Си Цзиньпиннің ресми сапары

Си Цзиньпиннің ресми сапары

Си Цзиньпиннің ресми сапары
ашық дереккөзі

Елімізге өткен аптада Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин ресми сапармен келді. Айта кетейік, Қытай Төрағасы Қазақстанға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен келген болатын. Қазақстанға арнайы шақыр­тумен келген құрметті қонақпен Елбасы Ақордада кездесті. Ақордада екі ел басшысының қатысуымен ресми келіссөздер өтті. Келіссөздер шеңберінде Мемлекет басшылары маңызды мәселелерді талқылады. Атап айтар болсақ, аймақтық қауіпсіздік мәселелері, халықаралық ұйымдар арасындағы ынтымақтастық, сауда-экономикалық, инвестициялық, қаржы және мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастың дамуы сөз болды. Сондай-ақ, Мемлекет басшылары халықаралық күн тәртібіндегі негізгі мәселелерді де назардан тыс қалдырған жоқ. Кездесу барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚХР Төрағасының еліміздегі Президенттік сайлаудан кейін Қазақстанға келген алғашқы шетелдік Мемлекет басшысы екеніне тоқталды. «Осы арқылы Сіз біздің қарым-қатынастарымыздың жоғары мәртебесі мен айрықша маңызын айшықтай түсесіз. Сіз мені телефон арқылы құттықтадыңыз, жеделхат жолдадыңыз, енді, міне, келіссөздер өткізуге келдіңіз. Біз мұны жоғары бағалаймыз. Өзара іс-қимыл жасаған жылдары біз екіжақты ынтымақтастықты сапалы түрде трансформациялай алдық. Біз Қытай Халық Республикасымен ықпалдастықты тәуелсіздік жариялаған алғашқы күндерден бастадық. Содан бері үлкен жолды артқа тастап, тату көршіге айналдық, экономикалық, саяси тұрғыдан сенімді дос әрі сындарлы серіктес болдық. Бізде қарым-қатынастарымызды елдеріміздің мүддесі үшін әрі қарай дамытуға қажетті жағдайдың бар екеніне сенімдімін», – деді Қазақстан Президенті.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан мен Қытайдың жоспары мен нақты белгілеген жұмыстары бар екенін және екі ел арасындағы қарым-қатынастың мүлде жаңа деңгейге шығатынын атап айтты. Өз кезегінде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Елбасына жылы қабылдауы үшін ризашылығын білдіріп, Қазақстан Президенті лауазымына қайта сайлануымен құттықтады.

«Қазақстан халқы Сіздің басшылығыңызбен ұйыса түсіп, мемлекет құрылысы мен ұлттық жаңғыру ісінде жаңа, жарқын табыстарға жету үшін бірлесе күш-жігер жұмсайтынына сенімдімін. Біздің елдеріміз өңірдің дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету ісінде маңызды, сындарлы күшке айналды. Қытай тарапы Қазақстанмен қарым-қатынасты дамытуға зор мән береді. Біз Қазақстан тарапымен бірлесе отырып, өзара мүдделілік бар негізгі мәселелер бойынша өзара қолдауды күшейту үшін бар күшімізді жұмылдыруға дайынбыз. Қытай қауіпсіздік саласындағы, экономикалық, гуманитарлық салалардағы өзара тиімді ынтымақтастық аясын жан-жақты кеңейтуге, сондай-ақ, халықтарымыздың игілігі үшін өңірлік және халықаралық істердегі өзара іс-қимыл мен үйлестіру жұмысын күшейтуге ниетті», – деді Си Цзиньпин. Қытай Төрағасы Еуразияда сындарлы қарым-қатынас қалыптастыруға, өңірде және әлемде тұрақтылық пен бейбітшілікті нығайтуға, Азиядағы қауіпсіздік және даму жөніндегі халықаралық ұйым құруға, Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізуге байланысты Қазақстан Республикасының халықаралық бастамаларына қолдау білдіретіндігін жеткізді. Екі ел басшысы қатысқан келіссөздер аясында әлемде орын алып жатқан күрделі өзгерістерге орай Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ сынды халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастықты күшейту қажеттігі айтылды. Әлем елдерінде болып жатқан түрлі қақтығыстар мен тұрақсыздықтың өршуін ескерген екі ел басшысы өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қауіп төндіретін терроризм, сепаратизм, экстремизмге, есірткінің заңсыз айналымы, психотропты заттарға, трансшекаралық қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастықты жалғастыру қажеттігіне тоқталды. Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпин индустрияландыру және инвестициялар саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға уағдаласты. Осы орайда, Қазақстанның «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық сая­саты мен Қытайдың «Бір белдеу, Бір Жол» тұжырымдамасының бір-бірін толықтыратын жоба екені атап айтылды. Екі ел басшысы «Жібек жолы экономикалық белдеуі» аясында Еуразияның үйлесімді дамуына ықпал ететін «Ұлы Жібек жолының» мәдени белдеуін қалыптастыруға келісті. Индустрияландыру және инвестициялар саласындағы осындай бірлескен шаралар Қазақстан мен Қытайдың ынтымақтастығына жаңаша сипат бермек. Сондай-ақ, бұл саладағы ынтымақтастықты дамыту екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланысты жоғары деңгейге жеткізетіндігі анық. Аталмыш саладағы жобаларды қаржыландыруға Қытай елі барынша қолдау көрсетпек.

Сонымен қатар, Қазақстан Пре­зиденті мен Қытай Төрағасы энер­гетикалық, қаржы-инвестиция, көлік-логистика, ауыл, орман ша­руашылығындағы ынтымақтастықты да әрі қарай ілгерілетуге келісті. Алдағы уақытта екі ел ішкі және халықаралық нарыққа тасымалданатын бәсекеге қабілетті тауарлар өндірісін құруға бағытталған өндірістік жобалар бойынша ынтымақтастықты жандандырмақ. Келіссөз барысында екі ел басшысы жоғары технологиялар рөлінің артқанын ескере отырып, ғылым, техника, балама энергетика, «жасыл экономика» салаларындағы байланысты тереңдете түсу қажет деген шешімге келді. Осылайша, Қытай елі Қазақстанда өтетін «Астана ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу үшін қолдау көрсетеді. Қазақстан мен Қытай арасындағы келіссөзде инновациялар және жоғары технологиялар, өнеркәсіпті өңдеу және тау-кен саласындағы ынтымақтастықты дамыту үшін келісім жасалды. Сонымен бірге, «Қорғас» Қазақстан-Қытай халықаралық орталығын бірлесіп пайдалану, қоршаған ортаны қорғау және трансшекаралық өзендердің су ресурстарын ұтымды пайдалану екі ел арасындағы трансшекаралық көлік инфрақұрылымын дамытуға, екіжақты сауда-экономикалық және шекаралық ынтымақтастықты дамытуға септігін тигізетіндігі сөз болды.

Келіссөзде Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту мәселелері де талқыланды. Осы орайда Астанада Қытайды зерттеудің еуразиялық орталығын құрудың маңыздылығы айтылды. Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты 2-3 қыркүйекте Қытай жеріне сапармен келуге және Бейжіңде өтетін Жеңістің 70 жылдық мерейтойына қатысуға шақырды. Қазақстан Президенті Си Цзиньпиннің бұл шақыруын ризашылықпен қабыл алды. Өз кезегінде Қытай Төрағасы Елбасына жылы қабылдауы үшін алғыс білдіріп, екі ел арасындағы кездесудің айрықша сипатта өткенін жеткізді.