Сөз қадірін өз қадірім деп білген

Сөз қадірін өз қадірім деп білген

Сөз қадірін өз қадірім деп білген
ашық дереккөзі
  Әдебиет әлемінде әр қаламгердің орны бар. Түрлі саяси үдерістер кезеңінде зардап шеккен қазақ әдебиетінің басынан өткен қиын бір дәуір – екінші дүниежүзілік соғысынан кейінгі алғашқы онжылдықта болды. Жиырмасыншы ғасырдың 30-жылдарындағы репрессияның кесірінен қатары селдіреп қалған қазақ қаламгерлерін бес жылға созылған соғыс одан әрі тұралатып тастағандай болды. Дегенмен соғыстан оралған Қасым Аманжолов, Жұбан Молдағалиев, Сырбай Мәуленов, Хамит Ерғалиев, Қалижан Бекқожин, Дихан Әбілев, Тахауи Ахтанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Тоқаш Бердияров, Тайыр Жароков, Әди Шәріпов, Әзілхан Нұршайықов, Қалмұхан Исабай секілді қаламгерлер біршама жүдеу күйдегі қазақ әдебиетінің жаңа тынысының ашылуына зор әсер етті. Осылардың қатарында қазақ поэзиясы мен қазақ әдебиеттану ғылымына елеулі үлес қосқан қаламгердің бірі – Сағынғали Сейітов еді. Әрине жоғарыда аты аталған қаламгерлердің бәрі соғыстан келе сала дайын күйінде әдебиетке араласып кеткен жоқ. Олардың кейбірі соғысқа дейін қалам тербеп, әдебиетте аз да болса аты белгілі болса, көпшілігінің әдеби қызметі соғыстан соң басталған. Ал Сағынғали Сейітов әдебиетке қатарластарынан сәл кейіндеу – 50-жылдардың басында келген-ді. Ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы қысқа қайырсақ: Сағынғали Сейітов (1917-2007) Батыс Қазақстан облысы Тайпақ ауданы, Өлеңті ауылында дүниеге келген. Ақын, сыншы, әдебиет зерттеушісі, филология ғылымы кандидаты (1961). Орал су транспорты рабфагын (1937), Қазақ педагогикалық институтын бітірген (1941). 1941-1947 жылдар аралығында әскер қатарында болып, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Бірнеше әскери орден-медалдарьмен марапатталған. 1947 жылдан Қазақстан Ғылым Академиясы Тіл және әдебиет институтында, Қазақстан КП ОК-нің Үгіт, насихат, әдебиет және көркемөнер бөлімдерінде түрлі қызметтер атқарды. Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасының директоры, Әдебиет және өнер институтында бөлім меңгерушісі, аға ғылыми қызметкер болған. 1953-2011 жылдар аралығында «Жолдас жүректен», «Ортақ ой», «Бетпе-бет», «Өрден өрге», «Жаңғырық», «Жолдас уақыт», «Зерде», «Сәулет», «Серпер», «Сеңгір», «Самғау» «Майдангер көзiмен» секілді поэзиялық кітаптары жарық көрсе, 1957-2010 жылдарда көптеген оқулықтардың авторы болды, «Қырық жылда», «Ақын сапары», «Жылдар жотасынан», «Әдебиеттер достығы», «Қазақ поэзиясындағы Маяковский дәстүрі», «Өмір өрнектері», «Тоғысқан толқындар», «Туысқандық туғызған», «Өлең өлкесінде», «Пушкин лирикасын қазақ тіліне аудару дәстүрі», «Қазақ-түрікмен әдебиетінің байланысы» атты әдеби зерттеу еңбектері баспадан шықты. С.Сейітовтің шығармалары орыс, украин, белорус, татар т.б. тілдерге тәржімеленсе, өзі Г.Гейне, А.С. Пушкин, М.Ю. Лермонтов, В.Маяковский, т.б. ақындардың шығармаларын қазақ тіліне аударған.

ПОЭЗИЯ ТАРЛАНЫ

Аласпыран соғыстың әсері әлі басылмай тұрған уақытта әдебиетке келген қатарластары секілді Сағынғали Сейітовтің өлеңдерінде де соғыс тақырыбы мол жырланды. Алғашында отан қорғау жолында жанын пида қылған жауынгерлердің ерлігін, басқыншылардың зұлымдық іс-әрекеттерін, соғыс суреттерін өлеңдеріне негіз қылған ақын соңынан бейбіт күннің шуақты сәттерін, табиғат тамашаларын жырлап, адам өміріндегі қайшылықтар мен қоғамдағы өзгерістерді шығармашылығына арқау қылып, поэзиядағы өз әлемін жасады. Көмкерген қалың ағаш қаламызды, Саялы саясына ала бізді. Қорғайды жазда ыстық, аңызақтан, Көшеде өзімізді, баламызды.   Құлпырған көк торғындай терек, қайың, Қарайды көз алмастан саған дәйім. Бақылап тұрғандай денсаулығыңды, Мыңдаған медсестра минут сайын. Ақынның 1956 жылы жазылған «Алматы ағаштары» атты бұл өлеңінен Алматының сол кездегі жасыл желекке малынған келбеті, ауасы таза қаланың жанға жайлы болмысы көз алдыңа келеді. Өлеңдегі қаланың мыңдаған ағаштарын денсаулықты бақылап тұрған медсестраға теңеу де сол кездегі әдебиетіміз үшін тың тәсіл. Бұл арадан ақынның тапқырлығы көрінеді: ақын термин сөздерді теңеу, метафора ретінде қолданудың жолын тапқан және оның бұл қыры басқа өлеңдерінде де көрініс табады. Мысалдар келтіріп көрейік: Өмір қалпын бағдарлайсыз дереу сіз, – Жақсы ол... бірақ сөз айтпаңыз кенеусіз. Ақын көзі микроскоп секілді, Көрсін титтей нәрсені де елеусіз. * * * Кинолента сияқты, Ойларымның тізбегі: * * * Патруль боп қасымда Аяз келе жатқан соң. * * * Көңілім аэродром сыяқтанды, Дос сөзі қонатұғын өзі тауып. Келтірілген мысалдардың бәрі де ақын шығармашылығындағы ізденістің бір арнасын меңзейді. Кейінгі дәуірде бұндай өлеңдердің көптеген ақындардың шығармашылығында жетекші рөл атқарғанын ескерсек, Сағынғали ақынның біздің поэзиядағы бұл бұрылысының маңызы бар деген сөз. Сағынғали Сейітов заманға үн қосқан ақын. Жасыратыны жоқ, өзгелер сияқты оның шығармашылығында да сол кездің өркешті тақырыптары көп жырланған. Алайда ол заман ыңғайында жырлар жазғанмен, оны бүкіл шығармашылығының лейтмотиві етпеген. Мәңгілік – орбитасы данышпанның, Ажалды табанымен жанышқанның. Орыны өлмес өмір ордасында, Мәселен, Мұхтарлар мен Қаныштардың.   Айтпақшы Пушкин сонда, Абай сонда, Қалады Шоқан бабам қалай соңға? Мәңгілік – кемеңгерлер пантеоны, Соғылмас миллиондаған талай сомға. Мәңгіліктің мәні мен құнын, қадірі мен қасиетін асқақ ұғымға балаған ақын жырының берері мол. «Мәңгілік – кемеңгерлер пантеоны» деген метафора ақын ойының сонылығын ғана емес, мәңгілік атты құдіреттің мағынасын да танытатын жыр жолы. Әр сөзіңе қарауыл қойып отырған алақұйын заманда ақындар ащы ойларын астарлап жеткізуге мәжбүр болатыны анық. Ондай қиналыс қайсы ақынның басынан өтпеген? Менің көрмей жүргенім көп секілді, Менің ақшыл дегенім көк секілді, Менің қабілет дегенім еп секілді. Мұнар шығар дегенім шаң секілді, Шырақ шығар дегенім шам секілді, Дөңес шығар дегенім там секілді. Мұздақ шығар дегенім қар секілді, Тайлақ шығар дегенім нар секілді, Жоқ шығар деп жүргенім бар секілді. Көңілдегі көп күмәнін жыр тілімен өрнектеген ақынның айтпағы не? Соншама қайшылықтарды тізе келе нендей түйін жасамақшы? Біздіңше түрлі жағдайды термелей келе ақын жырдың соңына келгенде бір-ақ тұжырып, бір-ақ айта салған секілді: «Жоқ шығар деп жүргенім бар секілді». «Жоғы» не сонда? «Жоқтан бар болмайды, бардан жоқ болмайды» деген ұлы ғалым Ньютонның әйгілі тұжырымының растығын тағы бір дәлелдеу ме? Біздіңше, мәселе басқада. «Құдай жоқ» деген түсінікті жалаулатып, тіпті жаңа айтып өткен Ньютонның сөзін де өз мақсаттарына шебер пайдаланып келген кешегі кер заманның кесір саясатына деген ақынның іштей қарсылығы сияқты бұл. Егер ол күмәнді болса, осыған жалғас ойды ақының басқа жырларынан таба алар ма едік? Әрине, таба алмас едік. Алайда Сағынғалидың мына бір өлеңін оқығанда оның «Жоқ шығар деп жүргенінің бар» екеніне көзі жеткенін түсінуге болады: – Жасайды, – дейсің, – күн қанша? – Жарығы сөнбей тұрғанша. – Жасайды, – дейсің, – ай қанша? – Бетінен нұры тайғанша. – Жасайды, – дейсің, – тау қанша? – Басынан шыңы ауғанша. – Жасайды, – дейсің, – көл қанша? – Арнасы кеуіп қалғанша. – Жасайды, – дейсің, – жол қанша? – Жүргінші жүріп болғанша. – Жасайды, – дейсің, – жер қанша? – Мекендесе ел қанша. Мәңгілік ештеңе жоғына көзі жеткен ақынның ой арнасы бізге әлденені тұспалдап, әлденені айтқысы келіп тұрғандай емес пе? Ия, осынау байтақ мекен, ұлы даланың ел мекендеп тұрғанда жойылмайтынын өлеңіне өзек ету арқылы қиын кезеңде өмір сүріп, жыр жазған ақынның бірі С.Сейітовтің нені ұқтырғысы келгенін білу ұрпақ үшін маңызды болса керек. Өмір бойы әдебиеттің ыстық-суығына көнген, өлең жазып, өзгелердің өлеңдерін зерттеген адам әдебиеттің қадір-қасиеті туралы ойланбауы мүмкін емес. Себебі қаламгер сөз қадірін өз қадірім деп ұғынбай санатқа ілінер бірдеңе тудыра алмақ емес. Әдебиетші ретінде көптеген еңбектер қалдырған Сағынғали Сейітов әдеби сында қатқыл айтып, жұрттың көңіліне тиетін сөз қалдырмаған. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Сезімнің сыртқа шықпас түсі бар ма» дегеніндей, қарасөзбен жазбағанын өлеңде айтып кеткен ақынның әдебиеттің тілеуқоры, жақсы жырдың жақтасы болғаны дәлел. Педагогикада «Қайталау – үйренудің анасы» деген қағида бары белгілі. Адамның шәкірт кезінде көп еститін осы бір сөзінен мән іздеген ақын «Есептің ережесін жаттап, физиканың формуласын миға тоқып, химияның қисынын қаттаған» кезін еске алады да, «қайталаудың» оқушы шәкірт үшін пайдасы болғанымен, барлық жерде солай бола бермейтінін ескерте келе, өлеңнің соңын былай аяқтайды: Ешкімнің қағидаға таласы жоқ, Оқуда солай шығар... бағасы жоқ. Алайда айта алмаймын өлең-жырда, Қайталау үйренудің анасы деп. Тереңіне үңіле қарасақ – бұл үлкен мәселе. Көркем әдебиеттің заңы қатал, ол тек ізденісті, жаңалықты мойындайды. Әрине, өзінен бұрынғыға арқа сүйемейтін, өзінен бұрынғылардан үйренбейтін қаламгер жоқ. Еліктеп-солықтаудың да шегарасы бар. Ал қайталау – тар өрістілік. Сондықтан алуан түрлі ғылым мен өнер саласының қағидалары бір-бірімен сәйкес келе бермейтінін ескеруге тиіспіз. Ақынның аз сөзбен ұқтырмағы осы. Және оны нақты өмірлік үдерісте ашып көрсетеді. Ақынның ерекше өлеңінің бірі «Жыпырлаған жұлдыздар» деп аталады. Мұнда жұлдыз ұғымына ой жүгірте отырып, оның тура мағынадан ауыспалы мағынаға көшкенде қандай құбылыс етек алып кеткенін тұспалдайды:   Ақын бар ма жұлдызды жырламаған, Өлеңімен орамал бұлғамаған. Сонау-сонау заманнан бері қарай, Жинақ беті жұлдыздан құрғамаған.   Әлемдегі алуан лириктердің, Жүрек сөзін сөйлеуге жүйріктердің Томдарында тұнып тұр толып жұлдыз, Мейлі түнде оқып көр, мейлі күндіз.   Түсініксіз түгі жоқ мұның маған, Кітаптардың ішінде бұлыңдаған, Жүздеген мың жұлдызды жинап тегіс, Көрсең көркін жыпырлай жымыңдаған, – Аспан – көктің аз болмас еркесінен, Сөзді солай қайырсаң келтесінен. Егер жерге қондырсаң, сыймас па екен, Орын жетпей оның да өр төсінен.   Ия, ақындар асқақ ұғымға әуес. Айлы түн, жыпырлаған жұлдыздар т.с.с. өлеңге көрік беретін сөздер жыр жолдарында жиі кездесетіні рас. Бірақ соның бәрі жаңа мән, өзгеше мағынаға ие болып, шығарманың шоқтығын көтеріп тұр ма, мәселе сонда. Қолынан келсін, келмесін үлкен тақырыпқа, ірі сөздерге жармаса беретін күшеншек қаламгерлерге сыпайы ескерту осылай болса керек. Біз әдетте қаламгердің шығармашылығына баға бергенде тілге тиек етерлік нәрсе бар-жоғына мән береміз. Ол әрине, дұрыс көзқарас. Дей тұрғанмен кейде өзіміз оқымаған нәрсе туралы білмегенімізді бүркемелеу үшін біреулердің атүсті айта салған сөзіне арқа сүйеп, жаман не жақсы дей саламыз. Бұл – қаламгерге емес, әдебиетке жасалған әділетсіздіктен өзге түк емес. Осы орайда Сағынғали Сейітовтің қаламынан туған өлеңдерді асықпай оқып, үңіле қарайтын болсақ, ақынның шығармашылығындағы түрлі ізденіс іздері көзімізге шалынар еді. Кітаптарым әдемі деп мұқабаң, Бір көрмеге қалың деп я жұқалаң, Шкафыма жоқпын әдей сықаған. Сендер маған бұлақсыздар сусындар, Сендер маған желбіреген тусыңдар; Сендер маған ой керуені ағылған, Сендер маған сөз кернейі қағылған.   ...Шкафымда жайып Фауст құшағын, Шешеді үстен Чайльд Гарольд плашын. Дон Кихотқа езу тартып тұрасың, Онегинге табысатын түн жырақ, Татьяна томсарады тұнжырап. Печориннің жігер қайнап сөзінде, Рахметовтің от ойнайды көзінде.   Шкафымда қара қасқа ат мінген, Қамбар батыр қайтады аңнан қатқылмен. Қарайды оған назды Назым шат түрмен; Алдаркөсе алуан сыннан өтеді, Шығайбайға жер соқтырып кетеді. Абай отыр: өлеңге ауған ықылас, Ақ қағазда – «Айттым сәлем, қаламқас!».   Өлеңде тарих та, заманның тынысы да, жеке адамның қолындағы қазынаның мәні де – бәрі бар. Ең алдымен өлеңдегі сонылық – бұрын қазақ жырында кездесе қоймаған қалып екені даусыз. Өлең 1956 жылы жазылған. Демек ақынның өмір сүрген дәуірінің талабы мен талғамы оның кітапханасынан көрініс беріп тұр. Кітапханасынан орын алған әлемдік әдебиеттің классиктері Д.Г.Байрон, И.В.Гете, М.Сервантес, А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов шығармаларындағы кейіпкерлердің болмысын суреттеп отырған ақын, қазақ эпосының кейіпкері Қамбар батырды, аңыз әңгіме кейіпкері Алдаркөсені, ұлы ақынымыз Абайды да айта кетеді. Бұл дегеніңіз сол тұста халық оқыған, құндылыққа айналған қаламгерлер шығармашылығы. Өлең жазылған дәуірінің саяси келбетін айтарлықтай көрсете білген. Мәселен қазақтың жүздеген том эпостық шығармаларынан неге тек «Қамбар батыр» жыры ғана айтылған? Себебі сол кездегі саясат бойынша халық әдебиетіне таптық тұрғыдан ревизия жүріп, шыққан тегі кедей болғаны себепті «Қамбар батыр» жыры ғана қудалаудан аман қалған. Бұл туралы тәуелсіздік жылдарында атақты ақынымыз Қадыр Мырза Әли: ...Айқастық тағы хандармен, Хандарға жақын жандармен. Қалдық та бардық, бір ғана «Қара қасқа атты Қамбармен». Көз алдымда, апырмай, Тарихым болды тақырдай. Сүлмиіп қалды фольклор Сүзектен тұрған батырдай», – деп жырлаған-ды. Демек бұндай жағдайды айтуға болмайтын кезде тұспалмен, ишарамен жеткізген Сағынғали Сейітовтің өлеңі бұл жағынан да ұтқыр әдіспен шындықты жеткізген дей аламыз. Қазақ жырының мағыналық-формалық жағынан дамуына өзіндік үлесі бар екенін ақынның осындай жырларын оқу арқылы көз жеткізуге болады. Туған әдебиеті үшін риясыз көңілмен еңбек еткен Сағынғали Сейітов тірісінде «мен кереметпін» деп кеуде кергендер қатарында болған емес. Ол туралы замандас-қатарластарының естеліктерінде де, оның шығармашылығы туралы әдебиетшілердің жазбаларында да ақынның жұмсақ мінез-құлқы, адамгершілігі мен кішіпейілдігі туралы көп айтылады. Демек жақсы адам, жақсы ақын еткен еңбегін, қалдырған мұрасын бұлдаған емес. Сондықтан оның: Жан аспаған асудан аспасам да, Буырқанып, бұрқырап таспасам да; Поэзия, мен де бір еңбеккерің, Өлеңде Америка ашпасам да, – деген сөзін дұрыс қабылдасақ, туған әдебиетін көркейту үшін алпыс жылға жуық еңбек еткен ақынның өз ұлты алдындағы борышын абыроймен атқарғанын сезіне аламыз.

ЗЕРДЕЛІ ЗЕРТТЕУШІ

Сағынғали Сейітов ақындығынан бөлек, әлденеше кітап жазған әдебиет зерттеушісі, филология ғылымының кандидаты. Ғалымдық жолының басында орыстың атақты ақыны В.В.Маяковский шығармашылығының қазақ әдебиетіне әсерін тиянақты зерттеуден бастап, 1966 жылы «Ғылым» баспасынан «Қазақ поэзиясындағы Маяковский дәстүрі» деген монографиясын шығарды. Әрине, бүгінгі егемендік дәуірінде Маяковский шығармашылығы бізге қажетсіз дүние болғанымен жетпіс жылға жуық кеңестік саясаттың әдебиеттегі құралы болған – бұл ақын негізін салған поэзиядағы футуризм бағытының Кеңестер Одағындағы барлық халықтың әдебиетінде еліктеушілері, оның жолын жалғастырушылары болды. Ондай ақындар қазақ әдебиетінде де аз емес-ті. Сондықтан С.Сейітовтің бұл зерттеуі бүгінгі ұрпаққа бір кезде қазақ әдебиетінің қандай ағымдарға бүйірі бұрғанын танып-білуі үшін керек екенін жоққа шығаруға болмайды. Әдебиетшінің одан кейін жарық көрген «Өмір өрнектері» (әдеби сын мақалалар, Алматы, «Жазушы» – 1969) атты кітабы әдебиетке қатысты көптеген мәселелермен қатар жекелеген ақын-жазушылардың шығармашылығын зерттеу зерттеу нысанына айналдырған. Жиыны жиырма бес мақаладан құралған кітапта Шашубай Қошқарбайұлы, Сәбит Мұқанов, Қажым Жұмалиев, Баймағамбет Ізтөлин, Әбу Сәрсенбаев, Хамит Ерғалиев, Қалижан Бекқожин, Үмбетәлі Кәрібаев, Ғали Орманов, Дихан Әбілев, Сейтжан Омаров т.б. қаламгерлердің шығармашылығы туралы зерттеулер жүргізіліп, тиянақты талдаулар жасалған. Шынына келгенде кезеңдік табыс саналатын туындыларға арналған ой-пікірлер уақыт сынынан өте бермейді, ал шын мәнінде ұлттық әдебиетке олжа болып қосылған шығармалар жайында айтылған пікірлер де ғылым үшін табыс. Осы тұрғыдан алғанда Сейітжан Омаровтың Хамит Ерғалиевтің шығармашылына арналған мақаласында талдаулары – әдебиеттану ғылымы үшін бүгін де маңызын жоймаған талдаулар деп есептер едік. Өзі де ғылымға поэзиядан келген Сейітжан Омаровтың қырағы көздері Хамит Ерғалиевтің «Құрманғазы» атты поэмасындағы ақындық қуат тудырған жаңашылдықты жазбай таныған: «Автордың шығарма оқиғасына, өз қаһарманына қатынасы дейтін мәселеде де Хамит Ерғалиев қызықты барлау жасап, жаңа бір «кілтипандар» тапқан. Құрманғазы тағдырына өзін ғана емес, оқушыны да ортақтастырып отырудың Хамит қолданған кейбір көркемдік тәсілдері құптауға тұрарлық. Поэманың ырғақ пен ұйқастағы байлығы, өзіндік сипаттары жекелеп әңгімелеуді, зерттеуді керек етеді. Ырғақ байлығын танытатын айқын белгінің бірі және ақынның жаңалығы деп, мына бір шумақты айтар едік:   Тақ күні ту-дым, Балапаны қу-дың Өзім болдым. Айдың Көлге төсім шайдым. Ұштым кеттім Үстін көктің Аралап ас-тым, Әніме бас-тым. Жетпей қалды жерден Атқан оғы мерген. Төре де Көре де Ар-ман-да. Ата да, Бата да бар маң-да.   Та-та-та, Та-та-та, Та!.. Хамит мұнда Айжан қыз «Мастана күйін шертті шаттығының» деп, соған сай, күйдің дәл осы тұсына сай өлеңдік ырғақ тапқан. Ал ұйқас жайын қозғайтын болсақ, «Құрманғазыда»: «Күй атасы – қия тасы», «Баяулағым – аяулы ағын», «Бір маңғазы – қырдан жазы» сияқты қиыннан қиыстырылған үйлесімдер аз кездеспейді» (Кітапта: «Өмір өрнектері», Кезеңдер кеңістігі, 249-250 беттер). Сағынғали Сейітовтің бұл тұжырымдары ұлттық поэзиямыздың бүгінгі зерттеушілеріне де пайдалы нәрсе. Себебі қазақ өлеңіндегі ырғақ, ұйқас мәселесін зерттеушілердің көбі оның толысқан тұсын тым беріден іздеп, қателікке ұрынып жатады. Ғалым Сағынғали Сейітовтің әдебиетте өнімді зерттеген тақырыбының бірі – әдебиеттер арасындағы шығармашылық байланыстар. Бұл бағытта ол көптеген мақала-зерттеулер жазып, бірнеше кітаптар шығарды. «Тоғысқан тағдырлар» атты зерттеулер мен әдеби мақалалардан тұратын кітабында автордың әдебиеттер байланысына арнап жазған мақалалары өз алдына бір шоғыр. «Арарат пен Алатау ағайынды» (армян-қазақ әдебиеті байланысы), «Ерлікке ескерткіш» (татар ақыны Мұса Жәлел туралы), «Қырғыз әуендері» (қырғыз ақыны Темірқұл Үмбетәлиев жайында), «Қаһарлы шақтың хикаясы» (соғыс кезінде қазақстандықтардың ерлігін жырлаған орыс ақындары жайлы), «Он жылдарға созылған достық» (белгілі орыс жазушысы Леонид Соболевке арналған), «Бауырларға барғанда» (қарақалпақ ақын-жазушылары туралы) атты мақалаларда автор оқырмандарға туысқан халықтар әдебиеті жөнінде мол мәліметтер, қызықты деректер ұсынады. Сағынғали Сейітов әдебиеттер байланысына арналған зерттеулерін өмірінің соңына дейін тоқтатқан жоқ. Бұған ғалымның өзі қайтыс болғаннан кейін жарық көрген «Қазақ-түркімен әдебиетінің байланысы» атты іргелі зерттеу еңбегі дәлел болса керек. Түбі бір түркі халықтары арасында өзінің тереңдігімен ерекше танылған әдебиеттің бірі – түркімен әдебиеті. Нұрмұхаммед Әндәлиф, Кемине, Кұрбандұрды Зелили, Мақтымқұлы Пырағи секілді ұлы ақындар негізін салған түркімен әдебиеті туралы және сол әдебиетте жиырмасыншы ғасырда тер төгіп жүрген ақындардың қазақ тақырыбына жазған шығармаларының көркемдік сипаты жайында ой толғап, сонымен бірге Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев секілді көрнекті қазақ ақындарының шығармашылығындағы Түркіменстан тақырыбының шеберлікпен жырланғаны туралы жеріне жеткізе талдаған С.Сейітовтың аталған зерттеуі, шын мәнінде, қазақ оқырмандары үшін құнды зерттеу еңбек болған. Сол секілді түркіменнің «Көроғлы» жыры және оның қазақша нұсқалары салыстырылып, қызықты ой-тұжырымдар жасалған. Кітапта біз үшін белгісіз болып келген түркімен ақындарының қызықты шығармалары туралы әңгіме болады. Мысалы, түркіменнің ақын қызы Ақжамал Омарованың «Мақтымқұлы және оның қазақ қарындасы» атты поэмасының мазмұны мен көркемдігі туралы, сондай-ақ Қазақстан тақырыбында өлеңдер топтамасын жазған Ахмет Мәмедов жайында автордың ой-топшылауларының берері көп. Ақжамал Омарованың поэмасы бізге бұрын белгісіз болып келген бір жайды жеткізеді. Мақтымқұлының шешесі жастай қайтыс болып, оның әкесі қазақ қызына үйленген. Онымен еріп келген Айсұлу атты қыз түркімендер арасында өсіп, бой жетеді. Күндердің бір күнінде бұл туралы түркіменнің ханы біліп, Мақтымқұлы ақынды өзіне шақырып алады да, оған «Сенің сұлу қазақ қарындасың бар екен, соны мен әйелдікке алғым келеді» дейді. Бұл туралы естіген ел енді Айсұлуды ханға жар болуға үгіттейді. Қызға қаны қазақ болса да, жастайынан түркіменнің сөзін естіп, әнін естіп өскенін, сондықтан түркімен ханының ұсынысы оған бақыт әкелетінін айтып, көндіруге тырысады. Алайда Айсұлу олардың айтқанын қабылдамай, «өзінің сүйген жаны бар екенін, оның елін қорғаймын деп соғыста мертігіп, қазір қой соңында жүргенін, есімі Қайырбек екенін, тек соған ғана бас қосатынын» айтып, жауап береді. Мұны естіген Мақтымқұлы ақын тумаса да туғаннан бетер жақын тартатын қарындасының тілегіне қарсы тұрмайтынын, керісінше оны оны қолдайтынын білдіреді. Жігіттеріне Қайырбекті тауып, Айсұлумен қосуды тапсырады. Поэма осылай бітеді. Міне, көріп отырғанымыздай, түркімен әдебиетіндегі қазақ қызының тағдырына қатысты осындай шығарма барын біз С.Сейітовтің зерттеуінен біліп отырмыз. Бұл өз кезегінде әдебиеттер арасындағы достық, туысқандық байланыстардың сөз етуге тұрарлық тақырып екенін дәлелдеп қана қоймай, зерттеушінің қабілетіне қарай оның кең ауқымды әдеби-ғылыми кеңістікке жол ашатынын көрсетеді.

ЖАҚСЫНЫҢ АТЫ ӨЛМЕЙДІ

Жалған дүниеде тоқсан жыл жасап, саналы ғұмырын ұлтының рухани әлемін байытуға арнаған ақын, ғалым Сағынғали Сейітовтің шығармашылық ғұмыры өзінің ұрпақтарға деген өрісті өнегесімен бағалы. Оның шығармашылығы мен адами абзал қасиеттері жөнінде замандас-қаламдастары талай естелік, мақалалар жазып қалдырған. Соның бәрінде Сағынғали Сейітовтің ақындық, ғалымдық, адамдық бейнесі лайықты көрініс тапқан. Қазақтың көрнекті ақыны Әбу Сәрсенбаев 1993 жылдың 30 қыркүйегінде күнделігіне былай деп жазыпты: «Бүгін қағаздарымды ақтарып отырсам, қолыма каленьдардің бір дара беті түсті. Каленьдардан 75-тегі шал Әбу 88-дегі Әбуге күлімсіреп қарайды. Мұнарлы көзіммен «Сәлеметсің бе, Әбужан, деймін. Ол көзін қысып қойып «Сәлеметсіз бе, Әбу баба, сексен сегіз қалай екен?» дейтіндей. Бір-бірімізге қарап езу тартамыз. Бұл баяғы 1975 жылы менің менің 70-ке толуыма орай Сағынғали Сейітовтің «Қажырлы қаламгер» деп каленьдарға берген мақаласы екен. Рахмет, Сәке. Сенің арқаңда тұңғыш рет каленьдар парағына ендім. Дүйсенғали ұстазды сағындырып келген Сағынғали інішегім. Сен мені бұған дейін де жазғансың. Сенің арқаңда мен 1949 жылы әдебиет адамдары туралы кітапқа енгенмін. Алдыңда өзімді қарыздар санаймын. Тірлігімде өтеуге тырысам. Өтеп үлгермесем жақсылығың құдайдан қайтқай». Осынау шағын ғана жазбада ақынның ақынға деген ілтипаты ғана емес, қашанда жақсы шығарманың жанашыры болып, қаламының желі бар ақын-жазушыларға жақсы сөзін аямаған Сағынғали Сейітовтің адамдық болмысы анық байқалып тұр. «Ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді» дейтін қазақтың даналық сөзі Сағынғали секілді ағаларға арналса керек.