Қазақ күресіне Қажымұқандар керек

Қазақ күресіне Қажымұқандар керек

Қазақ күресіне Қажымұқандар керек
ашық дереккөзі
Ел тәуелсіздігіне ширек ғасырдан асты. Мемлекет ретінде өзімізді әлемге таныту жолында барлық салада ұмтылыс бар және нәтижесіз емес. Дегенмен, көбіне-көп спорт саласында жеңісіміз мол екенін мақтанышпен айта аламыз. Спорт әрине, жеке спортшының әлемге танылуының төте жолы және сол спортшының жеңісі арқылы ол шыққан ел де әлем назарында болады. Мәселен, қазақстандық зілтеміршілердің жеңісі кезінде әлемді таңдандырса, боксшыларымыздың табыстары Қазақстанды дүние жүзіндегі бокс державаларының қатарына қосты. Басқа да спорт түрлерінен жетістігіміз жоқ емес. Десек те ұлттық спорт түрлері кенжелеп қалғанын естен шығармауымыз керек. Бұлай дегенде біз спортшыларымыздың жетістігін жоққа шығарғалы отырған жоқпыз, тек қазақтың ұлттық спортын дамытып, сол арқылы да спорттық әлеуетімізді әлемге көрсетудің маңызы зор екенін баса айтқымыз келеді. Мысалы, жапонның сумосы, дзюдосы мен каратэсі, корейдің таэквондосы, қытайдың у-шуы мен кунгфуы, тайландтың тайбоксы бүкіл әлемге танымал. Бұлардың кейбірі олимпиядалық ойындар тізіміне кірсе, кейбірінен халықаралық жарыстар өтеді. Ал біз қазақи спорт түрлерін әлемдік аренаға шығаруды кейінгі жылдарда ғана қолға алып жатқан жайымыз бар. Асық ату, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, құсбегілік, қыз қуу, қазақша күрес, бәйге, жамбы ату, тоғызқұмалақ секілді ұлттық ойындарымыздың ішінде дамуы жағынан халықаралық жарыстар өткізіліп, танымалдылығы артып келе жатқаны – көкпар, тоғызқұмалақ және қазақша күрес. Қазақша күрес – қазақтың ұлтық жекпе-жегі ғана емес, ұлттық болмысымызды көрсететін ерекше спорт түрі. Онда аяқтан ұстау, ауыртатын, тұншықтыратын әдіс-тәсілдер жоқ. Керісінше, күрестің бұл түрі спортшының денесін ширатып, бұлшық еттерді қатайтады, төзімділікке, батылдылыққа, ептілікке машықтандырады. Күрескенде қарсыласының шеберлігін байқап – соған сай тез ойланып, оңтайлы әдісті дер кезінде қолдана білуге үйретеді. Сонымен бірге қазақша күреспен шұғылданатын спортшы күшін жетілдіруі тиіс, себебі күрестің бұл түрінде әдіс-айланы шебер қолданумен қатар күштің молдығы да жеңіске жеткізеді. Өйткені қазақша күрес – алыптар күресі. Салмағы 70 келіден жоғары келетін балуандар салмақ айырмашылығына қарамай күресе береді. Сондықтан балуандар қарсыласын көбіне көп күшпен жығып жатады. Қазақ күресінің даму тарихы жөнінде айтар болсақ, күрестің бұл түрі бойынша тұңғыш ресми жарыс 1938 жылы еліміздің ауыл шаруашылығы аймақтары арасындағы спартакиадада өткен. Содан бері қазақша күрестен еліміздің қалаларында тұрақты түрде жарыстар өткізіліп келеді. Ал алғашқы халықаралық турнирлер 1952 және 1975 жылдары Азия аймағы спортшыларының қатысуымен өтіп, ұлттық күресіміз елімізден тысқары жерлерге де белгілі болды. Қазақ күресінің дамуы еліміз егемендік алғаннан кейін қайта жанданды. 1991 жылдан бастап республикалық деңгейде чемпионаттар жыл сайын өткізіліп келе жатқаны соның айғағы. 2004 жылы Қазақтардың Берлиндегі бүкіләлемдік құрылтайында конференция өтіп, сонда «Қазақша күрес» күресі бойынша халықаралық федерация ұйымдастырылды. Ал 2005 жылы Ресейдің Алтай өлкесінде «Қазақша күрес» бойынша І Азия чемпионаты және Астанада ҚР Президентінің жүлдесіне арналып ірі халықаралық турнир болды. Соңғысына әлемнің 25 елінен (Германия, Түркия, Голландия, Франция т.б) 100-ден аса спортшы қатысып, ұлттық спортымыз қанатын кеңге жая бастады. Жалпы 12 жыл ішінде қазақша күрес бойынша алты әлем чемпионаты, он бір Азия чемпионаты, үш Әлем кубогі, үш Еуропа чемпионаты, Африка чемпионаты өткізіліп, оған 50 ел қатысқан болса, 2015 жылы қазақ күресі 1912 жылы негізі қаланған United World Wrestling (Біріккен күрес әлемі) құрамына енді. (United World Wrestling – халықаралық грек-рим күресі федерациясы, еркін күрес, әйелдер күресі секілді олимпиадалық спорт түрлерінің басын қосатын әлемдік беделді ұйым). Ал қазақ күресі тұңғыш рет биыл өтетін Азия ойындарының бағдарламасына (Ашхабат – 2017) енгізіліп отыр. Міне, осы деректерге қарап, ұлттық күресіміздің дамып-жетілудің сатыларынан біртіндеп өтіп, бүкіл әлемге танымал болатын шаққа жақындап келе жатқанын байқауға болады. Бұл, әрине қуанышты жағдай. Десекте... Қайсы спорт түрі болса да оның танымал болуына үлкен әсер ететін фактордың бастысы – сол спорт түрі жеңімпаздарының таңдай қақтырар шеберлігі екені белгілі. Мысалы, кәсіпқой бокс дегенде бүкіл әлем халқы бірауыздан Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Костя Цзю, Геннадий Головкиннің аттарын атайды. Футбол десе Пелье, Марадона, Зидан секілді шеберлер есімізге түседі. Міне, осы тұрғыдан алғанда қазақ күресімен шұғылданып жүрген спортшылардың қатарында, сол сияқты бүгінгі жеңімпаздардың арасында аты әлемге белгілі палуан бар деп айта аламыз ба? Рас, қазақ күресі еліміз егемендік алғаннан кейін ғана сыртқа енді-енді танымал болып келе жатқан ұлттық спортымыздың бірі. Дегенмен оның өркендеуі жолында тер төгіп жатқан спортшылардың қатары жыл сайын көбейіп келеді. Ұлттық күресімізге бұрын күрестің басқа түрімен айналысқан палуандар да көптеп келуде. Алайда «таяқтың екі ұшы бар» дегендей, бір жағынан күрестің өзге түрлерімен айналысқандар қазақ күресіне келіп бәсекелестікті күшейтіп жатыр, екінші жағынан олардың арасында бұрын елімізден тыс жерлерге танымал болғандар жоқтың қасы. Бұның кері әсері өз ішімізде білінбегенмен қазақ күресінен халықаралық жарыстар өткізгенде айқын көрінеді. Қазақ күресі өз алдына спорт түрі, оның өз адамдары бар деген күннің өзінде бұл күреске қатысамын деген өзге күрестің шеберлеріне шек қоя алмаймыз. Мысалы, олимпиада қатысушысы Нұрмахан Тінәлиев те кезінде қазақ күресіне қатысып, өз күшін сынап көрді. Сондықтан елімізде күрестің өзге де түрімен шұғылданған, чемпион болған балуанның бәрін қазақ күресіне қатыстырудың маңызы зор. Биыл жетінші рет өткізілген «Қазақстан барысы» дәстүрлі турнирі бойынша осы кезге дейін Ұлан Рысқұл (2011), Бейбіт Ыстыбаев (2012, 2015, 2016), Айбек Нұғымаров (1913), Мұхит Тұрсынов (2014) , Еламан Ерғалиев (2017) секілді балуандар жеңімпаз болды. Бұлардың бәрі де қазақша күрестің бәсін биіктеткен алып жігіттер, алайда спорттық өмірбаяндарына қарасақ, халықаралық аренада (қазақ күресінен басқа күрес түрлерінде) аса үлкен жетістіктері жоқ екенін байқайсың. Қарап көрейік: Ұлан Рысқұл – Қазақ күресі мен дзюдодан спорт шебері. Қазақстанның үш дүркін чемпионы, Қазақ күресінен Әлем Кубогінің қола жүлдегері, Бейбіт Ыстыбаев қазақ күресінен Азия және әлем чемпионы, үш рет «Қазақстан барысы» атағын иелеген, қазақ күресінің «Түйе палуан» категориясы бойынша бірнеше мәрте жеңімпаз және дзюдодан Қазақстан чемпионатының жүлдегері. Айбек Нұғымаров – Қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қазақ күресінен әлем және Азия чемпионы. Мұхит Тұрсынов – Қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, дзюдо мен самбодан спорт шебері. Қазақ күресінен Әлем кубогінің иегері, қазақ күресінен Азия чемпионы. Ал кеше ғана «Қазақстан барысы» атанған 22 жасар Еламан Ерғалиев бұдан «Әскер барысы» турнирінде топ жарғанын білеміз. Келтірілген деректерге қарап отырып, қазақ күресінен чемпион болған балуандардың бұрын күрестің басқа түрлерімен шұғылданғанын, бірақ одан үлкен жеңістерге қол жеткізбегенін байқауға болады. Бұл ойланарлық жай. Мәселен Ұ.Рысқұл, Б.Ыстыбаев және М.Тұрсыновты кезінде дзюдода жеңіп кеткен балуандар олармен «Қазақстан барысы» турнирінде кездескенде не болар еді? Болашақта қазақ күресінен Еуразия кеңістігінде, әлем бойынша тұрақты чемпионаттар өткізілетін болса, «Қазақ барысында» жеңісті қалпақпен ұрып алып жүрген біздің балуандарға Кавказ, Иран, Бразилия елдерінен келетін қарсыластар қатты қиындық тудыруы мүмкін. Олардың Қытай, Монғолия, Өзбекстан, Қырғызстаннан келетін спортшылардан әлдеқайда мықты екені белгілі. Кезінде өзбек ағайындар өзбек күресіне әлемнің түкпір-түкпірінен балуандар шақырып, жарыс өткізгенде өздеріне жүлде тимей қала жаздағаны бар. Сондықтан әлемге бет алған ұлттық күресімізде абыройды қолдан бермеу үшін бізге бүгінгінің Балуан Шолағы, Қажымұқаны керек екені өзінен өзі түсінікті. Алыптар айқасатын қазақ күресінің кілемінде күрестің қай түрінен болса да шашасына шаң жұқтырмай, өзінің мықтылығын әлемге танытқан қазақтар топ жарып жатса, ұлттық спортымыз үшін үлкен абырой болатыны анық.