Тимур Бектұр: Адамға ыңғайлы орта жасау – смарт ситидің түпқазығы

Тимур Бектұр: Адамға ыңғайлы орта жасау – смарт ситидің түпқазығы

Тимур Бектұр: Адамға ыңғайлы орта жасау –  смарт ситидің түпқазығы
ашық дереккөзі
Бүгінде әлем төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді. Былайша айтқанда, жаңа технология  өмірдің бір бөлшегіне айналды. Бұл Елбасы Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауында да көтерілген түйткілдің бірі. Қазір қоғамды, экономикалық ахуалды жаңа даму сатысына көтереді делініп жүрген IT технологияның даму үрдісі жайында өзіндік ойы бар IT сарапшы маман Тимур Бектұрды әңгімеге тартқан едік. – Елбасының «Төртінші өнеркә­сіп­­тік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауы­нда IT және инжинирингтік қыз­мет көрсетуді дамыту мәселесі ай­тылды. IT сарапшы маманы ретінде елімізде бұл саланың даму қарқыны­на қандай баға бересіз? – Бұл саланың даму қарқыны өте жыл­дам екені айтпаса да түсінікті болар. Өйткені технология күнделікті өмірімізге дендеп еніп жатқанын бәріміз көріп жүрміз. Мейлі ол мұнай-газ, ауыл шаруашылық, медицина болсын, барлығына да жаңа технология еніп жатыр. Оның қаншалықты қарқынды дамып жатқанына бағаны негізінде арнайы ұйымдар һәм мемлекет бергені дұрыс болар. Алайда біздің елде жыл сайын қазақстандық компаниялардың рейтингін жариялайтын National Business Kazakhstan деген журнал бар. Соның 2016 жылғы сараптамасына қарайтын болсақ, қазақстандық ақпараттық коммуникациялық технологиялар компанияларының ең табыстысы – «Қазақтелеком» болса, екінші орында «Кcell», ал үшінші орында «Beeline Kazakhstan», төртінші орында «Tele2», бесінші орында «ТрансТелеКом» екен. Бұл – біздің өміріміздегі байланыстың мәні мен мағынасы еселеп артты деген сөз. Мына қызықты қараңыз, бұл тізімді алтыншы боп жалғастыратын мекеме, ол – өзіміздің «Зерде» АҚ. Бұл мемлекеттік ақпараттық технология саясатын жүзеге асырып отырған компания. Барлық мемлекеттік мекемелердің АКТ жүйелерін басқаратын, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының негізгі операторы. Содан кейін тізімді «Логиком», «Хуавей Қазақстан» секілді құрал-жабдықпен қамтамасыз ететін компаниялар жалғастырады. NBK келтірген бұл ақпараттан түйетін ой, бізде байланыс бірінші, мемлекеттік ІТ қызметтер екінші, hardware/software үшінші орында дегенді білдіреді. – Елімізде IT мамандарға деген сұра­ныс қандай деңгейде және бұл сала­ны игеруге деген қазақ жастарының қызығушылығы қандай? – Сұраныс жоғары. Әсіресе, желілік технологияларды, серверлер мен жүйелерді баптаушыларға сұраныс өте жоғары. Сондай-ақ, қазір интернет заманы болғандықтан, уэб бағдарламашыларға да сұраныс баршылық. Соңғы кезде big data, machine learning, data mining секілді ақпаратты анализдеумен, машинаны кодтаумен айналысатын салалардағы мамандарға да сұраныс көп. Дегенмен бұл сұраққа да тұтас елдің әр түкпіріндегі мекемелерге дейін сұрау салып, сауалнама арқылы анализ жасамаса, оның деңгейін цифрмен айтып бере алмаймын. Мысалы, ҚР Білім және ғылым министрі «Бізге осынша ІТ маманы жетіспейді» деп бір көрсеткішті айтады. Одан кейін тағы бір жерден «Осынша ІТ маманына қажеттілік бар» деген ақпарат шығып жатады. Алайда сол цифрлардың қайда, қалай есептеліп жатқанына өз басым күмән келтіремін. Себебі жыл сайын еліміздегі ЖОО-нан қаншама ІТ мамандары оқу бітіріп жатыр. Дей тұрғанмен, күнделікті вакансиялардың саны артпаса, кеміп жатқан жоқ. Сондықтан бұл жерде статистика келтіре алмайды екенмін. Өйткені қолымда сенім білдірерлік ақпарат жоқ. – «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша 2018 жылы «цифрлық дәуір» өнеркәсібін қалыптастыруға арналған индустрияландырудың үшінші бесжылдығын әзірлеуге кірісу керектігі көтерілді. Сіздіңше, цифр­ландыру жұмыс күшін азайта ма, әлде... – Негізі «Цифрлы Қазақстан» деп айта бергеннен біз цифрланып кетпейміз. Екіншіден, бұл біраз кешігіп басталған бағдарлама. Үшіншіден, сіздің сұрағыңызға жауап ретінде айтарым, дәл біздің елде «экономиканы цифрландыру жұмыс күшін азайтады» дегенге өз басым келіспеймін. Өйткені, қазіргі таңда біздегі еңбек бөлінісі, жұмыс процестері, адами ресурстар оптимизацияланбаған. Ретке келмеген. Мысалы, цифрландырудан бұрын бізде сол процесс қарқынды жүріп барып, артынша цифрлану дәуірі келсе, иә, біраз адамның жұмыссыз қалуы мүмкін. Бірақ дәл қазір, дәл бүгін цифрлануға бола жұмыссыздық соншалықты жайлап кетеді дегенге сенбеймін. Мысалы, банкке барсаңыз, бұрынғыдай жабайы кезекке тұрмайсыз. Арнайы терминалдан кезек талонын аласыз. Цифрлану деген осы. Алайда біздің елде сондай кезек талонын алатын терминалдардың өзінің қасына оператор қойып қойған. Яғни, ол сізден банкке қандай шаруамен келгеніңізді сұрайды да, ол адамның көмегінсіз, өзіңіз-ақ ала алатын талонды сізге алып береді. Көрдіңіз бе? Бұрын ондай жұмыс орны болмап еді, қазір бар. Ал ол терминал бұзылып қалса ше? Техник керек емес пе? Демек, тағы бір жұмыс көзі. Қаншалықты рас өтірігін білмедім, бірақ америкалық бизнесмен Брайан Трейси өзінің кітабында «АҚШ-та жыл сайын 20 000 000 жұмыс орны жабылып, орнына 22 миллион, иә миллион, жұмыс орны ашылады» дейді. Өйткені цифрланудан кейін автоматтандыру да қатар жүреді. Айталық, сіз бір мекемеге келсеңіз, сіздің мәліметтеріңізді компьютерге енгізіп, қолыңызға келуші бэйджін ұстататын ресепшн сіз жайында ақпаратты цифрлайды. Ол мекемеге келесі күні келсеңіз, ол кешегі әрекетін тағы да қайталап, тағы да мәліметіңізді енгізеді. Оның барлығы қаншама уақытты ұрлайды. Ал сіз келесі келгенде мәліметтер базасынан сіздің атыңызды ЖСН арқылы тауып алып, бірден кіргізу – автоматтандыруға жатады. Мысалы, Астанадағы ҚазМедиаОрталыққа әр барған сайын сіз туралы ақпаратты енгізіп, суретке түсіреді. Яғни, оларда цифрландыру бар, ал автоматтандыру жоқ. – Соңғы кезде қоғамда «ақылды қала», «блокчейн» ұғымдары қолда­нысқа ене бастады. Бұл жөнінде пікі­рің­ізді білсек... – Смарт сити ғой айтып отырғаныңыз. Негізі бар ғой, «төртінші өндірістік революция» дегеніміз осылар. Яғни смарт қала мен блокчейн. Смарт ситидің түпкі мәні мен мағынасы – датчиктер мен сенсорлар. Бұл дегеніңіз – қалаішілік жол жүру, жаяу жүргіншілер қауіпсіздігі, бақылау камералары мен арнайы терминалдар. Адамзат баласының жүріп-тұруына ыңғайлы орта жасау – смарт ситидің негізгі түпқазығы. Ал блокчейн – белгілі бір орталыққа бағынбайтын ақпараттар қорының жекелеген терминалдарда, адамдардың өзінде шоғырлануы. Бұл – ақпаратты өзгерту мен өңдеуде ашықтықты қамтамасыз ететін технология. Мысалға, қандай да бір операция не сауда-саттық жасалатын болса, ол туралы ақпарат барлық жерге жазылады. Қазіргі таңда смарт контракт, криптовалюта дегендер осының базасында жасалуда. – IT-стартап жобаларының байқауы жиі өтуде. Мұның ішінде инно­­­ва­­­цияны дамытуға үлес қосатын жобалар бар ма? Өзіңіз қатысып көрдіңіз бе? – Бұрын стартап жарыстарға жиі қатысып тұратын едім. Соңғы 4-5 жылда қойдым. Өйткені өзім құрған «Timur academy» оқыту орталығына қатысты жеке жобаларым уақытты қажет етеді. Негізі Almaty Tech Garden, Bolashak Startup секілді бірнеше алаңқайлар жыл сайын стартап жарыстар өткізіп келеді. Мысалы, қазірдің өзінде Astana Hub халық­аралық стартаптар орталығы #garage деген атпен блокчейн, e-commerce, жасанды интеллект саласындағы жобаларға акселерациялық қолдау жасауды бастап кетті. Осыларға қатысушылардың ішінде инновацияны дамытуға үлес қосатын жобалардың көп екеніне сенімім мол. – Үш тілде білім беру мәселесі күн тәр­ті­бінен түскен емес. Өзіңіз ағылшын тілінде еркін сөйлейсіз. Жастар­ды да тіл үйренуге шақырып жүре­сіз. Жалпы, тіл үйренуге қажет нәрсе не? – Үш тілде білім беру ешқандай да мәселе емес, ол бүгінгі күннің талабы. Өзім Маңғыстау облысының тумасымын. Біздің өңірдің адамдары орысшаға шорқақ болады. Өзім әлі күнге дейін орысша қиналып сөйлеймін. Дегенмен, бизнес ортада, көпшілік ортада, әртүрлі жұртпен қарым-қатынаста жүріп байқағаным, орыс тілі бізге әлі керек екені айдан анық. Алайда дәл осы заманда ағылшын тілінсіз жүру – артта қалумен тең. Делдал тілден ажырауды мақсат етсек, біз ағылшын тілін соншалықты тез меңгеруіміз қажет. Ал оны үйренуге қажет нәрсе – талап пен ынта. Қалғанының барлығы – сылтау. – Әңгімеңізге рахмет!  

Сұхбаттасқан

Динара Мыңжасарқызы