Жаңа қазақ әліпбиі - маңызды ұлттық жоба

Жаңа қазақ әліпбиі - маңызды ұлттық жоба

Жаңа қазақ әліпбиі - маңызды ұлттық жоба
ашық дереккөзі
Латын графикасы негізіндегі қазақтың ұлттық әліпбиін жасап, қалыптастыру және оны қолданысқа енгізу – уақыт талабы. Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігін жариялаған кезден бастап, жиі көтеріліп келе жатқан әліпби ауыстыру мәселесі биылғы жылда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарық көрген соң, қайта қолға алынып, қысқа уақыттың ішінде жаңа әліпбидің бірнеше жобасы пайда болды. Кейбіреуі парламентте қаралып, халықтың назарына да ұсынылды. Бір ғасыр уақыт ішінде бірнеше рет әліпби ауыстырып (1912 жылы Ахмет Байтұрсынұлы енгізген төте жазу, 1929 жылғы латын әріптері негізінде жасалған қазақ әліпбиі, 1940 жылғы Сәрсен Аманжолов жасаған кирилл-қазақ әліпбиі), қайта-қайта жазуын өзгертуге мәжбүр болған қазақ халқы енді, міне ақпараттық технология дамыған заманда алғаш рет өз қалауымен дүниежүзінде кең қолданыста жүрген латын таңбалары негізінде заманға сай жаңа ұлттық әліпбиге көшу үдерісін бастап отыр. Осы аптаның басында Қазақстан Ғылым академиясының «Ғалымдар үйінде» Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қазақ тілі әліпбиін кирилл әліпбиінен латын графикасына көшіруге орай «Рухани жаңғыру және жаңа қазақ ұлттық әліпбиі» тақырыбында кеңейтілген мәжіліс өткізді. Еліміздегі айтулы тарихи оқиғаға байланысты өткізіліп отырған жиынға Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төралқа мүшелері, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, зиялы қауым және БАҚ өкілдері, тіл жанашырлары қатысты. Мәжілісті Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы жүргізді. Жиында сөз алған А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек қазақ тілін латын графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшірудің мәні мен маңызы туралы айтса, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин жаңа қазақ әліпбиін енгізу туралы ел Президенті Н.Назарбаевтың жарлығы рухани жаңғырудың өзегі болып отырғанын әсерлі әңгімеледі. Қазақ Ұлттық Ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов жаңа қазақ әліпбиін қолданысқа енгізу туралы Елбасы жарлығының тарихи маңызы жайында айта келе, оның халқымыздан да, зиялы қауымнан да қолдау тауып отырғанын жеткізді. Белгілі шығыстанушы және дінтанушы ғалым Әбсаттар Дербісәлі жаңа әліпбидің кейбір көңіл аудару қажет тұстары туралы және оны болашақта жетілдіру керектігі жайлы пікір білдірсе, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Уәлихан Қалижан жаңа әліпбидің пайда болуы бір күндік ойдың жемісі емес, керісінше, ұзақ жылдардан бері әбден пісіп-жетілген жоба екенін, оның өмірімізге енуі – қазақ тілінің жаңа дамуға бет алуына үлкен әсері болатынына сенім білдірді. Сол секілді Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымының докторы Зиябек Қабылдинов, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Солтүстік және Шығыс өңірі бойынша вице-президенті Орал Шәріпбаев, осы қоғамның Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Аңсат Сәдуақас, Алматы қалалық филиалының төрағасы Құсман Шалабаев, қоғам қайраткері Амалбек Тшанов,  Қазақ Ұлттық Өнер академиясының кұрметті профессоры, белгілі тележурналист Нұртілеу Иманғалиұлы, «Арыс» қорының президенті, филология ғылымының докторы Ғарифолла Әнес қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде дамытудың және жаңа әліпбидің рухани өмірімізде алар орны туралы ойларымен бөлісті. Сол секілді іс-шара барысында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы ҚР ҰҒА президенті Мұрат Жұрыновты, шығыстанушы ғалым Әбсаттар Дербісәліні, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбекті, Тіл жанашыры Аңсат Сәдуақасты Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының «Ана тілі» айрықша белгісімен марапаттады. Мәжіліс соңында жиынға қатысқан қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік ұйымдардың басшылары жаңа қазақ әліпбиінің қабылдануына орай Қазақстан халқына арнайы үндеу қабылдады.