13 Маусым 2017, 13:24 1579 0 Экономика Анар ЛЕПЕСОВА

Жалақысын ала алмай жүрген 10 мың жұмысшының мәселесі шешілді

Бүгінгі күні жалақы қарызы 88 миллион теңгені, ал мерзімі өткен жалақы борышы 1,7 миллиард теңгені құрайды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputniknews.kz.
"Жалақы қарызы бойынша мәселеге ерекше көңіл бөлінеді. Бүгінде өңірлерде прокуратура, салық инспекциясы және құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен штабтар жұмыс жасайды. Биылғы жылдың бес айында 10 мың жұмысшының алдындағы 1, 5 миллиард теңге қарыз өндірілді. Зейнетақы және әлеуметтік төлемдердің төленуі де бақылауымызда. Біз еңбекақы қарызын әлеуметтік төлемдер арқылы анықтауға мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе әзірлеп, әкімдіктерге ұсындық. Өкінішке қарай, өңірлер бұл ақпараттық жүйенің мүмкіндігін толық көлемде пайдаланбай отыр", — деді Дүйсенова үкімет отырысында.

Министр хабарлағандай, қабылданып жатқан іс шараларға қарамастан қазіргі уақытта жалақы қарызы 88 миллион теңгені, ал мерзімінде төленбеген жалақы сомасы 1,7 миллиард теңгені құрайды.

"Бұл қарыздың 80 пайызы немесе 1,4 миллиард теңге оңалту рәсімінен өтіп жатқан кәсіпорындарға тиесілі. Өңірлердегі жағдайға тоқталсақ, мерзімі өткен қарыздың жартысынан астамы Алматы қаласына тиесілі. Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарында үлкен жалақы борышы сақталып отыр. Бұл жеті мыңнан астам жұмысшының жалақы қарызы екенін атап өткім келеді", — деп атап өтті министр. Сондықтан, оның айтуынша, жергілікті атқарушы органдар қаржы министрлігінің құрылымдық бөлімдерімен бірлесіп, кәсіпорындармен жұмысты күшейтуі керек.

Соңғы жаңалықтар