Қазақы намысына сызат түспеген

Қазақы намысына сызат түспеген

Қазақы намысына сызат түспеген
ашық дереккөзі

Ауған соғысының батыры Құлымбет Әбдіқұлов туралы қысқа сөз

Ақын халық, батыр халық – дәл аты! – деп, ұлтымыздың біртуар ақындарының бірі Қадыр Мырза Әли жырлағандай, биыл тарихта өз атымен хандық құрғанына 550 жыл толып отырған қазақ халқының талай қиын-қыстау шақтардан аман шығып, бүгінге жетуінің бір сыры – оның қанға сіңген батырлығы, атадан балаға мирас болып келе жатқан ерлік өнегесінің мықтылығы. Аттары аңызға айналған батыр ұлдары мен қыздары өз ұлтының қайсар болмысын айдай әлемге танытқан қазақ халқы – тарих беттерінде қашанда ерлік пен өрліктің, батырлық пен батылдықтың эталоны ретінде сақталатыны сөзсіз.

...Соғыс – астарында үлкен мүдделер жататын саяси ойын. Оны әлемдік билік алпауыттары тұтатқанмен жалынына шарпылатын – қарапайым халық, құрбандығына шалынатын, бірінші кезекте – әскерилер. Өткен ғасырдың 20-жылдарынан бастап іргесіндегі беймаза елдердің бірі, ішкі саяси жағы тұрақсыз, ылғи да атыс-шабысы тоқтамайтын Ауған демократиялық республикасы (АДР) Кеңестер Одағының назарында болды. Өйткені бұл ел арқылы өзіне қауіп төнуі мүмкін деп есептеп, ондағы болып жатқан оқиғаларды жіті бақылап, керек кезінде өз мүддесіне сай ол елдің басшыларына жәрдем беріп отырды. Ақыр соңында 1979 жылдың 25 желтоқсанында Ауған басшылығының өтінішіне орай КСРО өз әскерлерін АДР аумағына кіргізді. Осыдан бастап 10 жылға созылған Ауған соғысы басталды.

Ауған соғысына 22269 қазақстандық жауынгер қатысса, соның бірі – Құлымбет Әбдіқұлов болатын. 1962 жылы Жамбыл облысының Жуалы ауданында дүниеге келген ол, 1980 жылы Шақпақ ата ауылындағы мектепті бітірген соң Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласындағы ДОСААФ-тың 6 айлық жүргізушілер курсын аяқтап, Кременевский совхозында жұмыс істеп жүрген жерінен Жуалы аудандық әскери комиссариаты арқылы Кеңес армиясы қатарына шақырылады. Бұл – 1981 жылдың 5 сәуірі болатын. Алматы облысының Іле ауданы аймағындағы жаттықтыру орталығында екі жарым ай әскери дайындықтан өтіп, 1981 жылдың 25 маусымы күні Ил-86 ұшағымен Алматыдан Кабулге түс ауа келіп түседі. Бұларды алып келген әскери ұшақ жан-жағын әскери тікұшақтар қоршап, әуежайды үш рет айналып барып әрең қонады. Өйткені қорғанышсыз ұшақты тауға бекініп алған ауған зенитшілері оп-оңай атып түсіретін. Бұл жағдайды көрген жас солдаттар бейбіт өмірден соғыс ортасына топ ете қалғанын бір-ақ сезді...

Кабул әскери әуежайы жанындағы уақытша тұрақта бір түн болған соң ертесіне 20 шақты солдатты бөліп алып, тікұшақпен Баграм қаласына алып келді. Баграм қаласында Кеңестер Одағының үлкен әскери базасы орналасқан еді. Сол қалаға жақын орналасқан 108-атқыштар дивизиясына қарасты 86997 әскери бөлімдегі 3 артиллериялық дивизионның батареясы құрамына алынған Құлымбет Әбдіқұлов онда ауыр артиллерия қаруы – 122 миллиметрлік гаубицаны сүйрейтін ЗиЛ-131 әскери машинасының жүргізушісі болып бекітілді. Осылайша оның Ауғанстандағы әскери қызметі бас­талды.

Ол Ауғанстанда соғысып жатқан 40-армияға қажетті азық-түлік пен қару-жарақты жеткізіп беретін әскери колоннаны қорғайтын бөлімдермен бірге талай қауіпті сапарларда болып, қиындықтарды бастан кешірді. Баграмнан шыққан колонна Ауғанстанның Өзбекстанмен шекарадағы Хайратон қаласына үш күн жүріп әрең жететін. Кейде тіпті, Амудариядан өтіп, шекарадағы Термез қаласына барып қайтатын.

– Солайша, Ауғанстанның о шеті мен бұ шетіне шығып, әскери колоннамен жүргенде 3-4 рет атқылауға түсіп қалғанымыз бар, – деп еске алады Құлымбет Әбдіқұлов. – Бірде, шамамен 1981 жылдың қыркүйек айы болу керек, Баграм қаласынан шыққан автокеруен Панджшер асуынан өтіп бара жатқанда душмандардың күшті оқ жаудырғаны сонша, автокөліктердің бір-біріне жақын жүруі мүмкін болмай қалды. Соның кесірінен жиырма шақты машинаның арасы бірнеше шақырымға созылып кетті. Біреулері кейін қап кетсе, екіншілері қауіпті аймақтан тезірек сытылып шыққысы кеп, алға озып кетті. Ал мен жүргізіп келе жатқан машинаның радиаторындағы су қайнап, көліктің жүруі қиынға соғып бара жатқан соң оны тоқтатып, жолды кесіп ағып жатқан жіңішке арықтан су алуға жүгірдім. Шелекке су толтырып алып келіп, радиаторға құя бастағанымда тарс етіп кабинаға тиген оқты байқадым да, машинадан секіріп түсіп көліктің екінші бетіне шығып, дөңгелектің ығына тығылдым. Ізінше бірнеше оқ келіп кабинаға, жанымдағы тастарға тигенін көрдім. Сол кезде артымыздан жеткен БТР әскери машинасы жаныма тоқтап, мені атып жатқандарға қарсы оқ жау­дырды. Содан соң БТР-дан шыққан офицердің бұйрығымен рульге қайта отырдым. Олар менің машинамды артынан итеріп оталдырған соң алға қарай олардың бақылауымен жүріп отырып, қауіпті аймақтан шығып, душмандар оғынан аман құтылдым...

Әрине, бұл Құлымбетке төнген алғашқы қауіп болатын. Бірақ дер кезінде келген көмектің арқасында жолы болды. Алайда сәттілік үнемі күліп қарай бермесі анық. Бірде құтылсаң, бірде тұтыласың. Әлгі оқиғадан жарты жылдай уақыт өткенде, анығырағы 1982 жылдың 8 наурызында Әбдіқұлов қызмет ететін артбатарея өздеріне жүктелген әскери тапсырманы орындап, жорықтан қайтып келе жатқан әскери колонна Баграм аймағындағы Махмудраки қышлағының тұсынан өте бергенде тосқауылға тап болды. Аяқ астынан басталып кеткен атыс ес жиюға мүмкіндік берген жоқ. Өздерінің құрсауда қалғанын сезген Құлымбет Әбдіқұлов автоматын қолға алып, жан-жағына көз салса – колоннада қозғалыс жоқ. Тарс-тұрс атылған оқтар арасынан капитан Ромашенконың «Қоршауды бұзу керек, қозғалыңдар!» деп айқайлай бұйырып жатқанын естіген Құлымбет тез арада бір шұғыл әрекет етпесе, бұл арадан аман кете алмайтынын сезді. (Содан сәл бұрын алдағы көліктің бірін орнынын қозғап, колоннаға жол ашпақ болған семейлік Болат Ағиманов оққа ұшқан болатын). Автоматын ыңғайлап ұстап алған ол алда тоқтап тұрған машиналарға ұмтылды. Рульге енді отырып, машинаны қозғауға әрекет еткенде кабинаға оқ жауып, Құлымбет бой тасалауға мәжбүр болды. Сол кезде өзінен 100 метрдей жерде жараланып, машина дөңгелегін тасалап жатқан жерлес досы, мойынқұмдық Несіпбай Әбдірамановты көріп, оған жәрдем беруге ұмтылды. Жауған оқтың астында тез-тез еңбектеп оның жанына жеткен Құлымбет аяғынан қатты жараланған Несіпбайды бір шұқырлау жерге жеткізіп, белбеуімен санынан қатты байлап қанын тоқтатты. Оған бас-көз болуды прапорщик В.Ф.Морозовқа тапсырып, қайтадан өз машинасына қарай жүгірді. Машина руліне отырған ол көлігін оталдырып, қоршауды бұзып шығуға ұмтылды. Бір қолында көліктің рулі, екінші қолымен оқ жаудырып келе жатқан Құлымбетті душмандар да аямай атқылады. Кабина шұрық-тесік. Радиатордың сау-тамтығы қалмаған, буы бұрқырап келеді. Осылай жан алысып, жан берісіп 300 метрдей жүрген кезде, шамасы ірі калибрлі пулеметтен атылған болуы керек, бір оқ машинаның есігін тесіп өтіп, Әбдіқұловтың сол аяғының балтырына тиіп, ауыр жаралады. Қанша тырысқанымен бойынан әл кетіп бара жатқан қайсар жігіт бұдан әрі рулге иелік ете алмайтынын біліп, машинадан секіріп, жолдың шетіне құлап түсті. Балтырдан тиген оқ аяқтың сүйегін сындырып, жанға батқан ауыр жарақат жауынгерді естен тандырды. Есін жиғанда жол шетіндегі шұқырға жиналған судың ішінде жатқанын, әлі кете қоймаған қыс ызғарынан судың мұз боп қатқанын сезді. Суықтан есін жиып алған ол машинасының жарға тіреліп тоқтап қалғанын, құралдас достарының зеңбіректерін оңтайлап, бүлікшілерге оқ жаудырып жатқанын, кептеліс ашылып – колоннаның ілгері жылжып бара жатқанын көрді. Бұл қозғалысқа жол ашқан Құлымбет болатын...

Полкке бұл оқиғадан аман оралған жауынгерлер Құлымбеттің ерлігін үлкен мақтанышпен әңгімелеп, қиын шақта батырлықтың нағыз үлгісін көрсеткен ер жігітті көкке көтере мадақтап жатса, командирлері Әбдіқұловты «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапаттауға жоғары жаққа құжаттар жіберді. Ұзамай қатардағы жауынгер Қ.Әбдіқұловтың суреті ТуркВО-ның Құрмет тақтасына ілініп, Түркістан әскери округының органы – «Фрунзевец» газеті оның ерлігі жайлы «В час мужества» деген тақырыпта арнайы мақала жария­лап (31.10.1982 жыл, №251(18641), газеттің бірінші бетіне Құлымбеттің әскери парадтық киімдегі суреті берілді. Бұл – ауған соғысында қаһармандық көрсеткен қазақ жігітіне деген құрмет болатын. Тек... лайықты ерлік көрсетсе де Қ.Әбдіқұловқа ұсынылған «Қызыл Жұлдыз» ордені берілмей, «Ерлігі үшін» медалі бұйырды...

Құлымбет Әбдіқұловтың жарақаты ауыр болғаны себепті оны Ауған жерінде емдеу қауіпті болғандықтан Ташкент қаласындағы №340 әскери госпитальға жөнелтіп, сол жерден 1983 жылдың ақпан айында емделіп шыққан соң әскер қатарынан босатылды.

Әрине, ештеңенің тақыр жерден пайда болмайтыны белгілі. Неге десеңіз, Құлымбеттің әкесі Сәдуақас Әбдіқұлов – Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, ерлік көрсеткен азамат. Бір қызығы, ол кісінің ізінен «Сәдуақас Әбдіқұлов 1943 жылы 4 тамызда ерлікпен қаза тапты» деген қара қағаз келіп, 1945 жылдың күзінде еліне аман-есен келгенде таңданбаған адам қалмапты. Оған себеп: 1943 жылдың жазында Орел-Курск доғасындағы шайқаста неміс әскерлері де, Қызыл Армия да үлкен шығынға ұшырап, кейбір жерлерде қоршауға түсіп қалған әскери бөлімдер де болған. Сондай қоршауда қалған бөлімдердің бірі С.Әбдіқұловтың бөлімі болады. Бірақ олар қиын жағдайға шыдамдылық танытып, тапқырлықпен соғысады. Түн қараңғысында қамсыз жатқан неміс әскерлеріне шабуыл жасап, қоршауды бұзып шығады. Тобын бұзбай, ешбір шығынға ұшырамай, қайта жаудың көзін құртып, қаруын олжалап келген бөлімше командирі С.Әбдіқұловты және бірнеше жауынгерді әскери басшылық Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынады. Алайда ол атақ С.Әбдіқұловтан басқаларға бұйырып, оған «Ерлігі үшін» медалі беріледі. Тағдырға дауа бар ма, міне осы жағдай тура қырық жылдан соң Сәдуақас Әбдіқұловтың ұлы Құлымбет Әбдіқұловтың өмірінде де қайталанды. Әрине, ерліктің құнын ешбір орден-медаль ақтамайды, дегенмен әділетсіздіктің аты – әділетсіздік!

Әскерге кеткен Құлымбеттен келетін хаттардағы адреске қарап, ұлының Ауғанстанда екенін білетін Сәдуақас ақсақал бірде пошташы әкеп берген хаттағы штамптан «Ташкент» деген жазуды танып қалып, дереу жолға шығып, сол қаладағы әскери госпитальға жетеді. Барса – ұлының сол аяғының жіліншігі быт-шыты шығып, кесуге дайындап жатыр екен. Госпитальдің хирург-профессоры, подполковник М.С.Григорьевке жалынып, қайткенде де ұлының аяғын емдеп жазуды өтінеді. Ақыры ардагер ақсақалдың тілегі қабыл болып, жарты жылдай уақыт емделген ұлы құлан-таза айығып, аяғын алшаң басып кетеді.

Міне, осындай қиын-қыстау кездерді бастан кешірген жауынгер-интернационалист Құлымбет Әбдіқұлов 1988 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды «Құқықтану» мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын сол жылы Алматы қаласы, Октябрь ауданы прокурорының көмекшісі болып бастап, соңынан Жамбыл облысында прокуратура саласында басшылық қызметтер атқарды.

Қазіргі күнде Тараз қаласында тұратын Құлымбет Әбдіқұлов сонау бір жылдарда ауған жерінде бірге әскерде болған достары – Бауыржан Таспауов, Несіпбай Әбдіраманов, Марат Мырзахметов, Берік Шукаманов, Әмірхан Садықовпен жиі кездесіп, сонау жылдарда Ауған топырағында көз жұмған Нұрғали Шорабаев, Берік Тобағабылов сияқты қыршын кеткен жігіттерді еске алып отырады.

Құлымбеттің былайғы жұртқа байқала бермейтін бір қасиеті – кітапқұмарлығы. Мектепте жүрген кезінен басталған бұл құмарлық әлі күнге дейін толастаған емес. Тіпті Ташкент госпиталінде жатқан кезінде ізінен келгендерден кітап ала келуін сұрайды екен. «Құлымбет Ташкентте жатып, ауылдағы кітапхананы оқып тауысты» деп қалжыңдайтын достары да бар көрінеді. Бұл, әрине, тегін емес. Жастайынан батырларды үлгі тұтып, адалдыққа, достыққа берік боп өсуге әдебиет әлемінің әсері күшті болатыны анық. Батыр Бауыржан Момышұлымен бір топырақта дүниеге келген Құлымбет қаһарман жазушының өрлікке жетелейтін, ерлікті дәріптейтін шығармаларындағы кейіпкерлерді өзіне үлгі тұтып өскені даусыз.

Жас ұрпаққа өмірі өнеге боларлық Құлымбет Әбдіқұлов сынды азаматтың ерлігі жайында талай жерде айтылып та жүр. Оның азаматтық тұлғасы жайында Рахым Сатаев, Жамбылбек Шоқыбас секілді журналистер қалам тербеді. Ал теміртаулық ақын Руза Алдашева өлеңдер топтамасын арнады.

...Көнеден қалған кестелі жырдың бірінің былайша толғайтыны бар-ды:

Атаға тартып ұл тумас,

Шешеге тартып қыз тумас.

Атаға тартып ұл туса,

Шешеге тартып қыз туса,

Ел басына күн тумас!

Ия, Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен Сәдуақас Әбдіқұловтың ұрпағы Құлымбет Әбдіқұлов – нағыз атаға тартып туған ұл болды. Қиын шақта қара басының қамын күйттемей, жолдасын жолға тастамаған оның мәрттігі – туған халқының намысына сызат түсірмеуді өзінің азаматтық міндеті деп білетін қазақы ірілік болатын. Ал ірілердің үлгісі де ірі, өнегесі де қадірлі, қашанда.