15 Наурыз 2018, 10:14 2890 0 Білім Túrkistan Gazeti

Қылышынан қан тамған Хиуа ханы

 XVIII ғасырдың аяғы – ХІХ ғасырдың басындағы Қазақстанның оңтүстігіндегі саяси жағдай оның қалған бөліктеріндегі жағдайдан ерекше болды. ХІХ ғасырдың басында Оңтүстік Қазақстан орта азиялық феодалдық мемлекеттер – Хиуа, Бұхара және Қоқан хандығының талас нысанына айналды. Қазақстанның оңтүстігінде олардың үстемдік ету кезеңі біршама аз уақыт аралығын (шамамен 1810-1866 жылдар аралығы) алса да, бұл кезең –аймақтың Ресей империясына қосылуының тікелей алдында болған маңызды кезең еді.

ХІХ ғасырдың басында Сырдарияның төменгі ағысы мен Арал теңізіне шектесетін, сондай-ақ, Үстірт пен Маңғыстау ауданына орналасқан қазақ қоныстарын Хиуа хандығы басып алды.

ХІХ ғасырдың басында Хиуа белсенді шабуыл саясатын жүргізді. Елтүзер ханның тұсында Мерв түркімендерінің жерін жаулап алған соң, Хиуа хандығының шекарасы кеңейе түсті. Елтүзердің мирасқоры Мұхаммед Рахимның (1806-1825 жж.) кезінде Хиуа ірі мемлекетке айналды. Өзінің саяси қарсыластарымен үздіксіз күресе отырып, ол Хиуа хандығын біріктіру жолындағы күресті аяқтады.

ХІХ ғасырдың 30-жылдарында Хиуа хандығының солтүстік шекарасы – Сырдария өзенінің Арал теңізіне құйысынан басталып, оңтүстік-шығыста – Ауғанстанмен түйіскен жерді алып жатқан мемлекет болып табылды. «Мұхаммед Рахим қайтыс болған 1825 жылы Хиуа хандығы шын мәнінде Хиуа әміршісіне бағынышты саяси біртұтас мемлекет болып есептелінді», – деп жазады Ханыков. Патша үкіметінің мағлұматы бойынша, Хиуаның соғыс уақытында 20 мыңнан 35 мыңға дейін атты әскер жасақтауға мүмкіндігі бар еді, оның 5 мың мылтықпен қаруланған әскері және 7 зеңбірегі де болды.

Гельмерсеннің мәліметі бойынша, Хиуа ханының қолында хиуалықтардың өздері құйған 15 зеңбірек болса керек. Тұрақты әскер ұстап атты әскерлері жалақы алып тұрған. Оларға жылына 25 червонец берілді. Командирлер жылына 40-тан 70-ке дейін черновец алатын.

Хандық үй басынан орыс ақшасымен 15-тен 45 сомға дейін алым алатын, алымды жинаушылар ешқандай жалақы алмайтындықтан қарапайым халыққа қатты қиянат жасаған. А.Вамберидің мәліметі бойынша Хиуадағы салық былайша бөлінген: а) жер үшін салық – харадж, өңдеуге жарамды жердің әр учаскесінен 10 танапқа (бір танап – 60 шаршы кез) 18 теңге (алтынмен 4 сом 50 тиын шамасында) алды; ә) кеден салығы – бұл салық бойынша жүктегі әрбір заттың құнының 2,5 пайызы ұсынылады. Өгіз, түйе және жылқы малдарының басына бір теңгеден алынады. Данилевскийдің хабарына қарағанда, көшпелі тайпалардан хиуалықтар жинайтын салық 1 миллион сомнан аса кіріс береді екен, ал ханның жыл сайынғы кірісі 3 миллион сомға дейін жеткен.

Мұхаммед Рахим Сырдарияның төменгі сағасын мекендеген қазақтарға өз әмірін жүргізді. Бұған дейін Хиуа алым жинаушыларын көрмеген қазақтар қарулы қарсылық көрсетті. Мұхаммед Рахим үш рет – 1812, 1816 және 1820 жылдары қазақтар қонысының ойранын шығарды. 1820 жылғы шапқыншылық елді қатты жұтатып кетті. Бұл шапқыншылықта бірнеше жүз қазақ қаза тапты, мыңға жуық әйел тұтқынға алынды, хан әскерлері 65 мың қойды, 15 мың түйені, 7 мыңнан астам жылқыны айдап әкетті.

ХІХ ғасырдың басындағы Қазақстанның аса ірі саяси қайраткерлерінің бірі Арынғазы сұлтанның қазақтардың тәуелсіздігін Хиуаның көз алартуынан қорғауға ұмтылған әрекеті нәтижесіз аяқталды. Бұған себеп, Қазақияның жай ғана тәуелді болып қоюын азсынып, қазақ жерін империя құрамына қосып алуға тырысқан орыс үкіметінің сатқындығы еді. Арынғазы Калугада айдауда жүріп, 1833 жылы қайтыс болды. Сырдария қазақтары Хиуа ханына бағынуға мәжбүр болды. Хиуаның табысқа жетуіне билікті аңсаған қазақ сұлтандары мен хандарының өздері қолайлы жағдай туғызды. Хиуа ханының қолдауына сеніп, Шерғазы Айшуақов өзінің қызын Аллақұлға күйеуге берді және өзі ханның қанатының астына кірді, сонан соң оның билігін аз ғана рулар мойындаса да, өзін кіші жүздің ханы етіп жариялатты. Кіші жүз халқының негізгі бөлігі Шерғазыны сатқын деп жеккөрді, сондықтан оны қолдай қоймады.

Мұхаммед Рахим өлгеннен кейін Хиуа тағына оның ұлы Аллақұл отырды. Мұхаммед Рахимның хан сарайында болған ауғандық ханзада Ша-Вадс-Фердух төмендегідей қызықты деректі айтады: «Мұхаммед Рахим қайтыс боларынан бірнеше күн бұрын өзінің екі үлкен ұлын шақырып алып, олардан: «Мен көз жұмған соң хандықты қалай басқаратын ойларың бар?» – деп сұрайды. Аллақұл: «Мұхаммед Риза құсбегі мен Мұхаммед Жүсіп махтеридің ақыл-кеңесімен басқарамын», – дейді. Екінші ұлы Рахманқұл: «Халық қамын ойлайтын боламын және әкемнің өнегесімен жүретін боламын»,– дейді. Бірінші ұлының жауабына разы болмаған, екінші ұлының уәдесіне қуанған Мұхаммед Рахим соңғысын өзінің заңды мирасқоры деп жариялайды». Дегенмен де Мұхаммед Рахим дүние салғаннан кейін сарай маңындағылардың талап етуімен Аллақұл хан тағына отырды. Оның хандық етуі кезінде елді шын мәнінде билеп-төстеушілер инақтар, махтерлер және басқа да сарай маңындағылар болды. Бірінші орынды бір мезгілде әрі бас қазынашы, әрі әскерлерге қолбасшылық етуші сексендегі махтер Жүсіп сарт иеленді. Орыс тұтқындарының айтуына қарағанда, ол мейілінше қатыгез адам болған әрі Ресейді жеккөрген. Аллақұлдың тұсында Сырдария маңындағы даланы мекендеген қазақтармен ұзаққа созылған соғыс қайта басталды. Күрес қазақтар үшін табысты болмады. ХІХ ғасырдың 20-30 жылдарында Шекті, Табын, Төртқара, Байұлы руларының бір бөлігі Хиуа хандығының билігінде өмір сүрді. Хиуа жандайшаптарының ауыр салығын төлей алмаған қазақ кедейлері Хиуа базарларында өз балаларын құлдыққа сатуға мәжбүр болды. «Қырғыздар Хиуаға өз балаларын жиі сатады, – деп жазды Гельмерсен, – оларды сарттар мен өзбектер тиімді бағаға сатып алады да, балалар одан әрі қайта сатылмайды».

Көршілес қазақтардың жерін басып алуға Хиуа хандарын итермелеген себеп қандай еді? Хиуа хандарының ХІХ ғасырдың басындағы жаулап алу жорықтары феодал шонжарлардың мүддесінен туындаған басқыншылық болатын. Қазақ даласына әскери жорық олар үшін баюдың, өз дәулетін арттырудың көзі болды. Сондықтан Хиуа хандарының әскери жорықтары феодалдық тонау шапқыншылығы түрінде жүрді. Тағы бір айта кететін нәрсе, Хиуа хандары өздері бағындырған тайпаларды сауда керуендері мен көрші халықтарды тонау үшін шебер пайдаланды. Мұны Орынбор шекара комиссиясының шенеунігі Д.Голосоз атап көрсеткен. Ол былай деп жазған: «Хиуа төңірегіне жақын жерлерде көшіп-қонып жүрген, бізге бағынышты қырғыздарға, қарақалпақтарға, түркімендерге өз беттерінше билік жүргізген хиуалықтар күш қолданып, әрі тонаушылықпен оларды зекет төлеуге мәжбүр етті, ал Хиуаның эмиссарлары сауда керуендерімен қырғыз даласына өтіп алып және молда кейпіне еніп діни фанатизмді, рулар арасында араздықты қоздырды, оларды керуендерді тонауға, басқа да жұмыстарға айдап салды». 1842 жылы Хиуаға жіберілген подполковник Данилевскийдің қолындағы нұсқауда «Сырдария өзені, Арал теңізінің солтүстік жағалаулары және Үстірттің солтүстік беткейі Ресейдің мемлекеттік шекарасын құрайды, сондықтан Хиуа алым жинаушылары бұл шекарадан өтпеуге және Ресейге бағынышты қазақтардан зекет жинамауға тиіс» деп көрсетілген. Осыған қарамастан шекаралық аудандарда хиуалықтар мен орыстардың арасында жиі-жиі қақтығыс орын алды. Құсбегі Нұрмұхаммед өзінің Перовскийге жазған хатында орыс үкіметінің қазақтар ісіне араласпауын, олардан зекет жинауға бөгет жасамауын талап етті. «Олай болмаған жағдайда, – деп қорқытты құсбегі, – әбден сайланып, сансыз әскермен сенің иелігіңе шабуыл жасаймын және барлық мұсылман меншігін сенен тартып алып кетемін». Ново-Александров қамалынан Хиуаға жіберілген армян Турпаев та осыны айтады. Жолда кездескен қазақтар өздерінің Хиуа шенеуніктерінен қиянат көріп отырғанын білдірген. Турпаев: «Қырғыздар Хиуа ханының өздеріне жасаған қиянатын айтты, бұдан үш жыл бұрын хиуалықтар 400 қырғызды бауыздаған, 40 әйелді күң етіп алып кеткен. Оның үстіне олар тауар тасыған кезде өкіртіп салық салады, түйе басына 5 сом, кейде одан да көп ақша алады десті», – деп жазды. Ал қазақ қауымдарының арасында бірлік болмады. Әрбір ірі ру тобының өз ханы болды және олар дербес саясат жүргізді, сондықтан да хиуалықтар тарапынан жасалған шабуылдарға барынша төтеп бере алмады.

Хиуа әскері Қақпа сексеуіл және Ақтабан тақыр даласы арқылы жүріп, қақаған суыққа қарамастан, Жаңадариядан мұз үстінен өтіп, қазақ қалаларына шабуыл жасады. Жаудың жақындағаны туралы кеш хабарланған қазақтар көшіп үлгермеді де, олар талапайға түсті. Хиуалықтар мол олжаны: 100 мыңнан астам қойды, 40 мыңнан астам түйені, 500 қыз-келіншекті қолға түсірді. 1815 жылдың ақпанында Хиуа ханы қазақтың шекті руын шабуға қият Сүйін би, маңғыт Досым би және Ілияс шиғаул бастаған 5 мың жауынгер жіберді. Хиуалықтар өз астанасына мол олжамен оралды. Бұл үшін Хиуа ханы Сүйін биге мол сый тартты, жылдың қарашасында хиуалықтардың қазақтарға жаңа шабуылы жасалды. Жорыққа жәуміттер, шаудырлар және қарақалпақтар қатысты. Жорық кезінде шабуыл жасаушылар жағынан 20 адам, қазақтар жағынан 2 мыңға жуық адам шейіт болды, ал қазақтың 700 қыз-келіншектері тұтқынға алынды... Осындай жағдайлар, хиуалықтар тарапынан жасалған дүркін-дүркін шабуылдар, оңтүстік өңірді орыстар басып алғанға дейін қайталанып жатты. Дегенмен орыстар келіп, қазақтардың басына жұмақ орната қоймағаны да тарихтан белгілі.

Менің мақсатым – ХІХ ғасырдың басындағы қазақ-хиуа қарым-қатынастары, қақтығыстары хақында шамам келгенше көзі қарақты оқырманға қысқаша мағлұмат беру еді. Біздің негізгі ойымыз – өз алдымызға егемен ел болғанға дейін қандай замандардың баспалдақтарынан өткенімізді, оның ішінде оңтүстік қазақтарының қысқа кезеңдегі тарихының бір парасын айшықтап беру ғана болатын.

 Абдулла Бекәділұлы,

Қорқыт Ата атындағы

  ҚМУ магистранты

Соңғы жаңалықтар