Қазақстанға биік мәртебе бұйыра ма?

Қазақстанға биік мәртебе бұйыра ма?

Қазақстанға биік мәртебе бұйыра ма?
ашық дереккөзі

Еліміз БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі атануға ниетті

Өткен аптада ҚР Президентінің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшелігіне Қазақстан кандидатурасын ілгерілету жөніндегі арнайы өкілі, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Асқар Мусин Бруней-Даруссаламға жұмыс сапарымен барып, сұлтандықтың сыртқы істер және сауда министрі Мохамед Болкиах ханзадамен келіссөздер жүргізді. Екі мемлекет ынтымақтастығын арттыру мәселелері талқыланған басқосуда Асқар Мусин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Бруней сұлтаны Хассанал Болкиахқа жолдаған арнайы сәлемдемесін – Қазақстанның БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүше болуын қолдау жөніндегі Жолдауын жеткізді.

Сапардың негізгі мақсаты да осы болатын. Ханзада Қазақстан вице-министрінің Брунейге арнайы ат шалдыруына қарап, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүшеліктің еліміз үшін қаншалықты маңызды екенін түсінгенін айтты. Иә, онысы рас, бұл – Қазақстан үшін аса жауапты қадам.

2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіп­сіз­дік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болуға ұмтылу туралы бастама елімізде осыдан екі жыл бұрын, Қазақстанның БҰҰ құрамына енгеніне 20 жыл толуы қарсаңында көтерілген болатын. Еліміздің БҰҰ құрылымдық бөлімшелерімен жемісті әрі тығыз қарым-қатынастарын есепке ала отырып, сондай-ақ, мемлекеттің қазіргі халықаралық қоғамдастықтағы рөлін ескере келе, Қазақстан өз алдына БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі ретінде сайлану міндетін қойды. Мақсатқа қол жеткізу жолындағы күрес сол кезден-ақ басталып кетті. Күрес дейтін себебіміз, аталмыш ұйымға мүше болуға ниет білдірушілер көп. Бірақ бұл мәртебе таңдаулыларға ғана бұйырады. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшелігіне ену үшін ұйымға мүше 193 мемлекеттің кем дегенде 129-ының сеніміне ие болуы керек.

Бұл дода үлкен саяси жігер мен экономикалық шығынды талап ететініне қарамастан, еліміз алға қойылған межені бағындыруға нық бекінді. Өйткені ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың айтуынша, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне сайлануы аймақтың шиеленісті жағдайларына әлемдік қауымдастықтың назарын аударуға, мемлекеттің халықаралық бастамаларын іске асыруға, Астананың жаһандық мәселелерде маңызды рөл атқарып, «Еуразияда кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылық факторы» ретінде Қазақстанның имиджін көтеруге себеп болмақ. Елбасының атқамінерлердің бәріне, әсіресе өзге мемлекеттерде Қазақстан атынан сөйлейтін Үкімет пен Парламент мүшелеріне еліміздің жағымды имиджін қалыптастырып, аталмыш науқанда Қазақстан кандидатурасын қолдайтын әріптестердің қатарына арттыру міндетін жүктегені сондықтан. Биылғы жылдың басындағы ҚР Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Дариға Назарбаеваның төра­­­ғалығымен парламент депутат­та­рының Германия мен Лихтенштейн княз­дігіне жұмыс сапары да Елбасы­ның сол тапсырмасын орындау мақ­сатынан туған еді. Берлинде Бун­дес­таг төрағасының орынбасары Йоханнес Зингхаммермен және Бер­лин Сенатының спикері Ральф Виландпен екіжақты кездескен Дариға Назарбаева Германия Канцлері А.Меркельдің атына жолданған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне Қазақстанның кандидатурасын қолдау жөніндегі Елбасының Жолдауын тапсырды. Д.Назарбаеваның ГФР Сыртқы істер министрлігінің статс-хатшысы Маркус Эдерермен және Ғаламдық мәселелер бойынша Феде­ралдық үкіметтің уәкілі Патриция Флор­мен келіссөздері де Қазақстанның аталмыш ұйымның мүшелігіне сайлану мүмкіндіктері төңірегінде өрбіді. Германиялық атқамінерлер Қазақстанның келесі сайлауда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі құрамына енетін ондықтың қатарынан көрінетініне сенім білдірді. Таяуда Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған да халықаралық додада еліміздің кандидатурасын қолдауға дайын екенін айтты.

  Таңдаулылар тізбегі

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамы соңғы рет өткен жылдың 16 қазанында жаңартылған болатын. Ұйымның 2015-2016 жылдардағы тұрақты емес мүшелері болып жаңадан 5 мемлекет: Ангола, Малайзия, Венесуэла, Жаңа Зеландия және Испания сайланды. Олар осыдан 2 жыл бұрын сайланған Аустралия, Аргентина, Люксембург, Оңтүстік Корея және Руанда мемлекеттерінің орнын басты. Ал Иордания, Литва, Нигерия, Чад және Чили мемлекеттері 2015 жылдың соңына дейін Қауіпсіздік кеңесінің құрамында қала бермек.

Қауіпсіздік Кеңесіне мүше мемле­­кеттердің жалпы саны – 15. Олардың бесеуі тұрақты: АҚШ, Қытай, Ресей, Ұлыбритания және Франция. Ал қалған он мүшесі БҰҰ Бас ассамблеясы арқылы ұдайы қайта сайла­нып отырады. Кеңестің тұрақты емес мүшелері екі жылдық мерзімге тағайын­­далады. Тұрақты емес мүше­лерді сайлау аймақтық принцип бойын­ша жүргізіледі. Мәселен, өткен жылы өз кандидатураларын ұсынған Ангола, Венесуэла және Малайзия өз аймақтары бойынша бірден-бір үміткерлер болса, қалған екі орын үшін бәсеке қызу өтті. Дауыс берудің бірінші кезеңінде 145 дауыс жинаған Жаңа Зеландия Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына енді. Ал екінші кезеңде негізгі қарсыласы Түркиядан 60 дауыс артық жинап, 132 мемлекеттің сеніміне ие болған Испания ұйым мүшелігіне қабылданды.

БҰҰ-ға мүше 193 елдің ішінде Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелігіне бірнеше рет сайланған мемлекеттер бар. Мәселен, Жапония мен Бразилия кеңес құрамына тоғыз рет қабылданса, Үндістан алты, Германия үш мәрте мүше болған. Есесіне, Қауіпсіздік кеңесі құрылған 1946 жылдан бері оның мүшелігіне мүлдем қабылданбаған 60 мемлекет бар екен. ТМД елдерінің басым бөлігі, оның ішінде Қазақстан да сол қатарда. Кеңес одағы ыдырағаннан кейін жаңа тәуелсіз елдерден үш-ақ мемлекет – Украина, Белоруссия мен Әзірбайжан ғана Қауіпсіздің кеңесіне мүше болды.

Берекелі елдің дегені болады

Қазақстанның халықаралық бейбіт­шілік пен қауіпсіздіктің кепілі саналатын беделді ұйымға мүше болу мүмкіндіктерін сараптаған мамандар еліміздің Орталық Азиядағы көшбасшылық рөлі үлкен маңызға ие екенін алға тартуда. Дүние жүзінің түкпір-түкпірінде қарулы қақтығыстар көбейген тұста бейбітшілік пен ұлтаралық ынтымақты саяси дамудың басым бағыты етіп ұстанған Қазақстандағы береке көпке үлгі екені айқын. Таяу Шығыстағы қанды қақтығыс, қаншама дауға себеп болған Украинадағы азаматтық соғыс, тыншымайтын Ауғанстан әлем қауіпсіздігіне қатер боп төнді. Берекесіздік Орталық Азияны да айналып өткен жоқ. Әлі күнге дейін салдары сейілмеген Қырғызстандағы төңкеріс, елді экономикалық дағдарыс тұйығына сүйреген Тәжікстандағы жанжалдар, адам құқығының аяққа тапталуымен атағы жайылған Өзбекстан мен демократияландыру белгілерінен ада Түркіменстан да аймақтың халықаралық аренадағы беделін биіктете қоймағаны белгілі. Осындай оқиғалар фонында Қазақстандағы саяси және экономикалық тұрақтылық дараланып тұратыны айтпаса да түсінікті. Оның үстіне, халықаралық масштабтағы жобаларға белсенді қатысу арқылы еліміз аймақ көшбасшылығына қол жеткізді.

Өз тәуелсіздігінің небәрі екі­ онжылдығында Қазақстан жаһан­дық күн тәртібінде тұрған күр­делі мәселелерді шешуде оң бас­та­­маларымен көзге түсіп, дипло­ма­тиялық әлеуетінің мол екенін көрсетті. Мемлекетіміздің халықаралық қоғамдастық алдындағы беделінің жоғары екеніне Қазақстанға 2010 және 2011 жылдары артылған сенім – ЕҚЫҰ мен ИЫҰ-ға төрағалығы дәлел. 56 елдің президенттері мен үкімет басшылары қатысқан ЕҚЫҰ саммиті Астана декларациясының қабылдануымен аяқталса, Ислам ынтымақсастық ұйымына төрағалық негізінде Қазақстан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі институттың және Адам құқықтары жөніндегі комиссияның құрылуына мұрындық болды.

Қазір Қазақстанның ұмтылар биігі бұрынғыдан асқақ, алға қойған міндеті аса жауапты: 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне тағайындалу. Бұл – дамушы ел үшін маңызды стратегиялық қадам. «Қазақстан Орталық Еуразиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықтың діңгегі болуға, бейбітшілікті орнықтыруда және халықтар арасындағы ынтымақ­тастықты ілгерілетуде сенімді әріптес болуға ұмтылады. БҰҰ Қауіпсіздігінің тұрақты емес мүшесі болуға талпынудың негізінде де дәл осы мақсат жатыр», – деген еді Нұрсұлтан Назарбаев Парламентке бағыттаған сөзінде.

Қазақстанның Сыртқы істер вице-министрі Ержан Ашықбаевтың айтуынша, Қазақстан – аймақтағы елдер арасында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше болуға өтініш білдіріп отырған ең бірінші мемлекет. Орталық Азияның ауқымы кең. Бұрын-соңды өтініш бермеген елдерге аталған органда дауыс беру құқығы берілетін болса, Қазақстанның кандидатурасын қолдайтындардың қатары артатыны сөзсіз. Десе де, Қауіпсіздік кеңесіндегі орын үшін күресте Қазақстанның тәжірибелі қарсыласы бар. Ол – Тайланд. Вице-министр: «Біз Қазақстанның аймақтық қана емес, ғаламдық қауіпсіздікке қосқан үлесінің тиісінше бағалануы бағытында жұмыс істеп жатырмыз», – деген болатын. Демек, Қазақстан кандидатурасының кең қолдау табуы ведомство жұмысының нәтижелілігіне тікелей тәуелді.

Егемендік алғаннан кейін Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ел шежіресіндегі алғашқы тарихи шешім – Семей қаласындағы әлемде көлемі бойынша екінші орында тұрған ядролық полигоннан және әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тарту туралы жарлық шығарды. Сондай-ақ, аймақтың басқа елдерімен қатар, 2009 жылы наурызда күшіне енген, Орталық Азияда ядролық қарудан еркін аймақ құру туралы келісімге қол қойды. Сол арқылы Қазақстан жоғары беделге ие болып қана қоймай, халықаралық қауіпсіздік саласында өз бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік алды. Ядролық қауіпсіздікті күшейту, ядролық қаруды таратпау және ядролық терроризмді тоқтату мақсатындағы жобалары елімізді ядролық қарудан азат әлем үшін күресте сөзсіз көшбасшыға айналдырды. 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланған жағдайда Қазақстан осы ұстанымын белсенді түрде ілгерілетіп, жойқын қару жарысын тоқтатуға өз үлесін қосуға ниетті.

Қазақстанның Қауіпсіздік кеңесіне мүше болуға мүмкіндігін арттыратын тағы бір артықшылығы – БҰҰ-ның бітімгерлік іс-шараларын белсенді түрде жақтайтыны. Еліміз бітімгерлік операциялар БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің резолюцияларына және халықаралық құқықтың нормаларына сәйкес жүзеге асырылу керек деген ұстанымда. Кеңес мүшелігіне қабылданар болса, Қазақстан бітімгерлік жобалар Департаментінің және саяси мәселе­лер жөніндегі Департаменттің жұмыстарына өз үлесін арттыра түспек. Мәселен, қазірдің өзінде қазақстандық офицерлер ұйымның бітімгерлік миссияларына әскери бақылаушы ретінде атсалысуда. Еліміздің «Қазбат» бітімгерлік батальоны Ирак еліндегі минасыздандыру операциясына қатысты.

Әлемдік қауіпсіздікке қатер төндіретін фактордың бірі – табиғи апаттар. Мәселен, бірнеше мемлекетке зардабын тигізген Непалдағы жер сілкінісі әлі де Азияның үрейін ұшырып тұр. Сондықтан Қазақстан табиғи апаттардың алдын-алу бағытында тізе қосып жұмыс істеп, ғылыми ізденістерді бірігіп жүргізуді ұсынуда. Алматы қаласын БҰҰ-ның аймақтық орталығына айналдыру идеясы да бекер көтерілген жоқ.

Ұтарымыз қайсы? Ұтыларымыз не?

Бір нәрсе айқын: Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше болуға ұмтылуы – ең алдымен, еліміздің халықаралық саяси аренадағы имиджін көтеруге бағытталған қадам. Әйтсе де, бұл қадам ел ішіндегі ішкі ахуалды жақсартуға да сеп болмақ. Мемлекеттің халықаралық салмағы мен беделі жоғары екенін сезіну ел тұрғындарының мақтанышын тудырып қана қоймай, жарқын жетістіктерге ынталандыратыны сөзсіз. Атамекеніне оралғысы келетін қандастарымыздың қатары артып, бұл өз кезегінде елдің демографиялық әлеуетін көтеруге негіз болмай ма? Кеңестің тұрақты емес мүшелігіне қабылданудың стратегиялық маңызын да айтпай кетуге болмас. Ұйым шеңберінде жаһандық түйткілдерді шешуге теңқұқықты негізде қатысу арқылы Қазақстан өзінің мемлекеттік һәм ұлттық мүдделерін ілгерілете алады. Сондай-ақ, ұйым назарынан тыс қалып келе жатқан аймақтың өзекті мәселелерін шешуге, халықаралық маңызды ақпараттарға тікелей қол жеткізуге мүмкіндік тумақ.

Имидждік және старатегиялық жобалардың мол қаржысыз жүзеге аспайтынын да ұмытпаған жөн. Қазақтың «Шығын шықпай, кіріс кірмес» деген сөзін басшылыққа алып, қаржылық салымға көз жұма қарадық делік. Басқа тәуекелдер ше? Сайлау кезінде Қазақстан кандидатурасын қолдауға дайын мемлекеттердің алдында белгілі бір саяси һәм экономикалық жеңілдіктер жасауға, қолдағысы келмейтіндердің алдында иілуге тура келетіні тағы бар.

Осы және өзге де келеңсіз тұстарын көрсетіп, еліміздің аталмыш ұйымға мүшелігін құптамайтындар көп. Олардың алға тартар өз уәжі бар. Біріншіден, Украина, Белоруссия мен Әзірбайжанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүшелігі мемлекеттердің өздеріне де, ұйымға да титтей пайдасын тигізбеген көрінеді. Кеңес мүшелігіне үміткер ретінде өз кандидатурасын насихаттау кезінде Әзірбайжан ұстанымдары да Қазақстанның идеяларына ұқсас болған екен. Алайда өкілеттік мерзімі аяқталған кезде Баку ұйым шеңберінде өткен 59 отырыс, қабылданған 7 резолюция мен баспасөзге жасаған 13 мәлімдемеден басқа ешқандай нәтиже ұсына алмапты. Сайлау сәтті өтіп, Қазақтан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі құрамына енген жағдайда қазақстандық дипломаттар да құрғақ есептен әрі аса алмай ма деген күдік көлденең шығады.

Қазақстанның көпвекторлы саясаты мен ұстамдылық пен толеранттылықты жақтайтын ұстанымдары ұйым шеңберінде батыл шешім ұсынып, жаһандық түйткілдерді шешуде белсенділік танытуға мүмкіндік бермейді дейтіндер де жоқ емес. Оның үстіне, кеңестің тұрақты мүшелері – АҚШ, Қытай, Ресей, Ұлыбритания және Францияның саяси салмағы басым болғандықтан әдетте тұрақты емес мүшелердің ұйымда бар-жоғы білінбейтін сияқты. Тыйым салу құқығына ие бұл мемлекеттер ұйымның барлық қызметінің анықтауышы десек, артық айтқандық емес. Себебі бұлар кез келген маңызды мәселені тоқтатып тастауы мүмкін және бұл шешімді өзгертуге еш мемлекеттің дәрмені жетпейді.

Кейбір саясаттанушылардың айтуынша, уақытша тағайындалатын мүшелерді сайлау науқаны әлемдік державалар тарапынан жүргізілетін саяси ойынға ұқсайды. Мысалы, Әзірбайжанның кеңес құрамына енуі оның энергетикалық ресурстарымен байланыстырылады.

«Қартайған» ұйымның ісі божырап жүр

Қазақстанды халықаралық ұйым құрамынан көргісі келмейтіндердің үшінші тобы Қауіпсіздік кеңесінің жылдар алмасса да мызғымайтын қағидалары өзінің тиімсіздігін көрсетіп, ұйымның беделі төмендей бастағанын алға тартады. Қауіпсіздік Кеңесінің құрылымын қайта қарау қажеттігі туралы сөз алғаш рет қозғалып отырған жоқ. Бұл мәселе өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап қызу талқылана бастады. Сарапшылардың әрқайсысы әртүрлі нұсқа ұсынғанымен, пікірлердің барлығы бір ғана мағынаны меңзейді: кеңестің тұрақты мүшелерінің санын көбейту қажет. 1946 жылы жасақталған құрылым әбден «қартайғанын» және жұмыс істеу принциптері қазіргі заманның талабына жауап бермейтінін Батыс та, Шығыс та ескертті. Бұл туралы 2004 жылы сол кездегі БҰҰ Бас хатшысы Кофи Аннан да айтқан болатын. «Халықаралық мәселелерді басқарудың принципі қазір бұзылған. Әлемдік аренада Біріккен Ұлттар Ұйымына кірігуге және дауыс беру мүмкіндігін алуға тиіс жаңа мемлекеттер пайда болды. Біз 60 жыл бұрын соғыста жеңіп шыққан мемлекеттерге ғана арқа сүйеп, әлемді билеп отыра алмаймыз», – деген еді К.Аннан. Ресей мен Қытай билігі де кеңес құрылымын реформалауды ұсынды. Бірақ Қауіпсіздік кеңесінің құрамын ұлғайту жөніндегі бастамаларға АҚШ қарсы. Америка – БҰҰ-ны қаржыландыруда ең көп үлес қосып отырған әлемдегі жалғыз мемлекет. Сондықтан, оның үні өзгелерден өктем. Қазіргі таңда ұйымның жылдық бюджетінің 22 пайызын Ақ үй аударады. Өткен жылы АҚШ-тың БҰҰ-ға бөлген қаржысы 5,5 млрд. долларды құрады.

Реформаны кейінге шегере берудің тағы бір себебі – тұрақты мүшелікке ынталылардың көптігі. Олардың саны 20-ға жетіп жығылады. Қазіргі таңда нақты кандидаттар ретінде Германия, Жапония, Үндістан, бұларға қосымша африкалық континенттен екі ел алынуы керектігі жиі айтылуда. Африка құрлығынан Қауіпсіздік кеңесіне енуге Египет, Нигерия және Оңтүстік Африка Республикасы ниетті.

Дәмелілер көп болғанымен, таяу жылдары Қауіпсіздік Кеңесінің құрамы ұлғая қоймайтын сияқты. Сарабдал сарапшылардың болжамынша, әлемдік дағдарыс кезеңіндегі мұндай реформалардың зардабы Қауіпсіздік кеңесіне ғана емес, БҰҰ-ның тұтас құрылымына тиюі ықтимал. Сол себепті де жаңа тұрақты мүшелер енгізу – жақын күндердің еншісіне тиетін өзгеріс емес. Оның үстіне, жоғарыда аты аталған мемлекеттердің тұрақты мүшелер ретінде қабылдануы БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің барлығына бірдей ұнай қоймасы анық. Мысалы, Германияның кандидатурасына Италия түбегейлі қарсы. Ал Пәкістан Қауіпсіздік кеңесі құрамынан өзінің негізгі бәсекелесі – Үндістанды көргісі келмейді. Бұл екі мемлекет тұрақты мүшелердің құрамын өзгеріссіз қалдырып, тек алмасып отыратын он жаңа орын қосуды ұсынды. Бір сөзбен айтқанда, әркім өз мүддесін тықпалап әлек. «Аққу көкке, шортан көлге» тартқан соң береке қайдан болсын? Қалай десек те, «қартайған» кеңес әзірге өз жұмысын ескі сүрлеумен жалғастыра береді. Келер жылы қыркүйекте БҰҰ Бас ассамблеясының 71-ші сессиясы өтпек. 2017-2018 жылдары Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне кімнің сайланатыны, кімнің бабы, кімнің бағы шабатыны сол кезде белгілі болады.