От болып өрілген өмір

От болып өрілген өмір

От болып өрілген өмір
ашық дереккөзі
 

Жала мен жаза

Ол ешқашан сенгенім сатады деп ойламап еді. Күнделікті күйбең тірлікпен жүріп, «жаудың – жар астында, бөлтіріктің – бөрік астында» жатқанын қалай байқамаған. Бөлтірікті інінде тұншықтырамын деп, бөріге тап болды. Бөрімен алысамын деп, аждаһаның апанына да түсіп кете жаздады... «Майқапшағай» кеденіне бастық болып ауысқанына екі жылдан енді ғана асқан болатын. Жұмыс ойдағыдай жүріп жатты. Бірнеше жыл құқық қорғау органында қызмет істеген тәжірибесі кеденнің жұмысын жылдам меңгеріп әкетуіне де үлкен септігін тигізді. Көрсеткіштер де жаман емес болатын. Шекарада тәртіп қатал болған соң, контрабандалық әрекеттерге де жол берілмей, кедендік төлемдер толық түрде өндіріліп отырды. Осы уақыт ішінде кеден басшылығымен «тіл табысып», әмпей-жәмпей жұмыс істеу мүмкін еместігіне талайлардың көздері де әбден жетті. Сондықтан да кейбіреулер кедендік шекараның осал тұсын іздеді. Бірде өзі іс-сапарға кеткен кезде орнына кеден бастығының міндетін атқарушы етіп қалдырған жігітке сол кездегі Зайсан аудандық ұлттық қауіпсіздік комитеті бөлімшесінің бастығы, подполковник З.Қабидолдин келеді. Әңгіме барысында қытай жағында ұлттық қауіпсіздік комитетіне арналған «литерлі» жүк тұрғаны, соны көпке жария етпей, кедендік тексерусіз және рәсімдеу жасамай-ақ өткізіп жіберу туралы өтініш жасалады. Және де бұл жүкке басқа да бақылаушы органдар тарапынан еш кедергі болмайтынын ескертеді. Сөйтіп, аталмыш жүктер шекарадан еш тексерусіз және тіркеусіз өте шығады. «Жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайды». Біраздан бері қарамағындағы кейбір қызметкерлерінің іс-әрекеттерінен секем алып жүретін. Және де талай жыл ішкі істер саласында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасында оперативті уәкіл болып қызмет істеген тәжірибесі де алдамапты. Шекарадан өткен контрабанда жөніндегі қауесет оның да құлағына жетпей қалған жоқ. Дереу өзі іс-сапарға кеткенде орнына сеніп қалдырып жүрген әріптесін шақырып алып, шындықты айтуды талап еткен. Бірақ ол спирт өткендігі жөнінде ештеңені мойындамайды, тек өтініш жасап келген адамдарды ғана айтады. Осыдан-ақ бұл оқиғаның астарында үлкен бір құпияның жатқаны түсінікті болды. Содан уақытты көп созбай, қытайлық кеденші әріптестерге өтініш жасап, тиісті мәліметтерді алдырды. О, сұмдық-ай! 280 мың литр контрабандалық спирт өтіп кеткен! Бұл істі сол сәтте «бақылаушы органдармен жауласып қайтемін, кім біліп жатыр дейсің?» деп жылы жауып қоя салуға да болар еді. Олай жасауға ары жібермеді. Сөйтті де 1997 жылдың 25 желтоқсаны күні Шығыс Қазақстан облыстық ұлттық қауіпсіздік комитетінің департамент бастығы Х.Т. Ибраевтың атына кедендік шекарадан контрабандалық спирт өткізу фактісіне байланысты және оған қатысы бар адамдарға шара қолдану жөнінде жазбаша мәлімет жіберді. Бұған қоса, сол кездегі Кеден комитетінің төрағасы генерал-майор Ғ.Қасымовтың атына болған оқиға жөнінде мәлімдеме жазып, оның соңын былай деп аяқтады: «...Еліміздің экономикалық қауіпсіздігін және ұлттың денсаулығын тиісті дәрежеде қорғай алмағаным үшін мені өз еркіммен қызметімнен босатуыңызды өтінемін». Өкінішке қарай, осындай адалдығының арты талай жүйке тоздыру мен сергелдеңге әкеліп соқтыратынын білген жоқ. «Қара қылды қақ жарамын» деген әрекетінің нәтижесінде маңдайы тасқа соғылды. Кеден комитетіне жазған мәлімдемесінің арты кеден органынан қызметтен кетуімен аяқталды. Ал енді осы оқиғаны естіген жаулары оған кеденге қайтып оралар жол жоқ деп ойлады. Сөйтті де, шабуылды үдете түсті. Сонымен қатар, өзінің Шығыс Қазақстан облыстық ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті бастығының атына жазған мәліметі бойынша сол жылдың 27 желтоқсаны күні Зайсан ауданына комиссия келеді. Комиссия мүшелері келген бойда аудандық ұлттық қауіпсіздік комитеті бөлімшесінің бастығы З.Қабидолдинмен әңгіме өткізбекші болады. Бірақ та ол жұмысының көптігіне байланысты әңгімені ертеңге қалдыруды өтінеді. Алайда сол күні түнде З.Қабидолдин өзі атылып өледі. Бәленің бәрі осыдан басталады. «З.Қабидолдиннің өліміне Е.Абдрахмановтың ықпалы болды» деген желеумен оның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Міне, бұдан артық әділетсіздік, бұдан өткен қорлық бар ма?.. Ерікжан қатты күйзеліске түсті. Жан азабы алпыс екі тамырын шымырлатып, тұла бойын мұздатып барады. «Не үшін, не үшін?..» деген сауалдар жанын жегідей жеуде. Қаншама есікті ашуға, қаншама жаудың бетін қайтаруға, қаншама дәлелдемелер табуға тура келді. Бұған қоса, қорқыту мен үркітудің арты өзінің жеке басы ғана емес, жанұясына да қауіп төндірді. Тіпті, бала-шағасын ешкімге көрсетпей, айдаладағы шопандардың үйіне апарып тығуына да тура келді. Алайда Ауған соғысының өтінде шыңдалған жігері және ішкі істер органында жинаған үлкен тәжірибесі бар ол ешбір қорқытудан да, үркітуден де тайсалмады. Сөйтіп, жанып тұрған оттың ортасынан аман шықты. Енді, қылмыстық істі қысқарту жөніндегі анықтамадан үзінді келтірейік: «Алдын-ала тексеру барысында анықталғанындай, «Майқапшағай» кеденінің бастығы Е.М. Абдрахманов тарапынан функционалдық міндеттерін орындауда кемшіліктер жіберілмеген, керісінше контрабандалық спирт жөнінде тиісті ақпаратты алысымен, аталмыш фактілерді айғақтау және бұндай әрекеттерге алдағы уақытта жол бермеу үшін тиісті шаралардың бәрін қолданған». Дәл осы оқиғадан кейін ол жарты жылдан аса жұмыссыз жүрді. Сол кезде аяғына жылан болып оралып, тасадан тас атушылар да қол қусырып жатпады. Ал ұйқысыз өткен әр түннің машақатын бір сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сол кезде ағарған әр тал шашының түбінде қаншама қиянаттың белгілері бұғып жатқанын оның өзі ғана біледі. Алайда осындай отты күндер оны үлкен бір өмір мектебінен өткізгені де сөзсіз. Бұл айқас оның алдында тұрған әлі де талай жеңістердің баспалдағы болғанын сол кездерде білген жоқ, әрине. Ақырында әділеттілік те салтанат құрды. Сөйтіп, 1998 жылдың 13 шілдесінде кеден органына қайтып оралды. Сол кезде Е.Абдрахмановты жаңа ұжымға таныстыруға келген Кеден комитетінің төрағасы, генерал-майор Ғани Қасымов: «Он настоящий боевой офицер» деп ерекше атап өтті.

«ҚОРҒАС» КЕДЕНІНДЕГІ  ДҮРБЕЛЕҢ

 Кезінде республиканы дүрліктірген «Қорғас» оқиғасы туралы ақиқат әлі де толық ашылған жоқ. Қалай дегенмен де уақыт ешқашан сырын ішіне толық бүгіп жатпайды. Оқиға былай болған еді. 2002 жылдың 25 қаңтарында Елбасы Астанада барлық деңгейдегі әкімдермен кеңес өткізді. Сол кеңесте Қытаймен шекарада орналасқан кедендердің атына үлкен сын айтылды. «Қытаймен арадағы мемлекеттік шекаралар маңында, жол бекеттерінде жемқорлық жойылмай отыр. Бұл учаскеде бір айдың ішінде тәртіп орнатып, нәтижесін мәлімдеуді құқық қорғау органдарына тапсырамын» деп қатаң ескертті Елбасы. Көп ұзамай Үкімет отставкаға кетіп, кеден комитетінің басшылығы да ауысты. Кеден комитетінің уақытша төрағалығы міндетін атқаруды сол кездегі мемлекеттік кіріс министрі З.Х. Кәкімжанов өз қолына алды. Іле-шала, 11 ақпан күні З.Х. Кәкімжанов Астанаға бірнеше кеден басқармалары мен Қытаймен шекарада орналасқан кедендердің, сондай-ақ, кейбір кеден бекеттерінің бастықтарын шақырып алып, әрқайсысымен жеке-жеке әңгіме өткізді. Сол күні қытаймен шекарада орналасқан кеден бастықтарының бәрі қызметтен босатылады. Содан кейін «Қытаймен шекарада орналасқан кедендерге тәртіп орната алатын жігіттер бар ма?» деген сұрақ туындайды. Сол кезде атышулы «Қорғас» кеденіне бастық ретінде Е.Абдрахмановтың кандидатурасы, «Бақты» кеденіне менің, ал «Майқапшағай» кеденіне сол кездегі «Уба» кеден бекетінің бастығы Б.Смағұловтың кандидатурасы ұсынылады. Сөйтіп, үшеуміз де бір күнде бір бұйрықпен үш жаққа аттандық. Біздің алдымызға үш міндет қойылды. Бірінші – шекаралық кедендерде орын алған сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабу, кадрларды кәсіпкерлігіне қарай іріктеу, кеденшілерді қылмыстық топтың ықпалынан ажырату. Екінші – контрабандаға қарсы үзілді-кесілді тосқауыл қою. Үшінші – басқа қалталарға кетіп жатқан кедендік төлемдерді түгелдей мемлекет қазынасына түсіру. Сол бір айтулы кезеңде көрген құқайымыз бір бөлек әңгіме. Ал Ерікжан Абдрахмановтың «Қорғас» кеденінде басынан өткергені, ержүрек қимылы, табанды әрекеттері кеден тарихында өшпестей жазылып қалды. Кеденге бастық етіп тағайындар кезде З.Кәкімжановтың: «Ерікжан, бәрінен де саған қиын болатынын білемін. Сондықтан да менің ұялы телефоныма кез келген уақытта тікелей хабарласуыңа рұқсат беремін. Егер де алты айдың ішінде «Қорғаста» тәртіп орната алсаң, онда Қазақстанның картасындағы қай кеденді көрсетесің, соған бастық етіп жіберемін», – деп сенім артуы бекер емес болса керек. Министрдің осы сөзі оған үлкен рух берді. Е.Абдрахмановтың келуімен «Қорғас» кеденінен импортталған жүктерді тасу кілт тоқтады. Кеше ғана жолаушылар мен жүк көліктері ары-бері қайшыласып жатқан шекарада бір-ақ күннің ішінде мүлгіген тыныштық орнады. Қытай жағында бері шыға алмай, жүк тиелген жүздеген автокөліктер керуені кептеліп тұрды. Ерікжан жұмысқа білек сыбана кірісіп, өткенге талдау жасады. Жыл басынан бері – 2002 жылдың 1 қаңтарынан бастап 14 ақпанға дейін импортталған тауар тиелген 998 жүк машинасы өткен екен. Ал түскен кедендік төлемдер жүз миллион теңгеге де жетпейді. Жүк тасыған әр көліктегі тауардың салмағы мен кедендік құны 15-20 есеге дейін төмендетілген. Сонда миллиард теңгеден артық қыруар ақша мемлекет қазынасына түспеген. Өне бойы мұз қарығандай дір ете түсті. Әрине, оңай емес. Әр көліктен өз үлесін алып отырған бақылаушы органдардың қылмысты әрекетіне тосқауыл қою, қаржы полициясы қызметкерлерінің қоқан-лоққыларын елемеу, бандиттік топтардың ықпалын жою бір адамға өте ауыр, әрине. Бәрінің қайраған тістері мен назарлары Е.Абдрахмановқа бағытталған. Бұндай жауапты да қауіпті сәттерде қасақана бір бәлені ұйымдастыра салу, ойламаған жерден орға түсіру түкке де тұрмайтыны, бесенеден белгілі. – Бекен, – деді бірде Ерікжан «Қорғас» кеденінен телефон шалып, – өзің абай бол, жігіттерді сақта. – Не боп қалды, Ереке? – дедім түкке түсінбей. – Кеше маған қаржы полициясының бірнеше жігіттері келді. Қолдарында «күдіктіні ұстау жөнінде хаттама» бар екен. Тұтқындау жөніндегі қағаздарымен танысып отырып, ішінен «жеке тексеру хаттамасын» көріп қалдым. Оқысам, хаттамада менің қалтамнан «өзіндік исі бар ақ ұнтақ табылды» деп жазып қойыпты. Көрдік дегізіп, алдын-ала жалған куәгерлердің де қолын қойғызып алған. Әрине, олар мені жеке тексеруге алған емес. Ыза болғаным соншалық, дереу орнымнан атып тұрдым да, тапаншамды кезеп, заңсыз әрекеттерін куәландырып, қаматып тастадым. Олардан зұлымдықтың небір түрін күтуге болады, сақ болыңдар, – деді. Осы оқиғадан кейін бұқаралық ақпарат құралдарында әлсін-әлсін кеденшілерді жамандаған ақпараттар ағыны қарша борады. Естіп отырсаң, төбе шашың тік тұрады. Әрине, сөйлеушілердің артынан үлкен бір күш итермелеп, қанатына су бүркіп тұрғанын аңғару қиын емес еді. Әйтпесе, қайдағы бір қаржы полициясының полковнигіне кейбір телеарналардан үкімет мүшесіне қарсы ойына келгенін сөйлетіп, соншалықты эфир уақытын беру де бекерден-бекер емес екені түсінікті. Бұл жөнінде З.Кәкімжановтың өзі де баспасөз конференциясында батыл айтып өтті. Біздер де бәрін біліп отырдық. Бірақ та қол қысқа болған соң, амал не? Қалай дегенмен де, 2002 жылдың 11 сәуірінде «Мегаполис» газетінде: «Хоргосский скандал: «война» по заказу?» деген материал жарияланды. Онда былай деп жазылды: «...Просто после чистки таможенных кадров, начатой министром госдоходов Какимжановым, и назначением новым начальником поста господина Абдрахманова, видимо, был полностью перекрыт «зеленый» денежный поток, текущий к тому самому эксбонзе из одной силовой структуры... Эти господа просто выполняли определенный заказ, чтобы вернуть все на круги своя». Кез келген оқиғаны бастан кешіру қиын, айту оңай. Яғни, тас түскен жеріне ауыр. Телефонмен: «өлтіреміз, бала-шағаңды кепілдікке аламыз» деушілер де болды. Әуелі теледидардан: «Қорғас» кеденінің бастығы қамауға алынды», «Қорғас» кеденінің бастығына іздеу салынды», «қылмыс жасап, қашып жүр» деген жалған ақпараттар да беріліп қалды. Талайлар не сенерін, не сенбесін білмей, екіұшты ойда болды. Бұл жайсыз хабарды естіген Е.Абдрахмановтың ұлы Ілияс тіптен мектептегі балалардан ұялғаны соншалық, сабаққа да бармай қойған екен. «Сенің әкең қылмыскер» деп айтқандар да болыпты. Бұған қоса «қызметтік өкілеттігін шектен тыс пайдаланды» деп, оңтүстік-шығыстағы көлік прокуратурасы Е.Абдрахмановтың үстінен негізсіз фактіге құрылған қылмыстық іс те қозғап жіберді. Тіпті, қаржы полициясының қызметкерлері кедендік рәсімдеуден өткен тауар тиеулі көлікке автомат та тастап кетті. Әр бейнеттің өз зейнеті бар емес пе?! Кеденшілер кездескен қиыншылықтарға қарамастан жанталаса еңбек етті. Кедендік рәсімдеу барысында импортталатын тауар тиеген әр жүк көлігі қатаң бақылауда болды. Сәуір айының аяғында кедендік төлемдер миллиард теңгеден асты. «Белое солнце пустыни» фильміндегі «Я мзду не беру, мне за державу обидно» дейтін әйгілі Верещагиннің ізбасарлары контрабандалық жолмен басқа қалталарға кетіп жатқан «керуеннің» жолын кесті. Сөйтіп, сол жылдың сәуір айында ғана республикалық бюджетке кедендік төлемдер бойынша 1 миллиард 86 миллион теңге аударылды. Осылайша ол арының таза, өз ісінің ақ екенін дәлелдеп шықты. Бұл қаражат «Қорғас» кеденінің 2001 жылғы бір жылдық көрсеткішінен асып кететін еді. Асыға күткен қуанышты хабарды телефон арқылы дереу Зейнолла Кәкімжановқа хабарлады. Сол кезде өзінің ризашылық сезімін жасыра алмаған министр: «Молодец Ерик, так держись» депті. Аталмыш жаңалық туралы З.Кәкімжанов ізін суытпай, сол кездегі Үкімет басшысы И.Н. Тасмағамбетовті хабардар етеді. Көп ұзамай, мамыр айында «Қорғас» кеденінің бастығы Е.Абдрахмановқа Қазақстан Республикасының сол кездегі Премьер-министрі И.Тасмағамбетовтің қолы қойылған «Алғыс хаты» табыс етіледі. Онда былай деп жазылған:

 «Құрметті Ерікжан  Мырзамұқанұлы!

 Сізге Отанымыз – Қазақстан Республикасының игілігі жолындағы адал еңбегіңіз үшін алғысымды білдіремін. Қазақстандық мемлекетіміздің қалыптасуы кезінде Сіз өзіңізге бекітілген кәсіби қызмет орныңызда жоғары жетістіктерге қол жеткіздіңіз және еліміздің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге сүбелі үлес қостыңыз. Отан қорғаушылардың күнін және Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 57 жылдығын мерекелеуге байланысты еліміздің көпұлтты халқының мүддесі жолындағы еңбегіңізге келешекте де табыстар тілеймін.

И.Н. Тасмағамбетов,

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі.

Астана, 2002 жылғы мамыр»

Осы жетістікті кезінде қорғастық кеденшілер «Қорғас» революциясының жеңісі» деп атады. Бұл жерде, әрине, сол бір қиын да жауапты сәттерде қамқор қолын созып, тірек бола білген З.Кәкімжановтың да еңбегі өте зор. Өз атына қаншама негізсіз, ауыр да әділетсіз сөздер естісе де, қарамағындағы қызметкерлерін жанын салып қорғай білді. Және де осындай дүрбелең кезінде кеден комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған үлкен жүректі азамат Аманияз Қасым­ұлы Ержановтың да көрсеткен азаматтығы бір төбе. Сонымен қатар, төніп тұрған қауіптен қаймықпай Ерікжанның жанынан табыла білген Самат Рамазанов, Алтай Танабаев, Қайрат Бөкішев, Ризабек Қалиаждаров, Бақтияр Құнақынов, Болат Жаманбаев, Руслан Селиханов, Ербол Исанов сияқты әріптестерінің де қайсарлығы сүйсіндіреді. Сол кездері бұл жетістік жөнінде «Казахстанская правда» газетінде жарияланған «Қорғас»: трехлетние показатели – за три месяца» деген мақалада: (29.06.02) «...Подобное понимание проблемы присуще и всей новой команде, пришедшей на основные таможенные посты страны. По крайней мере, тенденция, которая отмечена на «Коргасе», прослеживается и в остальных областях. Таможенный прогноз план в целом по Казахстану перевыполнен более чем в два раза. Пока мы беседовали с Ерикжаном Абдрахмановым, позвонил начальник таможни «Бахты» Бекен Нұрахметов. По его таможне выполнение прогнозного плана составило 117 процентов, прошлогодний показатель уже перевыполнен на 600 процентов. И в целом по стране пятимесячные показатели таможенников по областям перекрывают итоговые прошлогодние. И не на тысячи – в разы. Связываются эти перемены как с новым руководителем таможенного комитета республики, так и с приходом команды профиссионалов», – деп атап өтілді. Сонымен қатар «Время» газетінде жарияланған «Хоргос гейт» деген шағын ақпаратта, «Қорғас» кедені айына бір миллиард теңгеден артық табыс берсе, бұл дегеніңіз Алматы облысының сол кездегі бір жылдық бюджетін құрайтыны жөнінде айтылды. Мысалы, «Қорғас» кеденінде мемлекет қазынасына кедендік төлемдер мен салықтардан түсетін ақша көлемі 1999 жылы 900 миллион теңгені, 2000 жылы 840 миллион теңгені, 2001 жылы 720 миллион теңгені ғана құраған екен. Жыл сайын импортталатын тауар айналымы бірнеше есеге өсіп отырғанына қарамастан, кедендік төлемдер керісінше, құлдырай берген. Ал Е.Абдрахмановтың басқаруымен 2002 жылы небәрі алты-ақ айдың ішінде ғана кедендік төлемдерден мемлекетке өткізген қаржының саны – «Қорғас» кеденінің соңғы он жылда бергенінен асып түскенін айта кеткен орынды. Ерікжанның «Қорғас» кеденіндегі жеңісінен кейін ел арасында әртүрлі қауесеттер тарады. «Жеңіліс тапқандар оны кешірмейді. Олар өз жеңілістерін оңайлықпен ұмытатын адамдар емес» деген ызғарлы сөздер де айтылмай қалған жоқ. Иә, шынымен де «Қорғас» оқиғасынан кейін Ерікжанның соңына түсіп, аяқтан шалмақшы болған әрекеттер толастамады. Оның бойындағы айтқанынан қайтпайтын қағидатшылық пен қара қылды қақ жаратын адалдығы кей басшыларға ұнамады. Үстінен бірнеше рет қызметтік тексерулер де жүргізілді. Бірақ қызметтен қуатындай ешбір ілік таба алмады. Ақыры оны шығыстан ығыстырып, кедендік бақылау департаментінің бастығы етіп, Ақмола облысына жіберді. Сол кездегі Шығыс Қазақстан облысының прокуроры Х.Д. Кушкалиев баспасөз конференциясын өткізіп, Ерікжанға араша түсті. Ел үшін адал қызмет етіп жүрген азаматқа кеден комитеті басшылығы тарапынан негізсіз шабуыл жасалып жатқанын да батыл айтып, үлкен азаматтық танытты. Ал Ерікжан болса, Ақмола облысына барған бетте де тыныш жатпай, ұйымдасқан қылмыстың бетін ашты. Жалған транзит фактілері бойынша үш айдың ішінде ғана Қылмыстық кодекстің 209-бабы бойынша (экономикалық контрабанда) 23 қылмыстық іс қозғап жіберді. Бұндай көрсеткіштер департамент тарихында болмаған еді. Соның нәтижесінде талай контрабандистер құрықталып, олармен байланыста болған бірнеше кеденшілер жұмыстан қуылды. Сөйтіп, ештеңеден қаймықпайтын Ерекең аз ғана уақыттың ішінде тағы да үлкен бедел жинап алды. 2008 жылы Ерікжан Абдрахманов «Достық» кеденіне бастық болып тағайындалды. Тағы да қытаймен шекара, тағы да айқай-шуы көп жер. Жаңадан тағайындалған төрағамыз Қозы-Көрпеш Кәрбозов оны сол жерге не үшін тағайындап отырғаны да түсінікті еді. Кеденді бандиттік құрылымның ықпалынан ажыратып, темірдей тәртіп орнату керек болды. Осылайша, Ерікжан «Достық» кеденінде де ержүрек әрі қағидатшыл бастық ретінде өз қолтаңбасын қалдыра білді.

БАСЫМДЫ ИДІРГЕН  БАТЫРЛЫҚ

  2002 жылдың 12 қазанында тоғыз айдың қорытындысы бойынша Астанада кедендік бақылау агенттігінің алқа мәжілісі өтті. Ол кезде «Бақты» кеденінің бастығы қызметінде болатынмын. Ерікжан болса, екі ай бұрын ғана Шығыс Қазақстан облыстық кедендік бақылау департаментінің бастығы қызметіне тағайындалған еді. Алқа мәжілісіне көңілім көтеріліп, үлкен дайындықпен бардым. Себебі көрсеткіштеріміз мақтанарлықтай еді. Кедендік төлемдердің өндірілуі өткен жылмен салыстырғанда 600 пайызға көтерілген болатын. Бұл – әрине, жалғыз менің емес, ұжымның еңбегі. Сондықтан да қолыма жұмыста жақсы жетістіктерге қол жеткізген қызметкерлерді марапаттау жөніндегі төрағаның атына жазған мәлімдемем де бар болатын. Өкінішке қарай, сол алқа жиынына алғыс естимін деп барған басым саудаға салынып, қызметіммен қош айтыстым. Кедендік бақылау агенттігінің жаңадан тағайындалған төрағасы Бердібек Сапарбаевтың мені және «Майқапшағай» кеденінің бастығы Бауыржан Смағұловты қызметтен босату жөніндегі бұйрығы оқылған кезде Ерікжан Абдрахманов орнынан атып тұрып: «Төраға мырза! Мен сіздің бұндай кадрлық саясатыңызбен және мына жігіттерді қызметтен босату жөніндегі шешіміңізбен келіспеймін. Бұлардың жұмысты жақсы жолға қойғаннан басқа не жазығы бар? Сондықтан да бүгін мен де сіздің атыңызға мәлімдеме жазып, кеден органынан кетемін», – деді. Зал сілтідей тынды. Әрине, атышулы «Қорғас» кеденінде небір мықтылармен айқасқанда сағы сынбай, беті қайтпаған және әскери борышын Ауғанстанда өткерген Е.Абдрахмановтың осындай мінез танытуы залда отырған талайларды таңғалдырды. Тіпті, төрағаға қарсы шықпақ түгілі, көлеңкесінен қорқатын кейбіреулер үшін төбеден жай түскендей әсер еткені де сөзсіз. Дәл осы жерде алқа жиналысының нүктесі де қойылды. Жиналыс біткен соң Ерікжан Абдрахмановтың жанына келіп: «Ереке, бізге араша түскеніңізге рахмет. Бірақ бекер істедіңіз. Біз кеттік, жарайды. Бірақ сіздің қалғаныңыз жөн еді. Мына сөзіңізден кейін сізді де орныңызда қалдыра қоймас», – дедім. Екеуміздің де жан дүниеміз алай-дүлей күйге түсіп, абыржып тұрдық. Дәл сол кезде Ерікжанның әділдік жолында ештеңеден тайсалмайтынына, досы үшін басын тәуекелге тігетін азамат екеніне еш күмәнім болған жоқ. Тура сол сәтте осындай қасиетінің алдында басымды идім. Сол күннен бастап қамқоршы аға әрі ұстаз ретінде ерекше құрмет тұтып, алдын қиып өткен емеспін. Иә, «Әр ащының бір тұщысы бар» дегендей, осы оқиғаның арты терең тарихқа айналады деп мүлде ойламаппын. Кейіннен сол кездегі кедендік бақылау агенттігінің төрағасы Бердібек Сапарбаев нағыз азаматтық танытты. Ерікжанның бойындағы адамгершілік пен іскерлік қасиеттерін және мінезіндегі өткірлік пен шыншылдықты жоғары бағалай білді. Сөйтіп, мемлекеттік марапатқа да ұсынды. Соның нәтижесінде Ерікжан Абдрахманов Елбасының Жарлығымен екінші дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Бұндай адамгершілік екінің бірінің қолынан келмейді, әрине.

ҚИНАЛҒАНДА ҚОЛ СОЗҒАН ҚАЙРАН АҒАМ...

«Жау жоқ деме – жар астында» деп қалай дәл айтылған. Олай дейтінім, 2008 жылдың 19 тамызы күні түнгі сағат 12-де контрабандамен айналысатын қылмыстық топтың мүшелері жеке басыма қастандық жасады. Ол кезде «Семей» кедені бастығының орынбасары қызметінде болатынмын. Көрер жарығым бар екен. Бір Құдай сақтады. Ол аздай, ауруханадан емделіп шыққан бетте көп ұзамай автокөлігіме есірткі тығып кетті. Одан да құтылдым ба дегенде, бүкіл Семей қаласын дүрліктіріп, автокөлігіме жарылғыш зат қою әрекеті де орын алды. Қаншама сыр бермеуге тырыссам да, осының бәрі жүйкемді әбден тоздырды. Осындай қиналған сәттерімде туған-туыстарым мен бала-шағам және етжақын жолдастарым жұмыстан кетуге ақыл-кеңес берді. Жауларымның беталысы жамандығын және олардың ештеңеден тайынбайтын түрлері бар екенін ескертті. Шынымен де терең ойланып қалдым. Сондай сынаулы сәттерде Ерікжан ағаға хабарластым. Ол кезде «Достық» кеденінің бастығы қызметінде болатын. Ойымды тыңдап болған соң: «Біріншіден, сен командир екеніңді ұмытпа, – деді сөзін нығарлап. – Ал командирге шегінуге болмайды. Достарың да, жауларың да жан-жақтан «Не жасайды екен?» деп сын көзбен қарап отыр. Екіншіден, кезінде мен «Қорғас» кеденінде бастан кешкен жағдайды қазір сен өз басыңнан өткеріп отырсың. Сен жеңілуге тиісті емессің. Шегінуші болма. Жеңіліс тапсаң, Қабанбай бабаңның әруағынан ұят болады», – деп намысымды қайрап, ағалық ақылын айтты. Ерекеңнің ағалық ақылы шынымен де жігер берді, намысыма қамшы басты. Осы әңгімеден кейін мен де тасадан тас атып жүрген жаулармен ашық айқасқа түстім. Тіпті, қалтама қызметтік тапаншамды салып алып, бір қолымды шүріппеде ұстап жүрген кездерім де болды. Қандай жағдай болса да, дұшпандарымның алдында бас имеуге тырыстым. Сөйтіп, сол сыннан да сүрінбей өттік, әйтеуір. Ол күндер ұмытылмайды, әрине. Иә, қиналғанда қол созар, қайран ағам...

СОҢҒЫ ДЕМ НЕМЕСЕ ҚАНЖАРЫ ҚОЛЫНАН  ТҮСПЕГЕН ЖАУЫНГЕР

 Иә, тау адамдарының өзіндік мінезі болады. Бәлкім, «Тау баласы тауға қарап өседі» деген сөз де осындайдан шыққан болар. Қайсар мінез, өжеттік, керек жерінде қатыгездік пен қаталдық әр адамға туған топырақтан сіңеді десек, қателеспеспіз. Сондықтан да оның бойындағы алақұйын мінезіне байланысты лақап аты да өте көп болатын. Біреулер оны Алтайдың тумасы болғандықтан, «Кербұғы» десе, енді біреулері «Афганец» дейтін. Ал енді қайсар, табанды қалпында, қып-қызыл айқастың ішінде жүргенін көрген кезде «Чапай» деп қалатын. Ол шынымен де нағыз жауынгер болатын. Сондықтан да оның досы қанша көп болса, жаулары да аз емес еді. Бейбіт өмірдің өзінде бүкіл өмірі күреспен өтті. Ол ылғи да: «Все можно купить, кроме чести и совести», – деп айтатын. Осы айтқан сөздерін іс жүзінде дәлелдей білді де. Тіпті, сол жолда отқа да күйді, суға да түсті. Иә, Ерекең тек күресіп қана қойған жоқ. Қаншама шәкірттер тәрбиелеп, оларға ақиқат жолында тайсалмай күресуді үйретті, бойларына рух сіңіре білді. Алайда оның жасаған ерлігін қайталау әлі күнге дейін бірде-бір кеденшінің маңдайына бұйырмапты. Мүмкін, уақыт өте келе Ерікжан сияқты азаматтардан тәрбие алған кеденшілердің жаңа толқыны көкжиектен көптеп көрініс беретін шығар. Тіпті, соңғы демі таусылып бара жатып, тілін кәлимаға келтіріпті. Содан кейін қасында отырған жан досы Оралбекке қарап: «Қанжарымды әкеліп берші, Ореке» деп өтініш жасапты. Оралбек дереу қанжарын қынабынан шығарып, қолына ұстатыпты. Сөйтіп, қанжарының ұшын көкке қаратқан күйі көзі жұмылып кете берген екен. Жақында қолыма достарым салып жіберген бір жапырақ қағаз түсті. Онда: «Құрметті Ерікжан Абдрахмановты танитын жәмиғат! Марқұмның 40 күндік асы ақпанның 18-і күні, сағат 12-де, Өскемен қаласындағы «Ханшатыр» мейрамханасында берілетінін еске саламыз» делінген екен. Алаштың нағыз батыр ұлын ойыма алып, көзіме еріксіз жас үйірілді. Иә, ол өлімнің өзін де қолындағы қанжарымен қарсы алды. Сол арқылы нағыз батырлықтың үлгісін көрсетіп кетті. Кейде оңашада, мына фәни жалғанда болып жататын кейбір келеңсіз көріністерге қарап тұрып, сол жерге Ерікжанның тоқпағы жетпей тұрған сияқты көрінеді маған...  

Бекен Нұрахметов,

кеден қызметінің ардагері,

полковник