Білімнен қаржы үнемдеу – болашақты ұрлау

Білімнен қаржы үнемдеу – болашақты ұрлау

Білімнен қаржы үнемдеу – болашақты ұрлау
ашық дереккөзі
  Қай заманда да адамды адам ететін үш мамандықтың өкілдеріне адамзат баласы аса құрметпен қарап, қадір тұтқан. Олар: адамның жанын емдейтін – мұғалімдер, адамның тәнін емдейтін – дәрігерлер, қоғамдағы әділдікті қамтамасыз ететін – заңгерлер. Десек те, соңғы 15-20 жыл ауқымында «мұғалімдік мамандықтың беделі төмендеді», «қазір мұғалімдік мәртебелі мамандықтар қатарында емес», «жастар мұғалімдік мамандыққа барғысы келмейді» деген секілді әңгімелер ел арасында жиі айтылып жүр. Мұның себебі неде? Күнделікті өмірден нақты дерек бере отырып, себептерін анықталық: Біріншіден, қазіргі студент-жастармен пікірлесе бастасақ, «ой, ағай, 40-45 мың теңгеге біреудің 25 баласымен алысқанша, өзіміздің жағдайымызды реттеп алмаймыз ба?» деген көзқарасын білдіреді; Екіншіден, педагогикалық бағытта жоғары білім алатын студенттердің 90 пайыздан астамы ақылы оқу топтарында оқитындықтан, білім беру саласының басшылығы «сен мектепке барып, жұмыс істеуге тиістісің» деп міндеттеуге ешқандай құқығы жоқ; Үшіншіден, әсіресе соңғы 10-15 жыл шеңберінде мұғалім қоғамның «майлыққа да, сулыққа да» жүретін қолбаласына айналып, елімізде қоғамдық-саяси науқан, тазалық жұмыстары, халық санағы және басқа да шаралар басталғанда, жоғары басшылықтың қысымынан өзінің кәсіби міндетін атқаруға уақыт таппайды. Қазіргі өркениетті елдер ұстаздың бойында бала қызыға қарайтын, бала еліктейтін қасиеттердің болғаны дұрыс деп есептейді. Себебі баланың ұстазына деген айрықша құрметі оның жақсы білім алуына тиімді әсер етеді. Кез келген адам жақсы ұстаз бола алмайды. Сондықтан ілгері дамыған елдерде бастауыш сынып ұстаздарын дайындауға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл елдер мұғалімнің кәсіби мәртебесін қалыптастыруды жоғары дәрежеде ұйымдастырып қойған. Атап айтқанда: біріншіден, дамыған елдер үздік мектеп түлектерінің ғана құжаттарын мұғалім мамандығына қабылдайды; екіншіден, талапкерлер педагогикалық кәсіпке қабілеттіліктерін анықтайтын арнайы тест тапсырады; үшіншіден, оқу орындарында дәріс бірінші курстан бастап тәжірибеге негізделіп жүргізіледі; төртіншіден, жақсы бітірген бакалавр – мұғалім магистратураға қабылданады; бесіншіден, магистр – мұғалім мектепке жұмысқа келгенде, қоғамдық комиссия алдында күрделі сынақтан өтеді; алтыншыдан, жұмысқа қабылданған жас магистр – мұғалімге тәлімгер (коучер) тағайындалады. Ол жас мұғаліммен алғашқы күннен бастап, өз бетімен жақсы сабақ бере алатын деңгейге жеткенше бірлесіп жұмыс істей береді. Шындығына келгенде, мұғалім тек жас ұрпақ санасына оқу-тәрбие үрдісін қалыптастыруға тиісті тұлға болуы керек. Осындай себеп-салдарлар бүгінгі жастардың мұғалімдік мамандыққа қырын қарауына әкеліп соқтыруда. Бұл тығырықтан шығар жол бар ма? Әрине, бар. Балтық жағалауындағы Латвия Республикасы – бүгінгі таңда әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарында. Осы ел 1991 жылы өзінің тәуелсіздігін жариялағаннан кейін, білім беру, денсаулық сақтау салаларын ғана мемлекет құзырында қалдырды да, өзге салалар бойынша жеке секторды дамытуға мүмкіндік берді. Біздің мемлекетіміз де саналы түрде білім беруді «болашаққа инвестиция құятын сала» деп есептеп, толықтай өз қамқорлығына алуға тиіс. Біріншіден, педагогикалық бағытта орта арнаулы және жоғары білім алу, әсіресе ер азаматтарға тегін болуы керек (себебі еліміз бойынша, педагогикалық қызметтің 83 пайызы, Атырау облысында 87 пайызы әйелдердің еншісінде); Екіншіден, студент-жастарға қазіргі бағамды ескере отырып, кемінде 25-30 мың теңге көлемінде стипендия төленуі қажет; Үшіншіден, мұғалімдердің орташа айлық жалақысы 250-300 мың теңгеден кем болмауы тиіс. Себебі Қазақстандағы мұғалімнің айлық жалақысы еліміздегі орташа жалақыдан 25 пайыз төмен. Германияда мұғалімнің бір айлық жалақысы 4 мың еуро, ал Қытайда 1 мың доллар. Біздің елімізде футбол командасының бір ойыншысына 2016 жылғы мәлімет бойынша, ай сайын 9 миллион теңге жалақы төленіпті. Балаға білім бергеннен гөрі, екі аяққа ерік беріп, доп қуалап кеткен дұрыс секілді. Төртіншіден, орта мектептерге қызметке барған (шалғай ауылдарға) жас мамандарды қызметтік пәтерлермен қамтамасыз ету алдыңғы кезекте шешілуі тиіс. Егер ол жергілікті тұрғынға үйленіп немесе тұрмысқа шығатын болса, қызметтік пәтер өздерінің жекеменшігіне айналуына мүмкіндік туғызған дұрыс. Осы ұсыныстар ертегідей болып көрінгенімен, біздің мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалы білім беру саласын көтеруге толық жетеді. Осыдан кейін ғана, болашақ педагог-маман «Мұғалім – мәңгілік нұрдың қызметшісі» (Я.А.Коменский) дегенді мақтанышпен айтатын болады. Елімізде 2007 жылы Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы қабылданды. Осы Заңның 7-тарауы «Педагог қызметкердің мәртебесі» деп аталады. Бұл заңға 2011 жылдың қараша айында өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Ал енді «Білім туралы» Заңның жаңа редакциясы Парламент Мәжілісі мен Сенатының талқылауына ұсынылып отыр. Сонымен қатар, қазіргі жағдайда Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше екендігімізді ескере отырып, әрі сан мыңдаған ұстаздар қауымы арасында қоғамдық пікір туғызар деген ниетпен төмендегі ұсыныстарымызды білдіргенді жөн көріп отырмыз: 1.Білім беру мекемелерінің басшылары ұжым келісімі негізінде сайланып қойылуы тиіс. Оқушыларды білім мекемелеріне қабылдаған кезде ата-ана мен мектеп арасында нақты келісім-шарт дайындалуы қажет; 2.Мұғалім материалдық-әлеуметтік жағынан ешкімге тәуелсіз, дербес саяси көзқарасы қалыптасқан жаңа формация тұлғасы болуға тиіс; 3.Білім беру ұйымдары қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеуде оларды мемлекеттік қызметкерлерге теңестіріп, мұғалімдерге мемлекеттік қызметкер мәртебесін беру қажет; 4.Білім беру қызметкерлеріне өсімсіз несиемен тұрғын үй беру немесе тегін коммуналдық пәтерлермен қамтамасыз ету мәселесін шешу керек; 5.Ауылдық жерлерде еңбек ететін педагог-қызметкерлерге тегін коммуналдық қызмет көрсету және айлық ақылары мен тарифтік бағамдарына үстеме қаржы көзін қарастыру қажет; 6.Педагог-қызметкерлердің денсаулығын сақтау үшін жылына бір рет тегін жолдама арқылы тынығу орындары мен шипажайларға жіберіп тұру керек; 7.Азаматтардың шет мемлекеттерде педагогикалық білім алуын ұйымдастыруда ауылдық жерлерден талантты жастарды іріктеп, таңдап алу жүйесін енгізу қажет. Мұғалім мәртебесіне қарай қозғалған ой-пікірімізді жинақтасақ, өскелең ұрпақты оқытып, тәрбиелейтін мамандарға әлемдегі өркениетті елдер аса құрметпен қарайды. Алдымен жағдай туғызады, содан соң сапалы білім мен саналы тәрбиені талап етеді. Өкінішке орай, біздің елімізде мұғалімдерге талап қою мен міндеттер жүктеу тым ұшқары болып көрінеді. Тәуелсіз еліміздегі бүгінгі мектептің басты міндеті: 1) оқушыны оқуға; 2) оқушыны ойлануға; 3) болашақ тағдырын жете танып, білуге үйрету екендігі айқын. Қазақстан Республикасының Үкіметі мұғалімдердің әлеуметтік-материалдық мәртебесін көтеруге шынайы қамқорлық көрсете отырып, жоғарыдағы міндеттерді орындауды әрбір мұғалімнен тегеурінді түрде талап етсе, еліміздің болашағына сеніммен қарауға толық негіз бар. Жалпы білім беру саласынан қаржы үнемдеу – болашақты ұрлаумен тең екендігін ұмытпағанымыз абзал.  

Айдар Сабыров,

 Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті «Педагогика»

кафедра-зертханасының

доценті