6 Мамыр 2015, 05:35 2990 0 Руханият Әсел ӘНУАРБЕК

Софы Сматаевтың «Мұңлы ойлар» атты кітабы жарық көрді

«Мұңлы ойлар». Дәл осындай атаумен көрнекті жазушы Софы Сматаевтың кезекті туындысы жарық көрді. Софы Қалыбекұлының қалың оқырманға арналған бұл кітабында ұлтының мүддесін ойлап, халқының қамын жеген автордың орамды ойлары жарияланған.

Оқырманына тұрлаусыз тірлікті түсіндіргісі келген жазушы өзгенің көңіліне үңілгеннен, өз кеудесіне ғана үңілуді жөн деп тауыпты. «Қараңғы түндердің қойнынан қылаңдаған қараңғы ойларымды ақ қағазға шимайлап сығыстыра беру. Базбіреу ерінбесе, оқыр. Базбіреу қажетсінсе, көкірегіне тоқыр. Қажет етпесе, ота қидалаған өзегімнің қанына малынып, өртеніп шыққан ойларым мынау жарық Жалғанның кеңістігіне сіңіп кетіп, әлдебір тылсым сырдың әсерімен Келешектің құлағына жетер де», – дейді Софы Сматаев. Автор өзінің философиялық үзік-үзік ойларын Абайдың қара сөздеріндей жеткізуді көздеген тәрізді. Бүгінгі қоғамдағы опасыздық, жемқорлық, алдап-арбау, ұрлық-қарлық, бұзақылық, қатыгездік сынды кері құбылыстарды сөзбен түйреп өткен. Софы Қалыбекұлы аталмыш туындыдағы қырық жеті ойын санасына сіңіріп алатын көзі ашық, көкірегі ояу Алаш азаматтарын іздейді. Автордың жаңа туындысы қалың оқырманның көңілінен шығатыны сөзсіз.

Соңғы жаңалықтар