24 Наурыз 2018, 20:50 1459 0 Білім Túrkistan Gazeti

Сауатты жастарды оқыту – әрбір ұстаздың арманы

Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», – деп рухани жаңғырудың жедел қарқын алуын алдымызға тартқан болатын. Жалпы, зер салып қараған жанға бірден аңғарылатыны – әлеуметтік мәселелер Елбасының әр жыл сайынғы Жолдауындағы ең басты тақырып. Бұл сөзімізге тағы бір дәлел – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жақында жариялаған «Бес әлеуметтік бастама». Бұл – Елбасы Жолдауларындағы бағыттарды жүзеге асыруға жол ашатын нақты қадам. Әлеуметтік бес бастама – Елбасының халыққа жасаған ерекше қамқорлығының айқын көрінісі.

Елбасы жариялаған бұл бастамалар – қазақстандықтардың әлеуметтік жағ­дайын жақсартуға арналған маңызды шешім. Бәрі де халықтың көкейінде жүрген өзекті жайттар. Барлығы да бұрыннан түрлі деңгейлерде сан мәрте көтеріліп, айтылып келгенімен қаржылық мүмкіндіктер қолбайлау болып, мезгілі келген кезде көтеріліп отырған мәселелер екені түсінікті. «Ештен кеш жақсы», бәлкім бұл да дұрыс шығар. Халықтың жағдайы түзеле бастағанының да дәлелі іспетті емес пе?!

Халқымыздың мүддесімен үндес келген бұл Үндеу – Қазақстан мемлекетін дамыту жолындағы ерекше тарихи кезең болғалы тұр. Президент халықты қолжетімді баспанамен қамту, салық жүктемесін азайту, жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру, шағын несие беруді көбейту және елді газбен қамтамасыз етуді ұсынды.

Әр отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру мақсатында Ұлттық банк арнайы ұйым құру арқылы жаңа ипотекалық «7-20-25 бағдарламасын» дайындады. Оның негізгі шарты – несие өсімінің мөлшерлемесі жылына 7 пайыздан, бастапқы жарнасы 20 пайыздан аспайтын болады. Несие мерзімі – 25 жылға дейін созылмақ. Жалақысы төмен жұмысшылардың салық жүктемесін азайту үшін Ұлттық экономика министрлігіне 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатын жұмыскерлерге салынатын жеке табыс салығының мөлшерін 1 пайыз етуді тапсырды. Салықты азайтудан түсетін қаржы олардың жалақысын көбейтуге бағытталмақшы.

Қазақстанда әлеуметтік дамудың өзіндік моделі құрылуы – бұл қоғамдағы әлеуметтік сенімнің артуына әкелетіні анық.

Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту мәселесіне ерекше назар бөлінуі жоғары және орта білім беру жүйесінің басшылары мен қызметкерлері, ұжымы үшін аса қуанышты жай болды.

«Әлемдік білім беру жүйесін құруда студенттердің өмір сүру жағдайы басты назарда. Бүгінде ЖОО мен колледж студенттерін жатақханамен қамту сұрақтары көкейде тұр. Аталған мәселені шешу мақсатында жатақхана құрылысын девелоперлік компаниялар арқылы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тетігі негізінде іске асыру керек. 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жатақхана салуды тапсырамын. Тиісті сұранысты ескергеннің өзінде жатақхана тапшылығын біржола шешетін болады», – деді Президент Нұрсұлтан Назарбаев.

Осы орайда, Білім және ғылым министрлігіне жаңа экономикада сұранысқа ие мамандардың қажеттілігін талдау негізінде 2018-2021 оқу жылдарына арналған жоғары және жоғары білімнен кейінгі кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын бекіту туралы Қаулы жобасын дайындау жүктелуі істің нақты шешім табуының айқын көрінісі болмақ. Сонымен қатар, жоғары білім саласына қосымша 20 мың грант бөлінуі, 2020 жылдың соңына дейін студенттерге ең кемі 75 мың орындық жатақхана салу көзделгені нұр үстіне нұр деп айтсақ болады.

Жоғары оқу орындарында жатақханалар жетіспейтіні ешкімге құпия емес. Студент  жастардың бір бөлігі пәтер жалдайды. Баспананың жайсыздығы оқу сапасын төмендетеді.

Сондықтан Мемлекет басшысы шұғыл түрде, бір-екі жыл көлемінде жатақханаға мұқтаж студент жастарға жатақхана салып беруді тапсыруы уақыт талабына өте сай келеді. Дамыған компаниялар мен бизнесте жүрген жандар бірлесе қаржы салып, жатақхана құрылысын қолға алатын болса, бітпейтін іс жоқ. Халқымыз: «Жұмыла көтерген, жүк жеңіл демеуші ме еді?!»

Үндеудегі тұрғын үйге қатысты «7-20-25» бағдарламасы бойынша бюджеттік сала қызметкерлері мен орта табысы бар қазақ­стандықтарды тиімді ипотекалық займ алу мүмкіндігі қызықтырып отыр. Оған қоса, төмен жалақы алатын жұмысшыларға салынатын салық деңгейін түсіру мәселесі жұмыс берушілерді міндеттеместен, екі миллионға жуық қазақстандықтың жалақысын көбейтеді екен.

Өмірдегі барлық тірлік бір-бірімен тығыз байланыста қозғалысқа түсеріне ешкім дау айтпайды. Бұл білім саласына да қатысты. Мәселен, мектеп қабырғасында толық деңгейде білім алмаған жасөспірім жоғары оқу орнында қалай білімін жетілдірер еді? Осы желі әрі қарай жалғасса, не болмақ? Міне, мұғалімнің жалақысын көтеру маңыздылығы осыдан туындайды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арналған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінде «Бес әлеуметтік бастаманы іске асыру барысында мұғалімдердің жалақылары да өсетін болады. Қазір біз мектептерде білім берудің жаңа мазмұнына көштік, бұл мұғалімдердің жалақысын 30 пайызға арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, орта білім беру жүйесінде біліктілік санаттары көзделген. Санаты көтерілген мұғалімдердің жалақысы қосымша 50 пайызға көбейетін болады», – деуінің осындай маңызды себептері бар. Сауатты жастарды оқыту, тәрбиелеу, алтын ұядан мақтанышпен ұшыру – әрбір ұстаздың арманы.

Бізді, ректорларды, жоғары білім сапасы мен оның қолжетімділігіне жасалған тағы бір қадам ерекше қуантып отыр. Бұл қазақстандық жастарды да қызықтырады, әрі үміт сыйлайды. Бұл бастама Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында қажет болатын мыңдаған жаңа мамандарды әзірлеп шығуға мүмкіндік береді.

Сондықтан да білім саласының барлық қызметкерлері мен студент жастары Тәуелсіз Қазақстанды өркендету мен нығайту жолында күш-жігерін мейлінше жұмсай отырып, өз үлестерін қоса береді деп сендіремін.

 

Сәрсенғали Әбдіманапов,

Қазақ экономика,

қаржы және  халықаралық

сауда университетінің ректоры,

Халықаралық жоғары мектеп

Ғылым Академиясының академигі,

педагогика ғылымдарының докторы

           

Соңғы жаңалықтар