Күн тәртібінде – электронды күнделік

Күн тәртібінде – электронды күнделік

Күн тәртібінде – электронды күнделік
ашық дереккөзі
Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаеваның төрағалығымен «Білім беру саласындағы цифрландыру» тақырыбына арналған Үкімет сағаты өтті. Жиынды ашқан Гүлмира Исимбаева Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қоғамды цифрландыру процесін ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін қалыптастырудың аса маңызды тетігі ретінде айқындағанын атап өтті. Сондай-ақ, ол білім беру жүйесін цифрландыру әрбір қазақстандық үшін тиімді орта қалыптастыруға бағытталуы керектігіне тоқталды. Одан әрі білім беру жүйесін цифрландыруға кедергі болып отырған бірқатар түйткілдерді атады. Вице-спикердің пікірінше, білім беру ақпараттық жүйелерін мемлекеттік органдардың басқа да жүйелерімен интеграциялау бойынша жұмыстардың деңгейі төмен. Білім беру ұйымдарының жеткіліксіз жарақтандырылып, мектептерде, интернет желісіне қосылу жылдамдығының төмендігі маңызды мәселеге айналды. Сондай-ақ, білім беру жүйесін цифрландыруды қолдау бойынша бірыңғай оператордың жоқтығына қынжылыс білдірген ол ақпараттық коммуникациялық технология инфрақұрылымын қамтамасыз ету үшін бірыңғай техникалық талаптардың болмауы, кәсіби құзыреттілік деңгейінің төмендігін қаперге салды. «Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» білім саласына ерекше ден қойылды. Елбасы Үндеуде білім грантының санын көбейту және жатақхана орындарын арттыру жөнінде міндет қойғаны белгілі. Бұл – жастардың жоғары білім алуына қол жеткізуді көздейтін ілкімді бастама. Вице-спикер жас буынның шығармашылық қабілеттерін және сыни ойлауын дамыту мақсатында бағдарламалаудың дағдыларын қалыптастыру үшін халықаралық тәжірибелерді зерттеу қажеттігін ескертті. Бұл бағыт бойынша білім беру бағдарламасының мазмұнын үнемі жаңалап отыру қажет. Цифрландырудағы негізгі мақсат – бәсекеге қабілеттілікті арттыру, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, оқу-тәрбие процесін жеделдету және жеңілдету, балаларға, ұстаздарға, ата-аналарға жүктемені азайту. Ең бастысы – білім беру сапасын арттыру. «Біздің балаларымыз халық­аралық деңгейде әртүрлі салаларда, оның ішінде жасанды интеллект және «ауқымды деректер» жасау саласында бәсекеге қабілетті болуға тиіс. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, «елді цифрландыру – бұл мақсат емес, бұл – Қазақстанның абсолюттік артықшылыққа қол жеткізу құралы». Бүкіл процесс жүйелілікті, реттілікті және кешенді тәсілді талап етеді. Бұдан былай балаларға қатысты қосымша анықтамалар жинау қысқартылады. Себебі бірыңғай электронды мәлімет базасы құрылмақ. Соның негізінде бүлдіршіндерді бөбекжайдан мектепке, кейін колледж бен жоғары оқу орнына ауыстыру жеңілдей түспек. Білім саласындағы цифрландыру тақырыбындағы Үкімет сағатында ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев: «Біз электрондық журналды қағаз есепке теңестірдік. Егер мектеп электрондық жүйеге және кең жолақты интернетке қосылған болса, мектеп журналын тек электронды нұсқада жүргізу керек. Оны қайталап, тағы қағаз түрінде толтыру қажет емес және оған тыйым салынды. Тиісті бұйрық қабылданды», – деді министр. Сонымен қатар Ерлан Сағадиев бүгінгі күні мектептің мұғалімдері жүргізетін құжаттар бекітілгенін жеткізді. «Олар тек 5 құжатты толтырады және электронды жүйеге қосылған болса, барлығын электронды түрде жүргізуге мүмкіндігі бар. Осыған байланысты да бұйрық бар. Алдағы уақытта мұғалімдер өздерінің функцияларына сәйкес емес жұмыстарды істемеуі үшін, барлық деңгейдегі басшылар аталған мәселені өз бақылауында ұстауы керек», – деді ведомство басшысы. Тағы бір мәселе – балалардың денсаулық жағдайына жаңа технологиялардың әсері. Балалардың техникамен жұмыс істеуі үшін рұқсат етілген, қатаң тексерілген санитарлық-гигиеналық нормалар болуға тиіс. Білім мен ғылымды цифрландыруды дамыту бойынша орта білім жүйесінде ақпараттандыруды дамыту, білім беруді және ғылымды басқару процесін автоматтандыру және IТ мамандарды даярлау бағытында тиісті жұмыстар 3 бағытта жүргізілуде. Біріншісі – орта білім жүйесін ақпараттандыруды дамыту, екіншісі – білім беруді және ғылымды басқару процесін автоматтандыру, үшіншісі – IТ мамандарды даярлау. Орта білім жүйесін ақпараттандыруды дамыту бойынша бірқатар өзгерістер енгізілмек. Мәселен, бұған дейін «Информатика» 5-ші сыныптан оқытылса, биыл 3-ші сыныптан басталады. Ал 5-11 сыныптардағы осы пәннің оқыту бағдарламасын қайта қарастыру жоспарланған. Қазіргі таңда үш мыңнан астам мектеп пен оқушылар сарайында роботты техника бойынша элективті курс енгізілген. Бүгінге дейін бес мыңнан астам ұстаз біліктілігін арттырса, биыл үш мыңға жуық мұғалімді оқыту жоспарда бар. «Мектептердің инфрақұрылымын дамытып жатырмыз. Қазіргі таңда мектептердің 99 пайызы (6 960 мектеп) интернетке қосылған, оның ішінде 62 пайызы жылдам интернетті қолданады. Оның жылдамдығы 4 Мбит секундқа жетеді. Екі жарым мың мектепте (35%) Wi-Fi тартылды. Барлық мектептерге bilimland деген үш тілдегі инновациялық контент берілді», – деді Е.Сағадиев. Министр келтірген деректерге сүйенсек, 2016-2017 жылдары 14 мыңнан астам мультимедиялық жиынтық сатып алынған. Биыл осы бағытта республикалық бюджеттен тағы да алты миллиард теңге қарастырылған. Сонымен қатар 4 мыңнан астам мектепте электронды күнделік енгізілді. Екінші бағыт – білім жүйесін басқару процестерін автоматтандыру. Осыған сәйкес, балабақшаларға кезекке тұру және жолдама беру кезегін автоматтандырудың жаңа стандарты бекітілді. Мектептерге қабылдау, өзара ауысу электронды режимде іске асырыла бастаған көрінеді. Үшінші бағыт – Бүгінде ақпараттық технология саласындағы білім сапасын арттыру мақсатында университеттер рейтингі әзірленген. Мұндай қадам жоғары оқу орындарында бәсекелестіктің артып, оқу сапасының жақсаруына жәрдемдеседі. Бұдан кейін министр білім және ғылым саласындағы жаңа цифрландыру тұжырымдамасын таныстырды.Тұжырымдаманың тағы бір бағыты – «Big Datа» жүйесін құрып, онлайн талдау жасау. Ол үшін әуелі мұғалімдер мен оқушыларды компьютерлер, ноутбуктер, смартфондармен жабдықтау қажет. Келесі мәселе – білім ордаларындағы интернет желісіне қол жетімділік. «Жоғары жылдамдықты интернетпен мектептердің 62 пайызы жабдықталған, қалғаны қосылмаған. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына сәйкес, барлық мектептерді қосу бойынша Үкіметте нақты жоспар бар», – деген министр бұл бағыттағы жұмыстың былтыр басталғанын, оны екі жыл ішінде аяқтау жоспарда бар екенін мәлімдеді.