Корпоративті ережелер қалыптаса ма?

Корпоративті ережелер қалыптаса ма?

Корпоративті ережелер қалыптаса ма?
ашық дереккөзі

Экономиканың жаһандануы мен оған қоса жүретін сыртқы сауда айналымының кеңею үдерістері, Қазақстанның транзиттік әлеуетін жүзеге асыру ҚР аумағында көлікті дамытудың жаңа үдерісін , көліктік қызмет көрсетудің жоғары технологияларын талап етеді. 2014 жылғы 11 қарашада мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты елдің жаңа экономикалық саясатын жариялады. Елбасы Қазақстанның көліктік-логистикалық инфра­құрылымын дамытудың маңыз­дылығына ерекше көңіл бөлгені аян. Логистиканың бірінші кезек­те­гі міндеттеріне көліктің әр алуан түрлерінің өзара әрекеттесуін оң­тайландыру, логистикалық қыз­меттердің сапасын арттыру т.б. жатқызуға болады.

Бірыңғай ақпараттық-техно­логиялық кеңістікті қалып­тас­тыру мақсатында қолданылған көлік­тік-логистикалық үдерістер қатысушыларының ақпараттар базасы, технологиялар мен ақпа­раттық жүйелерін интеграциялау талпыныстары сәтті бола ма? Ұлттық және аймақтық көліктік логистика жұмысының нормативтік-құқықтық негіздерінің болмауы кедергі жасайтынына куә болып жүрміз, ал оның салдарынан үйлестірілген, тиімді қызмет ететін көліктік-логистикалық ресурстарды басқару механизмінің жоқтығы байқалады.

Қазақстанда осындай инте­грациялық тәжірибелік кешенді шешу мемлекеттің көліктік саясатын жүзеге асыру шеңберінде ірі әрі ұзақ жұмысты қажет ете отырып, қолданыстағы отандық және халықаралық заңнамаларға, отандық зерттеушілердің жеткізі­лімдер тізбегін басқару саласында ғылыми-әдістемелік зерт­телімдеріне негізделетін бірың­ғай корпоративті ережелерді қалыптастыру қажеттілігімен байланысты. Бүгінгі күні отандық логистиканың дамуын тежейтін көптеген кедергілер бар. Негізгі мәселелер: кәсіби білім берудің тұрақсыз жүйесі мен білікті кадрлардың жетіспеушілігі.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халық­аралық қатынастар факуль­тетін­де бұл бағытта сабақ жүргізу үшін қажетті кадрлық әлеует жеткілікті: халықаралық логистика мен геосаясаттың экономикалық және құқықтық аспектілері бо­йынша белгілі зерттелімдері бар тәжірибелі профессорлар мен жас ғалымдар білім беруде. Сол себепті «Әлемдік экономика» мамандығында «Халықаралық логистика және сыртқыэкономикалық қызмет» жаңа мамандандыру ашылуда. «Халықаралық логистика және СЭҚ» мамандандыруы ашылуының мақсаты – жалпы СЭҚ нарығын, жеке алғанда көліктік кешенді ақпараттық қамтамасыз етуді модернизациялаудың инно­вациялық стратегиясын құрудың, «Қазақстан-2050» Стратегиясының талаптарына бейімделе алатын Қазақстанның логистикалық саяса­тын жасауға бағыт алу. Халық­аралық байланыстар үздіксіз өзгерістерді талап етеді, алайда заңдарды жетілдіру жүйелі сипатта болуы тиіс. Қазақстанды әр түрлі елдер жүктерінің транзиті үшін ыңғайлы етуге бағытталған талпыныстар оң нәтижелер бермеді. Мемлекетіміздің 47 жоғарғы оқу орны логистикалық сала үшін мамандарды даярлағанымен, білім беру жүйесі нақты өмірден артта қалған, ал «Халықаралық логистика» пәні оқу бағдарламаларында мүлдем жоқ. Сонымен қатар, қазақстандық ЖОО-ның ешқай­сысында СЭҚ саласында логис­тикалық қызметтер нары­ғының қажеттіліктерін зерт­тейтін «Халық­аралық логистика және СЭҚ» мамандандыруының аналогы жоқ. Сондықтан, берілген мамандандыруды ашу отандық логистиканы дамытудағы үлкен қадам болып табылады.

Факультеттің оқытушылық-профессорлық құрамы ақпараттық және ғылыми орталықтарды құру мен қызмет етуінің бай тәжі­рибесіне ие. Осылайша, профес­сор Байзақова Құралай Ертісқызының ықпалдастығымен 2014 жылдың 28 желтоқсанынан факультетте «Халықаралық логистика және геосаясат» Орталығы қызмет етеді. Оның мақсаты – еуропалық және қазақстандық нарықтарда халықаралық көлік пен логистиканың сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін жоғарылату мақсатында логистика мен жет­кізілімдер тізбегін басқару саласында білім беру бағдарламалары және ғылыми зерттеулерді дамыту болып табылады. Орталықты тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, «Халықаралық қатынастар және әлемдік экономика» кафедрасының меңгерушісі Ермек Чукубаев басқарады, Орталық координаторы – экономикалық ғылымдар кандидаты Бекмұхаметова Әсемгүл Бауыржанқызы.

Орталық Қазақ-неміс уни­вер­ситетімен өзара ықпал­дас­тық Фрахталық компания «ТрансАл» ЖШС-мен еуро­па­лық және қазақстандық нарық­тарда халықаралық көлік пен логистиканың сапасы мен бәсе­кеге қабілеттілігін жоғарылату мақсатында логистика мен жеткі­зілімдер тізбегін басқару саласында ықпалдастық жөніндегі келісіміне қол қойды.

Оған қоса ГФР мен ҚР Білім министрліктерінің Жобасына еніп, «ЛогЦентр» халықаралық жобасының ҚР логистика оператор­ларының әлеуетті мүшесі болды.

2015 жылғы 15 мамырда LogCentre жобасын дамыту шеңберінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің негізінде жобаның әлеуетті қаты­сушылары үшін «Дағдарыс уақы­тында логистикада қалай үнем­деуге болады?» тақырыбында ха­лық­аралық ғылыми семинар өтті.

Халықаралық қатынастар факультеті шетелдік ЖОО мен ғылыми орталықтарымен ық­палдастықтың жемісті тәжі­рибе­сіне, шетелдік жоғары оқу орындары және ғылыми орта­лықтармен біріккен білім беру бағдарламалары мен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру тәжірибесіне, әр түрлі ғылыми форумдарды (халық­аралық конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер), ғылыми семинарлар, тренингтер, жаздық мектептер, имитациялық ойындар, оқытудың онлайн-курстары мен видео-конференцияларды өткізудің тәжірибесіне ие. Сонымен қатар, болашақ мамандарды даярлау үшін қажетті кәсіби білімді, сапалы шет тілдерді, кәсіби келіссөздерді жүргізу техникасын үйрететін қажетті кадр­лар баршылық.

«Халықаралық қатынастар және әлемдік экономика» кафедрасының оқу және өндірістік тәжірибе орындарын және болашақта түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндігін қамтамасыз ету мақсатында жұмыс берушілерімен тиісті келісімдерді бекітудің ірі мүмкіндіктері бар. Түлектердің маңызды артық­шылығы – шет тілдерін меңгеруі. Себебі сәтті келіссөздер жүргізе алатын, тендерлерді өткізу дағды­ларына ие және халықаралық сау­да ережелерін білетін канди­даттарға ерекше ілтипат бері­леді. ҚазҰУ кітапханасы мен «Халық­аралық логистика және геосаясат» Орталығында бар әр түрлі ақпараттық базалар факультеттің қосқан үлесі екендігіне еш күмән жоқ.

Әсемгүл Бекмұхаметова, экономика ғылымдарының кандидаты