АУ, СОНДА БIЗДIҢ ТӘУЕЛСIЗДIГIМIЗ ҚАЙДА?

АУ, СОНДА БIЗДIҢ ТӘУЕЛСIЗДIГIМIЗ ҚАЙДА?

АУ, СОНДА БIЗДIҢ ТӘУЕЛСIЗДIГIМIЗ ҚАЙДА?
ашық дереккөзі

Биыл Желтоқсан көтерiлiсiне – 19 жыл. Ел тәуелсiздiгiне аттай – 14 жыл. Осы жылдар аралығында бiз неге қол жеткiздiк? Өзге де посткеңестiк елдер тiл мен дiн мәселелерiн ту еткенде, қазақ неге қалыс қалды? Бүкiл Балтық жағалауы елдерi мен ТМД аумағында ұлттық қайта өрлеу процесi басталғанда, бұл процеске қазақ неге қосыла алмады? Алматыдағы орталық алаңда ел намысы үшiн қаны төгiлген қазақ жастарының армандары орындалды ма, осы? Өте аз. Себебi бiз әлi күнге дейiн «кеңестiк» Қазақстанда өмiр сүрiп келе жатқандаймыз…

«Ақпыз, қара, сарымыз, ағайынбыз бәрiмiз»

Кеңестер Одағы кезiнде Қазақстан «ұлттар лабораториясы» аталғаны белгiлi. Ұлттық мәселелерден гөрi ұлтаралық татулық пен достық саясаты ойдағыдай жүзеге асты. Елiмiзге Одақтың түкпiр-түкпiрiнен түрлi ұлт өкiлдерi тоғытып әкелiнiп, әп-сәтте қазақ елi «көп ұлтты мемлекетке» айналды. Бұл саясаттың 1991 жылы Кеңестер Одағының құлағанынан кейiн де жалғаса бергенi қалай?

1995 жылы Қазақстан халықтары ассамблеясы құрылды. Кеңестiң кезiндегiдей елiмiздегi түрлi ұлт өкiлдерiнiң қарым-қатынас тiлi – орыс тiлi болып қалғандықтан, ассамблеяның да «мемлекеттiк тiлi» – орыс тiлi болып шыға келдi. Әу баста ұйым қазақ халқының төңiрегiнде өзге ұлт өкiлдерiнiң шоғырлануы үшiн құрылған едi. Бiрақ, олай болмады. Өз туған елдерiне бара қалса, қазақ болып қабылданатын түрлi ұлт өкiлдерi өздерiн мұнда ұлт ретiнде идентификациялап жүр. Себебi мемлекеттiң ұстанып отырған саясаты сондай. Бұл саясаттың халық құлағына сiңiрiлiп жүргенi соншалықты, лауазымды тұлғалардан бастап көше сыпырушыларына дейiн «Қазақстанда 100-ден астам ұлт өкiлi» тұратынын бiледi. Телесериалдар мен телебағдарламалар, мақалалар мен өнер туындылары осыны ғана мадақтайды, «паш етедi». Қазақстанның алғашқы телехикаялары – «Тоғысқан тағдырлар» мен «Саранча» фильмдерiнде ұлтаралық татулықтың қазақстандық үлгiсi көрсетiлдi. Жоғарыдан бұйырылған саясат бойынша, ұлтаралық татулықты сақтау үшiн ұлтаралық неке құру керек екен. Жiгiтi – қазақ, қызы – орыс, күйеуi – орыс, әйелi – қазақ болып келетiн бейнеклиптерден де шаршадық. Қазақ қазақты, орыс орысты жақсы көретiн бейнеклиптер жоқтың қасы. Бұның үстiне қазiр бүкiл телеарналарда берiлiп жүрген «Алға, Қазақстан» саясатына сай шығарылған әндi қосыңыз. Дастархан басында ұлттық киiмдердi киген түрлi ұлт өкiлдерi жиналған. Бәрi де Кеңес заманындағыдай… Интернационалистiк саясатқа «Хабар» арнасындағы «Қазанстан», «Бiздiң көшенiң тұрғындары», «Достархана» бағдарламалары арналған. Қарап отырсаңыз, кеңес замандағы орталық телеарналардың мiндетiн өз қолына алғандар да бар. Бiр қызығы, бұл бағдарламалар көбiне қазақ тiлiнде шығады. Сонда ұлтаралық татулық мәселесi тек қазақтарға арналған ғой, сiрә…

Қазақстан халықтары ассамблеясы осы 10 жыл iшiнде неге қол жеткiздi? Ұлттық-мәдени орталықтары, мектептерi ашылып жатқаннан кейiн, өзге ұлт өкiлдерi үшiн оның маңызы зор болар. Бiрақ мемлекеттiк тiлдi өзгелерге мойындата алмайтын ассамблея қазаққа бiр жақсылық әкелдi ме осы? Кешендi жұмыс жасалынғанында, өзге ұлт өкiлдерi орыс тiлiнiң емес, қазақ халқы мен қазақ тiлiнiң аясында шоғырланар едi. Бiрақ әрбiр жиыны орысша өтiп, кей-кейде ақпарат құралдарынан төбе көрсетiп қоятын халықтар ассамблеясы көпұлттылық саясатты дәрiптеу үшiн ғана құрылғандай.

«Қазақстанда 100 ұлт тұрады» – деген ертегi. Бiрiншiден, елiмiзде 100 ұлттың өздерi емес, ұлт өкiлдерi тұрады. Екiншiден, Қазақстанда қазақ халқының үлес салмағы 60 пайыздан асып отырғанда, қалған 40 пайыз халық қалайша 99 ұлт өкiлi болуы мүмкiн? Негiзiнде қазақтан тыс елiмiзде азды-көптi 11 шақты ұлт өкiлi тұрады. Оның үстiне көптеген ұлт өкiлдерi тәуелсiздiктiң алғашқы жылдары өз Отандарына кеткен жоқ па? Осылайша Кеңес Одағы тұсында 17 миллионнан асқан Қазақстан халқы тәуелсiздiк жылдары 14 миллионға дейiн кемiдi. Бiрақ елiмiзге келiп жатқан қандастарымыздың арқасында халқымыз 15 миллионға таяп келедi. Сол сияқты елiмiздегi мұсылмандар 70 пайыздан асып, православ дiнiнiң өкiлдерi 21 пайыздай болғанда, қалған 9 пайыз – қалайша 100-ден аса дiн өкiлi болмақ? Сондықтан, түрлi дiндердiң алыстан арбалап әкелiнуi орынсыз. Ұлттық саясатқа керi әсерiн тигiзетiн «көпұлттылық саясат» кеңес заманынан қазақ елiне мұраға қалғандай. Әйтпесе бұл саясат мемлекеттiк деңгейде дәрiптеле ме?

Мемлекеттiк тiлдiң абыройын сотта қорғауға мәжбүрмiз

Өткен 14 жыл iшiнде ұлттық мүдденi алға қойып, мемлекеттiк тiл мен дiн мәселелерiн өз тұғырына жеткiзуге әбден болар едi. Бiрақ, амал нешiк, қазақ тiлiнiң хәлi мүшкiл. «Iс-қағаздарын 2010 жылға дейiн мемлекеттiк тiлге көшiремiз» дегендей ұрандар болмаса, тiлдiң дамуына арналған кешендi жұмыстар өте аз. Отандық заңдардың босаңдығы мен билiктiң немқұрайлы көзқарасы қазақ тiлiнiң дамуын тежеп отыр. Содан болар, патриот азаматтар қазақ тiлiнiң БАҚ-дағы заңды орнын сот арқылы шешуге мәжбүр. «АиФ» газетiмен соттасқан Мақсұт Оразай да, бiрқатар телеарналармен соттасқан Кенесары Қаптағаев та ерiккеннен сотқа жүгiнбеген. Олардың мемлекеттiк тiлдi ақпарат құралдарына мойындатудағы соңғы амалы – сот болса керек. Күлкiлi жағдай. Мемлекеттiк тiлдi қорғайтын заңды талаптар бар, Құдайға шүкiр… Бiрақ сол талаптарды сот арқылы мойындатуға мәжбүрмiз.

Ал, өзге де посткеңестiк елдерде ұлттық мәселелер мемлекеттiк деңгейде шешiлiп келедi. Сондықтан Латвияда ана тiлiн қорғау үшiн шыр-пыр болып сотқа жүгiнген Мақсұт ақсақалдай латыш қариясын көрмейсiз. Сырт мемлекет патриоттарын соншалықты сорлатып қойған жоқ. Украина болса, тiптi, өзiне қарасты Қырым автономиясына дейiн мемлекеттiк тiл – украин тiлiн енгiзiп бердi. ТМД елдерiнiң бәрiнде мемлекеттiк тiл – жергiлiктi ұлттың тiлi болып танылды. Тек қана Қазақстан Конституциясында орыс тiлiне «ресми» деген атақ берiлген.

Ортақ идеологиялық ұстаным қайда?

Бiзде отарсыздану саясатының жүрмегенiн зиялылар көп айтады. Ашына айтады. Бұл саясаттың маңызы сонда, «кеңестiк саяси мектеп шекпенiнен» шыққандықтан, кеңестiк саясатты дәрiптейтiн шенеунiктер тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарынан-ақ өз орындарын босатуы тиiс едi. Ақиқат сыры да ашылуы тиiс болатын. Бiрақ олай болмады. Коммунистiк партбилетiн жаңа заманғы партиялардың билеттерiне ауыстырған кейбiр лауазымды тұлғалар ел қамын емес, бас қамын ойлап кеттi. 1986 жылы қазақ жастарына қарсы шыққандар да әлi күнге дейiн лауазымды тұлғалар санатында. Отарсыздану саясаты түгiлi бiзде Қазақстан халықтарының басын бiрiктiретiн идеология жоқтың қасы. «Көп ұлттылық саясат» бiрiктiруден гөрi бөледi. Қазақстанда тұрғасын өзiн қазақ санайтындар бiртiндеп өздерiнiң ұлттарына бөлiне бастады. Бiр қызығы, сыртта Қазақстан халқының ортақ «қазақтар» деген атауы болса да, ел iшiнде олар – орыстар, ұйғырлар, чешендер, украиндар, тағысын тағылары. 14 жыл iшiнде олар тым болмаса қазақша ауызекi сөйлей алатындай дәрежеге жете алар едi. Мемлекеттегi кертартпалықтардан қазақ тiлi – ешкiм де менсiнбейтiн, нағыз «диаспора тiлiне» айналғандай.

Идеологиялық дефицит руханият саласында қатты сезiлуде. Халық қай дiннiң жетегiнде кетерiн де бiлмейдi. Телеарналарда – евангелистер мен кришнаиттердiң уағызы. Жарнамаларда – сайентологтар мен өзге де миссионерлiк ұйымдардың шақыруы. Бiзде бәрiн өз атауымен атаудың иiсi де жоқ. «Қазақстан – көп ұлтты, көп дiндi мемлекет емес. Қазақстан халқы бiреу. Ол – қазақ ұлты. Мұндағы негiзгi дiн – Ислам дiнi» дегендей мемлекеттiк ұстаным жоқ. Бұл бiздiң трагедиямыз.

Кеңес заманында қазақ мүддесi ылғи артқа шегерiлiп келген едi. Елiмiз тәуелсiз болса да, қазақ мәселесiне деген көзқарас баяғы қалпында. Бүгiн ұлттық мәселелер сот арқылы шешiлуде. Кiм бiледi, ертең не боларын?! Ұлттық мәселелер кейiнге қала берсе, қазақтың да шыдамы таусылмай ма? Халықтың ашу-ызасы бұрқ етiп шықпасына кiм кепiл? Түптiң түбiнде, ұлттық мәселесiз ешбiр мемлекет ел бола алмайды…

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА