Солсбери: Қара ниет қаскөй кімдер?

Солсбери: Қара ниет қаскөй кімдер?

Солсбери: Қара ниет  қаскөй кімдер?
ашық дереккөзі
«Қанжар мен сулықты серілер»... Әлем әдебиетінде қара сулық жамылып, қараңғы түнде қара ниеттілердің (бәлкім, бейкүнә жандардың) ту сыртынан қанжар қадап, жанын жаһаннамға аттандыратын серілер (шпиондар) жайында жазылған шығармалар көп. У берушілер жайлы да аз жазылған жоқ. Әсіресе, у беріп, газ шашып өлтірілгендер жайында жаңа – ХХІ ғасырда жиі еститін болдық. Бірақ Англияда орын алған соңғы оқиға Батыс елдерінің бәрін үрейлендіріп отыр. Ең әуелі, британдықтарды. Өйткені осыған дейін сенім мен тыныштықтың, толеранттылықтың аралы болып саналып келген айтулы мемлекетте құпия жағдайда уланып көз жұмғандар саны көбейіп кеткен. Ағылшындардың алаңдайтын да жөні бар: егер мұнда бейбіт адамдар, зейнеткерлер өзін қауіпсіз сезіне алмайтын болса, мемлекет қауіпсіздігі туралы не айтуға болады. Мұндай өлімдердің тасасында кімдер, қандай қарау күштер тұр? Ұлыбританияның Солсбери деп аталатын шағын қаласында орын алған бұл оқиғаның тарихи салдары өте ауыр болғалы тұр. Ең бастысы, Скрипальдің Британ жеріндегі бақытсыз жағдайға ұшырауы көптің есіне Александр Литвиненконың өлімін қайта түсірді. 4 наурызда Солсбери қаласындағы отырғыштардың бірінен ес-түссіз жатқан екі адам табылды. Оның бірі – 66 жастағы ер азамат, екіншісі – 33 жасар әйел. Дәл осы жағдай кішкентай ғана ағылшын қаласының әлемдік ақпарат құралдарының бірінші бетінен орын алуына себеп болды. Өйткені әлгі бақытсыз оқиғаның кейіпкері Сергей Скрипаль болатын. Ол – ресейлік барлау қызметінің бұрынғы өкілі. Ақпарат құралдары таратқан деректерге сүйенсек, Скрипаль Ресейдің ГРУ-інде кадр мәселесімен айналысқан. 1995 жылы құпия қызметтің лауазымды офицері ағылшындарға құпия ақпараттарды жеткізе бастайды. Скрипальдің 100 мың долларға бағалаған құпия дерегі сол кезде Еуропада жұмыс істеп жүрген әріптестері жайында болса керек. Қарсы барлау қызметінің назарынан іліккен Скри­­­­паль 1999 жылы отставкаға кетіп, іле-шала Сыртқы істер министрлігінде қызмет атқарды. Ал 2004 жылдың желтоқсан айында мемлекетке опасыздық жасады деген ауыр айыппен тұтқынға алынған. Сергей Скрипальды 2006 жылы Мәскеу округтік әскери соты 13 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Бірақ 2010 жылдың шілде айында оны Вена әуежайында АҚШ-та тұтқындалған ресейлік барлаушылармен айырбастап, осыдан кейін Скрипаль Ұлыбританияда қалды. Мұнда үй беріліп, зейнетақы тағайындалды. Қазіргі күнге дейін бұрынғы Ресей азаматы Сергей Скрипаль саяси қашқын ретінде Англияны мекен етіп келген-ді. Соңғы бірнеше жылда Скрипаль өзінің ең жақын адамдарының бірінен соң бірінен айырылып қалды. 2012 жылы оның өмірлік серігі Людмила қайтыс болды, ал өткен жылы ұлы көз жұмды. Кейбір британдық ақпарат құралдары Скрипальдің жары да, ұлы да жол апатынан қаза тапты дейді. Бірақ ВВС Сергей Скрипальдің ұлы Санкт-Петербургте жүрегіндегі ақаудан көз жұмғанына сендірсе, The Guardian басылымы Людмиланың онкологиялық аурудан қайтыс болғанын жазады. Британдық ақпарат құралдарының жазуынша, Скрипальдің қызы Ресейде өмір сүргенімен, Ұлыбританияға жиі келіп тұрған. Айта кетейік, Ұлыбританияда орын алған жағдай кезінде Сергей Скрипальдің жанынан табылған азаматша – қызы Юлия болатын. Аталмыш жағдай жайында британдық полиция басшысының уақытша көмекшісі Крэг Холден: «4 наурыз күні күндізгі 4 сағат 15 минут шамасында Уилтшир графтығының полициясына қоңырау соғылды. Қоңырау шалған қарапайым азамат Солсбери қаласындағы «The Maltings» сауда орталығына жақын жердегі отырғыштан ес-түссіз жатқан екі адам туралы айтты. Хабарды алысымен, полиция, жедел жәрдем қызметкерлері мен өрт сөндірушілер оқиға орнына жедел жетті», – дейді. Қазіргі уақытта ауруханада жан сақтау бөлімінде жатқан Юлия және Сергей Скрипальдің өмірі қыл үстінде тұр. Ал «Salisbury Journal» жергілікті басылымы оқиға орнына жеткен төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері Скрипальдың фентанилден улануы мүмкін екендігін айтқанын жазған болатын. Соңғы деректер экс-полковник Сергей Скрипальға қарсы әскери жүйке-сал ауруына шалдықтыратын газ қолданылғанын айғақтауда. Бірақ әзірге бұл нақты дәлелденген жоқ. Бір таңданарлығы, алғашқылардың бірі болып Скрипальге көмекке келген полиция қызметкері Ник Бейли де оқиға орнында өзін жайсыз сезіне бастаған. Сержант үш күн бойы аурухана төсегінде ес-түссіз жатты. Одан бөлек Ник Бейлидің тағы екі әріптесі улану белгілері бойынша ауруханаға жеткізілген. Полиция қызметкерлері жұртшылықты алдын ала болжам жасамауға шақырып, әуреге түскенімен, британдық БАҚ бұл оқиғаны Лондон орталығында радиоактивті полоний әсерінен уланып, қайтыс болған ресейлік барлау қызметінің бұрынғы қызметкері Александр Литвиненконың жағдайымен байланыстырып үлгерді. 2006 жылы орын алған бұл оқиға да Скрипаль жағдайына ұқсас екенін көпшілік жақсы біледі. Ұлыбританияда жүргізілген тергеу бойынша, Литвиненконың улануына ресейлік Андрей Луговой мен Дмитрий Ковтунның қатысы бар деген қорытынды жасалған болатын. Ал Сергей Скрипаль де осыған ұқсас жағдайға тап болғанда Литвиненконың жұбайы Марина үнсіз қалмады. Ол ақпарат құралдарына берген сұхбаттарында: «11 жыл бұрын менің басыма түскен жағдай еш өзгеріссіз қайталанып отырғандай. Бұл менің күйеуімнің басында болған жағдайға қатты ұқсайды. Бірақ бізге көбірек ақпарат қажет. Қандай заттан уланғанын анықтау керек», – деді. Сонымен, Скрипаль неден уланды? Осы сауалға жауап табу үшін Портон-Даун химиялық зертханасындағы криминалистер тартылды. Бұл – британдық құпия әскери зерттеу жүргізетін орталықтардың бірі. Қазіргі уақытта белгілісі, Скрипальдар жүйке-сал ауруына шалдықтыратын әсері бар заттан уланған. Кейін белгілі болғандай, бұл Ресей әскери мақсатта пайдаланатын «Новичок» газы болып шықты. Ағылшындар елінде қайтыс болған ресейліктердің бірі – Борис Березовский. Ресейлік олигархтың өлі денесі 2013 жылдың 23 наурызында өзінің жуынатын бөлмесінен табылды. Березовскийдің өзін-өзі өлтіруі мүмкін бе? Әлде бұл әдейі ұйымдастырылған қылмыстық оқиға ма? Бұл жағы сол бойы жұмбақ күйінде қалды. Әуелде ағылшын полицейлері оқиғаға үшінші тараптың қатысы болуы мүмкін екендігін жоққа шығармағанымен, соңында өз-өзіне қол жұмсаған болуы мүмкін деген жорамал жасалды. 2003 жылдан бері Ұлыбританияны мекен еткен олигарх өмірінің соңғы жылдарында қаржылық қиындықтармен бетпе-бет келген көрінеді. Кейбіреулер осы жағдайлар оның өз-өзіне қол салуына әсер еткендігін алға тартып, істі жылы жауып қойды. Алайда Борис Березовскийдің өліміне қатысты істің аяқсыз қалғандығын, мұнда бір шикіліктің бары анық екендігін айтатындар әлі де көп. Ал Сергей Скрипальдің жағдайы осы оқиғалардың бәрін қайта тізбектен өткізуге ықпал еткенін жасыра алмаймыз. Ал британдық МИ5 қарсы барлау тобының бұрынғы агенті Энни Мэшон орын алған оқиғаға баға беруде абай болу қажеттігін айтады. Экс-агент Скрипальдің бұрын барлаушы болғаны жағдайды асығыс бағалауға мүмкіндік бермейтіндігін алға тартуда. Шетелдік басылымдардың кейбірі бұл оқиғаға ресейлік тараптың қатысы бар болуы мүмкін екендігін жарыса жазуда. Ал бұған Кремль қандай жауап қайтарады? Ресей Федерациясы президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұл жағдайға қатысты пікір білдіре алмайтындығын жеткізді. Оның айтуынша, Кремль Скрипальдің немен айналысып жүргені және оның бұл жағдайға қалай тап болғандығы жөнінен хабардар емес. Сондай-ақ, Дмитрий Песков Мәскеудің тергеу жұмыстарына әріптестік көмек көрсетуге әзір екендігін жеткізді. Ал Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Скрипаль мен Литвиненконың жағдайынан ұқсастық іздеудің ақылға қонымсыз екендігін мәлімдеді. Министр өз сөзінде Литвиненко қазасының себебі нақты анықталмағанын атап айтты. Сонымен қатар, Лавров Ресей тарапы Сергей Скрипальдің жағдайына қатысты тергеу жұмыстарына көмек қолын созғанын, бірақ британдықтардың бұл көмектен бас тартқанын да жария қылды. «Біз өз көмегімізді ұсындық. Бірақ британдық сот төрелігі үшін дәлелсіз үкім шығару жеткілікті секілді. Бұл жағдайға байланысты көптеген фактілерді жасырып қойды», – деп мәлімдеме жасады Сергей Лавров. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері Солсберидегі Zizzi итальяндық мейрамханасын Скрипаль оқиғасына байланысты тергеу жүргізу мақсатында жауып тастады. Өйткені оқиға орын алған жексенбі күні Сергей Скрипаль мен оның қызы аталмыш мейрамханадан тамақтанған. Бірақ батыс жұртшылығын бұл мәселеге Ресей тарапының қандай қатысы бар екендігі алаңдатып отыр. Британдық тергеу нәтижесі ешқандай нақты нұсқа ұсынбағанымен, Лондон ресми түрде Мәскеуге дүрсе қоя берді. «Алдын ала асығыс шешім жасау қателік. Бірақ бұл мәселеге өзге елдің қатысы бар екендігі дәлелденсе, бұл жағдайға жауаптылар жазасыз қалмайды», – деп мәлімдеді Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Борис Джонсон. Джонсон Сергей Скрипальдің жағдайы Ұлыбританияның Ресейде өтетін футболдан әлем чемпионатына қатысуына да кесірін тигізуі мүмкін екендігін ескертті. Ал ағылшын депутаттары бұл жағдайды қатаң назарда ұстауда. Халық қалаулылары Скрипаль оқиғасына байланысты баршаға жария болатын есеп талап етуде. Одан бөлек Ішкі істер министрлігінен Британияда түсініксіз жағдайда өлтірілген 14 адамның күмәнді өліміне қатысты істі қайта қарауды өтінді. Депутаттардың пікірінше, мұның бәріне де Ресейдің қатысы болуы мүмкін. Қалай десек те, Скрипаль оқиғасына байланысты қазіргі болжамдар сан түрлі. Бір топ бұл оқиғаға Ресейдің тікелей қатысы бар екендігін айтса, екінші топ Скрипальдің қолындағы деректердің әлдеқашан ескіргендігін, сондықтан оған Ресей тарапының ешқандай кек сақтамайтындығын айтады. Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлия әлі де ауруханада. Ал бұл оқиғаның шешімі қалай болары әзірге беймәлім. Апта басында Ұлыбританияның премьері Тереза Мэй ашық түрде мәлімдеме жасап, Сергей Скрипаль мен оның қызы Ресейде жасалған жүйке-сал ауруына шалдықтыратын заттан уланғанын кесіп айтты. «Қазір Скрипаль мырза мен оның қызының Ресейде жасалатын әскери уландыратын заттан уланғаны белгілі болды. Ол «Новичок» деп аталатын жүйке-сал ауруына шалдықтыратын заттар тобына жатады. ...Ресей бұл затты бұрын да өндірген, қазір де қайта жасап шығаруы әбден мүмкін. Бұрынғы Ресейдің демеушілігімен ұйымдастырылған адам өлімдерін есепке ала отырып, бір шешімге келдік. Ресей Сергей Скрипаль мен оның қызына жасалған қастандық үшін жауап беруі ықтимал. ...Бұл Ресей билігінің біздің елге қарсы тікелей әрекеті немесе ресейлік билік аса қауіпті жүйке токсиндерін бақылаудан шет қалып, ол өзге біреулердің қолына түсті», – деді Тереза Мэй. Сөз соңында Тереза Мей егер Ресей тарапынан нақты нанымды жауап болмаса, Скрипальдің улануы Ресейдің Ұлыбритания аумағында заңсыз күш көрсетуі деп есептелетіндігін қадап айтты.