Дос Көшім: ТАМСАНУ МЕН ТАҢҒАЛУ БАСЫМ...

Дос Көшім: ТАМСАНУ МЕН ТАҢҒАЛУ БАСЫМ...

Дос Көшім: ТАМСАНУ МЕН ТАҢҒАЛУ БАСЫМ...
ашық дереккөзі

5 жыл бойы Қазақстандағы сайлаулардың қалай өткенін қадағалайтын Тәуелсіз бақылаушылар жүйесінің басшысы қызметін атқарған, сайлау заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізетін Мемлекеттік комиссиясының мүшесі болған, ҚР Мәжіліс пен Сенаттағы сайлау мәселесіне арналған жұмысшы топтарында жұмыс істеген, Жоғарғы Кеңестің депутаттығына кандидаттыққа түскен, Қазақстандағы сайлау мәселесі жөнінде Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Вена, Варшава қалаларындағы конференцияларына қатысып, баяндамалар жасаған, ал қазір "Ұлт тағдыры" қозғалысының жетекшісі Дос КӨШIМ мырза елімізде өткен президенттік сайлау туралы "Түркістан" газетімен ой бөліскен еді.

— Дос аға, күні кеше ғана өткен президенттік сайлау туралы пікір сан алуан. Сіз сайлауды қалай бағаладыңыз?

— Қазақстандағы сайлау мәселесін біршама білетін адам ретінде пікір айтсам, биылғы сайлау бұрынғы сайлауларға қарағанда ерекше өтті.

— Нақтырақ айтқанда?

— Негізі сайлаушылардың белсенділігі шын мәнісінде жоғары болды. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, оппозиция мен биліктің арасындағы күрестің шиеленісуі мен Украина, Грузия, Қырғызстандағы "түрлі-түсті төңкерістердің" біздің елімізде қайталану қаупі сайлауға деген "бірдемені күтуге" негіз болатын қызығушылықты тудырды. Бұл қызығушылықты билік одан әрі қоздыра түсіп, "республикадағы тұрақтылықты қамтамасыз етуші— сендерсіңдер" деген мәселені қарапайым сайлаушыларға тереңірек сіңіріп, елдің сайлауға неғұрлым көп қатысуына ықпал етті. Екіншіден, бюджеттік мекемелерде қызметкерлерді сайлауға қатыстыруға арналған жұмыстар жоспарлы түрде жүргізілді. Жоғары оқу орындарында әр факультеттің қай сағатта дауыс беретіні туралы арнайы кесте де жасалды.

— Мұны "дауыс беру процесін өте жоғары деңгейде ұйымдастырған" деп халықаралық бақылаушылар да айтты ғой…

— Әрине, аталған мәселелердің барлығы азаматтардың сайлауға қатысуды өздері шешетін құқығын бұзу болып табылады. Бірақ оған қарап жатқан ешкім болмады. Үшіншіден, сайлау учаскесі орналасқан ғимараттардың қасында тегін тамақ таратылып, концерттер қойылды. Көшелерде азаматтарды сайлауға шақырған "машиналы жаршылар" жүрді. Қысқасы, осылардың бәрі де Кеңес Одағындағы сайлауды еске салды. Жарнамалық әрі ұйымдастырушылық жұмыстардың нәтижесінде дауыс беретін бөлмелердің алдында кезектер пайда болды…

— Бақылаушы ретінде сайлау комиссияларынан өзгерістер байқай алдыңыз ба?

— Иә, жақсы да жағымды өзгерістерді байқадым. Шынымды айтсам, мен мұны күтпегем. Барлық сайлау комиссияларында десек, жалған болар, бірақ жоғарыдан жақсы нұсқау алған және оны қорытып үлгірген комиссия төрағалары бұрынғыдай "белден басуды" күрт азайтты. Өздерін заңның шеңберінде ұстауға тырысты. "Тырысты" дейтінім, қаншама сайлауды өткізіп, әккі болған комиссия мүшелері өздерін қалай ұстауды, қандай іс-әрекеттерді жасауды білмей, абдырап та қалды. Сасқандары соншалық, кейбіреулері бақылаушылардың беттерінен алуды да ұмытып кетті. Бақылаушылардың айтқан ескертулеріне құлақ асқан комиссия мүшелері де көбірек кездесті. Әрине, өмір бойы сол қолымен жазған адамды бір күннің ішінде оң қолымен жаздыру қиын мәселе. Сондықтан сайлау комиссиясының төрағасының мәдениеттілігін кейбір комиссия мүшелерінің дөрекі қимылдары жоққа шығарған жағдайлар да кездесті.

— Сайлау туралы заңнамаларды сақтау мәселесі қалай болды?

— Жалпы сайлау комиссилары "ішкі қыжылдарын" іштеріне сақтай отырып, заң нормаларының шеңберінен шықпауға тырысты. Осы жерде менің көзіме түскен тағы бір мәселені айта кеткім келеді — тек нұсқаумен жұмыс істеп үйренген комиссия мүшелері сайлау заңына келгенде шорқақтық танытты. Бұрын заңның қажеті шамалы болатын — барлығы тек жоғары тұрған бастық пен сайлау комиссясының нұсқауымен не іштей түсінісу арқылы жасалатын. Қысқасы, біздің сайлау комиссияларымыз сайлауды ашық өткізу туралы жоғарыдан бұйрық алса, ашық та жария өткізе алатыны анықталды. Бұдан шығатын тағы бір қорытынды — бұрынғы сайлауларда "жоғарыдан" сайлауды әділ де ашық өткізу туралы бұйрықтың түспегені…

— Біздің байқағанымыз, дауыс беру процесінде сайлаушылар электрондық жүйеден гөрі, қағаз бюллетеньдерді таңдады. Мұның себебі неде?

— Сайлаушылардың көпшілігі қағаз бюллетенмен дауыс беруге үйреніп қалған. Оның үстіне, дауыс беру барысында "Куәліктеріңде штрих код бар екен ғой, онда электронды сайлау жүйесімен дауыс бергендерің дұрыс сияқты?", "Жастар электронды дауыс беруден қорықпайды ғой, бюллетень алып қайтесіңдер?" деген сияқты сыпайы "жөн сілтеу" мен "бағыт-бағдар беруден" бастап, "Сайлаушылардың көпшілігі электронды жүйемен дауыс берсе, дауыстарды санау өзімізге де жеңіл болады, түні бойы отырмаймыз" деп бақылаушыларды да үгіттеу жағдайларының куәсі болдық. Егер электронды дауыс беру жүйесін бақылаудың мүмкін емес екенін ескерсек, сайлауды өткізушілердің ынтасы барлығымызға түсінікті.

— Сайлау алдында сарапшылар мен саясаткерлер түрлі болжам айтқан болатын…

— Ең "қызығы" — сайлау нәтижесінің Қазақстандағы ешқандай зерттеу институттары, әлеуметтанушылар мен саяси шолушылардың болжамдарына сай келмеуі. Олардың көпшілігі Назарбаевтың жеңіп шығатынын алдын ала анық айтты. Бірақ президентке әрі кеткенде 70 пайыздың шамасында дауыс береді деп күтілген. Ал бүгінгі 91 пайыз олардың болжамдарын тас-талқан етті.

— Жалпы осы 91 пайыз туралы да сөз қозғай кетсеңіз? Өзге үміткерлердің ойсырай жеңілуі нені білдіреді?

— Тұяқбайдың алты жарым пайызы мен Әлиханның бір жарым пайызы Президенттің "айқын басымдылығы" ма, сайлауға дейінгі Президент командасының жұмысының нәтижесі ме, әлде бейтарап бағыттағы электоратттың сайлауға деген бейжай, "бізге бәрібір" деген бағасы ма, ол жағы саясат зерттеушілеріне тағы бір жылдық азық болатын сияқты. Бірақ Сталиннің "сайлауда дауыс берушілер емес, дауысты есептеушілер жеңеді" деген сөзін есімізден шығармайық.

— Есіңізде болса, алғаш рет тікелей эфир арқылы пікірталас ұйымдастырылды. Сіз қалай бағаладыңыз?

— Бұл, сөз жоқ, шын мәніндегі жақсы құбылыс. Әр адамға бөлінген уақыттың аздығына қарамастан, халыққа салыстыра бақылау мүмкіндігі берілді.

— Сіздіңше, пікірталаста қай үміткердің шоқтығы биік болды?

— Меніңше, телесайыстағы мүмкіндікті Тұяқбай жақсы пайдалана білді деп ойлаймын. Егер осындай тікелей пікірталастар бір емес бірнешге рет болса және оған көбірек уақыт беріліп, жүргізілу форматы да өзгертіліп отырса (мысалы, журналистердің сұрақтарына салыстырмалы жауаптар беру), көшедегі қаптаған суреттер мен жол бойындағы шашылып жатқан үн парақтардың қажеті шамалы болар еді.

— Сайлауға берілген баға неге әртүрлі?

— Бұл да — Қазақстандағы сайлауда алғаш рет кездескен бір ерекшелік. Жергілікті бақылаушылардың бағаларының әр түрлі болуы түсінікті — оппозиция да, билік те сан түрлі қоғамдық ұйымдар құрып, солар арқылы өздерінің бақылаушыларын дайындап, сайлау учаскелеріне жіберді. 1999 жылдан бері республикалық деңгейде сайлауды бақылайтын бір ғана ұйым — Тәуелсіз бақылаушылардың республикалық жүйесі жұмыс істесе, осы сайлаудың алдында сайлауды республикалық деңгейде бақылаймыз деген 12 ұйым пайда болды. Олардың көпшілігінің сайлауды ешқашан бақыламағанын былай қойғанда, сайлаудан кейін осы бағытта өз жұмысын жалғастыратынына үлкен күмәнім бар. Бірақ әрбір ұйым өзінің алдына қойылған міндетті орындап шыққан сияқты. Ал халықаралық ұйымдардың екі түрлі пікірі — Орталық сайлау комиссияи қатты ойландыруы керек деп есептеймін. Ең бастысы — ЕҚЫҰ-ның сайлауға берген бағасы мен сын-пікірлері Назарбаевтың жақтастары үшін күтпеген соққы болды. Оған Ұлттық демократиялық институттың атынан бақылау жасаған Еуропа бақылаушылары жүйесінің бағасын қоссақ, сайлауға бір жақты ғана — тамсану — баға беруді азайтуымыз керек сияқты. Ал ондаған басқа да халықаралық ұйымдардың, жеке бақылаушылардың топтарының бағалары — саяси қажеттілік пен біздің елімізге көрсеткен кішкентай ғана құрметі деп білемін.

Әңгiмелескен Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ