай Әбеновтiң «Аллажар» фильмiн көру арманға айналып барады. Арманға айналып барады дейтiнiмiз, фильмнiң толық нұсқасы әлi күнге экраннан көрiну бақытына ие бола алмай тұр. Оның себебi, фильмнiң эталондық копиясы жоқ. Соған қарамастан жыл сайын Тәуелсiздiк күнiнiң қарсаңында бiр рет көрсетуге мүмкiндiк алатын. Былтыр, ол мүмкiндiгiнен де айрылып қалды. Әрi бейнетаспалар арқылы көрерменге ұсынайын десе, ол едәуiр қаржыны қажет етедi. Сонымен, үш шамадан дүниесiн арқалап жүрген Қалдыбай аға биыл қалалық Орталық тарих музейiнiң арқасында фильмдi көрсетуге мүмкiндiк алыпты. Желтоқсанның 1-күнi «Кино» үйiнде көрсетiлген «Аллажарға» халық өте көп жиналды. Оның едәуiр бөлiгi он жетi-он сегiз жастағы қыз-жiгiттер. Тiптi сол қанды оқиғаның құрбаны болған азаматтар да келiптi.

Фильмнiң жарыққа шыққанына да он жылға тақап барады. Желтоқсан оқиғасының он жылдығы қарсаңында алғаш рет жарыққа шыққан. Сол бiр қасiретке толы қанды оқиғаның ащы шындығын айқара көрсететiн бiрден-бiр фильм – жалғыз «Аллажар». Деректi кадрлармен жымдастырып түсiрген кино Азат есiмдi жiгiттiң басынан өткен оқиғаларды суреттеу арқылы Желтоқсанды көрсетудi мақсат тұтқан. Фильмнiң басынан-аяғына дейiн сол бiр қанды кезеңнiң көрiнiстерi белең алады. Кеңестiк жүйеге, тоталитаризмге жүректерi шыдамай алаңға шыққан өрiмдей жастардың қан-жоса болған кейпiн көргенде жүзiңiз шыдамайды. Жылына бiр рет қана көрсетiлу бақытына ие боп жүрген «Аллажар» қазақ баласы мен қазақ қызының бойындағы қайсарлық, ұлттық рух, ұлттық намысты көрсетуге тырысқан. Фильмнен аяусыз қан-жоса болып, ар-намысы төгiлiп жатса да мойымаған жастың бойындағы өр рухты көресiң. Жазықсыз жазаланып, тас түрменiң зорлығы мен қорлығына да шыдаған қазақ жiгiтiнiң бойындағы қайраткерлiк сенiң де қаныңды қоздырып, ұлттық рухыңды оятуға дем бередi.

Ең бастысы, «Аллажар» ғұмыр бойы еркiндiктi, азаттықты аңсаған қазақ халқының сол теңдiкке қалай жеткендiгiнiң куәсi ретiнде түсiрiлген. Фильмнiң басты кейiпкерiнiң өзiн АЗАТ деп атауының сыры да осында жатса керек. Басты кейiпкер әскерден жаңа ғана оралған жас жiгiт. Өзi қалаған университетiне түсiп, өзi армандаған мамандығына қол жеткiзген шақта сұрапыл дауылға кезiгiп, өмiрi астаң-кестең өзгерiп сала бередi. Тұтқиылдан келген дауыл қанша мықты болса да, жас жiгiттiң сағын сындыра алмапты. Өлiм атты аждаһаның өзiн қаймықпай қарсы алды. Басты кейiпкердi сомдаған Ахан Сатаев арқылы бүкiл желтоқсандықтардың қайсар келбетiн фильм арқылы тани алдық десек қателеспеген шығармыз.

Осыдан тұп-тура он тоғыз жыл бұрын болған оқиғаны экранның терезесiн көрiп отырып байқаған нәрсе, сол бiр зұлмат уақыттың әлi де жасырын тұсы көп екендiгi. Қаншама жастың қаны төгiлген ЖЕЛТОҚСАННЫҢ шындығы әлi де толық ашылмай келе жатқандығының куәсi болдық. Өзiмiз көрген фильмдi көркем туынды деп қабылдағанның өзiнде оның өн бойында деректi құжаттар көбiрек қолданылған. Белгiлi қаламгер Әкiм Таразидiң «бұл фильмнiң жетiстiгi сол, өзi түсiрген кадрлердi архивтегi кадрлермен жымын бiлдiрмей жiбергендiгi» деп айтқандай, көркем фильмде деректi мәлiметтер өте көп. Онда бiз танитын қаһармандар Қайрат пен Ләззаттың ғана емес, мыңдаған қазақ жасының қаны аралас жасы бар. Ал, олар кiмдер?! Олар қайда?!

Әлi есiмде. Онда тiптен баламын. Пештiң түбiнде әңгiмелесiп отырған әжем мен анамның күбiр-күбiр әңгiмесiн құлағым шалып қалған. Сөздiң төркiнi алаңға шыққан ауылдағы бiр қыз жайлы. Кiмнiң қызы екенi есiмде жоқ. Әйтеуiр жадымда қалғаны: «Ойбай, сұмдық-ай, әлгi пәленшенiң қызы алаңға шыққан екен. Өзiн де оңдырмай, қан-жоса қып сабап кетiптi. Оқудан да шығарып жiберген дейдi. Кеше әке-шешесi үйiне алып келiптi. Көздерi тостағандай сұп-сұлу едi. Қазiр көрсеңiз танымайсыз, адам танымастай өзгерген. Бұрынғы сұлулықтан жұрнақ та қалмапты. Басында бiр тал шашы жоқ. Жидiп түсiп қалыпты. Құры сандырақтай бередi» деп ақырын ғана күбiрлескен. Кейiнiрек сол әңгiменiң желiсi бойынша, әлгi қыз турасында әжемнен сұрап көрiп едiм: «Байғұс қыз, сол жылдары қайтыс болып кеттi ғой» дедi де қойды. Сөйтiп ол әңгiмеге қайтып оралған жоқпыз. Ал, ол кезде онға тола қоймаған бiздер ЖЕЛТОҚСАННЫҢ не екенiн бiлген де, сезген де жоқпыз?!

«Аллажарды» көрiп отырғанымда, қасымда желтоқсанға қатысқан бiр апай қатар отырған. Әлгi фильмдегi айуандық әрекеттердi көрген сайын қайта-қайта басын ұстап, жиi жүрегiн уқалап отырды. Әрбiр сюжеттi көрген сайын: «бiздi осылай сабады ғой. Бiздi осындай статьямен соттады ғой. Бiздi осылай ұрып-соқты ғой» деп жиi күбiрлеп отырды. Өзi басы-қасында болған он тоғыз жыл бұрынғы сұмдықты қайта көз алдына келтiру оған оңай да емес шығар.

Фильм басталар алдында сөз алған қайраткер қыз Ләззат Асанованың анасы Алтынай апа залда отырған жастарға қарап: «Айналайындар, бүгiнгi фильмде менiң қызымның, менiң қызыммен жасты балаларымның тағдыры бейнеленген. Өз көздерiңмен көрiп, көңiл таразысына салып, өздерiң бағамдарсыңдар. Сол бiр қанды оқиғаға ұласқан зұлматты ендi қайтып сендердiң бастарыңа бермесiн деп тiлеймiн» дедi.

«Аллажарды» көруге Қазақстанның Халық әртiсi Тұңғышбай Жаманқұлов та келiптi. Әртiстiң фильмдi тұңғыш көруi екен.

«Мен желтоқсан боздақтарының қатарында тұрғаным болмаса, өзiмдi сол алаңда үлкен ерлiк жасадым демес едiм. Бiрақ, көптеген қазақтар сияқты сол кездегi қаны төгiлген, ары төгiлген, жүрегi жараланған бауырларымыздың қасында болмағанымызға жаны ауырғанның бiрiмiн. Осы желтоқсанда болған жастарға басу айтып жүрiп, таяқ та жедiк. Сол кездерi төгiлген әрбiр қазақтың алдында басымды ием. Осы фильмдi түсiрiп, жасап шығарған Қалдыбай бауырымның азаматтығының, батырлығының алдында басымды ием. Бұл фильмдi бiрiншi рет көрiп тұрмын. Желтоқсан туралы түсiрiлген фильмдердiң алдында оқ бойы озық тұрған фильм екендiгiне көзiм жеттi. Желтоқсан-желтоқсан деп жалаулатып, оны бiр саяси шеруге айналдырмай, желтоқсан деген жараны жүрегiмiзде мәңгi сақтайық» деген Тұңғышбай ағаның лебiзiн де естiдi залға жиналған қауым.

Желтоқсан желтоқсаншылардың ғана тарихы емес. Ол елiмiз сан ғасырлар аңсаған тәуелсiздiкке қол жеткiзгендiгiмен де құнды. Сондықтан, оны шамамыз келгенше, қадiрлеп-қастерлеу әрқайсымыздың бойымыздағы парызым десек те болады. Тек бiр өкiнерiмiз, ЖЕЛТОҚСАННЫҢ шындығын аяусыз көрсеткен фильмнiң әлi күнге эталондық копиясының болмауы жанды ауыртады. Ал оны жасауға режиссердiң қалтасы көтермейдi. Едәуiр қаржыны талап ететiн «Аллажардың» эталондық нұсқасы болмаса, фильмдi теледидар экранына шығару мүмкiн емес. Соншама қыруар еңбекпен дүниеге келген фильм бүгiн болмаса да, күнi ертең ескiрiп, жарамсыз боп қалуы да ғажап емес. Демек, бүкiл желтоқсаншылардың қайғы-қасiретiн шертетiн, сұрапыл уақыттың сұмдығын әшкерелейтiн «тiрi тарих» құрдымға кетедi деген сөз. Ол фильм сақталуы керек. Бүгiн өзiмiз қол жеткiзген ТӘУЕЛСIЗДIККЕ желтоқсаншылардың қанымен жеткенiмiздi ертеңгi ұрпақ ұмытпауы үшiн де қажет. Тым болмаса, 17-желтоқсан қарсаңында Кино үйiнде бiр рет көрсетiлiп тұру үшiн де оның эталондық нұсқасы жасалуы керек. «Бүгiн болмаса да, ертең он-он бес жыл өткен соң, бiздiң алаңға не себептi шыққандығымыздың ақиқаты айтылар күн туады?» деген АЗАТ прототиптерiнiң қанының не үшiн төгiлгенiн сол кездегi жаңа туған сәби, бүгiнгi жас жеткiншек жадынан бiр сәт шығармау үшiн де бұл фильм қажет.

P.S. Осыдан бiр жыл бұрын Тәуелсiздiк мерекесiнiң қарсаңында газетiмiзде «Аллажарға» алла жар болды» деген үлкен сыр-сұхбат жарияланған. Сол сыр-сұхбатымызда фильмнiң әлi күнге эталондық нұсқасы жоқ екендiгiмен оқырманды хабардар еткенбiз. Иманғали Тасмағамбетовтiң қалаға әкiм болып жаңадан келiп жатқан сәтi болатын. Фильмнiң жарыққа шығуына себепкер болған Иманғали Тасмағамбетовтiң өзi көмек қолын созар деген үмiтiнiң де жоқ еместiгiн алға тартқан режиссер Қалдыбай Әбеновтi әкiм бiр топ желтоқсандықтармен қатар қабылдаған екен. Қабылдауда режиссер өзiнiң фильмi туралы әңгiме қозғап, ұсынысын қалдырғанымен, әкiмнiң қабылдауына қайта кiре алмапты. Сонымен «Аллажардың» жағдайы да бiрқалыпты, өзгермеген қалпында. Келер жылы ЖЕЛТОҚСАН оқиғасына жиырма жыл толады. Тым болмаса, жиырма жылдықтың алдында осы фильмнiң жайын ойлауды ұмытып кетпесе екен деп тiлейiк…

Гүлзина Бектасова