Рахымжан Отарбаев

Рахымжан Отарбаев

Рахымжан Отарбаев
ашық дереккөзі
Осы жылдың 17 ақпаны күні Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Шыңғыс Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың, Махамбет Өтемісұлы атындағы сыйлықтың иегері, жазушы, драматург Рахымжан Отарбаев 62 жасқа қараған шағында дүние салды. Рахымжан Отарбаев 1956 жылы 19 қазанда Атырау облысы, Құрманғазы ауданында туған. 1977 жылы Орал педагогика институтын бітірген. Әр жылдарда «Орал өңірі» газетінде тілші, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Қазақ телерадио комитетінде редактор, «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жалын» альманағында бөлім меңгерушісі, Қырғызстанда Қазақстан елшілігінің атташесі, Маңғыстау облыстық радиотелевидение компаниясының төрағасы, Атырау облыстық драма театрының директоры, ҚР Президенті Әкімшілігінде сектор меңгерушісі қызметтерін атқарған. Жазушының әр жылдары «Түнгі от», «Шер», «Жұлдыздар құлаған жер», «Жайық жыры», «Қараша қаздар қайтқанда», «Дауысыңды естідім», «Шыңғысханның көз жасы», «Біздің ауылдың амазонкалары», «Отверженный мир» атты прозалық жинақтары және таңдамалы шығармаларының 2 томдығы жарық көрген. Қытайдың «Ұлттар» баспасынан қытай, қазақ тілінде 2 томдығы, Ресейдің «Художественная литература» баспасынан орыс тілінде бір томдығы және қырғыз тілінде кітаптары жарық көрген. Жекелеген шығармалары түрік, араб, ағылшын тілдерінде басылған. «Бейбарыс сұлтан», «Бас», «Нашақор жайлы новелла», «Нұржауған-ғұмыр», «Сырым батыр», «Мұстафа Шоқай» сынды пьесалары республикалық және шетел театрларында сахналанған. Әдебиетке өткен ғасырдың 70-жылдарында келген қаламгер алғашында шығармашылығын өлеңмен бастаса да, соңынан проза жанрына ауысты, драмалық шығармалар жазды. Олардың бәрінде де жазушы өз талантын әр қырынан көрсете алды. Рахымжан Отарбаев жаңа ғасырда шығармалары әлемнің бірнеше тіліне аударылып, кітап болып шыққан санаулы жазушыларымыздың бірі. Ресей астанасы Мәскеу қаласында және Түркияның бас қаласы Анкарада кітаптарының тұсаукесер рәсімі өткізілді. Жазушы Рахымжан Отарбаев шығармашылығы туралы баспасөзде көптеген талдау, сараптау мақалалар жарияланды және 2010 жылы Астана қаласындағы «Фолиант» баспасынан белгілі әдебиетші Гүлзада Ниетқалиеваның «Дара» атты кітабы жарық көріп, онда жазушының шығармашылығы ғылыми-теориялық, сыни-сараптамалық тұрғыдан талданған. Сол сияқты қаламдас досы Серік Байхонов «Қос қанат» атты эссе кітабында (Қазақпарат баспасы, 2016 жыл) Рахымжанның бөлекше қаламгерлік болмысы туралы сыр шерткен. Осыдан төрт жыл бұрын «Ақ Жайық kz» әдеби, қоғамдық-саяси журналын ашқан Р.Отарбаев аталған басылымның редакторы бола отырып, әдебиетті дамытуға зор үлес қосты.

«Түркістан» газетінің ұжымы

 

АЖАЛҒА ҚИМАЙТЫН АДАЛ ДОС

Әдебиетке қатар келген, бір-біріміздің жазған-сызғандарымызды жай қатардағы оқырман ретінде ғана емес, жаны ашитын, жақсылығына қуанатын, бір оңды сөйлемін оқи қалғанда «сенікі таза әдеби олжа ғой» деп бір-бірімізден сүйінші сұрауға асығатын қаламдас досыңнан қас пен көздің арасында айырылып қалу – біздерге де оңай тиген жоқ. Атыраудан жеткен жайсыз хабар қабырғамызды қайыстырды. Ол мына өлшеулі ғұмырда «ардың ісіне» барынша адал болды. Жазушының басты мұраты – өзіне дейінгі айтпағанды айту, жазбағанды жазу ғой. Оның үстіне Құдай берген қайсар мінезін де жұрттан жасырып қала алмады, біреулерге ұнамай қалам-ау дейтін бақай есептің бәрін белінен бір сызып тастап, әдебиетке қатысты ой-пікірлерін де бүкпесіз айтып жүрді. Айтары жоқ, аса талантты азамат еді. Әдебиеттің барлық жанрында қажырлылықпен қалам сілтеді. Рахымжан оқырман тәрбиелей білді, оқырманға бір де бір «шала піскен дүниесін» ұсынған емес, сөздің қадір-қасиетін терең түсінді және қазақтың шұрайлы әдеби сөзіне титтей шаң жұқтырмауға тырысты. Оқырмандары да Отарбаевты сол үшін жақсы көрді, іздеп жүріп оқыды. Өзі де оқтаулы мылтық секілді кез келген мәселеге  тастүйін дайын еді. Соңғы рет Таразда Н.Дәутаевтың жетпіс жылдығында жүздестік. Ағыл-тегіл шешіліп әңгіме айтты, алдағы жоспарларымен бөлісті. Көңілді жүрді. Қимай қоштастық. Ақыры мінекей... Қайран қазақ сөзінің таңғы шықтай мөлдір болмысын өзіңмен бірге ала кеттің, Рахымжан! Сенің орныңды әлі де талай мәрте жоқтайтын боламыз. Рухың пейіште шалқысын, ажалға қимайтын адал дос!..  

Қуаныш ЖИЕНБАЙ

ЖОҚТАУ

Мына дүниеде жоқтауға келгенде алдына жан салмайтын бір ел болса – ол біздің қазақ шығар-ау...  Еркек басыммен сол жоқтауды өзім де жазып едім, дәл бүгін не айтарымды білмей, тілім байланып отырған жайым бар. Өйткені өмірден өткен – жасы кіші бауырым... Осыдан бір ай бұрын телефон соқты. «Қостанайдан келе жатырмын» деді. Тыпыршып бір орында отыра алмайтын, Алматыға келе жатып Қызылордадан түсіп қалатын дәруішім-ай!.. Бұған дейін Рахымжан туралы элегия жаздым. «Қос қанат» атты кітап шығардым. Сол элегия осыдан бір ай бұрын Рахаңның «Ақ жайық» журналында басылды. Бұл журналдың бауырым қол қойған соңғы басылым боларын қайдан білейін... Жүрегі түскір бірдеңе сезеді ғой. Рахаң туралы жазғандарымды парақтап отырсам, ішінде «Жоқтау» мен «Елегізу» атты тараулар жүр. Бүкіл жазғандары елегізуден тұратын бауырымды ойлаған сайын өзім де елегізи беруші едім, түйсігі түскір бірдеңені сезеді екен. Ал жоқтауға келсек, табиғат заңдылығы бойынша інісі ағасын жоқтауы керек емес пе?.. Бәлкім, «бәрі де Жаратқанның ықтиярында» деген қазақы ұғымға барып тірелсе қайттік?.. Қызылордадан телефон соқты. Кластас досым. Әдебиетке ешбір қатысы жоқ математика пәнінің мұғалімі. Рахымжанды аузынан тастамаушы еді. «Жазған соң, Рахымжан секілді жазу керек, сөйлеген соң, Рахымжан секілді сөйлеу керек» деп отыратын. «Сөйлеген сөзді қайтесің, драматургия жазған соң, Рахымжан секілді жазу керек» дейтінмін. Көңіл айтты. Теледидарды қостым. Қазақ тілінде берілген жүгіртпе жолда «Белгілі драматург-жазушы» деп жазылыпты. Орыс тілінде берілген жүгіртпе жолда «Выдающиеся писатель-драматург» деп жазылды. Туындылары қазағынан артылып, аты-жөні алысқа кеткен ақкөңіл, аңқау бауырымның қай деңгейдегі қаламгер екенін бәріміздің де ішіміз сезеді ғой. Қалғанын болашақ ұрпақ айта жатар... Көңілді осылай жұбатқаннан басқа амал жоқ... Рахаңды оқыған оқырмандарына, Рахаңның пьесалары қойылатын күні театрдың алдынан табылған көрермендеріне, Рахаңмен жарысып жазу жазған барлық қаламгер аға-інілеріне көңіл айтамын...  

Серік БАЙХОНОВ