"Ежелгі дәуірдегі қазақ музыкасы"

"Ежелгі дәуірдегі қазақ музыкасы"

"Ежелгі дәуірдегі қазақ музыкасы"
ашық дереккөзі
Бүгінде ақпараттық технологияның дамуына байланысты бұрын қолданыста жүрген кейбір дүниелердің электронды нұсқасы пайда болып жатыр. Соның қатарында оқулықтар да бар. Өткен аптада Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында осы оқу орнының оқытушысы Әлия Сабурованың «Ежелгі дәуірдегі қазақ музыкасы» атты электронды кітабының тұсаукесері өтті. Тұсаукесерде алғашқы болып сөйлеген Республикалық жоғары оқу орындары аралық электрондық кітапханасының директоры Шолпан Әлмұхамбетова электрондық кітаптардың заман талабына сай жасалып отырғаны және оларды қолданудың оңтайлылығы туралы айта келіп, Ә.Сабурова кітабының жастарға музыка тарихын үйретудегі мән-маңызына тоқталды. Оның айтуынша, бұған дейін музыка пәніне арналған үш электронды оқулық жасалған және олардың бәрі талапқа сай екен. Ән, күй, жыр салаларына арналып, бірнеше тақырыпқа бөлінген кітапта ежелгі дәуірден ХХ ғасырға дейінгі қазақ музыкасының қалыптасу, даму тарихы жайында айтылып, түрлі өнер мектептері мен оның негізін салушылар – әншілер мен күйшілердің өмірбаяны мен шығармашылығы жан-жақты зерттеліп, баяндалған. Кітап электронды түрде жасалғандықтан онда мультимедиялық файлдар орын алған, яғни түрлі ән-күй мектептеріне арналған бөлімдерде әнші, күйшілердің орындауында ән-күйлер берілген. Электрондық кітап авторы кітабындағы материалдарды ретімен таныстыра келіп, олардағы ән-күйлердің түрлі аймақтық мектептерге бөлінісін жіктей отырып, соған сай шығармалардың орындалуын қамтамасыз етті. Бұл орайда сахнаға шығып өнер көрсеткен өнерпаздарды атап өтсек: Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы жанынан құрылған «Бабалар сазы» ансамблі Бауыржан Ақтаевтың «Шашу» атты күйін орындап, шараға халықтық дәстүр жолымен мерекелік сипат берді. Одан әрі Мақсат Медеубеков қобызбен Қорқыттың «Қоңыр» атты күйін сарнатты. ҚР Мәдениет қайраткері Ерболат Шалдыбеков Сүйінбай Аронұлының «Қарасай» дастанынан үзінді айтып, жырлады. Арқа ән мектебі үлгісімен ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші-ұстаз Ардақ Исатаева Біржанның әні «Жонып алдыны», ҚР Мәдениет қайраткері әнші Нұржан Жанпейісов Әсет Найманбайұлының «Мақпал» атты әнін, Батыс ән мектебі үлгісімен Жылкелді Теңізбайұлының «Құнан нар» әнін Нұрым Асқанов, Қисаның «Сағындым Ақжайық» әнін Жанаргүл Сәркенова, Жетісу ән мектебі үлгісімен Кенен Әзірбаевтың «Алатау алабында» атты әнін Шолпан Даржанова шырқап, қазақтың аймақтық дәстүрлі ән мектептерінің ерекшеліктерін таныта білді. Сондай-ақ, қазақтың күй өнерінің түрлі аймақтық мектептерге бөлінетіні белгілі. Бұл орайда Батыс күй мектебінің көрнекті өкілдерінің бірі Дина Нұрпейісованың «Байжұма» атты күйін күмбірлете тартқан ҚР еңбек сіңірген әртісі, профессор Айгүл Үлкенбаеваның, Маңғыстау күйшілік мектебінің белді өкілі Есірдің «Жалдықара» күйін күңіренткен Абылай Тілепбергеновтің, Арқа күйшілік мектебінің негізін салушы Тәттімбеттің «Бестөресін» безілдеткен Әсел Алинаның, Шығыс күй мектебінің өкілі Байжігіттің «Алмажайын» тамылжытқан Сырым Нұрмолдиннің және Жетісу күй мектебінің өкілі Қошке Назарұлының «Кертолғауын» аңыратқан Ержан Жәменкеевтің өнерлері кешке жиналған қауымға рухани ләззат сыйлап, ұлттық өнерге деген құрметін арттыра түскені даусыз. Жалпы, ақпараттық технология же­тіс­тіктерін орынды пайдалана білсек, ұлт­тық мәдениетімізді терең танып-білуге мол мүмкіндіктер барына осы тұсаукесер дәлел болары айқын. Өйткені «Ежелгі дәуірдегі қазақ музыкасы» секілді электрондық кітаптар арқылы ин­тернеттен ұлттық музыкамыздың тарихы, сол музыканың көрнекті өкілдері туралы мол мәлімет алып қана қоймай, солар шығарған ән-күй, жыр-терме үлгілерін тыңдау қолжетімді болады. Бұл жас ұрпақтың төл мәдениетімізден жан-жақты хабардар болып өсуіне жағдай жасайтыны анық.