Жазушылар одағы: Бұл - қазақтың рухани қарашаңырағы

Жазушылар одағы: Бұл - қазақтың рухани қарашаңырағы

Жазушылар одағы: Бұл - қазақтың рухани қарашаңырағы
ашық дереккөзі
Апта басында Қазақстан Жазушылар одағының кезекті VI пленумы болды. Пленумды Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин ашып, пленумның күн тәртібіндегі екі мәселемен таныстырды. Оның біріншісі өткен құрылтайдан осы кезге дейін Жазушылар одағының жасаған жұмыстарымен таныстыру болса, екіншісі, алдағы болатын құрылтайға дайындық мәселелері екен. Осылар туралы айта келіп, Нұрлан Оразалин өзінің осы одақты 22 жыл басқарғанын және алдағы құрылтайда өзінің Жазушылар одағына басшылық етуге сайлауға түсуге ниеті жоқ екенін ашып айтты. Бұл жайында ол: «Одақ басшылығына сайлауға түспеймін деген сөзді мен қайталап айтқым келеді. Өйткені маған жетіп жатқан әңгімеде «Нұрлан тағы да алдап-сулап, ертең уақытты созып, мына бәйгеге аяқ астынан түсіп кетіп, бесінші рет билікті қолына алып алғысы келеді» деген сөзді айтатын көрінеді. Ондай болуы мүмкін емес...», – деп мәселенің басын ашып алды. Төрағаның мәлімдемесінен соң, күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай 800-ден аса мүшесі бар қаламгерлер қауымдастығы тарапынан атқарылған істер мен жасалған шаралар жөнінде баяндама жасады. Ал Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Маралтай Райымбекұлы Мәскеу қаласында емделіп жатқан академик Серік Қирабаевтың пленумға жолдаған хатын оқып берді. Хат иесі өз сөзінде Жазушылар одағы жұмысына көңілі толатынын және одақ басшысына риза екенін білдіріпті. Осыдан кейін жарыссөздер басталып, Мемлекеттік сыйлық иегерлері, жазушылар Сәбит Досанов, Қабдеш Жұмаділов, Төлен Әбдік, Дулат Исабеков, Алдан Смайыл, Темірхан Медетбек, Несіпбек Айтов, Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев, сол сияқты ақын-жазушылар Марал Ысқақбай, Смағұл Елубай, Мыңбай Рәш, Рафаэль Ниязбек, Зейнолла Тілеужанов, Сейфолла Оспанов, Көпен Әмірбек, Марат Тоқашбай, Серік Ақсұңқар­ұлы сөз сөйлеп, одақ басшылығына, олардың атқарған істеріне бағасын берді. С.Досанов, М.Ысқақбай, С.Ақсұңқарұлы, С.Оспанов, Р.Ниязбеков секілді қаламгерлер Жазушылар одағының жұмыстарына көңілі толатынын айтса, Қ.Жұмаділов, Д.Исабеков, Т.Медетбек секілді белгілі ақын-жазушылар ойларын ірікпей, көбіне сын пікірлер айтты. Қабдеш Жұмаділов: «Нұрлан, өз жақтастарыңды көбейту үшін сенің бір күнде 42 адамға «Алаш» сыйлығын үлестіріп, сыйлықтың құнын кетіргеніңді және жазушылардың демалыс үйін басқаларға беріп жібергеніңді кешпеймін. Бұл – сенің өміріңде дақ болып қалатын нәрсе», – десе, Дулат Исабеков: «Басшылықта бір адам ұзақ отырып қалса, бюрократия пайда болады. Оның соңы ұнатпайтын адамдарды шеттетуге әкеледі. Одақ басшылығы «Қазақ әдебиеті» газетін уысында ұстап, өздері ұнатпайтындарды газетке шығармады. Мәселен, менің пьесаларым Санкт-Петербургте, Лондонда қойылғанда, Ұлыбританияның лордтар палатасында сөз сөйлегенімде сол туралы «Қазақ әдебиетіне» кішкене ақпарат та берілмеді», – деп өкпесін жеткізді. Ал Т.Медетбек пленумдағы кейбір жағдайларға қынжылыс білдіріп, бірқатар тұлғаларға қатысты келеңсіздіктер жайында айта келіп, Қазақстан Жазушылар одағының бір кезде айбыны күшті, беделі мықты ұйым болғанын еске салды. Жазушы Смағұл Елубайдың да пікірі көптің ойында жүрген бір түйткілді тарата кеткендей болды. Ол: «Бүгінде көзі түскенін бір-ақ қылғып, жұта салуға дайын тұратын бір «акулалар» пайда болды. Олар жақсы бір ғимарат болса, бірдеңенің исін сезгендей айналып, жақындап келе береді. Ондай «акуланың» Жазушылар одағының ғимаратына жақындап кетіп жүргені жайында сөздер бар. Оның тынысын сезіп отырмыз. Екінші жағынан, бұндай үлкен ғимараттың салығын төлеп, оны лайықты ұстап тұру да қаржысы аз қоғамдық ұйымға ауыр тиетіні анық. Сондықтан әсем Алматының жүрегінде орналасқан Әдебиетшілер үйін де мынадай басшылық ауысып жатқан кезде сондай торуылдаушылардан қорғап, сақтап қалу үшін не істеу керек? Бұл ғимарат – ерекше ғимарат, қазақтың рухани қарашаңырағы. Бұл жерден алыптардың рухын сезіп отырамыз. Сондықтан бұл ғимаратты еліміздегі киелі мекендер тізіміне кіргізіп, Жазушылар одағының қарамағына түбегейлі беру керек деймін», – деп жанашырлық білдірді. Пленумда жұрт күтпеген нәрсенің бірі ақын Бауыржан Жақып оқыған, астына 75 қаламгер қол қойған ұсыныс хат болды. Хатта қаламгерлер Қазақстан Жазушылар одағының құрылтайын осы жылдың 24 ақпанында өткізуді қалайтындарын айтып, Жазушылар одағы басқармасын соған шақырған екен. Жұрттың сұрауымен Б.Жақып хатқа қол қойған 75 қаламгердің атын оқыды. Ең таңданарлығы Нағашыбек Қапалбек, Есберген Алауханов, Ахметжан Әшіри секілді қаламгерлер хатқа өздерінің қол қоймағанын айтып ақталып, мінберге шығып сөйледі. Осыдан кейін Қазақстан Жазушылар одағы Астана бөлімшесінің жетекшісі Несіпбек Айтов хатта ешқандай топшылдық та, жершілдік те жоғын, тек ол хаттың жай ғана құрылтай өткізетін күнді белгілеуге бір топ қаламгерлер тарапынан жасалған ұсыныс екенін айтып, ақталып жатқандардың сөзіне реніш білдірді. Дегенмен жиырмадан аса адам жарыссөзге шығып, одақ жұмысына баға берген пленумнан соң Басқарма мүшелері Жазушылар одағының құрылтайын наурыз айының 12-сі күні өткізуге шешім қабылдады. Бауыржан ЖАҚЫП, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, филология ғылымдарының докторы: – Жазушылар одағының кезекті пленумы өтті. Жарғы бойынша құрылтайдың алдында өтуі тиіс нәрсе ғой. Тек сәл кешігіңкіреп барып өткені болмаса, пленум өз мақсатына жетті деп ойлаймын. Жазушылар одағын Нұрлан ағамыз 22 жыл басқарды. Ол кісі басшылыққа келген кез – қоғамның нарықтық қатынасқа өткен кезі болатын. Сондықтан қаламгерлер ұйымының жұмысын жаңа заманға бейімдеуге күш салды. Өзім де одақтың қоғамдық негіздегі хатшыларының бірі болғасын, ұйымның жұмысына тікелей араласқандардың бірімін. Одақ басшылығы өткізген көптеген шаралардың басы-қасында болғасын, Н.Оразалиннің одақты көркейтуге еткен еңбегін білемін. Ол кісі өзінің міндетін атқарды. Енді басшылық өзгереді, ол пленумда айқындалды. Енді жаңа басшылық келгеннен кейін Жазушылар одағы жаңаша дамуға бет бұруы үшін не істеуіне болады? Бұл орайда мен мыналарды айта кетер едім: Жазушылар одағы қоғамның мұң-мұқтажын билікке жеткізіп отыратын белсенді ұйымға айналуы қажет. Елдің ішінде рухани дүниемізге қатысты түрлі мәселелер бар ғой, мысалы тіл мәселесі... Кеше пленумда орта мектептің бастауыш сыныптарында тек ана тілі оқытылып, өзге тілдер 6-7 сыныптардан барып үйретіле бастаса деген пікірлер айтылып жатты. Сондықтан бұндай жағдайда қазақ қаламгерлерінің ұйымын ақыл-ой ордасына айналдырудың мәні зор. Рухани мәдени салаға қатысты әртүрлі шаралар қайнап өтіп жатса – одақтың беделі артып, халықпен бұрынғыдан да жақындаса түсер еді. Әдебиетшілер үйінде әдебиеттің болашағына қатысты шаралар күнделікті өтіп – жаңадан шыққан түрлі кітаптар талқыланып жатса, оған одақ мүшелері мүмкіндігінше қалмай қатысып жатса, қандай керемет?! Соңғы кезде қазақ әдебиетінде сын жоқ деп жатыр, сын керек бізге. Сыни материалдар көптеп жазылуы керек. Жазушылар одағының қасынан аударма орталығын неге ашпасқа? Өзге тілдерге аударатын мамандар баршылық, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университеті секілді ЖОО-лар бар, солардан шыққан мамандарға қазақ жазушыларының шығармаларынан жолма-жол аударма жасатса, әрі қарай шетелдік аудармашыларға көркем аударма жасау қиынға түспес елді. Ол әдебиетіміздің әлемге танылуына зор пайдасын тигізер еді. Осыны бір жүйеге түсіру керек. Сосын Мәскеудегі Әдебиет институты сияқты Қазақстан Жазушылар одағы жанынан (ақылы түрде болса да) әдеби талдау, сараптама курстары ашылса, талантты ақын-жазушыларымыз дәріс оқып, жас қаламгерлердің шеберлігін шыңдауға пайдасын тигізер еді. Жалпы Жазушылар одағы істейтін шаруа көп, сол үшін ол заманға сай жаңарып, белсенді ұйымға айналады деп сенемін. Қасымхан БЕГМАНОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері: – Жазушылар одағының пленумында сөйлеген қаламгерлердің ішінде эмоцияға беріліп, түрлі пікірлер айтылды. Ол дұрыс емес деп ойлаймын. Барынша әділетті болуымыз қажет. Мен бұл орайда ұлттық позициядағы адаммын. Пікіріміз имандылық, адамгершілік деген қасиетке сүйенуі керек. Қалай дегенде де Жазушылар одағын басқарған кісілер өз міндетін хал-қадерінше дұрыс атқарды. Бірақ ұзақ уақыт бір адам басқара бергені дұрыс емес шығар. Дегенмен Н.Оразалин басшылықтан кетемін деді, демек қаламгерлер қауымына жаңа басшы келетіні анық. Меніңше, жаңа басшылықтың бұрынғыдай жұмыс істеуіне болмайды. Өйткені қоғам бұрынғыдан басқашалау, уақыт өзгерді. Басшылыққа менеджерлік қабілеті бар жігіттер келсе дұрыс. Яғни қаламгерлерді ұйым жұмысын заманға сай жүргізе алатын тұлғалар басқаруы керек. Ақын-жазушылардың беделін көтеру – Жазушылар одағына келетін жаңа басшылықтың басты жұмысы болуы тиіс. Мысалы, біздің буын алпыстан асып бара жатыр. Олардың көбін мансабы жоғары шенеуніктер білмейді де. Ел басқарып отырғандар танымаған қаламгердің ел ішінде қалай беделі болады сонда? Біздің қатарымыз алдындағы ағаларына жол берумен келді. Енді біздің толқынның да пікірі ескерілуі тиіс. Қазақстан Жазушылар одағына үлкен өзгеріс керек. Мемлекет әдебиеттің статусы туралы заң қабылдауы қажет. Өйткені Жазушылар одағы қоғамдық ұйым дәрежесіндегі ұйым ғана. Мысалы, елімізде «Общество собакаводов» деген де ұйым бар. Қазіргі жағдайымыз кез келген сондай ұйымдармен тең. Жақсылы-жаманды бір елдің рухани әлеміне тәрбие беріп отырған қаламгерлер қауымының ұйымын сондай қоғамдық ұйымдар тобына қоса салу ұят. Әрине, Жазушылар одағы туралы әртүрлі әңгімелер айтылып келе жатыр, бірақ қалай болса да, қаламгерлер қандай дәрежеде болса да халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап келе жатқан ұйым, оны ешкім жоққа шығара алмайды. Қазақ әдебиеті ел басқарып отырғандар да, қарапайым халық та ұялатын жағдайда емес. Сол үшін мемлекет тарапынан әдебиет пен өнерді мемлекеттік дәрежеде қорғауға, қолдауға арналған арнайы қаулы қабылданса деймін. Сонда әдебиеттің көркеюі үшін қызмет етіп жүрген қаламгерлер, әсіресе, жастар үйсіз-күйсіз сенделіп, нағыз шығармашылық өрлеу кезеңінде қиындыққа ұрынбас еді. Жасыратыны жоқ, үлкендеріміз өздерінің жылы да жайлы үйлерінде отырғасын жастардың қамын ойлап, бас ауырта бермейді, солардың жағдайы жасалсын деп билікке талап қоймайды. Бұндай жағдайларды болдырмас үшін Жазушылар одағына келетін жаңа басшылық өз ұйымының мүшелерін шақырып ойласуға тиіс. Олардың талап-тілектерін тыңдап, содан нәтиже шығару керек деп ойлаймын. Қалай болғанда да қоғамда қаламгерлер қауымының лайықты бағалануына қол жеткізбей болмайды. P.S. Бүгінде қоғамдық ұйым дәрежесінде болса да Қазақстан Жазушылар одағы ел мәдениеті мен тарихында ерекше орны бар. Құрылғанына 80 жылдан аса уақыт болған, бүгінде 800-ден артық мүшесі бар беделді ұйым. Сондықтан онда болып жатқан жаңалықтар мен өзгерістерге халқымыз бейжай қарай алмайды. Жазушылар одағы жаңа дәуірге бет бұрар тұста айтылып жатқан сандаған пікірлердің түйіні – қаламгер қауымына жағдай жасау, сол арқылы ұлтымыздың рухани жаңғыруына үлес қосып, елдігімізді танытар үлкен істерді атқару. Игілікті істің ерте-кеші жоқ, бұрын істелмеген, бұрын жасауға мүмкін болмаған істер алдағы уақытта жүзеге асады деп сенгіміз келеді.