Кәсіп көркейсе – өңір өрісі

Кәсіп көркейсе – өңір өрісі

Кәсіп көркейсе – өңір өрісі
ашық дереккөзі
Мемлекеттік бағдарламалар жүйелі түрде жүзеге асуы үшін байыпты бақылау керек. «Нұр Отан» партиясының аймақтағы филиалдары бағдарламалардың өңірлерде нәтижелі атқарылуын қадағалап келеді. Әсіресе, әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасына айрықша ден қойылған. Апта басында «Нұр Отан» партиясының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалында партиялық тыңдау өтіп, онда өңірдегі «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының іске асырылу мәселелері талқыланды. Өңірлік кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Құралай Жарова атап өткендей, былтыр бағдарламаны іске асыруға 2 миллиард 442 миллион теңге бөлінген. Оның ішінде 1 миллиард 482 миллион теңге сый­ақы ставкасының бір бөлігі субсидиялауға, кепілдендіруге және гранттық қаржыландыруға, 960 миллион теңге өндірістік инфрақұрылымды дамытуға жіберілді. – 2017 жылдың қорытындысы бойынша аймақтық үйлестіру кеңесі кәсіпкерлік субъектілерінің 198 өтінімін қолдады. Екінші деңгейдегі банктердің және лизингтік компаниялардың несиелері негізінде субсидиялау құралы бойынша 12 миллиард теңге сомасына 126 өтінім мақұлданды. Субсидиялау бойынша ең үлкен үлес ауыл, орман және балық шаруашылықтары саласындағы жобаларға – 40 пайыз, 17 пайыз өңдеу өнеркәсібі саласына, 16 пайыз көлік және қоймалар, 13 пайыз көтерме және бөлшек сауда саласына бағытталды, – деп атап өтті Құралай Жарова. Бұдан басқа 2017 жылы шамамен 5,7 мың жұмыс орны сақталған. Жобаларды іске асыру барысында шамамен 700 жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда, бұл ретте бүгінгі күні 568 жаңа жұмыс орны ашылды. Құралай Жарованың айтуынша, былтыр ауылдық кәсіпкерлердің бағдарламаларға қатысуының оң өсімі байқалған. Бағдарламаға қатысушылардың жалпы санына қатысты ауылдық кәсіпкерлердің үлес салмағы 60,7 пайызды құрайды. – Грант алған кәсіпкерлер бүгінгі күні жұмыс істеп жатыр және қызмет көрсету ауқымы кеңеюде. Алайда жобаны іске асырғаннан кейін қызметін тоқтатқан кәсіпкерлер де бар. Осыған байланысты, грант қаражаты есебінен іске асыруға жоспарланған жобалар бойынша жұмысты өткізуді біз жергілікті әкімдіктерге ұсынамыз. Сондай-ақ, өндірісті ұйымдастыру мәселелеріне, нарықтағы бәсекені және маркетингтік зерттеулерді алдын ала талдауға назар аударуды қалаймыз, – деді кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы. «Нұр Отан» партиясының Алматы облыстық филиалы да экономиканы дамытуға серпін беруге тиісті мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын назардан тыс қалдырмайды. Облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаевтың қатысуымен өткен партиялық тыңдауда «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау және бизнесті дамытудың бірыңғай бағдарламасының облыста жүзеге асу барысы қаралды. Ғалиасқар Төлендіұлы мемлекеттік бағдарламаның орындалуы барысында өңірде үлкен жұмыстар атқарылып, жобалар жүзеге асырылғанына қысқаша тоқталды. Дегенмен мемлекеттің бизнесті жан-жақты қолдайтыны жайлы жұрттың жақсы біле бермейтіндігін де мойындау қажет. Тұрғындарының 70 пайыздан астамы ауылды жерде тіршілік ететін облыста мемлекеттік бағдарламалардың негізгі игілігін қала тұрғындарының көріп отырғанын жасыруға болмайды. Сондықтан алдағы кезде «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын қоса алғанда, ел экономикасының барлық бағыттарын дамытуға арналған мемлекеттік қолдауларды терең насихаттап, бюрократтық кедергілерді болдырмау қажет. Партиялық тыңдауда бірінші болып сөз алған облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Берік Иманбаевтың баяндауына қарағанда, былтыр облыс бойынша бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасын жүзеге асыру үшін 3 млрд 799 млн 300 мың теңге бөлінсе, оның ішінде республикалық бюджеттен 3 265,2 млн теңге, жергілікті бюджеттен 534,1 млн теңге қарастырылған. Өткен жылы өңірлік үйлестіру кеңесінің отырысында 172 жоба қаралып, мақұлданған еді. Оның ішінде пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, жетіспейтін инфрақұрылымды жетілдіру, грантты ұсыну, ішінара кепілдеме беру бойынша жобалар бар. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 647 жұмыс орны ашылып, 3475 жұмыс орны сақталып қалған. Облыс бойынша бөлінген қаражат 100 пайыз игерілді. Биыл бағдарламаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 1 802,6 млн теңге, жергілікті бюджеттен – 736,5 млн теңге бөлінген. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры аймақтық филиалы директорының орынбасары Руслан Саметеев биылғы 15 қаңтардағы жағдай бойынша аталған бағдарламамен 563 компания жалпы сомасы 158, 3 млрд теңгенің қолдауына ие болғанын, орташа алғанда, бағдарламаға қатысушы бір кәсіп-орын банктен 280 млн теңгеден несие алғанын айтты. Өткен жылы Алматы облысында жалпы сомасы 10,8 млрд теңге болатын 71 жоба қолдауға ие болып, оларға 2,4 млрд теңге демеу қаржы төленген. Жобалардың басым бөлігі Талдықорған қаласы мен Алматы қаласы маңында орналасқан ірі аудандарға тиесілі, Райымбек, Ақсу аудандарында қаржылық қолдау мүлде жоқ. Алматы облысының өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов өңірлік деңгейде бизнес-климатты жақсарту және кәсіпкерлікті қолдауға арналған жаңа жүйелі шаралар жүзеге асырылып, бағдарлама аясында мемлекет тарапынан экономикадағы жеке сектордың дамуындағы кедергілерді азайту және қолайлы жағдай жасау бойынша тиімді шаралар қолданылып отырғанын баяндады. Сервистік қолдау мен ақпараттық қамтамасыз ету қызметтері барлық аудандар мен қалалардағы кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталықтары арқылы жүзеге асырылатын көрінеді. Облыс басшылығының қолдауымен Талдықорған қаласында кәсіпкерлерге қызмет көрсететін толық форматты орталық ашылған. Алдағы кезде осындай орталықтарды Қапшағай қаласы мен Қарасай ауданының орталығы – Қаскелең қаласында ашу да жоспарланған. Партиялық тыңдау қорытындысында «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының өңірдегі орындалу барысы қанағаттанарлық екені айтылып, алдағы кезде бағдарламаның облыс аумағына қанатын одан ары жаюына ықпал ететін шараларды ойластыру керектігі талқыланды. Қаламен шектеліп қалмай, шалғай ауылдардың мемлекет қолдауын сезінуі жолында әрекет ету қажеттігі ортаға салынды.