ЖУРНАЛИСТIҢ ҚҰРЫҒЫНА ТҮСКЕН...

ЖУРНАЛИСТIҢ ҚҰРЫҒЫНА ТҮСКЕН...

ЖУРНАЛИСТIҢ ҚҰРЫҒЫНА ТҮСКЕН...
ашық дереккөзі

Міне, Қазақстан Президентін сайлап, бір ауыздан бұған дейін де мемлекет басшысы болған Нұрсұлтан Назарбаевты таңдадық. Ал, оппозиция елдегі электораттың 20 пайызын да иелене алмады. Неліктен?

Оппозиция сайлау әділ өтпеді деп қанша өзеурегенімен, бұл жолғы сайлаудың бұның алдындағылардан ерекше болғаны кәміл. Демократиялық құндылықтар бұның алдындағы сайлаулардан гөрі көбірек ескерілген секілді. Халықаралық бақылаушылар сайлаудағы орын алған заң бұзушылықтар мен келеңсіздіктерді сөз еткендерімен, оның жалпы сайлау барысына нұқсан келтірмейтіндігін айтуда.

Ендеше, халықтың бұл сайлауда оппозицияны қолдамауының сыры неде? Себеп біреу, президенттікке үміткерлердің дені Қазақстандағы қазақ мәселесін ұмытып кетті. Демек елдегі ұлттық мәселенің ескерілмеуі, халықтың ұлттық идеяны қажетсінбей отырғандығының көрінісі болса да керек. Украина мен Грузиядағы негізгі толқулар ұлттық фактордың жемісі болатын.

Ал кез-келген елде негізгі ұлттың проблемасы шешілмей, оның тәуелсіздігінің болашағы баянды болады деу әбестік. Бізде күні бүгінге дейін ескерілмей келгені де, бүгінде ескерілмей отырғаны да осы ұлттық фактор. Сайлауға дейін халықтың басым дауысына ие болатындығына сенімді болып келген оппозицияның көсемі Жармахан Тұяқбай мемлекеттік тілде сөйлегеніне өкінді. Оны әрі сайлаудың алдында ғана жалпақ әлемге жайып салды. Айталық, жақында өткен теледебаттағы кіріспе сөзі мен соңғы сөзін мемлекеттік тілде сөйлеген Жармахан Тұяқбайға «Право, экономика, политика, культура» (№2, 25.11.2005) атты газетте Андрей Свиридов деген журналист «Во время теледебатов Вы получили отличный шанс выступать первым. Но как Вы его использовали? Вы и вступительное слово, и заключительное обращение произнесли на казахском языке, то есть упустили возможность привлечь на свою сторону русскоязычное население. Значит ли это, что Вам в принципе нечего сказать русскоязычному населению» деген сауал қояды. Әрине, бұл арада журналистің арандатушылық мақсатта сауал қойып отырғанын түсіну қиын емес. Ал, шынымен халықтың атынан сөйлеуге мүдделі үміткер болса, журналистің арандатушылық әрекетінен оңай сытылып, халыққа ұнайтын жауап айтуға болады ғой. Бірақ, Жармахан Тұяқбай бұл жолы да журналистің құрығына өзі барып түсіп отыр. «Я согласен с этим замечанием. Я должен был сказать заключительное слово на русском языке. Это было моя ошибка» деген жауап беріп отыр. Дәл осындай сарындағы жауапты Жармахан Тұяқбай осыдан бірер ай бұрын «Эхо Москвы» радиосының тілшісіне берген жауабында да айтқан болатын. Содан көп уақыт өтпей президенттікке үміткермен тікелей кездесіп, сұхбат жасағанымда, осы сауалды көлденең тартқаным бар еді. Сонда елдің сөзін сөйлеймін деген Жармахан ағамыз журналистің арандатушылығына түсіп қалдым деп ағынан жарылған-тұғын.

Қазақстандағы қазақ мәселесін ашық айтпау себептерін, сайлаушылар алдындағы тактика деп түсіндірген Жармахан бұл жолы да журналистің арандатушылығын сезбей қалды деу мүмкін емес. Егер, Жармахан Тұяқбайдың орнында мен болсам, былай жауап қатар едім. «Әрине, елдегі сайлаушылардың бәріне де менің айтарым бар. Ал, Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Өзін Қазақстан азаматымын, Қазақ елінің тұрғынымын деп есептейтін әрбір адам мемлекеттік тілді білуі керек. Сондықтан, мен ешқандай сайлаушымды жоғалтқан жоқпын деп есептеймін». Егер, оппозицияның біріккен үміткері дәл осылай тіл қатса, ешкім мұның қате демес еді, әрі сайлаушылары да оны мойындаған болар еді. Өкінішке қарай, Жармахан Тұяқбай елде жалпыұлттық саясаттың жоқтығын, әрі оны президент бола қалған күннің өзінде жүзеге асырмайтындығын танытты. Ал, өткен аптада «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының төралқа мүшесі болып келген Болатхан Тайжан аталған қозғалыстан кететіндігін және ол басқаратын «Халық дабылы» қозғалысы президенттікке үміткер 5-еуді де қолдамайтындықтарын мәлімдеді. Яғни, олар бұның себебі үміткерлердің қай-қайсысы да елдегі ұлттық факторды ескермей отырғандығынан деп түсіндірді.

Демек, бізде екі елдің, екі халықтың идеологиясы үстемдік етіп отыр, екі идеология екі жаққа тартып, жақ-жақ айтысқа бастап келеді. Дәл осы газетте, дәл осы мақалада өз пікірін білдірген Нұрболат Масанов «Әлихан Бәйменов пен Жармахан Тұяқбай қазақша сөйлеуі арқылы орыстілді сайлаушылардың дауысынан айрылып отыр» деп сайрапты. Яғни, елдегі біртұтас ұлттық идеяның әлі де жанданбай отырғаны, оның үстіне Масанов сияқтылардың отқа май құйып жатқаны байқалады. Сондай-ақ, осы сайлау барысында «Русская общинаның» «Назарбаевты қолдаймыз, өйткені, ол елдегі орыстар үшін жұмақ орнатып отыр» деген мәлімдеме жасауы да елдегі ұлттық идеяның мемлекеттің жүргізіп отырған идеясынан аулақ жатқанын танытса керек. Жалпы, кез келген мемлекетті алып қарасаңыз ұлттық идея мен мемлекеттік идея қабысып жатады. Бұның бірінен бірін бөліп қарамайды. Яғни, Кеңестер Одағынан қалған жалған ұранның жетегінде ұлттық мемлекет идеясынан аулақтап кеткен сыңайлымыз.

Әрине, бүгінгі қоғам үшін әлеуметтік фактор басты нысанада. Ал, ертең мұнайдың алпауытына айналып, әрбір тұрғынның күнкөрісі артқаннан кейін елде ұлттық фактордың қылаң беретіндігі анық. Сонда ұлттық шиеленістердің орын алуына жол беріп, қарап отырмақпыз ба? Мемлекеттік тілде халыққа арнау сөзін айтқанына өкінетін саяси тұлғалар бізде ғана бар. Демек, біздегі саяси күш әлі де елдің саяси тамырын тап баса алмайды. Ал, президент ұлтты қалай басқарады, ұлттың алдағы болашағы да соған байланысты. Бұл тұрғыдан биліктің де оппозициядан қара үзіп кетері шамалы. Алайда, қазіргі президенттің Жармахан Тұяқбайдан ерекшелігі – ешуақытта мемлекеттік тілде сөйлегеніне өкінетіндігін немесе сөйлегенім қате болған екен деп айтқан емес. Жұрт президентке сол үшін де дауыс берген болар. Ал, Жармахан Тұяқбай тұғырлы тұлға екендігін таныта алмады.

Есенгүл Кәпқызы