«Қазғарыш» агенттігі 1,5 млрд. долларды қайда жұмсады?

«Қазғарыш» агенттігі 1,5 млрд. долларды қайда жұмсады?

«Қазғарыш» агенттігі 1,5 млрд. долларды қайда жұмсады?
ашық дереккөзі

Қазақстанның ұлттық ғарыш агенттігі Инвестиция және даму министрлігіне қарасты аэроғарыш комитеті болып былтырғы жылы қайта құрылған болатын. Комитетке «Қазғарыш» атауы берілгендігі де белгілі. Соңғы уақыттарда еліміздегі ғарыш саласында дау-дамайлар жиі орын ала бастады. Осы ретте «Қазғарыш» агенттігінің атына айтылған сындар мен қойылған сұрақтардың да қарасы қалыңдай түскен болатын. Таяуда Парламентте комитет басшысы, авиация генерал-лейтенанты Талғат Мұсабаевтың «Қазғарыш» жұмсаған бюджет ақшасы туралы қойылған сұрақтарға жауап беруіне тура келді.

Парламенттік тыңдауда мәжіліс депутаты Тұрсынбек Өмірзақов: “Соңғы 10 жылда Қазақстан 1,5 млрд. доллар жұмсады, “Бәйтерек”, “Ишим”, “KazSat-1″ жобалары жабылды, ешқандай пайда әкелмеді. Айтыңызшы, біздің аппараттар шетелдік аналогтарымен салыстырғанда қанша тұрады?” – деген сұрақ қойды. Депутат қолында 10 жылда «Қазғарыш» агенттігі қажетіне бір жарым миллиард доллар жұмсалғанын, оның бір бөлігі сол күйі іске аспаған жобаларға кеткенін көрсететін деректер барын айтты. ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің әуе-ғарыш комитетінің төрағасы Талғат Мұсабаев болса, халық қалаулысының мұндай құпия ақпартқа қалай ие болғанына таңқалғанын жасыра алмады. “Жақсы сауал, мен тіпті сізде мұндай мәліметтің қайдан жүргеніне қайран қалып отырмын. Бұл негізінде қызметтік қолданыс үшін, бірақ енді сіз ие болып отырғасын...», ̶ деп амалының жоғынан біраз ақпарат бергендей болды. «Баға-сапа» коэффиценті тұрғысынан алғанда, Қазақс­танда шығатын ғарыш аппараттары Біріккен Араб Әмірліктері сатып алған аппараттардан анағұрлым озық деп жауап берген Талғат Мұсабаев өз ойын былай толықтырды: «Араб Әмірліктері сатып алмақ болған Жерді қашықтан барлау спутнигі бір миллиард доллар тұрады. Ал біздің жүйемізге екі спутник пен бүкіл инфрақұрылым кіреді. Оның қандай жүйе екенін өз көздеріңізбен көруге шақырамын. Бұл – құны 260 миллион еуро тұратын тұтас қала», ̶ деді. Оның айтуынша, ТМД елдері ішінде Жерді қашықтан барлаудың қазақстандық жүйесі сияқты аналог жоқ. «Ресейде мұндай спутниктер мен жүйелерді кездестіре алмайсыз. Франциядан енді ғана сатып алмақ. Бірақ, Ресейге салынған санкцияларға байланысты ол елде бұл мәселенің қашан шешілетіні белгісіз. Сондықтан өзге елдерді айтпағанда, Ресейдің өзі бізден сатып алуға әзір, біздің спутниктерімізден түсірілген суреттерді сатып алу туралы ұсыныстар бар. Біздің жүйе жоғары бағаланады», ̶ деді Талғат Мұсабаев. Бірақ, қазақстандық спутниктерден түсірілген суреттерді сатуға қатысты өзге де қиындықтар да кездеседі. Мысалы, түсіретін спутниктерді сатып алған Франциямен ортадағы кейбір мәселелер әлі бір жақты реттелмеген. Мұсабаевтың айтуынша, қазақстандық мамандар техниканы ғана сатып алмай, Жерді қашықтан барлау жүйесін жобалау, құрастыру және толық сынақтан өткізу технологиясын да меңгерген. Оның сөзіне сенсек, аэроғарыш комитеті қазақстандық министрліктерден Жерді қашықтан барлау суреттеріне сұраныс көлемі жылына шамамен 10 миллиард теңгені құрайтын талай тапсырыс алған. Ал, жүйенің кідіріссіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін 450 миллион теңге керек екендігін жеткізеді Талғат Мұсабаев. Оған қоса, 2014 жылы дайын болған «KazEOSat-1» және «KazEOSat-2» жер серіктері әлі Қазақстанның меншігіне берілмегендігі анықталып отыр. Жерді қашықтан зондтау спутниктері дайындаушы ел – Францияның иелігінде. Оларды өз меншігімізге алуға қосымша құн салығы кедергі келтіріп тұрған көрінеді. Жерді қашықтан зондтау жүйесін құру келісіміне енгізілген өзгерістерді таныстырған аэроғарыш комитетінің төрағасы Талғат Мұсабаев қосымша құн салығына қатысты мәселе шешілсе, Қазақстан спутниктері пайда әкеледі деп сендірді. Алайда депутат Тұрсынбек Өмірзақов бұл жүйеге күмәнмен қарайды. Оның сөзіне сенсек, қазақстандық жер серіктері өзге елдердің спутниктерінен 50, тіпті 100 пайызға қымбат болып отыр.

Депутаттың айтуынша, отандық жер серіктері әлемдегі өзге спутниктерден қымбат болмауы тиіс. Және орбитада істен шықса да, бюджетке пайда түсіруі керек. Француз үкіметі мен Қазақстан арасында жерді қашықтан зондтау жүйесі мен сынақ кешенін құру жобасының құны 69,6 млрд. теңгені құрап отыр. Аталмыш комитет былтырдан бері ірлі-ұсақты бірқатар жұмыстар атқарған. Мысалы, Мұсабаевтың айтуынша, былтырғы  жылы Қазақстан жерді қашықтықтан зондтайтын  екі бірдей жер серігін ұшырды. Біріншісі, жоғары сапалы «ҚазЕО-Сат-1» және орта деңгейдегі «ҚазЕО-Сат-2». Десе де, бұл жер серіктерінің екеуін де өзіміздің меншігімізге өткізуге дәрменсізбіз. Демек, ұшырылған жер серіктерінен Қазақстанға келіп-кететін пайда жоқ деп топшылауымызға әбден болатын секілді. Оған қоса, бұған дейін ұшырылған «Бәйтерек», «Ишим», «Қазсат-1» жобалары да толықтай жабылып қалған. Оның үстіне 2008 жылы 26 қарашада «Қазсат-1» із-түссіз жоғалып кеткен еді. Ол да сұраусыз қалып, мемлекет бұл тақырыптың да қақпағын жылы жауып қоя салған болатын. Бұл жолы депутаттар алдына бұйымтаймен келген комитет басшысы Т. Мұсабаев қыбын тауып, Қазақстандағы ғарыш саласын жетілдіру үшін тағы 10 миллиард доллар қажет екендігін айтты. Әрине бұл ұсыныс, халық қалаулыларын қуанта қойған жоқ. «Қазғарыш» комитеті басшысының өзі басқаратын ведомствоның жағдайы мен келешек жоспарлары, өскелең ұрпақты ғарышқа деген сүйіспеншілікке баулу туралы оптимистік баяндамасынан кейін қоғам өкілдері: «Қазғарыш» мектеп бағдарламасынан астрономия пәнін алып тастауға қатысты күмілжіген позиция ұстанды», – деп айыптағаны да БАҚ өкілдерінің назарына іліккен болатын.

Еркежан ЖҰМАТАЙ

Астана қаласы