Түпсіз көкте адасқан жер серігі

Түпсіз көкте адасқан жер серігі

Түпсіз көкте адасқан жер серігі
ашық дереккөзі
Өткен аптада Мәжілісте өткен үкімет сағатында Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов есеп берді. Еліміздің ғарыштық жобаларының табысы қандай, ақсаған тұсы қайсы? Ғарыштық державаға айналуды көздеген Қазақстанның жолында қандай кедергілер бар? Отандық аэроғарыш өнеркәсібін дамыту үшін не істеу керек? Осы сауалдарға жауап берген ведомство басшысының есебінен соң көкейде тағы бірқатар сұрақ көлбеңдеді. Жауабын іздедік... Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, Қазақстан ғарыш саласындағы жобаларының игілігін көре бастады. Ғарыш аппараттарының арқасында ел бюджетін үнемдеп қанай қоймай, коммерциялық табыс та тауыппыз.  Атап айтқанда, екі жерсеріктен тұратын (KazSat-2 және KazSat-3) KazSat жүйесі шетелдік жерсеріктік ресурстарды пайдалануды қысқарту есебінен 27 млрд теңге мөлшерінде импорттың орнын ауыстырып, 14,7 млрд теңге табыс әкелген. «Бізде KazSat жерсерігі болмағанда, шетелдік жерсеріктердің қызметі үшін жылына 45 млн доллар төлейтін едік», – дейді министр. Министрліктің есебіне сүйенсек, жерді қашықтықтан зондтау жүйесі (ЖҚЗ) де  айтарлықтай қаражат үнемдеуге мүмкіндік берді. Осы жүйені пайдалану кезінде ЖҚЗ мәліметтерін сатудан түскен табыс Қазақстанда 760 млн теңгені, шетелде 143 млн теңгені құрады. Бұдан бөлек, Қазақстанның мемлекеттік органдары ғарыш түсірілімдерін тегін алып жүр. 2016 жылдың басынан бері оларға құны 12,2 млрд теңгені құрайтын 22,3 млн шаршы километр аумақтың түсірілімі берілді. Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, егер шетелдік операторлардың тарифтері бойынша есептесек, бұл ғарыш түсірілімдеріне 23 млрд теңгеден артық қаражат жұмсалар еді. Дегенмен ғарыштың аппараттарды игеру жолында түйіні тарқамаған түйткілдер бар. Сала өкілдерін алаңдатқан ең өзекті мәселе – кадр тапшылығы. «Жерді қашықтықтан зондтаудан алынған суреттерді өңдеу қажет. Оларды өңдеу үшін тиісті кадрлар, материалдық, техникалық ресуртар жоқ. Суреттер болғанымен, мамандар тапшы», – деді Мәжіліс депутаты Шафхат Өтемісов. Кадрдың жоқтығы сала жұмысына тұсау болып тұрғанын министрдің өзі де мойындады. Бейбіт Атамқұлов мәселені шешудің жолын да айтты. «Ғарыш түсірілімдерінің өзі мемлекеттік органдардың салалық міндеттерін орындамайды, оларға шифрдің оқылғаны керек. Бұл мәселені шешу үшін салалық геопорталдар мен жерді қашықтықтан зондтау ғарыштық жүйесі ұлттық операторының жанынан ғарыштық бақылау және қадағалау қосалқы жүйесін құру тиімді болар еді», – деді ол. Алайда бір порталды іске қосудың өзіне шамамен 100 млн теңге қажет көрінеді. Ал барлық саланы геопорталмен жабдықтау үшін 4,8 млрд теңге керек. Ғарыш саласын одан әрі дамыту үшін жұмсалатын шығын мұнымен шектелмейді. 2023 жылы KazSat-2 жерсерігінің қолданылу мерзімі аяқталады. Оны алмастыру үшін KazSat-2R жерсерігін жасау жоспарлануда, кейінірек KazSat-3 жерсерігін алмастыру үшін KazSat-3R-ді жасап шығарылады. Алдын-ала мәліметке сүйенсек, жерсеріктерді жоспар бойынша ауыстыру жобасының құны 60 млрд теңгені құрайды, оның 53 млрд теңгесі бюджеттен бөлінуі тиіс. Алайда жер серіктерін ұшыру тәжірибесіндегі сәтсіздіктер жұмсалған миллиардтардың бір-ақ сәтте желге ұшуы мүмкін екенін көрсетті.

KazSat: сәтсіздіктен басталған қадам

Ресейдің  М.Хруничев атындағы мемлекеттік ғарыштық ғылыми-өндірістік орталығында жасалған Қазақстанның алғашқы жер серігі – KazSat-1 2006 жылы Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылған болатын. 65 млн АҚШ долларына бағаланған спутник небәрі 2-ақ жыл жұмыс істеп, 2008 жылы ізім-ғайым жоғалып кетті. Ресми мәлімет бойынша, спутниктің істен шығуына басқару жүйесіндегі ақау себеп болған. Ұлттық ғарыш агенттігі барлық кінәні тапсырыс берушіге үйіп-төкті. 2008 жылы желтоқсанның 2-сі күні Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің отырысында KazSat-1 жер серігі жұмысын толығымен тоқтатқаны туралы мәлімдеген Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев: «KazSat-1 – ғарыш саласынан хабары аз буынның қолынан шыққан спутник. Жер серігінің бір жобасы – Ақпарат және байланыс министрлігінің, екінші нұсқасы – Білім және ғылым министрлігінің, үшіншісі – тағы бір ведомствоның, төртіншісі – Ұлттық инновациялық қордың қолында болды. Ұлттық инновациялық қордың ғарыш саласына ешқандай қатысы жоқ, алайда KazSat-1-ді жасауға тапсырыс берген, келісімшарттарға қол қойған және жасалауын қадағалаған – сол», – деген болатын. Дәл осы оқиғадан кейін Талғат Мұсабаев: «KazSat-2 жер серігі KazSat-1  құсап жоғалып кетпеуі тиіс. Өйткені, бұл спутник заман талаптарына сай жасалды. Бірінші жер серігін ұшыру кезінде кеткен кем-кетіктің бәрі ескерілді» деген болатын. Алайда араға бірнеше жыл салып отандық жерсеріктен тағы ақау шықты. Биылғы жылдың 31 наурызында Жер орбитасында айналып жүрген он алты мыңға жуық жасанды серіктің бірі –  KazSat-2 жоғалып кетті. Соның салдарынан ғарыштық аппараттың ресурстарын пайдаланатын 13 байланыс және телехабар операторының жұмысы уақытша тоқтатылды. Абырой болғанда, жоғалған спутнигіміз көп ұзамай табылды. Алдыңғы қателік еске түсті ме, бұл жолы «Республикалық ғарыш байланысы орталығы»  жедел қимылдап, KazSat-2 жерсерігінің жұмысын қалпына келтіру шараларын жүйелі жүргізді. Кейіннен спутниктің жоғалып кету себебі белгілі болды.  6 жарым сағат бойы байланыссыз қалған KazSat-2-нің бір құрылғысы сыр беріпті. Бұл – Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұловтың тілшілерге берген жауабы.  Министрдің айтуынша, жер серігі 336 мың шақырым қашықтықта ұшып жүрген. Ол кеңістікте күн түскенде +250 градус ыстық, ал күн түспейтін бетіне ауысқанда -250 градусқа дейін суық болатынын ескерткен ведомство басшысы: «Кеңістіктік бағдарлауға арналған жабдықтан ақау шыққан. Техника болғаннан кейін мұндай жағдайлар болып тұралы. Астымыздағы көлікті жылына бір рет техникалық тексерістен өткізіп тұрамыз ғой. Ал бұл спутниктің ғарышқа жіберілгеніне 6 жыл болды. Пайда болған ақауды жойдық, барлығы орнына келді», – деді. Қазақстанның аумағындағы спутниктік байланыс (интернет, желілі телефон және ұялы байланыс) пен телехабар тарату, ақпарат пен деректер алмасу жұмыстарына пайдалану мақсатында 2006 жылы жасалған KazSat-2 жерсерігін 2009 жылдың желтоқсан айында ұшырылуы көзделген еді. Алайда техникалық жағынан жақсы жарақталмаған және біраз өзгерістерді қажет еткен ғарыш аппаратын ұшыру кейінге шегерілді. Құрдымға кеткен KazSat-1-дің құны 65 млн доллар болса, KazSat-2-ге мемлекет қазынасынан 115 млн доллар бөлінді. Спутниктің сәтті күні 2011 жылдың 16 шілдеге дөп келді. Сол күні Астана уақыты бойынша таңғы сағат 5-тен 16 минут өткенде Байқоңыр ғарыш айлағындағы №200 ұшыру алаңынан көкке самғап, ғарыш орбитасына сәтті көтерілді. «Протон-М» зымырантасығышы арқылы KazSat-2 спутнигімен қатар, ғарыш кеңістігіне америкалық «ОС-2» телекоммуникациялық жерсерігі де жеткізілді. Ғарыш аппараты бір айдың ішінде шығыс бойлық бойынша ғарыш кеңістігін кезе жүріп 86,5 градустық өз орбитальдық нүктесіне жетті. Содан кейін спутник екі ай бойын сынақтан өткізіліп, 2011 жылдың қазан айында ресейлік мамандар жерсерікті Қазақстанның ғарыш байланысы республикалық орталығының мамандарына тапсырды. 6 жылдан бері KazSat-2-нің арқасында Қазақстан аумағында сапалы ақпараттық һәм телекоммуникациялық қамтамасыз ету мәселесі оң шешімін тауып келеді. KazSat-1 сәтсіздікке ұшырағаннан кейін 3 жыл бойы бағасы жағынан айтарлықтай қымбат шетелдік жерсеріктеріне жүгінуге мәжбүр болған елдегі телеарналар мен байланыс операторлары өз спутнигіміздің игілігін көре бастады. Яғни, KazSat-2-нің сәтті самғауы айналып келгенде, қарапайым халық үшін тиімді. Отандық ғарыш кемесі елдің барлық тұрғындарына көрсетілетін ақпараттық қызмет түрлерін кеңейтуге мүмкіндік берді. Яғни интернет, желілі телефон, телехабар тарату сияқты байланыс түрлерінде технологиялық әм сапалы қадам жасалды, тарифтер төмендеді. Ұлан-ғайыр қазақ даласында бір-бірінен қашық орналасқан елді мекендердің арасына дәнекер болып, қоңыр ауылдарды өркениетке жақындата түскен ғарыштық аппарат көп мәселенің шешімі болғаны талассыз. 2014 жылдың 28 сәуірінде Астана уақыты бойынша сағат 10-нан 25 минут кеткенде Қазақстанның үшінші жер серігі – «KazSat-3 әуеге көтерілді. Жер-жаһанды жаңғыртып, алапат күшпен ғарышқа аттанған спутник сол күні кешке өз орбитасына жетті. Сол кезде көптің көкейінде KazSat-3 спутнигін ұшыруда қандай қажеттілік бар деген сауал туды. Үшінші жерсерік жобасының жұмысына 27 миллиард теңге жұмсалғанын алға тартып, бұл сұрақты әлі күнге дейін қоятындар бар.  KazSat-3 – KazSat-2-ге септесіп қызмет ететін ғарыш аппараты. Техника дегеніміз – темір. Оны қанша жерден бақылап, жұмысын реттеп отырғанмен төтенше жағдайлар орын алуы мүмкін екеніне 31 наурыз күнгі келеңсіз жағдайдан соң көзіміз анық жетті. Міне, сол оқиға кезінде KazSat-2-нің қызметі шұғыл түрде KazSat-3-ке жүктеліп, телехабар тарату және байланыс операторларының жұмысы жедел қалыпқа келтірілді. Бұдан бөлек, KazSat-3 спутниктік хабар таралымдарын қамтамасыз етіп, жылдам интернеттің қалыптасуына септігін тигізді. Сондай-ақ, көптеген техникалық қызметтер атқарады. Ең бастысы, екі жерсеріктің арқасында біз ақпараттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз етіп отырмыз.

Спутниктер – күштінің қолындағы қуатты қару

Бүгінде ғарыш индустриясы – әлем бойынша миллионнан астам адамды жұмыспен қамтып отырған жаһандық экономиканың қуатты, коммерциялық тұрғыдан тартымды құрамдас бөлігі. Коммерциялық спутниктік қызметтерге сұраныстың артуы арқасында әлемдік аэроғарыштық саланың қадамы қарыштады.  Саланың орташа жылдық табысы 2005 жылы 1999 жылмен салыстырғанда 93,3 пайызға, яғни 168,2 млрд АҚШ долларға өскен. Ал 2007 жылы ғарыш нарығының жиынтық көлемі 251,16 млрд АҚШ долларын құраған. Талдау көрсетіп отырғандай, 1997–2007 жылдар аралығында коммерциялық ғарыштық ұшырулар нарығындағы бәсекелестікпен бірге сұраныс та артты. Кейінгі 10 жылда спутниктерді геостационарлық орбитаға белсенді түрде шығарудың арқасында ұшыру нарығы секторының керегесі кеңейе түсті. Ғарыштық микроэлектроника саласындағы табыстар түрлі мақсаттардағы аз габаритті ғарыштық аппараттар, ел алдымен, Жерді қашықтықтан барлап тексеру аппараттары санының артуына себеп болды. Ракета жасау және спутниктер құру саласында, әсіресе, азиялық нарық көш ілгері. Аймақта бәсекелестік күшейіп, әлемдегі ірі ғарыш технологиясын өндірушілер мен ғарыштық қызмет операторларының назары Азияға ауды. Мәселен, естеріңізде болса, өткен жылы Қытай әлемдегі алғашқы квантты байланыс спутнигін ұшырған болатын. Micius деп аталатын сынақ ретінде жасалған спутник 16 тамызда Ішкі Моңғолиядағы Цзюцюань ғарыш айлағынан ұшырылды. АҚШ, Жапония және өзге де бәсекелес елдер жер серігі сигналдарын декодтап, шифр кілттерін жолдауы үшін фотондарды пайдаланатын мұндай технологияны дамытуда жарысқа түскен. Спутниктен жолданған сигналдар субатомдық бөлшектерге бөлінеді де, оны орта жолдан ұрлаудың кез-келген әрекеті субатомдық бөлшектердің жойылуына әкеліп соқтырады. Бірақ бұл үшін аталған технология Жерден сигналдарды қабылдайтын станциямен дәлме-дәл координация орнатуы тиіс. Аталмыш жобаның жетекшісі Уан Жианю: «Бұл дегеніміз теңізден деңгейінен 100 мың метр жоғарыдағы ұшақтан айналып тұрған сандықшаның тесігіне тиынды дәл атумен бірдей» деген еді. Тарихқа үңілсек, дүние жүзіндегі ең тұңғыш Жердің жасанды серігі КСРО-да 1957 жылы 4 қазанда ұшырылған болатын. Ал 1958 жылы 1 ақпанда орбитаға тұңғыш америкалық спутник –  «Эксплорер-1» шығарылды. Кейінірек Франция «А-1» спутнигін (1965 жылы),  Жапония «Осуми» ғарыш аппаратын  (1970 жылы), Қытай «4 айна-1» жер серігін (1970 жылы),  Ұлыбритания «Просперо» спутнигін (1971 жылы) және Үндістан «Рохини» жер серігін (1980 жылы) ғарышқа аттандырды. Қазір Жер орбитасын 16 мыңнан аса спутник айналып жүр. Оның ішіндегі 4 мыңға жуығы жұмысқа жарамды. Қалғандары зымыраннан бөлінген бөлшектер сынды қоқыстар. Жұмысқа жарамдыларының ішінде 850 жер серігі белсенді қызмет етуде. Олардың қатарында Қазақстанның екі ғарыш кемесі – KazSat-2 мен KazSat-3 те бар. Еліміздің ғарыштық сұраныстарын қамтамасыз етіп отырған жерсеріктердің бірі әлі 6 жыл, екіншісі 7 жыл қызмет етуі тиіс. Олардың орнын алмастыратын жаңа спутниктер – KazSat-2R 2023 жылы, KazSat-3R 2024 жылы дайын болмақ.  Жиі сүрінетін спутниктеріміз сол уақытқа дейін қалыпты жұмысынан танбаса игі.