Жээнбеков – қырғыздың  бесінші президенті

Жээнбеков – қырғыздың  бесінші президенті

Жээнбеков – қырғыздың  бесінші президенті
ашық дереккөзі
15 қазанда Қырғызстанда республиканың жаңа президенті сайланды. Электрондық алдын ала есептеулерге қарағанда, сайлаушылардың 55 пайызға жуық дауысын алған талапкер Сооронбай Жээнбеков Орталық сайлау комиссиясының шешімі шыққан соң, елдің бесінші президенті болғалы тұр. Өлкені 2011 жылдың 1 желтоқсанынан бері алты жыл басқарған қазіргі президент Алмазбек Атамбаевтың құзыреті 1 желтоқсанда аяқталып, билік жаңа президентке өтеді. Алты жыл! Аз да емес, көп те емес. Биылғы жаз айындағы кезектегі баспасөз мәслихатының бірінде ол: «Мен үшін президенттік 6 жыл өте ұзаққа созылды, тіпті де бітпейтіндей шексіз сезілді», – деп  алты жылдың  бейнеті көп болғанын, құзыретінің тезірек біткенін қалайтынын меңзеген болатын. Соңғы бір айда әртүрлі мәлімдемелерімен ғаламтордың басты «қаһарманына» айналған Атамбаевтың алты жылын біз де ой елегінен өткізіп көрдік. Алмазбек Атамбаев билікке Қырғызстанның жаңа тарихындағы қиын, аумалы-төкпелі кезеңде келді. 2010 жылғы сәуір төңкерісінен кейін мемлекетті басқару тізгінін 14 адамнан құралған уақытша Үкімет қолға алып, араларындағы жалғыз әйел Роза Отынбаеваны уақытша президенттік қызметке ұсынған. Оның баламасыз талапкерлігі Жаңа Конституция қабыл алынуға тиісті референдумға қосақталып кіргізілген. Сөйтіп Роза Отынбаева сайлаудан жеңіл өтіп, 2010 жылдың 27 маусымынан 2011 жылдың 1 желтоқсанына дейін өтпелі кезеңнің президенті болды. 2011 жылдың  қазан айында өткен президенттік сайлауда 16 талапкер бақ сынасып, сайлаушылардың 62,52 пайызының қолдауына  ие  болған А.Атамбаев 1 желтоқсанда таққа отырды. Сол кезде Қырғызстан экономикалық жақтан да, саяси жақтан да зор ауыртпалықты бастан кешкен еді. Бішкекте және облыс аумақтарында жиі-жиі ереуілдер болып, ел іші ала  тайдай  бүлінген. Оның үстіне 2010 жылдың мамыр-маусым айларында өлкенің оңтүстігінде орын алған ұлт­аралық жанжал – қырғыз бен өзбек диаспорасының арасындағы қанды қақтығыстың жарасы да әлі жазыла қойған жоқ еді. Атамбаев билігінің ең басты жетістіктерінің бірі – ұлт араздығын жойып, ынтымақты бекемдегені. Бұл бағытта  көп жұмыстар атқарылып, 2013 жылдың 10 сәуірінде мемлекет басшысының жарлығымен «Қырғыз Республикасында халықтың бірлігін және этностар аралық мәмілелерді нығайту тұжырымдамасы» бекітілді. Осы  жылдарда Қырғызстан өзінің энергетикалық егемендігіне ие болды. 1000 шақырымға созылған «Датқа – Кемін» электр желісі тартылып, кеңес үкіметі жылдарынан бері электр қуатын бөлісу тұтқасын ұстап отырған Өзбекстанның  Ресейдің «Газпром» компаниясы мен келісімшарт жасалып, Бішкек қаласы толықтай дерлік табиғи  газбен қамтамасыз етілді. Қазіргі кезде осы компанияның қаржыландыруымен республиканың барлық елді мекендеріне газ құбырларын  тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2014 жылдың маусым айында 2001 жылы Бішкектегі «Манас» халықаралық әуежайына орналасқан АҚШ-тың әскери базасы өлкеден шығарылды. Бұл оқиға Атамбаев билігінің тұсындағы әлемдік деңгейдегі маңызды оқиғалардың бірі ретінде тарихта қалды. Бішкек қаласының бірқатар көшелері оңдалып, түзелді, асфальтталды; Бішкек пен облыс орталықтары арасындағы автожолдар жөнделді; жаңа мектептер, ауруханалар салынып, пайдалануға берілді; мемлекеттік қызметкерлер, атап айтқанда, ішкі істер, әскер және қауіпсіздік қызметкерлері үйлі болды. Алмазбек Атамбаев президенттік қызметке кіріскенде: «Бізде барлық шарттар бар. Бұйыртса, зауыт-фабрикалар құрылып, жастарымыз іспен қамтамасыз етілген өлкеге айналамыз», –  деп дәйім айтып жүрген еді. Республика халқының көпшілігі базарлардағы сауда-саттық арқылы күндерін көріп жатқаны, кейбір мәліметтерге қарағанда, күнкөріс қамымен миллионға жақын қырғыздардың  Ресейде, жүз мыңнан астамы Қазақстанда жүргені өлкеде жұмыссыздықтың белең алғанының көрсеткіші. Рас, киім-кешек, тігін өнеркәсібі жағынан Қырғызстан бүкіл ТМД елдері бойынша алда келеді. Жеке іскерлердің жансебіл еңбегінің  арқасында келген бұл жетістік  Атамбаевқа дейін-ақ өз арнасын тапқан еді. Қырғызстан туралы сөз болғанда, әдетте, өлкенің демократиялық үрдістері бірінші кезекте ауызға алынады. Қырғызстан азаматтарының биометриялық тіркеуден өтуі, соңғы жылдардағы әрқандай деңгейдегі сайлаулардың биометриялық тіркелудің нәтижесімен өтіп жатқаны демократияның белгісі іспеттес. Өткен жексенбіде болған президент сайлауы іс-шараларында да осы әдіс қолданылды. Жаңа технологиялық жабдықтардың арқасында кешкі сағат 20:00-де дауыс беру аяқтала салысымен сайлаудың бастапқы қорытындысы дүйім елге белгілі болды. Дегенмен 1991 жылдан бері демократиялық қозғалыстың бел ортасында жүрген  Алмазбек Атамбаевтың биылғы көктемнен бастап бұл жолдан ауытқығаны аңғарылғандай. Оның дәлелі – тағы бір шынайы демократ, президенттік қызметке талапкер Өмірбек Текебаевтың сегіз жылға сотталуына түрткі болғаны. Ол Атамбаев туралы өз пікірін ашық айтып, жария еткен. Өмірбек үндемей жүрсе, үйдей бәлеге тап болмас еді. Атамбаевтың демократиялық қағидаттан ауытқуы президенттік сайлаудың қарсаңында және сайлау күні анық байқалды. Сайлау жақындағаннан бастап, президенттің өзі өткізген іс-шараларда және жиналыстарда президенттік лауазымға талапкер болып тіркелген Өмірбек Бабановты қаралап сөйлеуі әдетке айналды. 15 қазанда таңертең Алмазбек Атамбаев жұбайы Раиса Атамбаевамен бірге Бішкектегі өздері тіркелген сайлау учаскесінде дауыс берген соң, президент БАҚ өкілдерімен сұхбаттасты. Сайлау жүріп жатқан қызу, шешуші сәттерде де ол президенттік қызметке басты талапкерлердің бірі Ө. Бабановты жамандаудан  іркілген жоқ. «Бабанов  жыл бойы әр аптада да, немесе екі апта сайын үйге келіп тұратын. Біздің жанұямыз жазда Бабановтың қала шетіндегі бақшасынан құлпынай, бүлдірген жеп келетін. Сосын, 1,5 ай бұрын өзімді «аби» (түрікше «аға»-авт.) дейтін Бабанов мені жамандап шықты. «Сіздің жолыңызды мен жалғастырамын» деген Бабанов «Біз басқа жолмен жүреміз» деп бүлінді. Бабановты қолдауым үшін шетелдік олигарх  маған 20 миллион доллар бермек болды. Мен сатылмайтын нәрселер барын айтып, бас тарттым», – деді А. Атамбаев сайлау учаскесінде. Түске қарай Атамбаевтың өзіне қарата айтқан сөздері бойынша Өмірбек Бабанов баспасөз мәслихатын өткізіп, мәлімдеме жасады. «Президенттікке талапкер болар  алдында  президентпен кеңескенмін. Ол кісінің батасын алғанмын. Ол: «Жөн, президенттікке қатыс. Біз өз талапкерімізді айқындаймыз, кім ұтса, сол жеңеді» деген. Куәлер бар. Сайлау таза өтеді деп кепілдік берген. Соңғы апта ішінде Алмазбек Шаршенович Атамбаевқа мен туралы жалған мәліметтерді үйіп-төкті. Ұлттық қауіпсіздіктің мемлекеттік комитеті және  ІІМ берген ақпараттардың бәрі ол кісінің маған көзқарасын өзгертті. Мен оның бүгінгі сөзіне қапа болып отырмын», – деді Ө.Бабанов. Президенттің «біз» дегені өзі жетекшілік еткен Қырғызстанның социал-демократиялық партиясы болатын. Бұл партия талапкерлікке премьер-министр Сооронбай Жээнбековті ұсынды. Әуелі республиканың барлық аймақтарын аралап шыққан үкімет басшысы «әкімшілік ресурсты пайдаланбаймын» деп өз еркімен қызметінен босаған болатын. Атамбаев пен Бабановтың сөздеріне тоқталып жатқанымыз, Атамбаевтың сайлау алдындағы Бабанов туралы жағымсыз пікірлері екі ойлы болып жүрген электораттың Жээнбековке дауыс беруіне әкеліп соққан тәрізді. Жоғарыда біз Алмазбек Атамбаевтың билігі тұсындағы игілікті істердің біразын санамалап өттік. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегендей, Атамбаевтың өзі істеген жақсы істерді бір ауыз жөнсіз сөзімен бүлдіріп алып жүргеніне шетелдіктер таңданыспен қараса,  отандастарының еті үйреніп алған. Президент Нұрсұлтан Назарбаев туралы айтқан оңды-солды сөздерін қырғыз жұртшылығы жақтыра қойған жоқ. Ең қызығы, Алмазбек Атамбаев өткен жылдың желтоқсан айында Индияға барған іс сапарында бизнес-форумға қатысып, биік трибунадан 1,4 миллиардқа жуық халқы бар үнді еліне «сіздер бизнес жасауды білмейсіздер» деп ақыл үйреткен болатын. Биылғы 20 қыркүйекте АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында Біріккен Ұлттар ұйымының Бас ассамблеясының 72 сессиясында сөйлеген сөзінде: «Айналайын, қырғыз елім! Біраз күннен кейін қырғыздар өз ажасын – жаңа президентті сайлайды. Қайтадан басқа елдің басшыларына, басқа елдің байларына алданып қалмайық! Қайтадан қырғыз ажасының басына басқалар қасықпен марш ойнамасын!»,– деп қырғыздың ескі жарасын тырнап, Ресей президенті Борис Ельциннің Ыстықкөл жағалауындағы құмда президент  Асқар Ақаевтың басына қасық ойнатқанын күллі әлемге жариялап, өз елін бір ұялтқан. Қырғызда «талайлымен  таласпа» деген мақал бар. «Мені Құдай қолдайды» деп екі сөзінің бірінде Құдайды аузынан тастамайтын қырғыз президентін көре алмағанымыз, табалағанымыз емес, бір кезде Асқар Ақаевты да, Құрманбек Бакиевті да Құдай қолдағанын, ал енді «Мені Құдай қолдайды» деген сөздің астамшылық екенін еске салғымыз келеді.  

Берік Мақұлбек

Қырғызстан, Бішкек қаласы