Әр тиынның сұрауы бар

Әр тиынның сұрауы бар

Әр тиынның сұрауы бар
ашық дереккөзі
«Нұр Отан» партиясының Алматы облыстық филиалы Саяси кеңес бюросының отырысын өткізді. Партияның облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев, Саяси кеңес бюросының мүшелері, облыстық мәслихат депутаттары, облыстық департаменттер мен басқармалар басшылары қатысқан басқосуда облыстық партия филиалының, партиялық куратор бағыттарының былтырғы жұмысы қорытындыланып, биылғы жоспарлар бекітілді. Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы бойынша бірқатар басқарма басшыларының есептері тыңдалды. Инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыруға Ұлттық қордан бөлінген қаржы мен бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуына бақылау жүргізетін партиялық комиссияның анықтауынша, өткен жылы Ұлттық қордан үш жобаға 1 млрд 334,8 млн теңге бөлініп, мүмкіндігінше игеріліпті. Қапшағай қаласына қарасты Заречный ауылдық аумағындағы жылыжай кешеніне арналған электр желісіне 316,2 млн теңге қарастырылып, барлығы мақсатты игерілген. Сонымен бірге, Қаратал ауданындағы Айту би ауылдық аумағындағы бордақылау кешенін электрмен және сумен қамтамасыз етуге бөлінген 326,6 млн теңге де тиімді жұмсалған. Талғар ауданындағы индустриялық аймақтағы «Инженерлік-көліктік инфрақұрылымның құрылысы» жобасына бөлінген қаражаттан да шашау шықпаған. Шағын және орта бизнес пен іскерлік белсенділікті қолдауға былтыр 3 млрд 799 млн 300 мың теңге бөлініпті. Өңірлік үйлестіру кеңесі 172 жобаны мақұлдаған. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын орындау барысында 647 жұмыс орны ашылып, бұрыннан бар 3475 жұмыс орны сақталып қалған. Жалпы бағдарламаға қарастырылған қомақты қаражат 100 пайыз игерілген. Партияның сайлауалды бағдарламасының «Халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлжуаз тобын жұмыспен қамту» және «Жастарды қолдау» бағыттары бойынша партиялық кураторлар да өздері атқарған жұмыстың нәтижесін жеткізуге тырысты. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сәния Наурызбаеваның айтуынша, облыс бойынша былтыр 38 641 адам жұмыспен қамтылыпты. Жыл барысында 25 157 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған және ол артығымен орындалып, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы мен ілгерілуіне байланысты барлығы 26 240 жаңа жұмыс орны іске қосылған. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясындағы үш бағыт бойынша (кәсіптік оқыту, жаппай кәсіпкерлікті дамыту және еңбек нарығын дамыту) бөлінген қаражат толығымен игеріліп, облыстың 26 колледжі, 9 орталығында 32 мамандық бойынша 7002 адам қысқамерзімді оқудан өткен. «Бизнес-Бастау» жобасы аясында 1312 адам бизнес негіздерінен білім алған. Отырыс соңында облыстық партия филиалының 2018 жылғы бюджеті жайында облыстық партия филиалы төрағасының орынбасары Серік Нұрқадыров хабарлама жасады. Бюро мүшелері облыстық партия филиалының бюджетін бекітті. Күн тәртібіндегі мәселелердің барлығы қаралған соң, қаулы жобалары толық мақұлданып, қабылданды.