Депутат қазақтарды «сапалы, сапасыз» деп бөледі екен

Депутат қазақтарды «сапалы, сапасыз» деп бөледі екен

Депутат қазақтарды «сапалы, сапасыз» деп бөледі екен
ашық дереккөзі

Өткен аптаның соңында Астанада Қазақстан Республикасы Денсаулық және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Дәулет Арғындықов Мәжіліс депутаттары мен қоғамдық ұйым өкілдері алдында «Халықтың көші-қоны туралы» Заң жобасын таныстырды.

КІМ САУАТСЫЗ: МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ СӨЙЛЕМЕЙТІН ШЕНЕУНІК ПЕ, ОРАЛМАН БА?

Дәулет Арғындықов мырза шеттегі миллиондаған қанда­сымыздың көз тігіп отырған заң жобасын орысша таныстырды. Ол депутаттардың қазақша сауалдарын түсінбеді де, сауалын орысша қоюын талап етті. Яғни, заңды таныстыруға келген шенеуніктің мемлекеттік тілде сөйлеуі былай тұрсын, түсінбеуі депутаттардың да, заң жобасын тыңдауға келген оралмандардың да сынына ұшырады. Өйткені әлеуметтің мұңын тыңдап, олардың көңілінен шығатын заң жасау үшін олардың тілінде сөйлеп, мұңын да мұңдай білу қажет. Онсыз толыққанды заң қабылдау мүмкін емес. Өкінішке қарай, Денсаулық және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ханым оралмандардың құқықтық мәселелерін шешуге бел шешіп кіріскенімен, оның қарамағындағы кейбір шенеуніктің бұл мәселені жете түсінбейтіні аңғарылып қалды. Заң жобасын таныстыру барысында кейбір толғақты мәселелерді сөз еткен депутат Самиғолла Оразов: «сапасыз қазақтарды шақыра беріп қайтеміз, олардың жетпіс пайызы білімсіз, олар Қазақстанға келгеннен кейін, онсыз да 2,5 миллионнан асқан өзін-өзі қамтамасыз етуші топтың құрамын толықтырады. Одан да сапалы қазақты шақырайық», – деп салды. Самиғолла Ора­зовтың нені меңзегенін, не үшін былай көсілгенін кім білсін?! Депутаттың дәл осы мәлімдемесі біраз адамның шамына тигені анық. Мәселен, «Халықтың көші-қоны туралы» заң жобасының жұмыс тобының мүшесі Ауыт Мұқибек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Парламент палаталарының төрағалары Қ.Тоқаевқа, Х.Жақыповқа және ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қ.Мәмиге жолдаған үндеуінде ол Самиғолла Оразовты әлеуметтік, ұлттық және ру араздығын қоздыру бабы бойынша жауапқа тартуын талап еткен. Ал www.qamshy.kz сайты депутаттың бұл қитұрқы ойын талдай келе, «мемлекеттік тілді білмейтін шенеунік сауатсыз ба, жоқ елін сүйген оралман сауатсыз ба?» деген сауал тастайды көпшілікке. Сайт авторы шеттен келіп жатқан қазақтардың интеллектуалдық қуаты мен мемлекетке төлеп жатқан салығы жайында неге ойланбаймыз деп күйінеді. Дегенмен жоғары эшелонда отыр­ғандардың арасында Президент саясатын тереңнен түсінетін де жандар бар екен. Денсаулық және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Аслан Қаржаубаев: «Қазақстанға қандай қазақ болса да керек. Әрі таяу жылдарда бұл саясат өзгермейтін болуы тиіс», – деп жауап қатты. Қазақ өз елінде әлі де аз. Сол себепті де өз үйіне өзі қожайын бола алмай келеді. Егер сандық тұрғыдан артса, сапалық тұрғыдан нәтиже беретіні де анық.

ЗАҢ ЖОБАСЫНДА ЖАҚСЫ БАПТАР КӨП

«Халықтың көші-қон туралы» Заң жобасын талқылау барысында құрылған жұмыс тобының құрамында қоғамдық ұйым өкілдері де бар. Біз солардың бір-екеуіне қатысып, заң жобасы жайындағы пікірлерін білген едік. Қайрат Бодаухан, Оралмандардың республикалық «Асар» қоғамдық қорының төрағасы, жұмыс тобының мүшесі: – Өткен аптаның соңында заң жобасының таныстырылымы болып өтті. Онымен таныса отырып, байқағаным, жақсы өзгерістер өте көп. Мәселен, ҚР азаматтығын 3 айдан 1 жылдың ішінде беру, Қазақстан Республикасы аумағында белгілеген 7 облысқа барып орналасатын болса, келген жол шығындарын өтеу, бір жолғы жәрдемақы беру, баспана және жұмыспен қамту секілді мәселелер қамтылған. Сондай-ақ, тағы бір үлкен жаңалық осының алдындағы заң бойынша, оқу визасымен келген студенттердің тұрақты тіркелуіне және азаматтық рәсімдеуіне рұқсат берілмеген еді. Олар оқуын бітірген соң, міндетті түрде шығу визасымен Қазақстаннан шығуға мәжбүр болатын. Бұл жолғы заң жобасында студенттердің азаматтығын рәсімдеуіне, тұрақты тіркелуіне мүмкіндік беріліп отыр. – Жақында БАҚ-та Алматы мен Астана қалаларында оралмандардың орналаса алмайтындығы туралы мәлімет таратылды. Егер аталған қалаларға тұруға өтініш білдірсе, ол азаматтардың есепшотында 10 мың доллардан кем емес қаражат болуы қажет екен. Бұл қаншалықты шындыққа жанасымды? – Былтыр мамыр айында шыққан Үкіметтің №248 Қаулысы бойынша, оралмандардың тұру аймағына шек қойылмауы тиіс. Олар Қазақстанның қай аймағын мекендесе де, төлем қабілетін растаудың қажеті жоқ. Сол сияқты да заң жобасынан ондай талапты кездестіре алмадым. Ал Алматы қалалық Ішкі істер басқармасының баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әзірбектің бұл ақпараты біз үшін тосын жағдай болып отыр. Сонымен қатар, өз басым еңбек көші-қоны арқылы шетелдегі білімді жастарды маусымдық жұмыстарға тартуды да ескерсе деген ұсыныс айттым. Рахым Айып, Оралмандардың «Жебеу» қоғамдық қорының хатшысы, жұмыс тобының мүшесі: – Заң жобасымен танысып шықтым. Онда жақсы баптар көп. Мәселен, қазір ақпарат құралдары шулатып жатқан Үкіметтің №111 Қаулысын да өзгерту мүмкіндігі бар көрінеді. Яғни, келген мемлекетінен тұрақты тіркеуден шығып келу, сотталмағаны жайлы анықтама әкелу туралы талаптар да өзгеруі мүмкін. Бұл жайында ІІМ Азаматтық миграция және босқындармен жұмыс басқармасының бастығы Сабыржан Сейітжанов бұл талаптарды кемінде үш айдың ішінде өзгертеміз дегенді айтып қалды. ІІМ өкілі Аслан Қаржаубаевтың айтуына қарағанда, Үкімет Қаулыларын қазір министрліктер өз Қаулыларымен өзгертуге мүмкіндік алған екен. Сондай-ақ, заң жобасында 5 жыл ішінде бірнеше рет әкімшілік-құқық бұзушылық жасауына мүмкіндік берілмек. Бұрын оралмандардың тіркелу мерзімі немесе виза уақыты аяқталған күні келмесе, ол адамды жазықты деп танып, әкімшілік жазаға тартатын, Қазақстан аумағынан шығарып жіберетін. Қазір ондай құқық-бұзушылықты бірнеше рет жасауына жол беріп отыр. Қазақстан аумағына келіп, уақытша тіркелген адам осы уақыт аралығында оралман куәлігін алуға өтініш беріп үлгерсе, визасының уақытын тағы екі айға созуға мүмкіндік бар. Сол бес айдың ішінде ол тіркеліп, оралман куәлігін алып үлгеруі тиіс. – «Түркістан» газеті осы тақы­рыпта өте көп жазды. Бірнеше рет дөңгелек үстел өткізді. Бізге келген адамдардың көбінің визасының уақыты өтіп кеткен, бірақ тіркеле алмаған, Қазақстаннан депортациялануы тиіс адамдар. Мұндай адамдар жүздеп саналатын көрінеді. Олардың түйткілін қалай шешуге болады? – Менің білуімше, 2010 жылдан кейін келіп, тіркеле алмай жүрген мұндай адамдар мыңдап саналады. Бұлар осы екі аралықтағы заңның қатаң талаптарының салдарынан бүгінде салы суға кеткен адамдар. Олардың атынан Парламент депутаттарына көптеген шағымдар түсіп жатыр. Менің ойымша, ол адамдардың мәселесін шешу үшін Парламент спикерлері не депутаттар атынан Бас прокурорға ұсыныс жасалып, оларды әкімшілік жазадан құтқару сұралған дұрыс болар еді. Өткенде автокөліктерді жол бойына қоймау туралы заң бабын Бас прокурор өзі жарамсыз етуге нұсқау берді. Демек, мұндай құзыр Бас прокурорда бар. Сөйтіп, мыңдаған қандасымыздың Қазақстанға орналасуына ықпал еткен жөн болар еді.

Есенгүл Кәпқызы, журналист