Мәжит ШАЙДАРОВ: Қазақтың әр баласы – бәріміздің баламыз

Мәжит ШАЙДАРОВ: Қазақтың әр баласы – бәріміздің баламыз

Мәжит ШАЙДАРОВ:  Қазақтың әр баласы –  бәріміздің баламыз
ашық дереккөзі
– Мәжит Зейноллаұлы, биыл Астанаға – 20 жыл. Осыдан жиырма жыл бұрын күндердің күнінде Астанамен аттас университеттің ректоры боламын деп ойладыңыз ба?  – Армансыз адам болмайды ғой. Бірақ дәл елорданың жиырма жылдығы тойланатын уақытта Астана медициналық университетінің басшысы қызметінде міндетті түрде болуым керек деп, әдейілеп алдыма мақсат қойған жоқпын. Мен осы қалада туып-өстім. Қазір ректорлық қызмет атқарып отырған медициналық университетті бітірдім. Еңбек жолымды да осы оқу орнында қатардағы қарапайым қызметкерден бастадым. Сондықтан кешегі Целиноград, Ақмола қалаларының, бүгінгі Астананың өмірімде алар орны ерекше. Бір сөзбен айтқанда, мен үшін Астанадан артық қала жоқ. – Жалындаған жастық шағыңыздың куәсі болған қала күндердің  күнінде Астанаға айналады деп ойламаған шығарсыз? – Әрине. Бірақ, еліміз тәуелсіздік алып, астананы  Арқаға көшіру жайлы әңгіме қозғалып жатқан уақытта  Елбасының таңдауы Ақмолаға түсетініне еш күмәнім болған жоқ. – Неге? – Өйткені Елбасының астананы Ақмолаға көшіруге байланысты тұжырым-пайымдары мен нақты негіздемелері нық қаққан шегедей еді. Біріншіден, бұрынғы Ақмола, қазіргі Астана – мемлекетіміздің кіндігі. Көршілес мемлекеттермен тең дәрежеде тиімді қарым-қатынас жасауға мүмкіндік бар. Қазақ «Алыстан сыйласқан жақсы» дейді ғой. Ал Алматы қаншалықты қимайтын қала болғанымен, Қазақстанның бір бүйрегінде еді. Арғы жағында алып Қытай мемлекеті жақын. Қазір ғана бұл елмен жақсы достық қарым-қатынас қалыптасты. Ал кешегі Кеңестер Одағы Қытаймен қырғиқабақ болғанын ешкім ұмыта қойған жоқ. Елбасы осындай халықаралық мәселелерге де ерекше мән берген жоқ па? Астананы көшіру қажеттігін талай рет алқалы жиындарда айтып, дұрыстығына халықтың көзін жеткізді. Қазақстанның сол уақытта экономикалық жағдайы, бейнелеп айтқанда, тәлтіректеп тұрса да, нартәуекелге барды. Осы арқылы Мемлекет басшысы болашақты анық айқындай білетін сарабдал саясаткер екенін нақты дәлелдей білді. – Көңіліңізге келмесін, бір кездері табаныңыздың ізі қалған тақыр жерге ажарлы Астананы тұрғызу оңай болмайтыны  белгілі еді. «Көз қорқақ, қол батыр» дегеніміз осы  емес  пе? – Оныңыз рас. Біз оқыған жылдары да, одан кейін де Ақмола алақандай еді. Екі-ақ көшесі мен тың игеру жылдары салынған екіқабатты үйлері бар болатын. Оның көбі қазір жоқ. Орнына зәулім, заманауи көпқабатты тұрғын үй кешендері мен еңселі ғимараттар салынды. Біздің жас күніміздегі қаладан жұрнақ та қалған жоқ. Көрген түстей. Біздің университетке шетелден қонақтар көп келеді ғой, солардың бәрі таңдай қағып, таң тамаша қалады. Олар да аз уақыттың ішінде осындай асқақ Астананы салған Елбасыға дән риза. Шетелдік әріптестеріміз бізбен тығыз байланыста жұмыс істеп, Астанаға жиі-жиі келгенді қош көреді. Әр келген сайын күн санап қанатын жайған қаламызды тамашалап, сәулетті орындарын аралаудан шаршамайды. – Астана Алматыдан осында көшкен уақытта қандай қызметте едіңіз? Алматылықтарды туған қалаңызда құшақ  жая қарсы алудың басы-қасында бола алдыңыз ба? – 1997-2000 жылдар аралығында Астана қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері болдым. Сонымен бірге медициналық университеттен де қол үзген жоқпын, жалпы және клиникалық фармокология кафедрасының доценті қызметін қоса атқардым. Сондықтан қоныс аударушыларды күтіп алу мен орналастырудың бел ортасында жүрдім десем, артық айтқандық емес. – Алғашқы жылдары министрліктер мен мекемелерге лайықты орын-жайлар жеткілікті болмағаны рас па? Тіпті, кейбір шенеуніктер түннің бір мезгіліне дейін жұмыс істеп, кабинетінде екі-үш сағат көз шырымын алатын еді дейді ғой. Сол рас па? – Иә, ондай қиындықтар болғаны шындық. Өйткені ол уақытта жылу-электр орталығының мүмкіндігі шамалы болғандықтан, қаланы жылумен толық қамтамасыз ету мүмкін болмады. Оның үстіне қыс мезгілінде қоныстанған бірқатар  ғимарат орталық жылу жүйесіне қосылмаған еді. Бұл мәселені сол жылдары Елбасының өзі күндіз-түні қадағалап отырды. Астана қаласының билігінде де тыным болған жоқ. Не керек, жанға жайлы Алматыдан көшіп келген бауырларымыз қыстың көзі қырауда тоңып қалмас үшін, «Қайда келдік?» деп көңіліне қаяу түспес үшін ұйқы-күлкі көрмей, алашапқын болғанымыз рас. Қазір Астананың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы айтарлықтай жақсарды. Жылу, су, қоғамдық көлік, жұмыспен қамту секілді көкейкесті мәселелер шешімін тапты. Оны жақсы білетін себебім – сайлаушылармен жиі жүздесіп, қалалық мәслихатта Астананың әлеуметтік-экономикалық мәселелеріне жиі назар аударып отырамыз. – Сіз Астана қалалық мәслихатының депутаты болып екінші мәрте сайландыңыз. Халықтың сеніміне ие болу оңай емес екенін жақсы білесіз. Астаналықтардың депутатқа айтар талап-тілектері де аз емес шығар, оларды  бүгінгі күні қандай мәселелер көбірек толғандырып отыр? – Халық сенім артып, депутаттық мандатты жүктегеннен кейін, олардың өтініші мен тілегін тиянақты орындау – парыз.  Және де заң талаптарын мүлтіксіз сақтау, халық мүддесін бәрінен жоғары қою – ең басты міндеттің бірі болуы тиіс  Сондықтан астаналық сайлаушылардан өтініш түскен заматта оны уақыт оздырмай қарап,  тиісті құзырлы орындар мен мекемелерге депутаттық сауал жолдаймын. Әрине, жалғыз өзімнің қолымнан ештеңе келмес еді. Сарыарқа ауданы әкімдігінің белсенді түрде қолдау көрсетуінің нәтижесінде  астаналықтардың көп мәселесі бүгінгі күні ойдағыдай шешілді. Астана медицина университетінің екі корпусы екі жақта. Осы екі арада тікелей  қоғамдық көлік қатынасы жоқ болатын. Студенттер бір корпустан екінші корпусқа автобустан автобусқа ауысып мініп, барып жүрді. Университет әкімшілігі Астана қаласы әкімдігіне осыған байланысты жыл сайын өтініш жолдайтын. Өкінішке  қарай, біраз уақыт нәтиже болмады. «Қосымша автобус сатып алынғаннан кейін мәселені оң шешеміз» деген сипаттағы құрғақ жауап алатынбыз. Бұл мәселе 2016 жылдың күзінде ғана оң шешіліп, екі корпустың арасында тікелей  автобус қатынай бастады. Ректор әрі мәслихат депутаты ретінде шешкен ең үлкен мәселемнің бірі осы. Азаматтардың өтініші негізінде  Астана жолдарындағы шұңқырлар жөнделді. Ықылас Дүкенұлы көшесіндегі «Статус» тұрғын үй кешенінің құрылысы ұзаққа созылып кеткен еді. Бұл мәселе Сарыарқа ауданы әкімінің жеке бақылауына алынды. Сайлаушылардың өтініштері бойынша қураған ағаштарды кесу, жеке меншік тұрғын үйлер аумағын жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Көп қабатты  тұрғын үйлердің аулаларында балалардың ойын алаңдары жасалды. Аулалар көгалдандырылып, көп қабатты тұрғын үйлердің қасбеттеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Өйткені бұл Астана ғой. Елорданың барлық аудандарында тұрмыс-тіршілікке қолайлы жағдай жасалуы тиіс. – Қазіргі уақытта цифрлық технология жайлы көп айтыла бастады. Мұның медицина саласына да тікелей қатысы бар. Өйткені дәрігерлердің күнделікті жұмысында қағазбастылық басым. Осыдан арылып, электрондық жүйеге көшіру қажет болып отыр. Қарсы  болмаса  да  күңкілдейтіндер де  аз емес. – Біз озық технологиялар заманында өмір сүріп отырмыз. Адамзат дамудың  жаңа сатысына өтті. Осы үрдістен астаналықтар қалып кетпеуі керек, қайта көш басында жүруі керек. Себебі XXI ғасыр – ғылыми жаңалықтар мен инновацияның ғасыры. Мұны  Елбасы Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында баса айтты. Сондықтан қай салада болсын өркениеттің көшінен қалып кетпеуіміз қажет. Озық отыз елдің қатарына қосылуға ұмтылып отырған Қазақстанда қазір осындай қам-қарекет бар. Мысалы, еліміздің медицина саласын алайық. Біз емдеу мен хирургияның, трансплантологияның жоғары технологиялық әдістерін меңгердік. Астанадағы барлық дерлік медициналық мекемелер заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталды. Қазір науқастарға емделу үшін  шетелге шапқылаудың қажеті жоқ. Өзімізде ем-дом үшін барлық мүмкіндік бар. Ота жасаудың лапароскопиялық түрлері бойынша жаңа әдістерге қол жетті. Тоталды струмэктомия, кеңірдек пен оның тарам-тамырларын қалпына келтіру үшін пластикалық операциялар жасала бастады. Мұның бәрі – жаңа технологиялар арқылы қол жеткен жетістік. Жалпы, адам денсаулығынан артық ештеңе жоқ. Тәуелсіз еліміздің одан әрі өсіп-өркендеуі дені сау, салауатты, жан-жақты білімді, ой-өрісі кең адамдарға тікелей байланысты. Біздің ең негізгі мақсатымыз – осы бағытта ерінбей-тынбай жұмыс істеу. Рас, дәрігерлердің жұмысында әлі де болса қағазбастылық басым. Сырқаттарға көбірек көңіл бөлудің орнына қағазды дұрыс толтыруды ойлайды. Бұдан да арылатын күн алыс емес деп ойлаймын. Цифрлық технология медицина жүйесіне дендеп ене бастады. Оның нақты нәтижесі жақын уақытта көріне бастайды. –  Қай салада болсын жақсы жетістікке жету үшін соған жетелейтін білікті де білімді ұлт қалыптастыру керек. Білім беру саласында жастармен қоян-қолтық жұмыс істеп келе жатқаныңызға талай жылдың жүзі болды. Айтыңызшы, қазіргі жастар білімге құштар ма өзі? Бүгінгі басталған жақсы істерді одан әрі жалғастырып алып кетуге олардың білімі мен жігері, ой өрісі жеткілікті деп санайсыз ба? – Елбасы  «Қазақстанның болашағы – жастардың қолында» екенін ұдайы айтып келеді емес пе? Бұл міндетті жүзеге асыру сапалы білім беруге тікелей байланысты. Өзім бір кісідей білетін салаға қатысты айтатын болсам, медицина және денсаулық сақтау жүйесі ұлттың салауатты болашағына жауапты. Сондықтан келешекте біздің ісімізді жалғастыратын жастарға ең керегі – терең білім. Бұл үшін олардың бойында білімге деген құштарлық болуы тиіс. Онсыз тіпті білікті мұғалім де оларға ештеңе үйрете алмайды. Адам әрдайым білімін жетілдіріп, толықтырып  отыруы керек. «Болдым, толдым» десе, онда күн сайын жаңарып, жаңғырып отырған заман ағымына ілесе алмай, жарты жолда тоқырап, «ентігіп» қалады. Бұл денсаулық сақтау саласын таңдаған жастарға да тікелей қатысты. Білім – жастардың негізгі капиталы.Осыны студенттерге ұдайы айтудан жалыққан емеспін. Және де бұл айтқандарым текке кетіп жатпаған сыңайлы. Медицина университеті студенттерінің арасында алғыр да өжет, өрелі, білімді жастар аз емес. Оларға толық сенім артуға болады. – Астананың азаматы, халық қалаулысы әрі білдей жоғары оқу орнының басшысы ретінде бейжай қалдырмайтын, ойландырмай қоймайтын мәселелер де бар шығар... – Әрине. Тек мен ғана емес, алдыңғы толқын ұрпақты толғандырып, мазалап жүрген мәселелер бар. Бір күндігін ойлаған жатыпішер жалқау, елдің ертеңіне енжар қарайтын жастар арамызда жоқ емес. Соларды кезіктіргенде «Неге  бұлай  болды?» деп қалың ойға қаламын. Жауабын да тапқандаймын. Оның себебі – кейбір жастар дұрыс жол  мен бағыт-бағдардан, мақсат-мұраттан адасып, абдырап қалды. Тар шеңберде ойлайды, бүгінгі күнмен ғана өмір сүреді, келешекке бас ауырта қоймайды. Кезінде мектепте оқып жүргенде елдің елеулі тұлғаларына ұқсап, солардай болуға тырысушы едік ғой. Қазір кейбір жастардың «тұлғасының» түрі – миллиардерлер мен поп-жұлдыздар. Бай болған жақсы-ау. Бірақ терең білімсіз, мақсат-мұратсыз қол жеткізген байлық баянды болмайды. Оның құны көк тиын. Әкесінің байлығын «көтере алатын», оны кәдеге жарататын бала болса жақсы. Әйтпесе әкесі кеткен күні оның ақшасы да құмға сіңген судай болады. Жастар байлыққа терең білім арқылы ұмтылса жақсы болар еді. Тағы бір байқалған келеңсіз жағдай –  қазір «электроникаға кіндігі байланған» балалар бар. Олар өз өмірлерін компьютерлік ойындарсыз, планшет немесе смартфонсыз елестете алмайды. Соған басыбайлы тәуелді. Адамдар құмар ойындарға тәуелді болып қалады ғой, соның бір түрі осы. Бұл кесапат кесел десе де болады. Балаларды осыдан сақтандыруға күш салуымыз керек. Бұл – әрбір азаматтың перзенттік парызы. «Сенің балаң», «Менің балам» деп бөле-жаратын ештеңе жоқ. Қазақтың әр баласы – бәріміздің баламыз. Олар – тәуелсіз еліміздің тірегі. Сондықтан тәлімді тәрбие мен білікті білім мәселесіне немқұрайлы қарауға әсте болмайды. Осыны жалықпай жастардың жадына құя беруіміз керек. «Қазіргінің жастары қиын, тәрбиеге көнбейді», – деп қолды бір-ақ  сілтейтін болсақ, онда қателескеніміз. Бұл істе жұмылған жұдырықтай болғанымыз жөн. Қисық, қыңыр, енжар, жалқау жастарды жөнге салуға үлкен-кіші болып атсалыссақ, әлі де кеш емес, жағдайды түзеуге болады. «Бір рет айттым, бітті» деп емес, тәрбиемен де күн сайын айналысу қажет. Өркениетті отыз елдің қатарына қосылуға ұмтылып отырған Қазақстанның келешегі кемел болуы үшін бәріміздің бірдей «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» жұмыла жұмыс істеуіміз қажет екенін қаперімізден шығармағанымыз абзал. Осыған әрқайсымыз шама-шарқымызға қарай үлесімізді қосқанымыз жөн. Өзімді бүгінгі таңда толғандырып жүрген көкейкесті мәселенің бірі осы. – Ашық-жарқын әңгімеңізге үлкен рахмет! Қадірлі қызметіңіз бен игілікті істеріңіз жемісті бола берсін!  

                   Әңгімелескен

Ғалым Орынбасарұлы