Жамандықтың өлер жері  – жақсылардың  кеудесі

Жамандықтың өлер жері  – жақсылардың  кеудесі

Жамандықтың өлер жері  – жақсылардың  кеудесі
ашық дереккөзі

Д.Исабековтің «Ескі үйдегі екі кездесу» драмасы Лондонда қазақ тілінде қойылды

Сәуір қым-қуыт оқиғаларымен ерекшеленген ай болды. Көкек айының соңғы аптасы жазушы-драматург Дулат Исабеков шығармашылығы үшін де айтулы шараға толы болды: премьерадан премьераға ұласып, біріне үлгерсе, біріне үлгермей жатты.

Сәуір айының 23-24 жұлдызында Оңтүстік Қазақстан облысының Ж.Шанин атындағы қазақ драма театрында «Әпке» атты спектаклі қоюшы-режиссер Жұмабек Есімовтің режис­серлығымен сахналанды. Бауырмалдылық пен мейірімділіктің символына айналған «Әпке» қойылымы драматургтің күлдіре отырып жылататын, жылатқанды жұбататын, сол арқылы адамның көңілін тазартатын, көрерменін жалықтырмайтын, тақырып құндылығы ескірмейтін туынды екенін дәлелдеп келеді. Сондықтан да бұл қойылымның көрермені таусылмақ емес. Пьеса авторы Д.Исабеков 22 сәуірде Ұлыбританияның астанасы Лондонға ұшып кеткендіктен, Оңтүстік өлкедегі «Әпке» қойылымының премьерасына бара алмады.

23-26 сәуірде Лондон қаласында «Қазақ мәдениетінің күндері» деген атпен өткен фестивальде Д.Исабековтің ағылшын тіліндегі «Біз соғысты көрген жоқпыз» повесі «We never know the war...» деген атпен жарық көріп, 23 сәуірде тұсауы кесілді. Кітаптың тұсаукесеріне Ұлыбританияның Лордтар палатасының Баспасөз бөлімінің басшысы, сондай-ақ, ағылшындық зиялы қауым өкілдері мен студенттер, магистрант-докторанттар қатысып, жазушыға көптеген сұрақтар қойып, жалпы қазақ әдебиетіне деген қызығушылықтары арта түсті. Жазушы шығармаларының тұрақты аудармашысы Катарина Юдельсон повестің көңіл толқытар әсерлі тұсынан үзінді оқып, жиналған қауымның повеске және оның авторына деген қызығушылығын оятқаны сөзсіз. Жеңістің 70 жылдығына орай тұсауы кесілген «Біз соғысты көрген жоқпыз...» повесімен танысып, пікір білдіріп үлгіргендер де болды.

Осы күнгі мәдени іс-шарада Еуразия Ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың «Шәкәрім» атты туындысының да тұсауы кесіліп, кештің соңы қазақтың әдемі күйімен, әнімен жалғасын тапты. «Қазақ мәдениеті күндерінің» бұдан кейінгі жалғасы Қызылорда облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ сазды драма театрының репертуарындағы Д.Исабековтің «Ескі үйдегі екі кездесу» атты қойылымын тұңғыш рет қазақ тілінде ағылшын көрерменіне көрсетуіне ұласты. Қызыл­ордалықтардың бұл спектаклін былтырғы жылдың күзінде Астанада өткен «Тілдер күні» мерекесінде тамашалап, ерекше әсер алған ағылшындық қонақ баронесса Алисон Сати осы театр ұжымын гастрольдік сапарға шақырып кеткен болатын. Міне, үш тілде өткен театр фестивалінің жемісті жалғасы енді Лондонда қазақ тіліндегі спектакльді ұсынуымен, Шекспирдің отанында, 400 орындықты Британ корольдік музыкалық театры «The Royal College of Music» ғимаратында қазақ актерлерінің өнер көрсетуімен тәмамдалды. Қойылымды ағылшын азаматтары, «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып жатқан студенттер және сол елдегі қазақтар және Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ержан Қазыханов мырза арнайы келіп тамашалады. Қойылым қазақ тілінде көрсетілгеніне қарамастан, субтитр арқылы көрген ағылшындық көрермен сахнадағы кейіпкерлермен бірге күліп, бірге көздеріне жас алып, артистермен бірдей күй кешіп жатқаны спектакльдегі көтерілген идея мен қозғалған тақырыптың жалпыадамзатқа ортақ екендігін сезінуінде, автордың соны жеткізе білуінде, актерлердің де шебер ойынынан туып жатқан сезімдер десе де болғандай. Қызылордалық театр ұжымының Лондон сапарын қолдап, демеушілік көрсеткен облыс әкімі Қырымбек Көшербаев мырзаның азаматтығы және облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының жанашырлығы арқасында рухани зор іс атқарылды.

25 сәуір күні Лондонда көрсетілген «Ескі үйдегі екі кездесу» спектаклін көруге автор бұл жолы да қатыса алмады. Өйткені дәл осы күні Астанадағы «Бейбітшілік және келісім» сарайында Д.Исабековтің «Бақыт құсы» атты спектаклінің премьерасы болған. Екі қойылымның бір күнге сәйкестенуі және екеуінің де маңызды қойылымдар екені ерекше жағдай. Қазақ драматургтері шығармаларының Еуропа сахналарында қойылуына жол ашып берген қарлығашымыз «Ескі үйдегі екі кездесу» спектаклі бұдан былай да «Өкпек жолаушыдай» өзге де шетел театрларын шарлай түспек. Ағылшындар мен француздар да алдағы жылы Д.Исабековтің «Аққу-Жібек» және «Өкпек жолаушы» атты екі пьесасын аудартып, сахналауды қолға алмақшы екендіктерін айтып отыр. Бір автордың жетістігі қазақ – ұлтының да жетістігі, ұлт руханиятының кеңістігінің кеңейгенін білдірсе керек.

«Бақыт құсы»

Д.Исабековтің шұғыл түрде Астанаға ұшып баруына себеп болған «Бақыт құсы» спектаклі 25 сәуірде «Бейбітшілік және келісім» сарайында көрсетілді. Спектакльдің қоюшы-режиссері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай, қоюшы суретшісі – Қанат Мақсұтов, ал спектакльдің лейтмотиві ретінде елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Туған елім» әні алынса, композитор ретінде ҚР еңбек сіңірген қайраткері Арыстанбек Мұхамедиұлының да еңбектері пайдаланылған.

«Бақыт құсы» пьесасы 2010 жылы Ұлттар театрының тапсырысымен жазылып, 2011 жылы алғаш рет Алматы қаласында премьерасы өткен болатын. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына байланысты республикамызда әртүрлі мәдени іс-шаралар өткізіліп келеді. Сондай іс-шараның бірі ретінде арнайы қойылған «Бақыт құсы» спектаклінің премьерасы бұл жолы Астананың төрінен орын алды.

«Бақыт құсы – адамдарға жақсылық сыйлайтын қасиетті құс. Ол кейде жеке адамның басына, кейде тұтас елдің басына қонады...» деген идеяны қазық еткен пьесада Қазақстанға XX ғасырдағы тарихи қиын-қыстау кезеңде дәм-тұз бұйырып, жер аударылып кеп қалған кәріс, неміс, орыс сияқты түрлі ұлт өкілдерінің тәуелсіздіктен кейінгі бүгінгі бет-бейнесін, тіршілігін көресің. Пьеса сюжеті екі-үш бала тәрбиелеп отырған қазақ әйелі Бәтиманың отбасы мен Инна және Олег Кимнің отбасылары арасындағы ескі байланысты жаңартып, қазақ пен кәрістің құдандалы болуы айналасында өрбиді. Спектакль барысында қазақ жігіті Бектұр кәрістің қызы Нелли Кимнің суретін журналдың мұқабасынан көріп, ғашық болады. Оңтүстік Корей елінен келген Пак Чен Гу де Астананың аруы атанған Неллиге өлердей ғашық болып, тіпті қыздың айтқанын орындаймын деп жүріп қалай мұсылман болып, қалай қазақша, орысша сайрап шыға келгенін білмей қалады. Әдемі әзілге толы лирикалық драманың бұдан кейінгі оқиғалар тізбегі Бәтима мен Кимдердің күтпеген жерден ескі таныстар болып шыға келуімен өрбиді. Оқиғаның тереңіне үңілсек, Кимнің отбасы ол қызды дүниеге келгенде асырап алған екен. Сол кездегі балалар үйінің тәрбиешісі Бәтиманың тас­танды нәрестені кәріс отбасына беріп жатып, уағдаласқандары есіне түсіп, Бектұрдың «бақыт құсын» қолына қондыруымен аяқталады. Сөйтіп, Нелли кәріс отбасында тәрбиеленіп, бірақ қазақ мектебін бітірген қазақтың қызы болып шығады. Спектакль сюжеті осы мазмұнда өрбігенімен, екінші бір сюжеттік желіде Қазақстанның өзге ұлт өкілдерін жатырқамай, ортақ Отанға айналған құт мекен ретінде бағаланатыны сөз болады.

Орыс, поляк, неміс, украин сияқты түрлі ұлт өкілдерінен құралған Василий Макарыч, Анна және Карл Нэйман, Григорий Емельянов, Полина Зелинская-Емельяновалардың әрқайсысының өз отандары бар. Олардың бірі отанын іздеп көшіп барғанымен, ол жаққа сыймай үйренген елдеріне қайта көшіп кеп жатса, аралас некеден туған енді бірі қай отанына барарын білмей басы қатады. Бірақ, қиналғанда қол ұшын беріп, бейбіт өмір сыйлап отырған қонақжай қазақ елі олардың әрқайсысы үшін де ортақ Отанға айналып кеткенін мойындайды. Ал қазақтың қарапайым ғана әйелі Бәтима болса, түрлі ұлт өкілдерінен құралған көршілерінің тату-тәтті тұрып, берекелі де мерекелі тұрмыстарының ұйытқысына айналып отырған асыл Ана бейнесінде көрінеді. Спектакльдегі басты идея Бәтиманың немересі Керімге айтып беретін «Бақыт құсы» атты ертегісімен жеткізіледі. Бақыт құсының берекесі мен бірлігі жарасқан елдің, біреудің бақытын қызғанбайтын, қанағатшыл адамның басына ғана кеп қонатынын баяндайды. Қойылымдағы белгісіз бір жазушының сөзі ретінде Полинаның аузымен айтылатын «Жамандықтың өлетін жері – жақсылардың кеудесі» деген жолдар спектакльдің тағы бір идеялық қырын аша түседі.

Қойылымда Майра Омар, Дәурен Серғазин, Роман Чехонадский, Денис Анников, Роман Цой, Антонина Пак, Айдана Сырбекова сынды түрлі ұлттар өкілдерінен құралған актерлер ойнап шықты.

Спектакльдің сахналық безендірілуі бүгінгі Астананың келбетін елестетін үлгіде және ашық түстегі үйдің интерьерін қолданып, қойылымға ерекше бір жылылық сипат беріп тұрды. Ал «Бақыт құсы» ертегісі баяндалатын сахналарда аспанда қалықтап ұшып жүрген, алтын қанатты бақыт құсының видеокөрінісі көрсетіледі. Қойылымның қоюшы суретшісі Қанат Мақсұтовтың талғампаз сахна безендіруі жалпы спектакльді көрерменге тартымды әрі әсерлі ете түсті.

Д.Исабековтің Алматы-Лондон-Стамбул-Астана болып жалғасқан жолсапары 29 сәуірде Тараз қаласымен түйінделді. Жамбыл облыстық драма театры драматургтің «Тыныштық күзетшісі» атты пьесасын сахналап, Жеңістің 70 жылдығына тарту етті. Спектакльдің қоюшы-режиссері – Әлия Баймаханова. Қиын-қыстау шақта соғыс ауыртпалығын иықтарымен көтерген ауылдағы аш-жалаңаш, жетім-жесірлердің тылдағы қиындықпен алысқан еңбектері мен күйініш-сүйініштері ешкімді бейжай қалдырмайды. «Кішкентай ауылды» күзеткен, тыныштық күзетшісіне айналған делқұлы Демесіннің әрекетімен-ақ сол жылдар трагедиясын көрсететін пьеса мазмұны қай кезең ұрпағын болсын ойландырып, бейбіт заманның қадірін ұқтыра түседі.

Д.Исабековтің бірнеше күнге созылған қазақстандық және шетелдік шығармашылық сапары осындай жарқын оқиғаларға толы болды.

Ақмоншақ АХМЕТ, Т.Қ.Жүргенов атындағы

Қазақ ұлттық өнер академиясының аға оқытушысы