Қазақ ескерткіштерінің көбі далалық ескерткіштер

Қазақ ескерткіштерінің көбі далалық ескерткіштер

Қазақ ескерткіштерінің көбі далалық ескерткіштер
ашық дереккөзі
Қазақ даласы тарихи-мәдени ескерткіштерге бай. Бүгінде осындай байлықты туризм көзіне айналдырып, құнды ресурс ретінде пайдалану әлем елдерінде алға қойылған. Дүниежүзі елдерінің, әсіресе Еуропаның туризмі осы тарихи-мәдени жауһарларымен тығыз байланысты. Көшпенді және отырықшы мәдениеттің астасуын кең байтақ қазақ даласындағы әрбір тарихи мұрадан көруге болады. Ендеше осы мұраны қайта қалпына келтіріп, көпшілік назарына ұсынуда қандай жұмыстар жасалып жатыр? Еліміздің тарихи ескерткіштері төңірегінде «ҚазҚайтажаңғырту» кәсіпорны директорының кеңесшісі Қанат Тұяқбаев әңгімелеп берді. – 2015-2017 жылдарға арналған Тарихи-мәдени мұрамен жұмыс істеу жоспарының орындалу барысы қалай? – Осы уақытқа дейін республиканың түкпір-түкпіріндегі ескерткіштер, кесене, тарихи-мәдени ғимараттар қалпына келтірілді. Атап айтсақ, тарихи, мәдени, сәулет өнерінде Шығыс Қазақстан облысында Абай Құнанбаевтың Жидебайдағы қыстауы қайта қалпына келтірілді. Жидебай мен Семейдің ортасындағы Мұхтар Әуезов туған Бөрілі елді мекеніндегі музей жөнделді. Бұдан басқа 2015-2016 жылдары Қарағанды облысында Жошы хан ескерткішінің айналасын көріктендірдік. XV-XVI ғасырларға жататын Дүзен ескерткіштері қалпына келтірілді. Сол өңірдегі ең атақты тарихи мұралардың бірі – Домбауылдың жұмыстары толық аяқталды. Жамбыл облысында Әулие Құмшық ата жерасты мешітінің жұмысы бітті. Ахмет Ясауи кесенесінде ішкі интерьер жұмыстарымен қоса күмбезі жөнделді, жалпы бес бағытта жұмыстар атқарылды. Маңғыстау облысы сәулет ескерткіштерінің өзіндік ерекшелігі басқа облыстарға ұқсамайды. Бұл аймақта жиырмадан аса республикалық тарихи-мәдени есткерткіштер бар. Бекет ата ескерткіші сәулеттік, техникалық жағынан тау ішіне үңгілеп салынған алты камералы ескерткіштердің бірі. Бұл жерде жұмыс биыл басталады. Ал Шопан ата, Шақпақ ата сияқты жерасты мешіттері қалпына келтіріліп, жұмыстар жалғасуда. Некропольдағы тамдар XVI-XVIII ғасырларда салынған. 2015-2016 жылдары археология саласына қомақты қаражат бөлінді. Алты гектар аумақ аршылып, көне Тараз ескерткіштері археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Бұл жерде орта ғасырлық монша, көпестердің үлкен үйі, базар, керуен сарайдың орны ашылған болатын. Оңтүстік және шығыс қақпаларын қайта қалпына келтіріп, консервация жұмыстарын жүргізіп, бүгінде археологиялық парк ашылды. Келушілер саны өте көп. Тараз қаласының екі мың жылдығына арналған мерейтой, Қазақ хандығының бес жүз елу жылдығына арналған мерекелік шара өтті. Жамбыл облысындағы VIII ғасырдың бірінші жартысына жататын Ақыртас ғимараты тастан қашап салынған. Оның әр тасының салмағы жарты тоннадан үш тоннаға дейін барады. Сол кезде ғимарат тастарын қалай көтергені, қиюластырғаны әзірге дейін жұмбақ. Бір деректерде қытайларға қарсы соғысқан араб қолбасшысы Құтейби салдырды деп айтылады. Ғалымдар мұны әлі толық анықтаған жоқ. Бұл зароастризм кезінде салынып, соған арналған ғимарат па, әлде буддизмге арналған ғимарат па, белгісіз. Бұл қазақ жеріндегі ең үлкен тарихи ғимараттардың бірі, себебі Ақыртас пирамида тастарына ұқсас қашалған. Оңтүстік Қазақстанның Шаян ауылындағы Аппақ ишан мешіті – отыздан аса күмбезі бар мешіт-медресе. Отырартөбе басқақпасында, Арыстан баб кесенесі жұмыстары басталды. Негізгі көңіл бөлетін ірі тарихи орын – Сарайшық қаласы. Алтын орданың орталығы болған үлкен қала. Ежелгі қалалардың барлығында дерлік қорған-қамалдар салынған, ал Сарайшықта қамал жоқ. Сол жердің хандары халықтың тыныштығына, сауда-саттыққа, экономикасының өрлеуіне кепіл болған. Келген керуендер еркін кіріп, еркін шығатын ашық қала болған. Сол себепті Сарайшықтың тарихымыздағы алатын орны айырықша. Биыл археологиялық жұмыстар басталып, қазылған жерлерге консервация жүргізіледі. Бұл жұмыстар келесі жылы да жалғасады. Бұл біздің кәсіпорынның Қазақстан жерінде атқаратын негізгі жұмыстары. – 2003 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Сирия мен Мысыр мемлекетіне жасаған сапары барысында Әбу Насыр әл-Фараби мен Сұлтан Бейбарыс бабамыздың кесенесі мен оларға қатысы бар тарихи-мәдени ескерткіштерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесін көтерген еді. – Қазақ тарихына қатысты атақты ғұлама ғалым, батыр, мемлекет қайраткерлерінің біразы шетелде жатқаны бұрыннан белгілі. 70-жылдары Машанов әл-Фарабиді зерттеп, ғылымға атын кіргізіп, қазақ жерінен шыққанын, Сирияда жерленгенін дәлелдеп берді. Бұдан кейін оның жұмыстарын Өзбекәлі Жәнібеков жалғастырды. 2003 жылы Елбасы осы елдерге барып, екі елдің басшысымен келісіп келді. Кезінде Мысыр, Иордания және бірқатар мемлекеттерді біріктіріп, бір мемлекет құрған әз-Захыр сұлтан Бейбарыс 1260 жылдан 1277 жылға дейін сол өңірді билеген. Әлі күнге дейін шамдықтар мен мысырлықтар сұлтан Бейбарысты аузынан тастамайды. Ол Мысырда көптеген мешіт салдырған. 1262 жылы салдырған мешітін Елбасы көрді. Елге қайтып келгеннен кейін бұл тарихи мұраны қалпына келтіруге тапсырма берді. Сұлтан Бейбарыстың Дамаскіде салдырған мектебі, архиві, дәрісхана мен өзі жатқан кесене қатар орналасқан. Сонымен Мысырдағы мешітті қайта қалпына келтіру мен Сириядағы сұлтан Бейбарыстың кешенін қайта жөндеу жұмысы мен әл-Фараби жатқан жерге этомәдени орталық тұрғызу біздің кәсіпорынға тапсырылды. Құрылысқа керек жер көлемін бөлу Сирия мемлекетінің Қазақстанмен келісімшартына сәйкес шешілді. Оны қалпына келтіріп, жан-жағын көркейту үшін сол жердегі 38 отбасын басқа жаққа көшіру керек болды. Оларға Қазақстанның есебінен үй берілді, тағы да біраз аумақ көгалдандыруға қажет болған, оны қаланың мухабасы (әкімі) реттеп берді. Сөйтіп, халықаралық нысандар ішінен Дамаск қаласындағы Сұлтан Бейбарыстың кесенесі мен мектебі 2010 жылдың соңында толық қайта қалпына келтірілді. 2011 жылы Әбунасыр Мұхаммед әл-Фарабидің басына тұрғызылған кесене мен этно-мәдени орталықтың құрылыс Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай аяқталды. – ЮНЕСКО қорғауына алынған тарихи, мәдени мұралар қалай сақталады? – ЮНЕСКО-ның Мәдени мұралар тізіміне Қазақстан жеріндегі б.ғ.д. ІІ ғасыр мен XVI ғасыр аралығында салынған тарихи-сәулет ескерткіштері кіре алады. Өйткені сол кезде нағыз Жібек жолы өмір сүрді. Жібек жолы тармақтарын зерттеп, зерделеп, анықтағаннан кейін археологтар біздің жоспарға кіргізді. Қазақстан жерінен отыз бір тарихи сәулет ескерткіші таңдап алынды. Оның сегізі Жетісу өңірінде: Өрнек, Құлан, Көктөбе, Талғар, Қойлық және т.б. Бұлар былтыр Бүкіләлемдік мұралар тізіміне алынды. Мұраларымыз дүниежүізілік құнды мұралар тізіміне кіргеннен кейін оған ЮНЕСКО-ның көзқарасы мен қойылатын талаптары қатаң болады. Мысалы, ескерткіштердің қорғалу алаңдары мен жан-жағына биік құрылыс түспеуі керек, қоршаған ортаға зияны болмауы тиіс. Жыл сайын ЮНЕСКО жанындағы Дүниежүзілік комитет тізімге алынған сегіз ескерткіштің сақталуын, қорғалуын тексеріп отырады. Егер бұзылу қаупі байқалса, басқа да талаптары орындалмаса, ескерткіштерді тізімнен алу қаупі туады. Бұл сериялық ескерткіштер болғандықтан, Қытай, Қырғызстан және Қазақстан қосыла отырып бірге өткізген. Олай болса, біздегі сегіз, Қытайдағы жиырмадан аса, Қырғызстандағы екі ескерткіштің де тізімнен алыну қаупі туады. Үш елдегі нысандардың барлығы бір ескерткіш есебінде тізімге өтті. Басқа ескерткіштерді де Әлемдік мұралар тізіміне өткізуге болады. Ол үшін құжат дайындау керек. Мысалы, Алматыдан 600 шақырымдық жерде айдалада орналасқан мұралар бар. Оған жол салынбаған. Оларды сақтап, қарап отырудың өзі оңай емес. Ол жерге туристерді жеткізу де қиын. Сондықтан Әлемдік мұралар тізіміне кіргізу өзімізге қиындық тудырады. Әзірге 31 ескерткішті дайындап, өткізіп алсақ та жаман емес. Қазір тізімге алынған сегіз ескерткіштің барлығы да Жетісу өңірінде орналасқан.  – Дүниежүзі бойынша туризмді дамытуда тарихи-мәдени мұралардың үлесі қандай? – Сингапурдың табысының 50 пайызы туризмнен түседі. Бұрын бұл мемлекет кедей болатын, жаңа экономикалық бағдарламаның арқасында алдыңғы қатарға шықты. Соның ішінде туризммен көтерілді деуге болады. Бұдан өзге Италия, Франция, Германия елдерінде ЮНЕСКО шақыртуымен бірнеше рет болдым. Эйфель мұнарасы, Версаль, король сарайлары, музейлеріне мыңдаған адам кезекте тұрады. Осыдан қаншама пайда түсіріп отыр. Алысқа бармай-ақ Өзбекстанды алайық. Сонда Үндістаннан, Индонезия және Орта Азия мемлекеттерінен күніне 20-25 автобуспен туристер Самарқан, Бұқара, Хиуаға келеді. Сол автобустар Түркістанға да келеді. Бірақ келеді, көреді, қайтып кетеді. Ол туристерден бізге еш пайда жоқ. Қаражаттың бәрі өзбектерде қалады: тамағы, кәдесый, қонақүйі бәрі соларда қалады, ал бізге қалатыны сейфке түсетін 200-300 теңге. Өзбекстан осыдан экономикасына зор пайда түсіріп отыр. Бірақ олар өз ескерткіштеріне өте жауаптылықпен қарайды. Халқы 30 миллионға жуықтады, жері бізден 6 есе кіші. Сондықтан тарихи мұрасын пайда көзіне айналдырып отыр. Германияда 1 шаршы шақырымға 81 адамнан, бізде 2 адамнан келеді. Ескерткіштердің көпшілігі Бетпақдала, Қызылқұм, Отырардың ар жағы, Жезқазған жазықтарында, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстанда шашыранды орналасқан. Сол себепті Елбасы бірінші кезекте ескерткіштерді сақтап қалудың концепциясын ұсынды, біз жүзеге асырудың бес тармағын атап көрсеттік. Бес өзекті бағытын назарға алып, бес бағытқа да жауап бере алатын ескерткіштерді алдымен іріктеп алдық, соның негізінде туристік инфрақұрылым дамыту қарастырылуы керек. Мысалы, Іңкәрдария ағысында жаугершілік заманда бір-біріне хабар беретін мұнаралар болған. Бабатай ескерткішінде пайғамдардың тоғызыншы ұрпақтары жерленген. Шымкенттен ары жеті шақырым жерде Аққойлы мешіті бар. Арыстың басталар тұсында халық өз күшімімен Түркістанға мінәжат етуге шыққан жұрт үшін жолда намаз оқитын мешіт салдырған. Оның он үш күмбезі бар. Тұрбат, Ысқақ ата, Қошқар ата, Жәбірейіл ата ескерткіштері бар. Мұның бәрі Ахмет Ясауидің ұрпақтары, ислам дінінің сопылық бағытын таратқан орын. Өзбекстаннан бізге адам көп келеді. Бірақ оны жүйелеп, гид қойып, қаражатты орнымен жұмсау әлі қолға алынбаған. Мысалы, мына бағыт бойынша туристік тур құруға болады: Тұрбат, Сайран, Аққала (Авестада жазылған қала. Он бір ескерткіш бар) келу керек, одан кейін Арыстан бабқа түнеп, Түркістанға бару керек. Ар жағында Сығанақты көруге болады. Ары қарай Қорқыт ата, одан ары Маңғыстау ескерткіштері бар. Бұның бәрі Қазақстанның сәулет өнерінің жетістіктері болып табылады. – БҰҰ биылғы жылды туризм жылы деп жариялады. Жуырда ЮНЕСКО-ның Жібек жолын дамыту бойынша өңірлік форумына қатыстыңыз. Осында Жібек жолына қатысты тарихи орындарды жаңғырту мәселесі көтерілді, осы бағытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? – Қазіргі таңда ЮНЕСКО-ның Бүкіл­әлемдік ескерткіштер тізіміне сериялық номинациялау жобасы бойынша Қазақстанның Ұлы Жібек жолы бойында жатқан қайталанбас тарихы бар ескерткіштер кіреді. Соның ішінде Жетісу аймағындағы Дүние жүзілік мәдени мұралар тізіміне кірген сегіз ескерткішпен қатар Ұлы Жібек жолының Сырдария бөлігі бойынша он алты нысанды кіргізу жоспарланған. Қызыл­орда облысының территориясынан сегіз ескерткішті кіргізу жоспарланып отыр. Олардың қатарында Сығанақ, Жанкент, Жанқала, Күйік-кескен, Шірік-рабат, Бәбіш-молла қалашықтары, Жетіасар ескерткіштері және Боланды қоныстары. Сонымен қатар Қызыл­орда облысы өзі қаражат бөліп, Сауысқандық деген жердегі петроглифтерді дайындап жатыр. Қазақ жеріндегі ескерткіштердің көп­шілігі далалық ескерткіштер. Республикалық дәрежедегі  219 ескерткіш пен жергілікті дәрежедегі 11400 ескерткіш мемлекеттік тізімге енгізілді. Еліміздің кең байтақ даласы дүниежүзінде 9 орын алады. Ата-бабамыз осы кең далада еркін көшіп-қонып жүрген. Бірақ бұл бізде көшпенді мәдениет қана болған дегенді білдірмейді. Отырықшылық мәдениеті дамыған бір ғана Жетісу өңірінде жүзден астам қала болған. Сол қалалардың қалғандары Талғар, Қойлық, Аққала. Қазақтың көшпенді және отырықшы мәдениетінің қосындысынан шыққан теңдессіз мәдениеттің үлгісі Орта Азияда жоқ. – Еліміздің тарихи-мәдени ескерткіштеріне жасаған саяхатыңыз үшін рахмет!  

Әңгімелескен

Ақниет ОСПАНБАЙ