Ким Чен Ын берген уәде

Ким Чен Ын берген уәде

Ким Чен Ын берген уәде
ашық дереккөзі
Апта басында Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын Пхеньянда Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Ин жіберген делегациямен кездесті. Солтүстік Корея мемлекеттік ақпарат құралдарының хабарлауынша, төрт сағатқа созылған кешкі ас кезінде КХДР басшысы «ұлттық бірігудің жаңа тарихын жазу» ниеті барын білдірді. Жылы шырайлы кездесудің нәтижесінде тараптар сәуір айында қос Кореяның саммитін өткізуге уағдаласты. Сеул мен Пхеньян арасында ықыласты келіссөз Пхенчханда өткен қысқы Олимпиада ойындарына Солтүстік Кореяны қатыстыруға келіскен соң басталған болатын. Оңтүстік Кореяға КХДР делегациясын Ким Чен Ынның қарындасы, насихат бөлімі басшысының орынбасары Ким Ё Чжон ханымның бастап келуі бұл оқиғаның тарихи маңызын арттыра түскен. Өйткені ол – 65 жылдан кейін Оңтүстік Кореяға ат басын бұрған алғашқы солтүстіккореялық лауазымды тұлға. Президент Мун Джэ Ин Ким ханымды өз резиденциясында ерекше ілтипатпен күтті. Жарты ғасырдан астам уақытқа созылған арадағы салқындықтан кейін бірден ашылып сөйлесе қоймаса да, тараптар бұл екі Корея арасына көпір салатын жүздесу болатынына сенім білдірді. Сол кездесуде Ким Ё Чжон Оңтүстік Корея басшысына КХДР-ға ресми шақыру табыстаған. Шақыртуды қабыл алған Мун мырза көп ұзамай Пхеньянға өз делегациясын аттандырды. Делегация құрамына Оңтүстік Кореяның 10 жоғары лауазымды шенеунігі енді. Олардың арасында барлау қызметінің жетекшілері де бар. Делегацияны Оңтүстік Корея президенті жанындағы ұлттық қауіпсіздік басқармасының бастығы Чон Ый Ён бастап келді. 2011 жылы Ким Чен Ирдің өлімінен кейін солтүсттіккореялық режім тізгінін ұстаған оның ұлы Ким Чен Ын Оңтүстік Кореяның ресми өкілдерімен кездескен емес. Оның үстіне, ол шетелдік қонақтарды сирек қабылдайды. Сондықтан Пхеньяндағы кездесуге Сеул ерекше жауапкершілікпен дайындалды. Тарихи келіссөз барысында Солтүстік Корея басшысы зымыран-ядролық бағдарламасын тоқтатуға, Сеулмен жауласуды доғаруға сөз берді. Ким Чен Ын, тіпті, АҚШ-пен келіссөз үстеліне отыруға да дайын екенін жеткізді. Бірақ Пхеньянның бір шарты бар: Солтүстік Кореяның сыртқы қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілуі керек. Бұдан бөлек, кездесуде тараптар екі елдің арасын жақындата түсу мақсатында сәуір айында халық-аралық саммит өткізуге уағдаласты. Ресми кездесуден кейін Ким Чен Ын оңтүстіккореялық қонақтарын салтанатты кешкі асқа шақырды. Ақ дастарқан басына әйелі Ли Соль Чжумен бірге келген КХДР басшысы меймандарға төрт сағат уақытын арнады. Солтүстік Кореяның мемлекеттік телеарнасы: «Кешкі ас отандастарға деген ықыласқа толы жылы шырайда өтті» деп хабарлады. Арна сайтында жарияланған суреттерден кешкі аста Ким Чен Ынның қарындасы Ким Ё Чжонның да болғанын байқауға болады. Пхеньяндағы бұл кездесуді ха­лы­қ­­а­ра­­­­­лық БАҚ жарты ғасырдан астам уақыт бойы бір-біріне түс жылытпай келе жатқан қос Кореяны біріктіру жолындағы маңызды қадам деп бағалады. Оңтүстік Корея мен Солтүстік Корея 1945 жылы екіге бөлінген еді. 70 жылдан астам уақыт бойы екі бөлек мемлекет болып өмір сүріп келе жатқан Солтүстік және Оңтүстік Кореяның екеуі де бірігу жолында күресіп келеді. Алайда әрқайсысы өз туының астында біріккенді қалайды. Оңтүстік Кореяда Бірігу министрлігі деп аталатын ведомствоның жұмыс істеп келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі, сондай-ақ, осы мәселемен айналысатын қаншама ғылыми институттар мен орталықтар бар. Бірнеше күннен кейін оңтүстіккореялық елшілер Вашингтонға аттанбақ. Мақсат – АҚШ әкімшілігін Ким Чен Ынмен болған келіссөз нәтижесі туралы құлақтандыру. Әзірге Ақ үй Оңтүстік және Солтүстік Кореяның арасындағы барыс-келістерді салқынқандылықпен қабылдап, әліптің артын бағуда. Бірақ бір нәрсені анық ұқтырды: КХДР ядролық бағдарламасынан бас тартпайынша, АҚШ Солтүстіккореямен келіссөз үстеліне отырмайды. Батыс сарапшыларының пікірінше, екі Корея арасындағы жылымық уақытша құбылыс болуы мүмкін. Мамандар таяу арада Корей түбегінде тарих қайталануы мүмкін деп қауіптенеді. Өйткені Сеулмен келіссөз жүргізгеніне қарамастан, Солтүстік Корея АҚШ-Оңтүстік Корея әскери одағына соққы жасау үшін Ресей мен Қытайды одақтасуға шақырған көрінеді. Солтүстік Корея ақпарат агенттігі жуырда «Солтүстік Корея, Қытай, Ресей бірлесе, АҚШ пен Оңтүстік Кореяның одағына қарсы тұра ала ма?» атты сараптамалық мақала жариялады. Мақалада Оңтүстік Корея мен АҚШ «Сад» жүйесін орнату құрылысының жетілдірілген түрін жүзеге асыруға кіріскені, Ресей, Қытай, Солтүстік Корея бұған қарсы тұру мәселесін ақылдасып жатқаны айтылған. Автор Ресей мен Қытайдың жоғары лауазымды шенділерінің 28 ақпан күні Бейжіңдегі дипломатиялық кездесуінде осы тақырып талқыланғанына сенімді. Сондай-ақ, КХДР сыртқы істер министрінің орынбасары да жуырда Қытай астанасына сапарлап қайтты. Бұл оқиғаларды өзара байланыстырып, аталған үш елдің «Сад» жүйесіне қарсы кеңесіп жатқанын меңзегендер «Корей түбегінде өткен ғасырдың ортасындағы тарихи жағдай кезекті қайталану алдында тұр» деп тон пішіп те үлгеріпті. Кім білсін, араздасқанның ортасына ара ағайын болудың орнына, отқа май құюшылар көбейген бұл заманда кімдікі ақ, кімдікі қара – айыру қиын.