Мағжан жастарға неге  сенді?

Мағжан жастарға неге  сенді?

Мағжан жастарға неге  сенді?
ашық дереккөзі

«Мен жастарға сенемін...». Мағжан бабамыздың осы сөзінің мағынасына жіті назар аударсақ сол замандағы қоғамға, қалыптасқан тәртіп пен өз заманының адамдарына көңілі тоя қоймайтын, барлық күш-жігерін туған халқының бойындағы кемшіліктерді жоюға арнап, соңында титықтап, қалжыраған зиялы адамның шарасыз қалін байқаймыз. Шарасыздығы сол, көрмейін десе көзі бар, байқамайын десе санасы бар қазақ зиялысы өзінің көзі тірісінде қазағының көсегесін көгертіп, дегеніне жете алмай, ендігі жерде осы міндетін өзінен кейінгі жастарға артып, солардан үміт күтеді.  Біле білсек, бұл жердегі жастар дегені Мағжанның заманында өмір сүріп жатқан жастар ғана емес, болашақты, ұрпақтар ауысымын, мына біздерді білдіретін ұғым.

Тек Мағжан емес, Бейімбет те, Ыбырай да, Сұлтанмахмұт та, тіпті олардың алдындағы Қашқари мен Игінүки де, Шоқан мен Абай да сол замандардағы түркі мен қазақтың мен мұндалап тұрған кемшін тұстарына қарындары ашып, көңілдері толмай, шама-шарқы келгенше жыртығына жамау болуға тырысты. Осы ғұламалардың шығармаларын оқып отырсақ, жағымды сипаттарымен қатар, барша адамзат баласына тән жалқаулық, сауатсыздық, іштарлық, сатқындық, мансапқұмарлық, нәпсіқұмарлық, сараңдық сияқты кемшілік атаулыны сол заманғы қазақтың бойынан табамыз. Кері кеткен халқының тағдырына алаңдаулы зиялылардың бірі балаларды оқуға шақырып, қараңғы қазақ төріне күн болып шығуға тырысса, енді бірі ғылым мен білімнің қайнар көзі ретінде орыс тілін үйренуге шақырып, интернатта оқып жүрген баласы арқылы қазақтың жарқын болашағынан үміт күтеді.

 Қазақта өткен арыстардың шығармаларын оқып отырып, кейде олардың жан-айқайларына күдіктеніп, осылар шынымен айтып отыр ма екен, жоқ әлде сол заманғы саяси күштердің ықпалы да бар ма екен деп сыни көзбен қарайтын кездерің де болады. «Ол кез қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман еді ғой! Ішкені алдында, ішпегені артында болды ғой бұл қазақтың. Қазақта түрме болмаған, өйткені қазақ ол кезде иманына берік еді» – деген сағынышқа толы қазіргі пікірлерді естігенде де уақыт машинасы болса сол кезеңге кетіп қалғың келіп тұратыны да рас.

 Дегенмен, жалаң сезімге бой алдырмай, өткенімізге ой салсақ, шынында да тарихымызда қилы кезеңдердің болғанын байқаймыз. Уақыттың өзі сол қилы кезеңдердегі ақындарымыз бен жырауларымыздың шығармаларына арқау болып, Күлтегін жазбаларынан бастап, кешегі кеңес кезіндегі ақын-жазушыларымыздың кітаптарын да тарихи дереккөздер дәрежесіне жеткізді. Сол мәліметтердегі қазақтың өрлеуі мен құлдырауына, жақсысы мен жаманына, оңы мен терісіне халқымыздың рухани болмысының тікелей әсері болғандығын байқаймыз. Қазақтың рухани болмысының өзгерісі оның ел болуына, халық болуына, мемлекет болуына қалай әсер етсе, керісінше олардың ез болуына, бодан болуына да солай әсер етті. Яғни, қазақтың рухани болмысы – ол халық болғалы бері негізі қаланып, жинақталып, діни көзқарастарымен тығыз өріле қалыптасқан наным-сенім, әдет-ғұрып жүйесі. Қазақтың иманы қалай күшейеді, оның құлықтық сапасы да солай көтеріледі, қалай рухани құлдырауға түседі, солай рухы босаңсиды. Басқаша айтқанда «малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген де қазақ, «есектің артын жуып мал тап» деген де қазақ.

Бұл жерде заңды сұрақ тууы мүмкін. Сол Қашқарилар мен Баласағұни, Абай, тіпті Мағжанның тұсында дініміз дін, салтымыз салт болған жоқ па? Әсіресе, кеңес жүйесі орнамай тұрған кездегі қазақтарда рухани бостандық бар еді ғой! Әр ауылдың өз ишан-молдасы, әрі қарай оқимын дегендерге медреселері, дәстүріміздің жалғасы, иманы түзу қарттары бар еді ғой! Ислам пайғамбары (ғ.с.) «Қытайға барсаң да білім ал» деген жоқ па? Азар болса мыңғырған малынан берген садақа, зекеті болар, неге балаларын Еуропаға, Қытайға, Бұқара мен Мысырға оқуға жібермеді екен, олардың өнері мен ғылымын меңгермеді екен деп ойлайсың.

Тарихи деректерде көрші елдердің ғылымы мен өнерін үйрену үшін, Тәңірі қалаған мемлекеттің көсегесін көгерту үшін түркі билеушілері халықтың арасынан іріктеп, дарынды балаларды шет елдерге оқуға жібереді. Солардың бірі Тоныкөк Қытайда бiлiм алып, ол елдiң қитұрқы саясатының қатпар-қатпарымен танысып, мол тәжiрибе жинаған көрнектi саяси тұлға едi. Тоныкөк тек қытай тілі мен әдет-ғұрпы ғана емес, әскери тактика, дипломатия сияқты істерден де хабардар болды. Ол осы елден алған білімін елінің болашағы үшін жұмсады. Бұл үрдiске қытай шонжарлары қарсы болып, 691 жылы Сэ Дэн император саясатын сынап билеушiге хат жазды: «Түркiлер, тибеттiктер, қидандар ереже бойынша сарайға жiберiледi. Марапат алады, әскери шендерi көтерiледi, император оқу орындарына келедi. Өздерiнiң жүн мен киiзден жасаған киiмдерiн ауыстырып, ся (қытай) тiлiн үйренедi. Карталар мен тарихи еңбектердегi бiздiң жеңiсiмiз бен жеңiлiсiмiздi оқып үйренедi. Олар бiздiң өлкедегi таулар мен өзендерден қалай оңай өтуге болатынын үйренiп алады. Бiздiң мемлекет бiлiмдiлiкпен даңқы шыққанда, қасқырдың бөлтiрiктерi жақсылықты бiлмейдi. Кейiн келiп бiзге қауiп төндiредi».

Уақыт бір орында тұрмайды. Мемлекеттің идеологиялық тірегі көрші елдердің үздіксіз рухани шабуылдары әсерінен күйреді. Діни жүйе біртіндеп тозып, өзінің саяси-идеологиялық мүмкіндіктерінен айырылып, халықтың жадынан өше бастады.

Ортағасырлық деректерде ислам қарсаңында түркілердің терең рухани дағдарысты бастан кешiргенін жазады. Араб географы Иакут әл-Хамави өз жазбаларында «баджанақтарды» (печенектер) нашар мiнез-құлықты адамдар етiп суреттейдi. Осындай деректердiң бiрiнде қарлықтар жайлы: «Қабырғаларына билеушiлерiнiң суреттерi салынған ғибадатханалары бар. Қарлықтар бұзылған, зинақорлыққа тыйым салмайды. Құмар ойындарының қызығына түскенде әйелдерiн, тiптi, балаларын тiгiп кете бередi», – дейдi.

Осы кезеңдегi түркi қоғамындағы идеологиялық дағдарыстар жайлы белгілі ғалым Н.Нұртазина өз еңбегiнде: «Дәстүр солып, мағынасын жоғалтып, тiптi сол табиғи дiн, мифология баяғысынан айрылып, өңiн айналдырып, iшiнен тоқырады, зайырланды. Өтпелi кезеңде түркiлер өзара толассыз қырқыс үстiнде, тiптi тәңiршiлдiктiң аз да болса рухынан, этикасынан айрылған дөрекi тайпалар едi, дәлiрек айтсақ, затшылдық рухы, дүниеқоңыздық бойларын жеңген тобырға айнала бастаған. Айналысқандары – шабуыл, барымта, өз қандастарын тұтқындап, Хорезм мен Мауереннахрдың базарларына апарып сатты», – деп жазады. Біз мақтаныш ететін Бейбарыс пен Құтыз, Махмұд Ғазнауи мен Елтеңіздер сол замандағы өзара қырқыс құрбандары болды.

Л.Н.Гумилев осы кезеңдегі түркiлердегi дәстүрлi дүниетанымның дағдарысы жайлы «халықтың пассионарлық қуатының төмендеуi этникалық жүйенiң соңғы фазасы – ыдырауға жетелейдi. Халықтың жауынгерлiк рухы әлсiреп, соғысқысы келмедi. Тыныштықты қалады. Хан төңiрегiне топтасқан адамдардан гөрi оған разы емес көңiл күйдегi адамдар саны өстi. Халық көңiл көтеруге икем болды. Көшпендiлер арасында ұрлық, соғыста жаны үшiн қарсылас тарапқа тұтқынға берiле салу етек алды», – деп жазады.

Исламдану қарсаңындағы түркі қоғамындағы осы рухани дағдарысты М.Қашқаридің жазбалары шынайы көрсетеді:

Заман түгел күйреді,

Парасат пәктік сиреді.

Азғын, жауыз жиналды,

Даңқты бек жоғалды. 

Білге дана жүнжіді,

Оларды заман жаншыды.

Абырой тәні жидіді,

Жерге тиіп тапталып.

Осындай жағдайда, түркі қоға­мында саяси-идеологиялық үстем­дікке ие болған жаңа дін­ – ислам діні саяси-экономикалық, рухани мәдени дағдарысқа тап келген түркі қоғамын қайта түлетуге лайықты жүйе болды.  Түркі мемлекеттілігінің дағдарысқа ұшырап, түркі қоғамы терең рухани-мәдени тығырыққа тірелгенде ислам қоғамдық танымның ортақ құндылықтарының тар рулық шеңберден көтеріліп, қалыптасуына әсер етті. Ислам көптеген түркі ру-тайпалары үшін ортақ ішкі және сыртқы бағдарды белгілеп берген көзқарастар мен идеялардың ортақ кешенін қалыптастырды. Ортақ мәдени типтердің қалыптасуы өз кезегінде білім мен ағартудың біртұтас кешенін қалыптастырды. Бұл құлықтық құндылықтардың жаңа деңгейге көтерілуіне түбегейлі әсер етті.

Ортағасырлық деректерді талдау арқылы түркілердің  қарахандар тұсында ислам дінін қабылдауымен олардың Орта Азияның отырықшы  мәдениетінің әсеріне ұшырай бастағандығын байқаймыз. М.Қашқа­ри өз еңбегінде оғыздардың тәжік мәдениетінің әсеріне көбірек ұшырағандығын тілге тиек етеді. Оның айтуынша, оғыздар парсылармен араласып тұрғандықтан біраз түркі сөздерін ұмытып, орнына парсыша сөздерді қолданатын болып қалған.  М.Қашқари: «Ең ашық-айқын, әрі түзу тіл – тек сол бір ғана тілді біліп, парсылар мен араласпайтын және шет өлкелермен барыс-келіс жасамайтын кісілердің тілдері. Екі тіл білетін және шахарлармен араласып қалған кісілердің тілінде бұзықтық бар. Оларға соғдақ, кенжек, арғу, хотан, түбүт, таңғұт, жатады. Қырғыз, қыпшақ, оғыз, тохси, яғма, ұғрақ, имек, башқұрттар ортақ бір түрдегі түрікше сөйлейді», – деп түркілердің рухани мәдениетіне отырықшы мәдениеттің әсерін шынайы жеткізеді.

Түркi тiлiнiң қолдану аясының тарылуы жайлы Жүсiп Баласағұн да:

Кiтаптар көп арабша да,

                         тәжiкше,

Бiздiң тiлде бұл жалғыз-ақ әзiрше – деп, өзiнiң алғашқылардың бiрi болып, ана тiлiнде шығарма жазғанын алға тартса, түркiлердiң арасына сопылық iлiмдi таратқан Ахмет Йассауи:

Қостамайды ғалымдар бiз                      

               сөйлейтiн түрiктi,

ғарыптардан есiтсең ашар

                     көңiл-мүлiктi.

Аят-хадис мағынасы түрiк

                    болса жарасар,

Мағынасына жеткендер жерге 

    ұрар бөрiктi, – деп жазады.

“Ақиқат сыйын” жазған Ахмет Игүнiки де түркi тiлiнiң түркi қоғамында шеттетiлуiн қатты сынға алған:

Ей, достым, жаздым

                кiтап түрiкшелеп,

Мейлiң сөк, мейлiң қала

                         ерекшелеп.

Артымда ат қалсын

                деп жаздым мұны,

ғажайып таңсық сөзбен

                          ерекшелеп.

Түркiлер тәжiктермен араласу нәтижесiнде тек тiлдiк ассимиляцияны ғана бастан кешкен жоқ. Түркiлер этникалық процестер барысында iшiнара өз көршiлерiнiң құлықтық, мәдени болмыстарын да қабылдады.

Есесіне ислам діні ғылым мен білімнің дамуына кең жол ашты. Түркілер арасында әлемдік өркениеттегі өз орындары бар Фараби, Бируни, Хорезми сияқты ғалымдар шоғыры пайда болды. Қасиетті Құран мен пайғамбарымыз Мұхаммед (Ғ.С.) хадистеріндегі ғылым мен білімге берілген бата олардың рухына шабыт беріп, қанаттандырды.

Осы кезеңдегі авторлардың еңбектерін талдау, түркі қоғамына ислам дінінің енуімен, исламның алдындағы орын алған рухани-саяси дағдарыстың  түбегейлі шешілмегендігін көрсетеді. Әсіресе, бұл сол кездегі авторлар М.Қашқари, Ж.Баласағұни, А.Йассауи және А.Игүніки шығармаларының сарынынан анық байқалады.

Түркістан сопылығының белді өкілі Ахмет Йассауи  хикметтерiнен де сол кезеңдегі түркі-мұсылман қоғамындағы дағдарыстағы рухани жағдайды  байқауға болады:

Әулиелер айтқан уәде келер болғай,

Қияметтiң күнi туың болды, достар.

Ақылды құлдың болғанын

                       бiлер болғай,

Ел-жұрттан мейiр,

         шапағат кеттi, достар.

Үлкен, кiшi адамдардан

                                әдеп кеттi,

Қыз, келiнмен, нәзiк жаннан             

                         ұят кеттi.

“ұят барда иман бар”

                 деп Расул айтты,

Арсыз қауым бүлдiрiп бiттi,

                             достар.

Мұсылман мұсылманға

                       болды қатал,

Нақақ iстеп хақ жұмысын

                      бұзды батыл.

Мүрит пiрге жылы жүзбен

                    болмай жақын,

Ғажап сұмдық замана болды,

                            достар.

Ел, дүние, халқымызда

                    қайырым жоқ,

Патша менен уәзiрлерде

                      әдiлет жоқ.

Дәруiштердiң дұғасында

                     қасиет жоқ

Түрлi бәле халық үстiне

                  жауды, достар.

Ислам-түркі әдебиетінің өкілі Ахмет Игүніки де өзінің «Ақиқат сыйы» атты діни-этикалық шығармасында:

«Достық кетті, шындық қайда?

Мың адам досың болса,

                  біреуі адал емес.

Шын досың болса мұны

                    сырты деп біл.

...Бұл күнде адамгершілік сырты оңбағандық. Жәбір-жапа толып кетті, теңізден асып төгілді. Қайда уәде, аманат, ізгілік қайда?

... Ғалым еңбек етуді, тақуа сыйынғанды қойды. Оқымысты би билеп, ән шырқады. Бейбастақтықтан тоятын кісі қалмады. Бұзықтар көбейді.

....Кім маскүнем болса кісінің тәуірі сол, тәуір болғың келсе бар, маскүнем бол. Кім таза жолды тұтса оның жолы жоқ. Кім арам жолмен жүрсе оның жолы даңғыл. Ей! Бұзықтық істеуші! Қызыққа бат! Бұл сенің заманың! Ойыңа келгенін істе. Тыныштықта, қайғы-мұңсыз сайранда, көңіліңнің қошын көзде».

«Құтты білік» авторы Жүсіп Баласағұн да заманының тозуына қайран қалып, тығырықтан шығар жол іздейді:

Ел неге азды? Заңды

                    қалай түзедім?

Қай заманға келдім,

                   қалай жүремін?

Иә, жынды, иә ақымақ шығармын,

Айтқанымды ұғындыршы–

                           ұғармын!

Сауда қуып, бұзылды ма маңайым,

Елес пе әлде, көзімді

                       кең ашайын!?

Кезіктім бе кіл сондайға, ағайын?

Әлде өзім бе, қырсық буған анайың? деп қоғамдағы рухани дағ­дарыстың себебін білмей дал болады. Тіпті, шарасыздықтан исламға дейінгі дәстүрдің өзін аңсағандай түр танытады:

 ...Заң, ізгілік кетті – ниет қарайып,

Сұмдар қалды,

      қайдан шындық табайын?

Бұрынғылар бойы таза,

                       тік жүрген,

Шын періште екен,

                   оны кім білген?! 

Шыңғыс ханның билiкке келу қарсаңында да түркi-моңғол көшпелi қоғамы терең рухани-мәдени дағдарысты бастан кешкендiгi белгiлi. Бұл дағдарыстан мұсылмандармен жапсарлас орналасқан түркi-көшпендiлерi ислам дiнiн қабылдап, дүниетанымдық олқылықтың орнын толтырып, өз мемлекеттерiнiң дамуына осы дiн арқылы жаңа серпiн бердi. Ал, Шыңғыс хан Түркi қағанаты ыдырап, дәстүрлi мемлекеттiк жүйе ыдырағанда орын алған бұл дағдарыстан шығудың бiрден-бiр жолы көшпендiлердi бiр орталыққа бағындырып, дәстүрлi дүниетанымды қайта мемлекеттiк дәрежеге көтеру деп түсiндi. Өйткені түркі қағанаттары ыдырағаннан кейінгі саяси-экономикалық дағдарыстар, рухани-мәдени тоқырау Шыңғыс ханның көз алдында өтіп жатты. Түркi қағанаты ыдырағаннан кейiнгi саяси-мәдени ахуал империяның шеткерi аймақтарын да қамтыды. Рашид-ад-дин жазбаларына қарағанда Шыңғыс ханның өзі көне моңғол қоғамын былайша суреттейдi: «Ұрпақ әкелерiнiң ақылға шақырған пiкiрлерiн тыңдамады. Кiшi iнiлер үлкендердiң сөзiне құлақ салмады. Ер әйелiне сенбедi. Ал әйелi ерiнiң айтқанын тыңдамады. Осы себептен олар қаскүнемдер, ұрылар, өтiрiкшiлер мен қарақшылар болды. Ондай адамдарға өз үйiнде күн шықпады. Олар ат ұрлады. Табын-табын жылқы оларды жатқызбады. Аттары дем алмады. Аттары өлдi, әлсiредi, шiрiдi. Жоғалды. Тайпалар осылай тәртiпсiз, санасыз өмiр кештi’.

Түркi қағанатының ыдырауымен, көшпендiлер үшiн бұлжымас заңдардың әбден бұзылып, рухани-әлеуметтiк дағдарысқа түскендiктерiн байқаймыз. Бұрынғы көне түркілік империяның тоз-тоз болып, саяси-идеологиялық тұрғыда бытырауы, рухани-мәдени азғындауы көшпенділердің болашақ билеушісін бейжай қалдыра алмады. Хан ұлдарына былай дедi: «Сендер әлi туылмай тұрғанда әлемдi қараңғылық тұмшалап тұр едi. Адамдар бiр-бiрiмен төбелестi. Тонады, ешкiм тыныш өмiр сүре алмады». Рашид ад-дин бұл суреттеулерге өз тарапынан да баға берiп, Орталық Азиядағы Шыңғысхан билiгiне дейiнгi ахуалды «татарлар кiсi өлтiрумен, тонаумен, бiрiн-бiрi ұрлаумен айналыс­ты» деп көрсетедi.

Шыңғыс хан өз империясын құру барысында халықтың рухани болмысын түзеуге бар күшін салды. Көрнектi орыс философ-тарихшысы Н.Трубецкойдың байқағанындай «…..Шыңғыс хан мемлекетiнiң тағы бiр маңызды ерекшелiгi ол осы мемлекеттегi дiн жағдайына байланыс­ты. Терең дiни сенiмге ие бола отырып, өзiнiң жеке басын Жаратушымен байланыстыра отырып, Ұлы Хан бұл қасиеттi өзiне бағынышты тобырдан да көргiсi келдi. Тәртiптi жауынгер өз бастығына сөзсiз бағынады, Бiрақ ол өзiне деген құрметтi де аяқ асты етпейдi. Ол iс жүзiнде материалды, дүнияуй байлық пен жалған намысқа бас ұратын құлдық психологиядан ада едi. Шыңғыс хан да өз қағандығындағы осындай шынайы дiншiл жауынгерлерiн бағалай бiлдi», – деп түйiндейдi.

Дiн мәселесiне келгенде Шыңғыс хан бастапқыда түркi-моңғолдардың өз дiндерiнде қалып, дәстүр берiктiгiн сақтағанымен, империяның өзге бағыныштыларына дiни еркiндiк бердi. Мысалы, моңғол империясындағы билеушiлердiң қайсысы болмаса да, өз иелiгiнде дiни еркiндiктi сақтап отырды. Бұл империяның негiзiн салушы Шыңғыс хан кезiнде орнатқан қатаң тәртіптің жемiсi едi. Шыңғыс ханның «барлық төрт пайғамбарды (Будда, Мұса, Иса, Мұхаммед (ғ.с.)) құрметтеймiн және сыйлаймын. Осылардың қайсысының шын екенiн айтыңдаршы, сол маған жақын болсын” деп барлық дiнге бiрдей көзқарас ұстану үрдiсi оның ұрпақтары кезiнде де ұзақ уақыт сақталып қалды.

Сеніп қана қойған жоқ, өткен түркі империяларына жалау болған діни жүйені қайта түлетуге бар күшін салды. Сол кездегі әлемдік діндердің асыл маржандарын теріп алып, ережелер жинағы – «Ұлы Жасағын» жаздырды. Бұл кітапта Шыңғыс хан көшпендiлер өмiрiне жат арақ пен шарапқа қарсы болды: «Арақ пен шараптан ақыл мен өнерге еш пайда жоқ. Арақ iшкен адамда жақсы қасиет пен әдет қалмайды. Арақ пен шарап iшкен билеушi ұлы iстер мен ұлы ойларын iске асырмайды. Егер қарапайым адам арақ iшсе, онда ол бүкiл қолында барын, дүниесiн iшедi», – деп көшпендiлер арасына маскүнемдiктiң таралуының әлеуметтiк зардаптарын жете түсiндi.

Шыңғыс хан да, оның ұлдары да көне сенімге адал болып қала берді. Бірақ уақыт өте келе, көне сенімді жасанды түрде қайта түлетуге бағытталған әрекеттер еш нәтиже бермей, біртіндеп империя орнына пайда болған мемлекеттер жаңа діндердің ықпалына түсе бастады.

Қалай болғанда да, халқымызды ислам дінінің рухани күшімен тәрбиелейтін, адам мен адамды жақындататын, отбасыны, қоғамды біріктіретін, шетелдік діни ағымдардың идеологиялық экспансиясына қарсы келе алатын сауатты да иманды жастарға сенемін.

Елбасымыздың бастамасымен жастардың шет елдерде білім алуына үлкен мүмкіндіктер ашылды. Шет елдерден білім алу жүйесі олардың оқуын бітірген соң сол жерлерде қалып қоюы үшін немесе сол елдердің жарамсыз, керітартпа идеяларын елімізге тарату үшін жасалған жоқ. Жиған-тергенін халқына, мемлекетінің керегіне жарату үшін жасалған шаруа. Осыны терең түсінетін, өскелең ұрпақты білімге, ғылымға, еңбекке тартатын, мемлекеттің гүлденуіне мұрындық болатын алғыр да еті тірі жастарға сенемін.

Жаһандану мен вестерндендіру кезеңінде халықтың дәстүрін, мәдени-рухани ерекшеліктерінің қалыптасуына ықпал еткен дәстүрлі исламның идеологиялық күш-қуатымен санасатын, осы арқылы қазақты тілі, тарихы мен дәстүріне берік халық ете алатын отансүйер жастарға сенемін.

Жомарт ЖЕҢІС, шығыстанушы-тарихшы