Жолдарды жаңғырту - маңызды іс

Жолдарды жаңғырту - маңызды іс

Жолдарды жаңғырту - маңызды іс
ашық дереккөзі
Республикамыздың өмірінде жолдардың, оның ішінде автомобиль жолдарының атқаратын рөлі ерекше. Кең байтақ елімізді үлкен бір  тірі организм десек, жолдар соның түкпір-түкпіріне қан жүргізетін артериялар секілді. Басқа аймақтарға қарағанда Шығыс Қазақстан облысының жолдары да  көп, ұзындығы да артық болғандықтан, бұл өңірде осы салада атқарылатын шаруалар да қыруар. «Қазавтожол» ҰК» акционерлік қоғамы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Нұрланбек Балықбайұлы Өмірбаев Шығыс Қазақстан облысы жолдарының жайын бүге-шүгесіне дейін білетін жан. Сондықтан ол кісімен әңгімелесудің өзі өңірдің географиялық картасын көз алдыңа әкелгендей болады. – Нұрланбек Балықбайұлы, елімізде инфрақұрылымдық дамудың «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы жасалғаны аян. Алдымен осы маңызды бағдарлама туралы ойыңызды білсек. – Инфрақұрылымдық дамудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы Мемлекет басшысының «Нұрлы жол – болашаққа жол» атты 2014 жылғы 11 қарашадағы Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру мақсатында жасалған. Бұл бағдарлама Алматы, Астана, Ақтөбе, Шымкент, Өскемен қалаларын ұлттық және халықаралық деңгейдегі хаб-қалалар ретінде айқындай отырып, еліміздің макроаймақтарын қалыптастыру жолымен Қазақстанның біртұтас экономикалық нарығын жасауға бағытталған. Аталмыш хаб-қалалар макроаймақтардың экономикалық белсенділік, капиталды, ресурстарды, озық технологиялар мен қызметтерді шоғырландыру орталықтарына айналады, сөйтіп табиғи урбанизациялануға мүмкіндік жасайды. Хаб-қалаларды дамыту және макроаймақтарды интеграциялау транспорттық, индустриалдық, тұрғын үйлік, әлеуметтік және энергетикалық инфрақұрылымдарды тиімді дамыту негізінде қамтамасыз етіледі және құрылыс материалдарына, өнеркәсіп өнімдері мен қондырғыларға елеулі сұраныс туғызады, өңдеуші өнеркәсіптің дамуына мүмкіндік жасайды. Бүтіндей алғанда инфрақұрылымды дамыту мен кәсіпкерлікті қолдауға мемлекеттік инвестицияларды арттыру арқылы аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру қысқа мерзімдік перспективада экономикалық өсімге мүмкіндік жасап қана қоймай, ұзақ мерзімдік перспективада да тұрақты түрде өсуге алғышарттар жасайды. – Бұл бағдарлама бойынша Шығыс Қазақстанда қандай шаруалар атқарылмақ? Әрине, жол саласын меңзеп отырмыз... – «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы нәтижесінде Шығыс Қазақстан облысында жаңа жұмыс орындары ашылады, бұл ретте мүгедектердің, студенттердің және жас мамандардың жұмысқа орналастырылуының міндетті шарттары белгіленген. Бұл бағдарлама бойынша құрылыс материалдары қазақстандық болуы тиіс, мұның өзі өңір экономикасының өсуіне оңды әсерін тигізеді. Сонымен қатар өңірдің автомобиль жолдарын реконструкциялау бағдарламасында қазіргі талаптарға сай келетін жол бойындағы сервистерді қалыптастыру да көзделген. Бұл ретте «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамымен бірлесе отырып, кәсіпкерлерді де кеңінен іске тартудамыз. Жол желілерін реконструкциялаудың арқасында жолдардың сапасы жақсарады, көлік қозғалысының жылдамдығы артады, бұл өз кезегінде жүктер мен жолаушылар тасымалдаудың ауқымын арттырады, осымен қатар жол шығындары мен көлікті пайдалану шығындары азаяды. Жол бойында мотель, қонақүйлер, қоғамдық тамақтандыру орындары, байланыс, жанармай құю бекеттері, техникалық қызмет көрсету орындары ашылады.Бұл жергілікті тұрғындардың іскерлік белсенділігін арттыруға септігін тигізеді, былайша айтқанда, жергілікті халықтың кіріс көзі көбейеді. Қазірдің өзінде жергілікті тұрғындар құрылыс бригадаларына азық-түлік жеткізіп беруді қолға алған. Жұмысшы асханаларына ет өткізіп тұру үшін тұрғындар қолдарындағы ұсақ және ірі малдарының санын арттырып отыр. Көптеген жергілікті тұрғындар жұмысшы мамандықтары бойынша жол жөндеу бригадаларына жұмысқа орналасқан. Оқуды жаңадан бітірген жас мамандар құрылыс нысандарының басында тікелей алғашқы тәжірибеден өту мүмкіндігін алып отыр. – Шығыс Қазақстан облысының аумағында республикалық мәндегі қанша жол бар, олардың жағдайы қандай? – Облыс бойынша республикалық мәндегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 3414 километр. Оның ішінде асфальт-бетонды жабын төселгені – 690,6, қара-құмқайрақ төсеніштісі 2362, құмқайрақ-қиыршық тас төсеніштісі 354,4 километр. Қазіргі кезде республикалық мәндегі 3414 километрлік автомобиль жолдарының жалпы желісінің 465 километріне реконструкция жасалған. Бұл – жолдардың жалпы ұзындығының 13,6 пайызын құрайды. Ашығын айту керек, республикалық мәндегі «Семей-Қайнар», «Қарағанды-Аягөз-Тарбағатай-Бұғаз» автомобиль жолдарының учаскелері қазіргі кезде қанағаттанғысыз жағдайда. Бұл республикалық бюджеттен қаражат бөлудің шектелуіне байланысты орын алып отыр, сол себепті жөндеу аралық жұмыстардың атқарылу мерзімдері сақталмайды. Биылғы жылы аталмыш автомобиль жолдарында ағымдағы жөндеу жүргізу жоспарлануда, сондай-ақ, «Қазавтожол» ҰК» акционерлік қоғамы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы аталмыш учаскелерді маршруттық жөндеу жұмыстарын жүргізбек. Сөздің реті келген соң айта кетейін, жолдарды күрделі жөндеу әрбір 11 жылда, орташа жөндеу әрбір 4 жылда жүргізіледі. – Әдетте жүргізушілер, тіпті жөндеуден өтті деген автомобиль жолдарының сапасына наразылық білдіріп жатады. Құрылыс материалдарының сапасына, жолды реконструкциялаудың, күрделі, орташа және ағымдағы жөндеуден өткізу жұмыстарының сапалы атқарылуына кім бақылау жасайды? – «Қазавтожол» Ұлттық компаниясы акционерлік қоғамында жұмыстардың орындалу сапасы мен технологиясының сақталуына техникалық қадағалауды техникалық қадағалау жөніндегі инжинирингілік компаниялар жүзеге асырады. Біздің облысымызда жол-құрылыс материалдарын ішінара бақылауды «ШығысЖолЛаборатория» РМК жүзеге асырады, бұл мекеме сынақтар мен зерттеулер жүргізуге қажетті қазіргі заманғы аспаптармен толық жабдықталған. – Биыл облыста республикалық мәндегі автомобиль жолдарын жаппай күрделі жөндеуден өткізіп жатқанға ұқсайды. Сырт көзге солай. Жоспарланған күрделі жөндеу жұмыстары қашан аяқталуға тиіс? – Қазіргі кезде 399-418 километрдегі «Өскемен-Зырян-Үлкен Нарын–Катон Қарағай – Рахман қайнарлары» (Өрел мен Берел селоларының арасы) автомобиль жолының учаскелері күрделі жөндеуден өткізілуде. Осы автомобиль жолы өтетін ауданда тарихи ескерткіш «Берел» қорымы, емдеу санаторийлері, марал өсіретін шаруашылықтар орналасқан. Автомбиль жолының жөнделуі мұнда жыл сайын ТМД елдерінен, жақын және алыс шетелдерден келетін туристер легін арттыра түсетіні сөзсіз. Сонымен қатар, «Семей – РФ шекарасы» автомобиль жолының Қазақстан-Ресей шекарасындағы «Ауыл» өткізу пунктін, «Өскемен-Шемонаиха-РФ шекарасы» автомобиль жолының «Уба» автожол учаскесін күрделі жөндеу жөніндегі жұмыстар жүргізілуде. Үстіміздегі жылы «Өскемен-Семей» автомобиль жолының 61-ші километріндегі көпір, Жартас өзенінен өтетін көпір күрделі жөндеуден өткізіледі. «Семей-Қайнар» республикалық мәндегі автомобиль жолының 27-ші километрінде Мұқыр өзенінен өтетін көпір апатты жағдайда екенін де айтқан ләзім. Бұл көпір бойынша жобалау-зерттеу жұмыстары аяқталған. Жоба қазір сараптамадан өткізілуде. 2017 жылы аталмыш жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Облыстың республикалық мәндегі автомобиль жолдарының учаскелері мен көпірлерді күрделі жөндеу 2017 жылдың аяғына дейін аяқталуы тиіс. – Шығыс Қазақстан республикамыздағы қар ең көп түсетін, қысы ең ұзақ болатын аймақтардың бірі. Осы ретте «Қазавтожол» ҰК» акционерлік қоғамы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының тарапынан тасқын суға қарсы қандай жұмыстар атқарылуда? – Облысымыздағы 3414 километр республикалық мәндегі автомобиль жолдарының бойында 242 көпір, 2719 дана су өткізгіш құбыр бар. Өткен жылдардағы жағдайға жасалған талдау республикалық мәндегі автомобиль жолдарының 62 учаскесінде судың жол тағанынан асып кету қаупі барлығын, сондай-ақ, 35 су өткізгіш құбырдың өткізгіштік қабілеті төмен екенін көрсетті. Автомобиль жолдары мен көпірлердің, су өткізгіш құбырлардың сең жүруі мен тасқын судың салдарынан бүлінуін болдырмау мақсатында «Қазавтожол» Ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы мен «Казахавтожол» РМК ШҚ облыстық филиалының бірлескен бұйрығымен тасқын суға қарсы комиссия құрылған. Қазір бұл орайдағы қажетті іс-шаралар белгіленіп, мұның бәрі облыстың аудандарында орналасқан «Казахавтожол» РМК ШҚ облыстық филиалының барлық бөлімшелеріне жеткізілді. «Семей-Қайнар» автомобиль жолының бойындағы 27-километрде Мұқыр өзені арқылы өтетін көпірдің апатты жағдайда болуына орай айналма жолды тасқын су басуына байланысты үстіміздегі жылғы 31 наурыздан бастап қазірге дейін осы жолдың 8-166 километрлерінде автокөліктің барлық түрлері үшін қозғалысты шектеу енгізілген. Автомобиль қозғалысы облыстық мәндегі «Семей-Қарауыл» автомобиль жолы арқылы жүзеге асырылады.Аталмыш көпірді күрделі жөндеудің жобалық-сметалық құжаттамасы жасалған, қазір ол «Гос­экспертиза» РМК-де қаралып жатыр. Биылғы жұмыстар аяқталған соң осы көпірді күрделі жөндеуге қаржы бөлу жоспарлануда. Осы тұста қаржы мәселесін айта кеткенім жөн шығар. Жыл басынан бері біздің кәсіпорын реконструкция бойынша 80,545 млн теңге, күрделі жөндеу бойынша 357,993 млн теңге, жолдарды ұстау бойынша 1 080,712 млн теңге қаражатты игерді. – Қазіргі кезде автомобиль жолдарының сапасына ғана емес, жол бойында сервистік нысандарының болуына да үлкен көңіл бөлінеді. 2015 жылы Республикамызда жол бойындағы сервис нысандарының Ұлттық стандарты бекітілгені белгілі. Облыста республикалық автомобиль жолдарының бойында қанша сервис нысаны бар және олар осы Ұлттық стандартқа сай келе ме? – Айтып отырғаныңыз жөн. Ұлттық стандартқа сәйкес жол сервисінің нысандары кешеннің құрамына байланысты белгілі бір талаптарға жауап беруі тиіс, айталық, қолайлы да жылы дәретхана, қоғамдық тамақтандыру пункті, бөлшек сауда орны, көкке шығатын орын т.б. болуы шарт. Қазіргі кезде Шығыс Қазақстан облысының республикалық мәндегі автомобиль жолдарында жол бойындағы сервистің 174 нысаны бар. Соның ішінде Ұлттық стандарттың «В» санатына жол бойындағы сервистің 2 нысаны, «С» санатына жол бойындағы сервистің 5 нысаны, Д» санатына 15 нысаны сәйкес келеді. Облыстың республикалық мәндегі автомобиль жолдарында Ұлттық стандарттың «А» санатына жататын жол бойы сервисінің нысандары жоқ, өйткені бізде көлік қозғалысы онша интенсивті емес. Ал «А» санатына жату үшін тәулігіне белгілі бір жол учаскесі арқылы 7000 автомобиль өтуі тиіс.        Қазіргі кезде облыста жол бойындағы сервис нысандарын олардың санаттары бойынша дамытуға баса мән берілуде. Ұлттық стандартта көзделген талаптар жол бойындағы сервис субъектілерінің барлығына жеткізілген, олар үш жылдың ішінде өз нысандарын стандартқа сәйкестікке келтіруі қажет. Мәселен барлық автомобильдерге жанармай құю станцияларында сауда нүктелері, суық және ыстық су, жылы дәретханалар болуы тиіс. – Кейбір өңірлерде жолдарды реконструкциялауға, орташа және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүлде басқа аймақтардың компанияларын тартып жатады. Ал бұл кезде техникасы да, жұмыс күші де жеткілікті жергілікті компаниялар істейтін жұмыс таппай қарап отырады. Сіздерде жол жөндеу мен жаңғырту жұмыстарына жергілікті компанияларды тарту ісі қалай жолға қойылған? – «Қазавтожол» ҰК» акционерлік қоғамы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы әрдайым облыс кәсіпорындарымен қоян-қолтық жұмыс істейді. Атап айтатын болсақ,жолдарды реконструкциялауға Семей қаласындағы «Гордорстрой» ЖШС, Зайсан қаласындағы «Зайсан ҚК» ЖШС, күрделі жөндеуге «Катон Қарағай» өндірістік жол учаскесі» ЖШС, орташа жөндеуге Өскемен қаласының «Ремдор» ЖШС, «Дороги Востока» ЖШС, Самар қаласының «ДСУ-14» кәсіпорны тартылды.Жобалау-зерттеу жұмыстары Өскемен қаласындағы «Каздорпроект» ЖШС, Семей қаласындағы «Семдорпроект» ЖШС, «Жаңа жол» ЖШС тапсырылады. Бұлардың барлығы кәсіпорнының бұрыннан істес болған, сыннан өткен кәсіпорындары мен ұйымдары. Сыралғы кәсіпорындармен жұмыс істеу қашанда жеңіл де табысты. – Облыста республикалық мәндегі ақылы автомобиль жолдары бар ма? – Қазіргі кезде Шығыс Қазақстан облысының республикалық мәндегі автомобиль жолдарында ақылы жолдар жоқ. Облыста ақылы жолдарды енгізу мәселесін жолдардың негізгі желілерін реконструкциялау жөніндегі жұмыстар аяқталған соң, Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі айқындайтын болады. – Әңгімеңізге рахмет.

 Сұхбаттасқан

Мира Берікболова