ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАҚЫЛАУШЫЛАР КІМНІҢ СОЙЫЛЫН СОҒАДЫ?

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАҚЫЛАУШЫЛАР КІМНІҢ СОЙЫЛЫН СОҒАДЫ?

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАҚЫЛАУШЫЛАР КІМНІҢ СОЙЫЛЫН СОҒАДЫ?
ашық дереккөзі

Сайлау алдында өршіп кеткен түрлі алыпқашпа әңгімелерге қарамастан, 4 желтоқсанда Президент сайлауы ойдағыдай өтті. Украина мен Грузиядағы түрлі-түсті революцияларды бақылау бақытына ие болған кейбір шетелдік сарапшылар үшін Қазақстандағы сайлау «қызғылықты» болмапты. «Бұл сайлаудан ішіміз пысты» – деп жатты кейбір бақылаушылар.

Жеткен де бар, жетпеген де бар

Жалпы, еліміздегі ең маңызды әрі басты сайлауды бақылап, есеп беру үшін 1600-ден астам бақылаушылар келіпті. Оның ішінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымынан 500-ге тарта адам, ТМД-дан 417 сарапшы келген. Сонымен қатар, әлемнің 27 елінен 400-ге жуық журналистер Қазақстанға ат басын тіреген. Дүниежүзінің түкпір-түкпірінен келген сарапшылармен қатар, отандық бақылаушылар да сайлау учаскелеріне барып, жағдайды бақылауға мүмкіндік алды. Бірақ отандық журналистер мен бақылаушылардан гөрі кейбір шетелдік мамандарға бақылаушы куәлігін алу қиынға соққанға ұқсайды.

Сайлау барысын қадағалаушы еуропалық ұйымның (ЕНЕМО) 30 өкілі сайлау алдында елден аластатыла жаздады. Әдетте кейбір шетелдік ұйымдардың сайлаудан кейін азуларын қасқайтатыны бар. ЕҚЫҰ да, ЕНЕМО да – осындай ұйымдардың санатында. «Сырт көз – сыншы» – демекші, әлі де сынға бойымыздың үйрене алмағанынан болар, кейбір бақылаушылар шектеуге тап болды. Сайлауға бір күн қалғанда, украиналық бақылаушы-журналистер: «Бізді сайлауға қатыстырмауы мүмкін, себебі бақылаушыларды да «сүзгіден» өткізіп жатқандай» – деп, дабыл қақты. Сөйтсе, қызғылт-сары революцияны басынан кешкен украиналық журналистерге миграциялық полиция шүйлігіп, кейбірінің төлқұжаттарын тартып алыпты. Миграциялық полиция үш журналистің елде қалу мерзімін 3 желтоқсанға дейін қысқартқан. Бұл орайда украиналық «Ратуша» газетінің журналисі Игорь Маркин: «Уақытша аккредитациясы бар әріптестерімізге төлқұжаттарын қайтарып берді, ал қалған 3 журналистің елде қалу мерзімін 3 желтоқсанға дейін қысқартты» – деген еді. Адам құқы жөніндегі қазақстандық бюроның қорғаушысы Виктория Тюленева от үстіне май құйғандай болып, бұндай жағдайды украиналықтар ғана емес, Грузия мен Қырғызстаннан келген сарапшылар да бастан кешуде деп мәлімдепті. Бұған дәлел ретінде Виктория Тюленева «Мигрант» операциясын алға тартыпты. Сайлаудан тыс қалып, реніш білдіріп жатқандардың өкпесі қара қазандай. Десек те, бақылаушы қызметіне кірісе алмағандар өте аз. Украиналықтардың дабылы сайлаудың кезінде еленбей қалды.

ТМД елдерін кезіп жүрген революция елесі билікті сақтық шараларын күшейтуге итермелеген болар. Себебі әрбір шетелдік ұйымның артында белгілі мақсат-мүдде жатқаны анық.

Орталық сайлау комиссиясы мен exіt-pool есебі әрқилы

Сайлау күні Алматыдағы басқа учаскелерге қарағанда, Медеу аудандық № 310 және № 300 сайлау учаскелерінде шетелдік бақылаушылар мен журналистер шектен тыс көп болды. Себебі № 310 сайлау учаскесінде Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткер Жармахан Тұяқбай дауыс берсе, № 300 сайлау учаскесінде президенттікке екінші үміткер Әлихан Байменов дауыс берді. Шетелдік бақылаушылар мен журналистер де қос үміткерге әрқилы сауалдар жаудырды. Әсіресе шетелдік журналистерді сайлаудан кейінгі жағдай қатты толғандыратыны байқалып-ақ тұрды.«Сайлау әділ өтпесе алаңға шығасыз ба?», «Егерде жеңіліп қалсаңыздар, өзге де оппозициялық күштермен қосыласыздар ма?», «Көтеріліс болуы мүмкін бе?», тағысын тағылары… Негізгі үміткерлер өздеріне тиесілі сауалдарға байыппен жауап берді.

Сайлау барысында exіt-pool жүргізіп, яғни дауыс беріп болған сайлаушыларды сыртта тосып, олардың кімге дауыс бергенін сұрастырып, сол арқылы үміткерлердің дауыстарын есептейтін бақылаушылар да болды. Бір қызығы, сайлаудан кейін есеп берген exіt-pool мен Орталық сайлау комиссиясының есептері әрқилы. Екі жақтың есебінде де Президент Нұрсұлтан Назарбаев көп дауыс жинаған. Бірақ Орталық сайлау комиссиясының мәліметі мен exіt-pool-дың есебінде шамалы ғана айырмашылықтар бар секілді. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Оңалсын Жұмабеков сайлаудың алдын-ала берілген есебін төмендегідей келтіреді: Нұрсұлтан Назарбаев – 91,1 пайыз, Жармахан Тұяқбай – 6,64 пайыз, Әлихан Байменов – 1,65 пайыз дауыс алған. Ал, Қазақстан әлеуметтік-экономикалық ақпарат және болжау институты жүргізген exіt-pool есебі бойынша, Нұрсұлтан Назарбаев – 77,65 пайыз дауыс алса, Жармахан Тұяқбай – 13,42 пайыз дауыс жинаған. Әлихан Байменов те әжептеуір дауыспен үшінші орынды межелеген. Еуразиялық рейтинг агенттігінің есебіне сенсек, Нұрсұлтан Назарбаев 84 пайыздан астам дауысты, Жармахан Тұяқбай 9 пайыздан астам дауысты иемденсе, Әлихан Байменов – 3,46 пайыз дауыс алыпты. Әлеуметтік зерттеу және болжау институтының деректері де Орталық сайлау комиссиясының есебінен гөрі exіt-pool жүргізген әріптестерінің дерегіне көбірек ұқсас. ОСК-ның дерегінен өзгеше есеп келтірген әлеуметтанушылар баспасөз мәслихаттарында ақталып бағуда. Мәселен, Еуразиялық рейтинг агенттігінің атқарушы директоры Юрий Черкасов: «Біздің есебіміз ресми деректерден сәл өзгеше болып жатса, біз мұны көбіне қала тұрғындары арасында сауалнама жүргізгенімізбен түсіндіреміз. Қала тұрғындары көбіне оппозиция атаулыны қолдайды. Бірақ жалпы ОСК мен біздің есептеріміздің арасында алшақтық жоқ» – дейді.

Сайлау күні № 300 сайлау учаскесінде дауыс берген Әлихан Байменов: «Өкінішке қарай, Қазақстанда бақылау жүргізіп отырған тәуелсіз ұйым жоқ деп ойлаймын. Ресей БАҚ-тары айтпақшы, Қазақстанда әлеуметтану ғылымының қолданбалы түрлері әлі де болса қалтаның ойыншығы болып отыр,» – деген еді. Бәрі демесек те, кейбір бақылаушы ұйымдардың қалта ойыншығына айналғаны шындық та болар.

Сайлауды ЕҚЫҰ сынаса, ЕҚЫҰ-ны ТМД бақылаушылары мінеді

Сайлау барысына баға беру үшін бас қосқан ТМД бақылаушылары әу бастан-ақ қауіпті ЕҚЫҰ бақылаушыларынан күтсе керек. Содан болар ТМД өкілдері Қазақстандағы Президент сайлауына оң баға берумен қатар, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының сайлау күніндегі үнсіздігіне алаңдаушылықтарын білдірді. Тіпті, бұл халықаралық ұйым тарапынан сын айтылса, оларға сенімсіздік таныту қажеттігін ұсынғандар да болды. Айтқандай-ақ, сайлаудан кейін ЕҚЫҰ-ның есебінде сынның қарасы көрінді. Алдымен, ұйым жанындағы Адамның демократиялық құқықтарын қорғау жөніндегі бюросы сайлаудың демократиялық талаптарға сай өтпегендігін мәлімдеді. Бұған қарсы жауап ретінде Оңалсын Жұмабеков «ЕҚЫҰ-ның ақиқаттың негізгі ошағы еместігін» баса айтты. Одан кейін халықаралық бақылаушы ұйымның төрайымы Одри Гловер сайлаудың әлемдік қағидаттардың бірқатарына сай емес өткізілгенін жеткізді. Бұл кезде Алматыда ТМД бақылаушылары мен Еуропарламент өкілдері арасында от шыға жаздады. Еуропарламент те сайлау бағасын екіұшты берді. Бір жағынан, үлгі алатын тұстарды айтты. Сайлау күні кейбір учаскелерде 18-ге толған жас сайлаушылар мен ең қарт сайлаушыларға сыйлық беріліпті. Еуропада сайлау десе, халық белсенділігінің төмендігін де айта кету керек. Сондықтан Еуропарламент өкілдері «халықты сайлауға сыйлық арқылы да тарту – үлгі аларлық дүние» деді. Екінші жағынан сайлауда орын алған кейбір олқылықтарды да жоққа шығармады. ТМД бақылаушылары баж ете қалды. Олар үшін бұл сайлау ешбір кірбіңсіз, ашық және демократиялы түрде өткен еді. Сондықтан сайлауды сынауға тырысқан еуропалық халықаралық ұйымдар өкілдері ТМД бақылаушыларынан қарсы сын естіп, аңтарылып қалды.

Бір айта кетерлігі, Қазақстанда сайлау өтеді десе, әлемнің түкпір-түкпірінен түрлі халықаралық ұйымдардың бақылаушылары шектен тыс көп келеді. Бұл олардың елімізге деген жеке қызығушылығы ма, әлде олардың артында жеке мүдде-мақсаттар тоғыса ма? Әлбетте, әрбір ұйым белгілі бір мақсатты көздейді. Егерде ТМД бақылаушылары Қазақстандағы әрбір сайлауға жоғары баға беріп отырса, бұл «кеңестік бауырластықтан» гөрі жеке мүдделердің тоғысқанын білдірмей ме? Оның үстіне посткеңестік елдерді шарлап жүрген революция елесі қазірше төңкерісті басынан кешпеген елдерді бірге болуға итермелейді. ЕҚЫҰ-ның да ТМД аумағындағы сайлауларда өз мүддесі бар. Сын тегін айтылып, мін тектен-текке тағылып жүрген жоқ. Бұл – екі түрлі жүйенің, екі алып күштің өзара шайқасы. Бұл шайқаста халықаралық бақылаушы ұйымдар арттарында тұрған алып жүйелердің шашбауын көтереді. Тек Орта Азия үшін жүріп жатқан шайқаста Қазақстан өзінің ұлттық мүддесін аяққа таптатпаса игі еді.

Жалпы айтқанда, халықаралық бақылаушы ұйымдардың президенттік сайлауға деген бағасы оң. «Өткендегі Парламент сайлауына қарағанда, елдегі демократияның алға жылжығаны байқалады» – дейді, кейбір сарапшылар. Бірақ демократия деп шулайтын халықаралық ұйымдарға қазақтың демократиялық құқықтары қызықты емес сияқты. Шетелдіктер бізден басқа «демократияны» іздейтін тәрізді.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА